САБАҚҚА КЕРЕКТІНІ ГАЗЕТТЕН ТАУЫП АЛАМЫН…

БаспасӨз — 2018

Нұржамал ӘЛІШЕВА

«Менің кітапханаға барып ізденіп жүретін уақытым жоқ. Отбасы тірлігі тағы бар. Сосын жақсы бір әдіс тауып алдым. Газет қолыма тигенде, көзім түскен сүбелі дүниелерді, рухани тәрбие, өнер бағытындағы мақала­ларды қиып ала қоямын да, бір папкаға салып жинаймын. Сосын тәрбие немесе ашық сабақ өткізетін кезде әлгі қағазымды ақтарып жүріп, керегімді тауып аламын» дейтін ұстаз-оқырмандарды, өз басым, жиі кездес­тіремін. Газетке рақмет айтады.

«Алматы ақшамы» да отыз жылдан бері үлкен-кішіге бірдей серік болып жүрген айтулы басылым. Газеттен салмақты саясат тақырыбынан бас­тап, әрлі әдебиет, мәнді мәдениет, тұғырлы тәрбие тақырыптарын қи­налмай табарыңызға сеніңіз, оқыр­ман. Бүгінгі бала кітап оқымайды. Сол балаңыз ерігіп отырып, үстел үстінде жатқан газетті бір парақтап шықса, көзіне әйтеуір бір тақырыптың ілігуі мүмкін. Кеудесінде сәулесі бар бала оны аяғына шейін оқып шығатыны да сөзсіз. «Газеттің өзі – бір күндік, сөзі – мың күндік».

Иә, қазір ақпараттар ағыны тым қарқынды. БАҚ, оның ішінде түрлі сайттар жетіп-артылады. Бірақ кере­гіңізді көзіңізді сығырайта компью­терден, не ұялы телефоннан оқып отыру, меніңше, адамды шаршатып жібереді. Онсыз да «атып салды, жан­шып кетіпті, өртеп жіберіпті» деп келетін «жылап-сықтаған» ақпараттар тасқынынан жүйке тозып жүрген уақытта, сол жамандықтардың алдын алуда үлесі болары сөзсіз жақсы дүниелерден, мағыналы да сапалы жазбалардан, мақалалардан күш алып жүрейік, ағайын! Біз сіз үшін қызмет етеміз, құрметті оқырман!

Газетіміздің тұрақты оқырманы Рузада Нұрабаева айтқандай, «Алма­тыда тұратын адам «Алматы ақша­мына» жазылуы керек деп ойлаймын».