ПАТРИОТТЫҚ СЕРПІН БЕРЕТІН МЕРЕКЕ

%d0%b5%d0%bb%d0%b1%d0%b0%d1%81%d1%8b

Президент күні мерекесі – дамы­ған елдерде орныққан дәстүр. Осы мереке аясында өрлеудің, өр­кендеудің, жаңғырудың, жаңа­­шыл дамудың межелерін анықтау жаңа өлшемдерге кө­теріледі. Бұл күн ел Президент­терінің тарихын оқып-біліп, елдің дамуын зер­делеу күні болып табылады. Мұндай дәстүр – халықты игілікті бастамаларға, жастарды ұлы мұраттарға жете­лейді, жақсыны бағалауға, кеткен кемшіліктер­ден сабақ алуға үйрететін игі өнеге.

Мұндай халықаралық озық дәстүр Қазақстан Республикасында бүкіл­халықтық сипатта қалыптасқанын айту ләзім. Тұңғыш Президент күні мерекесі қарсаңында еліміздің барлық ұйым­дарында, қауымдастықтарында тәуелсіз­дігіміздің игіліктерін, мызғымас беріктігін бағалай отырып, Елбасы белгілеген халықтық реформалардың орындалуының мән-маңызын сараптайды. Дамудың келешек мүмкіндіктерінің жаңа көздері анықталып, әлеуметтік күш-қуаты еселеніп, тың серпін алады.

«Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриот­тық идеясын іске асыруға бағытталған «100 нақты қадам – Ұлт жоспарын» орын­дау аясында бүгіндері Қазақстан терезесі тең, керегесі кең мемлекетке айналып отыр. Тәуелсіздіктің мерейі нығайып, ынтымағымыз бекіп, халқымыздың ыры­сы құт болып еселене түсті, тарихымыз тү­ген­деліп, тіліміз, діліміз, дініміз, мәдение­тіміз бен ата дәстүріміз қайта жаңғырды.

Біздің Президентіміздің ең бір басты ерекшелігі – елінің бүгінгісін алдын-ала анықтап беруінде. Ал бүгін ертеңгі жолын айқындап, келешегін кемел нұсқап отыруы дер едім. Мәселен, бір ғана «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында бүкіл қоғамның, барша қоғам мүшелерінің рухани әлемін, ақыл-ой санасын жаңа арналарда дамытудың қыр-сырын кәміл межелеп бергеніне баға жете ме?!

Елбасымыз, Тұңғыш Президентіміз, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы­ның: «…Маған… халыққа қызмет етуден артық ештеңе жоқ, осы жолда мен бойымдағы бар қайрат-қабілетімді, білім-білігімді аямай жұмсаймын» деген сөздері мемлекетіміздің басшысына құрметімізді бекіте түседі деп түсінемін. Тұңғыш Президент күнін халыққа осындай риясыз қызмет етудің үлгі-өнегелерін зерделеп, рухтану күні дегім келеді. Біздің Президентіміздің өз халқын күнделікті жаңаруға, жасампаздыққа, жарқын болашаққа бастайтын Даму стратегиясын анықтап отыруы оның көсемдік деңгейдегі халықтық тұлға екенін көрсететіні даусыз.

Президент Нұрсұлтан Әбішұлының еліміздің Тұңғыш Президенті болып сайланғалы бері өткен кезеңдерде ел басқару ісінде басынан қандай қиын­дықтар өткені тек өзіне ғана аян деп ойлай­мын. Еліміздің өтпелі шағында сол қиындықтарға төтеп беріп, елді жұмыл­дыра отырып, қазіргі жасампаз заманға жеткізді. Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденовтің «Менің Қазақстаным» атты туындысын жоғары бағалап, оның Әнұран ретінде қабылдануындағы ұлт­жанды тәуекелге баруы ерлік қадам болды ғой. Тәуелсіздігімізге байланысты өзі жасаған мәтіндік жетілдіруден кейін, Әнұранымыз жаңа қырынан жарқырап кетті емес пе! Еліміздің сол Әнұранын балабақшадағы бүлдіршіндерден бастап, еңкейген қарияларымызға дейін қолдарын жүрек тұсына қойып шырқап тұратыны әр азаматтың отаншылдық сезімін білдіреді.

Ел Президентінің Ұлт Көшбасшысы ретіндегі әлемдік маңызы бар орасан еңбегінің бағасының кейбір қырларын ғана айтудың өзі Елбасы мен ел Тәуел­сіздігінің, Елбасы мен Ел бақытының біртұтас екендігін, оның өзі Президенттік басқару жүйесінің дұрыстығын көрсетсе керек. Ендеше, Елбасымыздың мемле­кеттік, әлемдік қайраткерлігін, елімізге сіңірген орасан еңбегін қазіргі өскелең ұрпаққа, дүниеге енді келетін алдағы ұрпаққа өнеге болуы – қажеттің қажеттігі. «Тұңғыш Президент күні» мемлекеттік мерекесі ұрпаққа осы мазмұнымен де керек деп есептеймін. Әрбір отандасы­мыздың Елбасы нұсқаған жарқын жолда өз орнынан табылып, өзінің мүмкіндік-қабілетін аянбай арнауы өмір нормасына айналып жатқанын көру, оны айту – үлкен мерей. Қожа Ахмет Яссауидің «Дихан болсаң, қолыңа кетпен ал да, халқыңа нан бер. Ғалым болсаң, қолыңа қалам ал да, халқыңа мән бер»  деген ғұлама лебізі бүгіндері де өзекті.

Ұлы Далада ежелден орныққан адамгершілік біздің рухани әлеміміздің өлшемі. Ол ел біріктіргіш кілт болып саналады. Болашағы біртұтас ұлт ұрпақ­тарының бойында адами ізгі қасиеттердің берік әрі мол болуы елімізде салтанат құрған қоғамдық келісім мен жалпы­ұлттық бірлікті нығайтуға септік етіп келеді. Отандастарымыз Елбасына деген ықыласты ақ тілегімен, отаншыл жүрегі­мен, ақыл-ойымен, күш-қуатымен, өнері­мен, жеткен жетістіктерімен білдіруде. Халықтың өз Президентіне деген ықыла­сы негізсіз емес екенін әрбір қазақстан­дық, игі ниетті бүкіл әлем жоғары баға­лайды. Оның негізділігі «Мәңгілік Ел – ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы. Ол арман – әлем елдерімен терезесі тең қатынас құрып, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз мемлекет атану еді. Ол арман – тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарай­тын бақытты Ел болу еді. Біз армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік Елдің іргетасын қаладық», – деген Елбасымыз­дың сөздерімен де айқындалады.

Президент күні – Қазақстанның тарихи табыстарын зерделеу күні екенін пайымдау бүгінде қоғамымызда берік орныққан ұлы дәстүр. Қазақстанды бүкіл әлем танып, жоғары бағалаған, өз халқы мақтан тұтып, көздің қарашы­ғындай сақтап құрметтейтін, оған одан әрі дамуы үшін адал, аянбай қызмет ететін табыстарының басты себептері туралы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы: «Біз тарихтың жолайрығы тұсында таңдап алған, содан бері бір сәт те айнымай ұстанып келе жатқан өзіміздің дербес жолымызбен, Қазақстанның даму жолы­мен келе жатырмыз. Әлемдік тәжірибені зерттеп, саралай отырып, біз эволюция­лық даму жолын таңдағанбыз. Біз еш­кімнің салған соқпағын көшіріп алғамыз жоқ, өз елімізге, өз халқымызға қажетті жаңа жолды өз қолымызбен салып келе жатырмыз», – деген болатын. Тарих осы сөздерді растады. Өз жолымен дамыған Қазақстанның осы тарихи табыстарын Тұңғыш Президент күні паш етіп, алдағы ілгерілеулерге мұрындық ету – біздің басты парызымыз. Бұл ұлы жол – біздің мақтанышымыз! Осыны түйсіну жас ұр­пақ бойында патриоттық сезімдердің ны­ғайып артуына көмек етері сөзсіз. «Қазақ­стан – жолы болған ел, өйткені олардың Назарбаев сынды басшылары бар», – дейді шын жүректен шыққан лебіз­дерін жасырмай ТМД мемлекет­терінің халқы. Десе дегендей, осы бағы­мызды бағалай білетін, осы құтымызды қадірлей сақтайтын ұрпағымызға сенім мол.

1991 жылы 1 желтоқсанда елімізде алғашқы Президент сайлауында Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаев бірауыздан Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланған жеңіс салтанатында халық ақыны Шәкір Әбеновтің Елбасына ел атынан берген батасын тарихымыз ұмытпайды.

…Біз көрген зобалаңды, қуғын-сүргін,

Енді ешкім көрмес үшін қанды қырғын,

Бар ұлттың тілін тауып, табыстырған

Нұрсұлтаным, жұлдызың жанды бүгін…

…Абылайым бүгінгі сен емес пе!

Қазағым өзге жұртпен тең емес пе!

Халқыңа Тәуелсіздік нұрын шаштың,

Тар асу, тайғанақ жол, кер белесте…

Халықтың бұл батасы, тілегі орын­далды. Президент осы жолда барын салды. 1991 жылы 17 желтоқсанда, яғни Тәуел­сіздіктің алғашқы күнінде өз сөзінде ол былай деді: «Кең байтақ жеріміздің байлығы осы даланың түпкілікті халқына да, тағдыр қосып бірге өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдеріне де молынан жетеді. Не істесек те ақылмен істейік, арзан ұранға ермейік, ұшпа сезімге ерік бермейік дегім келеді. Әсіресе, жастар салқынқанды­лықтан, үлкенді сыйлаудан, сөзге тоқтаудан айнымаса, қашанда достыққа адал болса, бауырмашыл, кеңпейіл болса, халықтың атына сөз келтіретін ұстам­сыз­дық атаулыдан аулақ жүрсе деп тілейік». Елбасының осы үндеуі арқылы Қазақстан саяси тұрақтылыққа, тыныш өмірге қол жеткізгенін жастар білуі керек. Бүгінде еліміз әлемге адамзат мүддесі үшін ұстам­дылық танытып, бейбітшілікке қолдау білдіруде ерікті түрде үлгі болып отыр.

Қазақ халқында «Сегіз қырлы, бір сырлы», «Жігітке жетпіс өнер де аз» деген киелі сөздер бар. Бұл сөздерді біздің Пре­зидентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бейнесіне  қолдануға әбден болады деп ойлаймын. Біздің Президентіміз жас­тармен – жастарша, дана қарттармен – даныш­панша, саясат­керлермен – дипло­матша, кәсіпкерлермен – тәжірибелі кәсіпкерше, ғалымдармен – ғұламаша, балалармен – балаша, өнер иелерімен – өнерпазша, ақын-жазушы­лармен – кәнігі суреткерше, спортшы­лармен – спорт шеберінше сырласып, ең жақынындай, ең жанашы­рындай, ең сенетін жолбас­шысындай болып кетеді. Бұл мемлекет басшысы болған соң жасайтын мәзірі емес, ол Президенттің ішкі жан сарайы­ның кеңдігі, рухани-адамгершілігінің бай екендігі, жоғары мәдениеттілігі, адами бақытты қадірлей білетін қабілеті, жан-жақты білімді ғұламалығы, тағы-тағы әмбебап тұлғалық қасиеттер иесі екендігі болса керек.

Өз халқының бейбіт, тыныш әрі қолайлы өмір сүру жағдайын жасаған тұлға ғана тарихта ерекше аталады. Семей ядролық полигонының жабылуы, шығыс­тағы Қытай мен батыстағы Ресей импе­рия­сымен арадағы шекара мәселесінің шешімі табылып, оның картасының БҰҰ-на тапсырылуы, жаңа елорда – Астана­ның бой көтеруі, әлемдік және дәстүрлі  діндер көшбасшыларының Астанада өткен үш Құрылтайы, әйгілі ЭКСПО-17 халықаралық көрмесінің Астанада табысты  өтуі,  Қазақстан  халқы  Ассам­б­леясының келісім мен тыныштық сақтау қызметі сияқты теңдессіз тарихи табыс­тарды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу үшін Президент күні сияқты мемлекеттік мерекенің жалпыхалықтық сипатта өтетіні аса маңызды жеңісіміз дегім келеді.

Мұғалімдер қауымы атынан шын жүректен Тұңғыш Президент күнімен барлық отандастарымызды құттықтасам деймін. Сүйікті Отанымыздың әл-ауқаты артып, өсіп-өркендеуі жолындағы бағыт­тарымызды түгел көрсетіп беріп отырған Елбасымызға мықты денсаулық, сарқыл­мас күш-қуат, жеңісті жасампаз шығар­машылық тілеймін!

 

Аягүл МИРАЗОВА,

Қазақстанның Еңбек Ері,

«Отан» орденінің иегері,

Қазақстанның еңбек

сіңірген қайраткері,

Ы.Алтынсарин атындағы

 медальдің иегері.