МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ЖӘРМЕҢКЕСІ

ryqj0zjp05pmopn4qrx3s6hfthh42y

Нұржамал ТЕГІНБАЙҚЫЗЫ

Наурызбай аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығының  шаңыра­ғында Алматы қалалық мемлекеттік  қызмет істері және жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің ұйымдас­тыруымен мемле­кеттік қызметтер жәрмеңкесі болып өтті.

Аудан тұрғындары үшін бұл жәрмең­кенің берері көп болды. Тұр­ғындар жәр­меңке барысында   жер мәселесі, тұрғын үй, денсаулық сақ­тау, білім беру, қала құрылысы мен сәулет саласы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар   төңірегінде өздерін толғандырып жүрген сауал­дары бойынша тиісті сала басшы­ларының қызметіне жүгініп,  ақыл-кеңес алды.  Жәрмең­кеге келушілер­дің барлығы сол күні элек­тронды қолтаңба алу мүмкіндігіне де ие болды. Жәрмеңкеге қатысқан мемлекеттік мекеме қызметкерлері келушілерді қазіргі кезде  электронды жүйе бойын­ша көрсе­тілетін мемлекеттік қызмет түрлерімен таныстырып, электронды қолтаңбаны қолдану тәртібін түсін­дірді.

– Электронды қолтаңба алған тұрғындар енді  үйде отырып-ақ өзде­ріне қажетті  мемлекеттік қызмет түр­лерін пай­далана алады. Жәрмеңкені ұйымдастыру­дағы ең басты мақсаты­мыз да сол аудан тұрғын­дары­на электронды мемлекеттік қызмет түрлерін таныстырып, олардың бұдан былай  үйде отырып  өздеріне қажетті қызмет түрін пайдалануларына мүм­кін­дік жасау болатын. Жәрмеңкеге жалпы 20-дан астам жергілікті және аймақтық мемлекеттік қызмет көр­сететін мекемелердің өкілдері қатысты.  Сонымен қатар, «Атамекен» кәсіпкерлер палата­сының және «Тұрғын  үй құрылыс жинақ банкі» өкілдерін де қатысып, тұрғын­дар жаңа тұрғын үй бағдарламалары бойынша да кеңес алды. Прокуратура қызмет­керлерінің де көмегіне жүгінген тұр­ғындар жәрмең­ке жұмысына жақсы баға берді, – дейді Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік істер және жемқорлыққа  қарсы күрес депар­таменті басшысының орынбасары Шынар Әлімхан.