ЕМХАНАҒА ТІРКЕЛУДІ ҰМЫТЫП КЕТКЕН ЖОҚСЫЗ БА?

%d0%b5%d0%bc%d1%85%d0%b0%d0%bd%d0%b0

15 қыркүйектен  бастап  15 қарашаға дейін  елімізде  емханаға тіркелу науқаны басталғаны белгілі. Ертең бұл науқан өз мәресіне жетпек. Егер сіз әлі емханаға тіркел­меген болса­ңыз, ертеңнен қалмай өзіңіз  қалаған емха­наңызға ба­рып тіркеліңіз, болмаса, жыл бойы денсаулығы­ңызға жауап­ты емдеу мекемесін  таңдай  алмай екі ортада қалып қоясыз және келер жылдан бастап МӘМС сақтандыру жүйесі ендіріле­тіндіктен емдеу мекемелеріне тіркеліп қана қоймай, өзіңіздің әлеуметтік мәртебеңізді де анықтап қойға­ныңыз абзал, дейді  қаламыздағы емдеу мекемелерінің бас дәрігер­лері. Біз осы мәселені тағы бір жұртшылық назарына салып қою үшін қаламыздағы  Жетісу ауданында орналасқан №11 емха­наның бас дәрігері  Майра  Әскербекқызы  Жүні­сова­дан емханаға тіркелудің  тәртібі туралы айтып беруін өтінген едік.

– Майра Әскербекқызы, тұрғын­дарға емханаға тіркелудің тәртібі  және  қалай тіркелуге болады, сол жөнінде айтып берсеңіз?

–       15 қыркүйектен басталған бұл науқан ертең, яғни 15 қараша күні толық аяқталады.  Бұл – жылына бір рет өзіңіз денсаулығыңызды сеніп тап­сыратын емдеу мекемелерін таңдау үшін берілетін мүмкіндік. Оның анау айтқан­дай еш қиындығы жоқ,  Қарапайым ғана екі жолы бар, қағаз түрінде бас дәрі­гер­дің атына өтініш жазу арқылы немесе egov.kz порталы  бойынша тіркеле аласыздар.

– Емхананы таңдау кезінде тұр­ғын­дар қандай  жәйттарды ескерулері тиіс?

– Емхана арқылы тіркелу кезінде сіз, ең алдымен,  медициналық-сани­тарлық көмекті жеткізуші компаниялар тізімінен тиісті емханаңызды таңдайсыз да, куәлігіңізді алып, өзіңіз таңдаған сол емханаға барып, тіркеу бөлімі арқы­лы бас дәрігердің атына өтініш жазып, тіркеу талонын аласыз. Бұл талон сіздің осы емхананың емделушісі ре­тінде тіркелгеніңізді анықтайтын негізгі құжат болып табылады. Ал egov.kz  пор­талы бойынша тіркелу жолы да қара­пайым. Ол үшін  порталға кіріп тірке­лесіз де, онлайн сұрау батырмасын баса­сыз, өтініш толтырып, өзіңіз таң­даған емхананың электронды мекен-жайына жолдайсыз. Ол үшін элек­тронды цифрлық қолтаңбаның болуы шарт емес, жеке кабинетке кіру арқылы тіркелгеніңіз жөніндегі анықтамамен таны­са аласыз.  Емханаларды таңдау кезінде тұрғындар  өзі тұратын аумақтан тыс жерлердегі емханаға тіркелетін болса, үйге дәрігер шақыру мүмкіндігі бол­майтындығын ескерсе дейміз, сол себепті емхана таңдау кезінде бұл мәсе­лені әрбір адам ескергені дұрыс, бол­маса, кейін біз үйге дәрігер шақыртып едік, келмеді деп шағымданып жата­тындар бар. Сол үшін тіркелу кезінде осы мәселенің анық-қанығын тіркелген емханаңыздан толық біліп алғанда­рыңыз дұрыс.

– Ең дұрысы, өзіңіз тұратын  тұрғы­лықты жерлердегі немесе уақытша тұратын жердегі үйіңізге, жұмысыңызға жақын  емдеу мекемелерін таңдаған дұрыс дейсіз ғой?

– Солай болғаны, ең алдымен, адам­дар­дың өздері, отбасы мүшелері үшін қолайлы болар еді, бірақ таңдау  әркім­нің өз еркінде. Дегенмен, азаматтар бір ғана бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсететін ұйымдарға  тіркеле­тін­діктерін ұмытпағаны абзал.

– Адамдардың жұмыстан қолы босай бермейді ғой, сол үшін отбасы мүше­лерін   тиісті құжаттары арқылы бір адам тіркетуіне бола ма?

– Әрине, болады. Ол үшін от­басындағы ересектердің бас дәрігер атына жазған тіркеу туралы арызы, сондай-ақ, тіркелетін отбасы мүшеле­рінің жеке куәліктері қажет. Ал жасы 18-ге толма­ғандар  ата-аналарының немесе қам­қоршыларының жеке құжат­тарының көмегімен тіркеле алады.

– Майра Әскербекқызы, егер емхана тіркеуден бас тартса не істеуге болады?

– Ондай жағдайда емхананың бас дәрігері сізді не үшін тіркеуге алмаған­дарын түсіндіруі қажет. Жалпы, емхана сізді тіркеуден екі түрлі жағдайда ғана  бас тарта алады. Бірінші, емханаға тіркелгендер саны тиісті деңгейден асып кеткен жағдайда және сіз аталған емдеу мекемесінің қызмет көрсететін аума­ғын­да тұрмайтын болсаңыз  және дәрігерді үйге шақырту қызметінен бас тартуға келісім бермеген жағдайда ғана бас тарта алады. Бұл тек сырттан келіп тіркелгендер үшін, ал сіз сол емхана аума­ғында тұратын болсаңыз,  сізді тіркеуден бас тартуға   бас дәрігердің қақысы жоқ. Мәселен, сіз қайта тірке­луге үлгермей қалдыңыз, бірақ бұрын­нан сол  емханада тіркеудесіз,  емхана­ның  көрсететін  қызметіне қанағатта­натын болсаңыз, онда медициналық ұйым сізді келесі жылы қызмет көрсету үшін  өз еркімен бекітуге құқылы. Ертең  тіркелу науқаны аяқталады. Сол үшін емханаға тіркелген-тіркелмегені­ңізді анықтап қойғанның артықтығы жоқ.  Ал жедел жәрдем кез-келген жағдайда кез-келген қала аумағында қызмет көрсете береді. Оның қызметіне алаңдамауға болады.

–       Ақыл-кеңесіңіз үшін рахмет!

 

Әңгімелескен –

Нұржамал БАЙСАҚАЛ.