АЛАШ АРДАҚТЫЛАРЫНА ҚҰРМЕТ

100-3-735x400

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ҚР Пре­зиденті Н.Назарбаевтың «Бола­шақ­қа бағдар: рухани жаңғыру» мақа­ласындағы алға қойылған міндеттерді орындау мақса­тында «Алаш» партиясы мен Алашорда үкіметінің 100 жыл­дығына орай «Ғасырлар тоғысындағы Алаш идеялары» атты халық­аралық ғылыми-теориялық конференция болып өтті. Шараны республикалық «Ақжол» демократиялық партиясының қол­дауымен ҚазҰУ, Түркия Республика­сының Гази университеті және Түркі тарихы қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырды.

Шараға отандық ғалымдармен бірге Ресей, Түркия, Қырғызстан мен Моңғолия елінің зерттеушілері, архив­тер мен мемле­кеттік мекеме басшы­лары, ЖОО өкілдері қатысты.

Конференция жұмысы қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы күрес­теріне жол ашқан «Алаш» идеясы тарихы мен сол бағытқа өмірін арнаған алаш қайраткерлері мен олардың мұрагерлерінің тартысқа толы тағдырының мәнін ашып көрсетуге бағыт­талды.

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Тарих толқынында» кітабының «Алаш мұрасы және осы заман» атты тарауында: «ХХ ғасырдың басында ұлттық бірлікті нығайту идеясын алға тартқан рухани-зерделі игі жақсылар қазақтың  ұлттық идея жасау міндетін өз мойнына алды. ХХ ғасыр­­дың басын­дағы қазақ қоғамында зиялы қауым қалыптасуының ұрпақтар эстафетасы сияқты сипаты болғанын атап айтқан абзал» деп көрсеткен болатын. ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов Елбасы кітабына шолу жасап: «Қазақтың алғашқы саяси пар­тиясы «Алаш» пен Алашорда үкіметінің пайда болуы кездейсоқ құбылыс болған жоқ. Бұл қазақ халқының тәуелсіз­дік үшін көп ғасырлық күресінің заңды кезеңі болды. «Алаштың» бұрынғы қайрат­керлері және ғылыми, шығармашылық интеллигенциясы, қазақтың басқа­рушы таңдаулы тобының өкілдері қазақ мемле­кеттілігінің іргетасын қалады», – деп атап өтті.

Алаш партиясының қызметі белгілі бір шамада Қазақстан тәуелсіздігінің идеялық көзі болып табылды. 100 жыл бұрынғы «Алаш» идеясы қазіргі кезеңде қазақ елінің «Мәңгілік ел» идеясымен тарихи сабақтас­тықпен үндесіп, рухани жаңғыруға бастама болды. Бұл тұста Елбасының «Бола­шақ­қа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы ұлт санасының сілкінісі мен рухани жаңғыруына тың серпін береді.

Қазақстанның «Ақ жол» демокра­тиялық партиясының төрағасы Азат Перуа­шевтың айтуынша, Елбасы мақаласына негізделген рухани жаңғыру қатпарлы қазақ тарихынан басталады. Ол үшін, ең алдымен, алаш қайраткерлерін дәріптеу аса маңызды. Осы орайда Ш.Уәлиханов атын­дағы тарих және этнология институтының директоры, профессор Зиябек  Кабыл­динов тарихымызды жаңғырту керек­тігін алға тартып, өз кезегінде ұлт көсем­дерін ұлықтаудың өзектілігін айқындап берсе, қазақ тілінде баян­дама жасаған Гази университетіндегі Түркітану ғылыми-зерттеу орталығы­ның дирек­торы, профессор Хүлия Касапоғлу Ченгел ішкі жан тебіренісін жеткізіп, алаш ардақтылары туралы: «Ұлт зиялыларының қайта ояну кезеңінде еткен еңбегі өлшеусіз. Адам құқығынан бастап әлеуметтік-қоғам­дық мәселе­лерді шығармаларына өзек етті», – деп пікір білдірді. Ол М.Жұ­мабаев, М.Дула­товтың рухты жырла­рын оқып, жалынды жастарды жігер­лендіре түсті.

 

Жазерке ҚАРАТАЕВА.