«АБАЙ ОҚУЛАРЫ»

20171110_114717

Балнұр АХМЕТ

Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасы Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Абай оқулары» атты қалалық байқау өткізді. Қазақ қаты­нас жолдары университеті­нің мәжіліс залында өткен өнер сайысында көркемсөз оқу және ән айту шеберлігін қатар игерген 18–25 жас ара­лығындағы Қазақстанның түрлі этнос өкілдері өзара бақ сынасты. Байқау қазақ тілінің аясын кеңейту, мем­лекет­тік тіл саясатын насихаттау, Абай шығармашылығын наси­хаттау арқылы қоғамдық келісім мен қазақ­стандық рухани бірлікті нығайту және отан­сүйгіштік сезімді тәрбиелеу, сондай-ақ, көпшіліктің қазақтың ұлттық мәдениеті мен өнеріне, әдебиеті мен тіліне деген ықыласын арттыру, жастар арасында кітап оқу мәдениетін дамыту мақсатын көздеді.

Өнер сайысы «Өлең сөздің пат­шасы…», «Қазақта қарасөзге дес бер­медім…», «Құ­лақтан кіріп, бойды алар…» атты 3 кезең  бойынша өткі­зілді. Байқаудың алғашқы кезеңінде қатысушылар Абайдың білім, ғылым және өнер тақырыптарына өрілген поэзиялық шығармасын немесе қара сөзін жатқа мәнерлеп оқыса, екінші кезеңде «Абай жолы» романынан үзіндіні көркем шеберлікпен жатқа орындады. Ал сайыстың соңғы кезе­ңіндегі қатысушылардың  орын­дауын­дағы Абайдың әдемі әндері көрермен жанын тербеп, жүрек қылын қозғады.

Қалалық байқаудың қазылар алқасы­ның құрамында болған халық­аралық «Абай» қорының директоры Жұмабек Ашуұлы мемлекеттік тілдің аясын кеңей­туде өзге ұлт өкілдері арасында Абай оқуларын өткізудің маңыздылығын атап өтсе, қазылар алқасының тағы бір мүшесі М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инсти­тутының бөлім меңгерушісі, филоло­гия ғылымының докторы, профессор Серікқазы Қорабай «Абай оқу­лары» қалалық байқауының өрісі кеңейіп келе жатқанын айтты.

– Жыл сайын «Абай оқулары» қалалық байқауының өрісі кеңейіп, сапасы артып келеді. Қатысушылар өмірі өнегеге айнал­ған Абай мұра­ла­рының мән-мағынасын, терең тағылы­мын жеткізе білетін­дігімен көзге түсті. Өнер сайысында елі­мізде қазақ тілін емін-еркін мең­герген өзге ұлт өкілде­рінің көбейіп келе жатқанына көз жеткі­земіз. Жас ұрпаққа тағылымды тәрбие беруде бұл өнер сайысының маңы­зы зор, – деді Серікқазы Қорабай.

Үміткерлердің өнерін бағалау кезінде олардың көркем мәтінді таңдау талғамына және оқу шебер­лігіне, қазақ тілінің орфо­эпиялық нормала­рын сақтап сөйлеуіне, ән орындау нақы­шына, сахналық өнер көрсету мәде­ние­тіне және қазақтың ұлттық киім үлгісіне назар ауда­рылды.

Абайдың тұңғиық әлеміне үңілдір­ген байқауда ҚазМҚПУ-дің фило­логия факуль­тетінің студенті Турсуной Алиева бірінші орын иегері атанды. Халықаралық қазақ-қытай тілі кол­лед­жінің студенті Любомила Моисеен­ко екінші орынға қол жеткізсе, үшінші орын Қазақ мемлекеттік қыздар педа­гогикалық университетінің студенті Тахмина Тохтаржановаға бұйыр­ды. Сайыс соңында бірінші, екінші, үшінші жүлделі орын иегерлері тиісті дәреже­дегі дипломдармен және бағалы сый­лықтармен мара­патталды, қатысу­шыларға Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар тапсырылды.

– Кемеңгер Абай мәңгілік мұра­ларымен адамзат баласын даналық нәрімен сусындататын заңғар тұлға. Ұлт ұстазының баға жетпес даналық­тың тереңіне үңіл­діретін тағылымды туын­дылары адамның жүрегін мәңгі нұрландырып тұрады. Ұлы Абай уақыт­пен бірге биіктей беретін асқақ тұлға, – деді Халық­аралық қазақ-қытай тілі коллед­жінің 2-курс студенті Вера Ким.