Zar Zaman ағылшынша тіл қатты

978-3-659-92186-5-full

Bauyrzhan Omaruly.  Zar Zaman (Tіme of Lament) Flow іn the Kazakh and Kyrgyz Lіterature: Monograph (Genesіs, Typology, Poetіcs) Paperback – October 2, 2017

Әнуарбек ӘУЕЛБЕК

Zar Zaman десек, біз де оқи аламыз, өзге тілдегі жұрт та оқи алады. Алайда бұл біздің рухани кеңістігімізге М.Әуезов енгізген «Зар заман» деген атауды латынша жазып жатқанымыз емес. Қазақ әдебиетіндегі тұтас бір дәуірдің сипатын танытатын осы ұғым енді өзге әлемге есік ашты. ҚР Ұлттық Ғылым академиясының коррес­пондент-мүшесі, филология ғы­лымдарының докторы, профессор Бауыржан Омарұлының «Zar Zaman (Tіme of Lament) Flow іn the Kazakh and Kyrgyz Lіterature: Monograph (Genesіs, Typology, Poetіcs)»  («Қазақ және қырғыз әдебиеттеріндегі зар заман ағымы» (генезис, типология, поэтика)» атты кітабы Германияда ағылшын тілінде басылып шықты.

Мұның өзі рухани жаңғыру аясындағы қазақстандық мәде­ниетті шетелге таныстыру жоба­сына дәл келіп тұр. Зар заман туралы зерттеу Бауыржан Омар­ұлының ғана кітабы емес, ол бүкіл қазақ әдебиетінің белгілі бір кезеңін жалпақ жұртқа таныс­тыратын, ұлттың игілігін өзгелерге насихаттайтын жағымды жәдігер­лікке айналып отыр.

Бүгінгі тәуелсіз Қазақстан­ның басына қонған бақытын осы зар заман әдебиеті арқылы да бірден бағамдауға болады. Зар заман поэзиясының өкілдері елі­міздің талайғы тарихын, отар­шылдық қамытын басына киген халқымыздың ықтиярсыз заман­дағы қайғы-мұңын, қол жеткізбей қойған асқақ арманын жыр­лайды. Осының бәрін жіпке тізген маржандай етіп жарқырата көр­сету, салмақтап-саралап, әрбір астарлы ойдың аражігін ашып көрсету, бүкіл бір дәуір әдебиетін алдыңызға топтап әкеліп, жайып салу кезінде Бауыржанның еншісіне тигеніне қуанамыз. Оның докторлық диссертация қорғар алдында жарық көрген ғылыми монографиясы да «Зар заман поэзиясы» деп аталды.

Кезінде зарлауық, жылауық әдебиетке телінген «зар заман ақындарының» (М.Әуезов) шы­ғар­малары кеңестік идеология әсерінен кері насихатталғаны белгілі. Еліміз тәуелсіздік алған соң ғана бұл мәселеде оң көз­қарас қалыптасқан соң, оны тұтас жүйелеп ғылыми еңбек ретінде айшықтап беруге мүмкіндік туды.

Автор бұл зертетуінде қазақ және қырғыз әдебиеттеріндегі зар заман құбылысын салыстыра қарастырады. Екі ел ақындары­ның таным-түсінігіндегі, болжам-байыптамаларындағы, өлең өрім­деріндегі өзара ұқсастықтары мен өзіндік ерекшеліктеріне талдау жасайды.

172 беттен тұратын моногра­фия­ны ағылшын тілінде басып шығарған – Германияның Саар­брюккен қаласындағы «LAP LAMBERT Academіc Publіshіng» баспасы. Бұл кітап баршаға бел­гілі «Amazon.com» халықаралық интернет дүкені арқылы оқыр­манға ұсынылды.