ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ БАТЫР ҚЫЗЫ

Ерлік ескерткішінің басына аққұтандар ұя салыпты

3

Мәншүк Мәметованың туғанына 95 жыл

Батыр дегенде біздің көз алдымызға жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай  ер-азамат елестейді.   Бірақ соғыс ер, әйел деп бөліп жармайды. Оның айқын дәлелі — нәп-нәзік Мәншүк ерлігі. Осындай нәзік қыздан батырлық қалай шықты десек, Мәншүк Мәметова – Исатай мен Махамбеттей жаужүрек тұлғаларды дүниеге әкелген киелі мекен Бөкей ордасында туылған. Шындығында, ол кезде үкіметтің әйелдерді әскерге алу туралы жарлығы болмаған. Қазақ бойжеткендері әдемі көйлектерін гимнастерка, туфлилерін керзі етікке ауыстырып, ұрыс даласына аттануы, нағыз қанда бар қайсарлықты білдірсе керек.

Мәншүк Ахметқызының ерлігі баршаға аян. Кеңес Одағының Батыры атағын алған алғашқы қазақстандық әйел. Ол өзіне берілген міндетті мінсіз орындады.

Мысалы, Мәншүктің азан шақырып қойған аты — Мәнсия екенін бүгінде кейбір жастарымыз білмейтін де шығар. Ал мон­шақтай мөлдіреген көздеріне бола ата-анасы оны кішкентайы­нан «Моншақ» деп атап кетеді. Ай­наласындағылар көрген жанды бірден баурап алатын ерекше әдемі сәбидің былдырлаған тілін қызық көріп, «атыңды айтшы, Моншақ деші» — деп оны көп сөйлетуге тырысады екен. Сондай кездері бүлдіршін тілі келмей: «Мән-мән деп, кібіртіктеп барып «шүк», — дейді екен. Содан үлкен-кіші оны Мәншүк атап кетеді. Батыр қыз осы аяулы есімімен Батыр Мәншүк атанып, ерлігімен елді тәнті етті.

Мәншүктің көп ел біле бермейтін тағы бір тарихы — оны әкесінің немере інісінің асырап алуы. Сүп-сүйкімді Мәншүкті қаладан келген Ахмет пен Әмина Мәметовтер  жан-тәнімен жақсы көріп, оны өз тәрбиелеріне беру туралы аға-жеңгесіне қиыла қолқа салады. Екі ұлдан кейін өздері де зарығып жеткен жалғыз қыздарын қанша жерден қимаға­нымен Жеңісәлі мен Тойылша сәби сүйе алмай жүрген інісі мен келінінің меселін қайтара алмай­ды. Мәншүктің әкесі «Жақсы кө­ретін інім едің, көңіліңді қалдыр­майын, енді саған аманат» деп қызын інісіне береді. Бұл қасиет­тің өзі қазақтың кеңпейілділігін, бауырға деген ерекше мейірімін көрсетеді.

Мәншүктің туған әке-шешесі қарапайым еңбек адамдары бол­са, тәрбиелеп өсірген ата-анасы оқыған, елге белгілі адамдар болды.  Ахмет Мәметов жоғары білімді санаулы дәрігерлердің бірі, интеллигенттер ортасында таны­мал қоғам қайраткері. Оның 1912—1914 жылдары Қазан қала­сындағы ағайынды Кәрімовтер баспасынан «Ғибрат», «Кеңес» атты екі өлең кітабы жарық көрді. Ал анасы  Әмина Сүлейменқызы 1928 жылы Саратов универ­ситетінің педагогика факульте­тінің лингвистика бөлімін бітіреді. 1928—1930 ж.ж. Семей Кеңес пар­тия мектебінде оқытушы, 1930—1931 ж.ж. Алматыда мектеп әдіс­кері болып қызмет атқарды.

Мәншүктің әкесі Ахмет Мә­метов 1938 жылы қаңтар айында жазықсыз жаламен «халық жа­уы» ретіде ұсталып, ату жазасына кесілді. Мұның өзі Мәншүктей қызды тәрбиелеген әкенің бекер адам болмағанын көрсетеді. Оның отаншылдығы, ел үшін аянбай ерлікке бара алатындығы қос ата-анадан алған қасиеттері екеніне күмән жоқ. 1943 жылдың 16 қа­занында Невельдің батысындағы Изоч стансасы маңында болған ұрыста қазақ жігіті Ибрагим Сү­лейменов жаудың сол жағын ны­санаға алса, ал Мәншүк Мәме­това жаудың оң жағына пулемет­пен оқ жаудырумен болған.

Мәншүктің майдандас досы Александра Прокопенко өз есте­лігінде: «…Майданға бара жатқан барлығымыздың ішінен ең кіш­кен­тайы, әрі ең нәзік те сүйкімдісі Мәншүк болатын» деп жазады.

«Мәншүк үздік пулеметші болып, Калинин майданы 3-ші екпінді әскерінің  21-ші  гвар­диялық атқыштар дивизиясына қабылданды. От-жалынның ішін­де де адамдар бір-біріне ғашық бола алады. Мәншүк пен пулемет­ші Нұркен Құсаинов екеуі бір-бірін ұнатқанымен, сезімдерін ақылға жеңдіреді. Олар бір күні 1943 жылдың 15 қазанын­да Невель түбіндегі Изочи бекеті үшін қаһарлы шайқаста қаза тапты». Оның полктасы Ахмет­жанов бұл жәйді кезінде осылай­ша жазып қалдырды.

Иә, Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың (1922—1943) 95 жылдығына арналған мерейтойлық шаралар еліміздің барлық өңірлерінде өтуде.

— Жастарға әскери-патриот­тық тәрбие беру бағытында іс-шараларды жандандыру мақса­тында Ресейдің Невель және Новосокольники қалаларына барып қайттық. Шығыстың қос­шынары Әлия мен Мәншүктің Ресей жеріндегі Псков облысында жерленгені белгілі. Алдымен Новосокольникиге аялдап, сосын 90 шақырым жердегі Невель қала­сына жол тарттық. Біздің деле­гация мүшелері Мәншүк Мәме­това мен Әлия Молдағұло­ва­ның мазарына барды. Мән­шүктің қайтыс болған жердің айнала­сындағы шұңқырлар мен тікенекті сымның үзінділері әлі де сырт көзге бірден байқалады. Халықпен жүздесіп, естен кет­пестей өткен кездесулерде қазақ қыздарының ерен ерліктері сөз болды. Біздер өзіміздің мұража­йымызға бірқатар жәдігерлер ала келдік. Олардың ішінде батыр қыздарымыздың ұстанған жеке бұйымдары да баршылық, — дейді Алматы облысы, Қарасай ауда­нындағы «Анаға құрмет» мұра­жайының қызметкері Аршагүл Серікбайқызы.

Псков облысында М.Мәме­това атындағы фабрика бүгінде жұмыс істеп тұр. Жеңіл өнеркәсіп қызметкерлері бір күндік ең­бекақыларын қазақ қызының есімін иеленген арнайы қорға аударып тұратын көрінеді. Ал  ұлы даланың батыр қызының туған күні, қайтыс болған күні, Невель қаласын жаудан азат ету күні секілді айтулы даталарда қала тұрғындары соғыс болған алаңдарға барады, жауынгерлер­дің ескерткіштеріне гүл шоқтарын қояды. Мектеп оқушылары жыл сайын 20 жасында ерлік жасаған қазақ қызын үлгі еткендіктен «Біздің Мәншүк», «Мәншүктің өшпес ерлігі», «Ерлігің үшін  ал­ғыс», т.б. осы мағынадағы шығар­малар жазады, сан түрлі спорттық сайыстар мен өнер байқаулары өтіп жатады.

1943 жылы Мәншүк Мәме­то­ва­ның батальонына жаудың қарсы шабуылын тойтаруға бұй­рық беріледі. 90 келілік пулеметті ұрыс даласында сүйретіп жүріп, табан тірескен айқаста жас пулеметші ауыр жараланғанына қарамастан, жауға оқты қарша боратты. Жаудың 70-тен астам әскерін жер жастандырған Мән­шүк дұшпан әскерінің шабуылын тойтаруға орасан зор үлес қосты.

2-ші дүниежүзілік соғыста ерлігімен көзге түскендердің біразы – мергендер. Совет Одағы 1942 жылдан бастап, үш, алты айлық мергендер курсын ашып, оларды даярлауға көп көңіл бөлді. Сөйтіп, соғыста сұрмергендердің қатарын көбейтті. Мысалы, Тө­леуғали Әбдіков, Филипп Рубаха, Ибрагим Сүлейменовтерді неміс­тер «дала мергендері» деп атаған. Музыкант-композитор Ғалым Қой­шыбаев, Ахмет Ера­лиев, Жұ­ман Есіркеев, Малғажар Жәкеев секілді қазақ жауынгер­лері құра­лайды көзге атқан мер­гендік­терімен қанды соғыста да көзге түсті. Қаншама немістерді жан­тәсілім етіп, соңында өздері де ерлікпен қаза тапты.

Невель үшін шайқасқандар­дың барлығы 18 бен 25 жас аралығындағы жастар. Бұл маңда Қазақстанда құрылған 100 және 101-атқыштар бригадасы ерлікпен шайқасқаны тарихтан мәлім. Сондықтан болар, осы жерде жерленгендердің 90 пайызы – қазақстандықтар.  Олар отбасын құрып үлгермеді. Енді мына бір құбылысқа таң­қалмасқа болмай­ды. Қазақстан­дықтар жеңіске жеткен тарихи жердегі зәулім ортақ ескерткіштің төбесіне соңғы 6-7 жылда аққұтандар ұя салып­ты. Жылда жұмыртқалап, бала­пан ұшыратынын невельдіктер де, жан-жақтан келген қонақтар да байқап, сүйсінуде. Адам бала­сы­ның ойында жоқ игі істі табиғат­тың төл перзенттері үнсіз атқару­да.

Салтанат ҚАЖЫКЕН.