ТӘУЕЛСІЗДІК БЕСІГІНДЕГІ КӨРМЕ

Алматыда «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көрме ашылды

 1-3

Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі. Бұл жөнінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың өзі айтқан болатын. Бүгінде ширек ғасырдан асып отырған ел тәуелсіздігінің туы осы Алматыда тігіліп, сан ғасырлар бойы бабалар аңсаған егемендіктің жылна­масы осы қасиетті шаһардан басталған.

Жиырма бес жылда қарыштап қадам жасап, әлемнің алдыңғы қа­тарлы елдеріне теңескен Қазақстан­ның Тұңғыш Президенті де Алматыда сайланды. Қазіргі таңда ҚР Прези­денті, Елбасы Н.Назарбаев алға ұм­тыл­ған Қазақстанды, тәуелсіз ел хал­қын үлкен мақсаттарға бастап келеді.

Нұрлан СҮЙІН

Кеше Қазақстан Республи­касының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінде «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі ғылыми-білім беру және мәдени-ағартушылық көрме жобасын ұсынды. Жобаның іс-шаралары Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің күні және Тәуелсіздік күні мемлекеттік мерекелеріне орай жүзеге асырылып отыр.

Еліміздің астанасын көшірген сәттен бері 20 жылдың ішінде алғаш рет Мемлекет басшысының Жеке архиві, Жеке кітапханасы және Музейі қорының зерттеу нәтижелері мен материалдары Алматы қаласы қалың жұртшылығының назарына ұсынылып отыр. Осы жылдардың ішінде Астана әлемдегі ең танымал және құрметке лайық қала мәртебесін иеленіп, бүгінде жаһандық деңгейдегі маңызды шешімдер қабылданатын алдыңғы қатарлы ғылыми және мәдени орталыққа айналды.

1-10

Жоба аталмыш көшпелі қор көрмесінің салтанатты ашылу рәсімімен басталды. Көрменің негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елба­сының Тәуелсіз Қазақстан тағдырындағы рөлін мұрағат құжаттары мен жәдігерлер арқылы жүйелі түрде кеңінен көрсету.

Көрменің ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің басшысы – Қазақстан Республи­касының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапха­насы директорының міндетін атқарушы Махмұт Қасымбеков, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек қатысты.

Көрермендер назарына Елбасы кітапханасының архив, кітап, музей қорларының материалдары ұсынылып отыр. Олардың қатарында шет мемлекет және үкімет басшы­ларының Н.Ә.Назарбаевқа тарту еткен жоғары мемлекет наградалары, Қасиетті Құранның бірегей жинақтары, мемлекет басшылары тарту еткен қолтаңбалық кітаптар, сондай-ақ, Н.Ә.Назарбаевтың әлем тілдеріне аударылған еңбектері бар.

ҚР Мемлекеттік Орталық музейінде өткен көрменің ашылу салтанатында ҚР Президенті Кеңсесінің басшысы М.Қасымбеков, ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы, Алматы қаласының әкімі Б.Байбек сөз сөйледі.

Шаһар басшысы Бауыржан Байбек көрмеге келу­шілерді құттықтап, оның маңызына тоқталып, Тәуел­сіздіктің алғашқы шежірелі жылдарын сөз етті. Еге­мендіктің бастауында болған Алматының орнын атап өтті.

– Құрметті қауым, ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбек жолына арнаған жылжымалы кешенді көрменің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ел болашағы үшін тарихи шешімдердің Алматыда қабыл­данғанын ескерсек, осынау мазмұны мен деңгейі тұрғысы­нан аса маңызды іс-шараның біздің қаламыздан басталуы көптен күткен оқиға. Бұл біз үшін үлкен мәртебе және мақтаныш, – деді Б.Байбек.

Бүгінгі Алматы тәуелсіз елдің білімі мен ғылымының, өнер мен мәдениеттің қара шаңырағы екенін айта келіп, Елбасының Алматы жөнінде айтқан сөздерін келтірді.

– Бұл жөнінде Елбасы «Қазақтың кең байтақ жерінде бәрі де қасиетті мекен, қадірлі өлке. Соның ішінде «Тәуелсіздіктің алтын бесігі» – Алматының орны әрқашан ерекше деген болатын. Сол себепті де Елбасы, Тәуелсіздік, Алматы – бір-бірінен ажырамас ұғымдар.

1-9

Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы, оның орасан жетістіктері Нұрсұлтан Әбішұлының атымен тығыз байланысты. Қазақстанның Тұңғыш  Президенті – біздің заманауи мемлекетіміздің іргетасын қалаушы. Елбасының басшылығымен жүріп жатқан ауқымды экономикалық, саяси, және рухани жаңғыру Қазақстанның әлемнің дамыған 30 елінің қатарына енуін қамтамасыз етеді. Елбасының тұрақты қолдауы арқасында Алматы ел экономикасының бестен бір бөлігін беретін Орта Азиядағы ірі мегаполис ретінде даму үстінде. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың  тұлға ретінде құбылысы, яғни феномені зор тарихи шешімдерді қабылдауынан көрінеді, олар: Тәуелсіздікті жариялау, Конституцияны қабылдау, астананы көшіру және басқалары, – деп атап өтті  Алматы  қаласының әкімі Бауыржан Байбек.

Бауыржан Байбек елдің тәуелсіздік бастауындағы астанасы Алматыда «Тәуелсіздік Декларациясының», «Ел Конституциясы – Ата Заңның» қабылданғанын, мемле­кеттік рәміздер мен төл теңгеміздің бекітілгенін атап өтті. Тәуелсіз Қазақстанның аяққа тұруы мен оның жетістік­терінің Тұңғыш Президентпен тікелей байланысты екеніне тоқталды.

– Алматының да қарыштап дамып, Орталық Азияның ірі мегаполисіне айналуы Елбасының тікелей қолдауының арқасында, – деп атап өтті Б.Байбек.

Орталық  мемлекеттік мұражайда Мемлекет басшысы­ның жеке архивінің, жеке кітапханасының және  музейінің материалдары мен түрлі жәдігерлері қойылған. Көрме барысында экскурсиялар, конференциялар, шеберлік сыныптары, семинарлар мен концерттер өтеді.

– Бұл көрмеге барынша құнды экспонаттар мен өнер туындылары, Тәуелсіздік жылдары Президентіміз қол қойған маңызды құжаттардың түпнұсқасы,  Тәуелсіздіктің тарихи кезеңдерін қамтыған фотоматериалдар қойылған. Сонымен қатар, Президентімізді ұлықтаған 50 шетелдік мемлекеттің жоғары марапаттарын көруге болады. Қолтаңба қойылған бағалы әрі сирек кездесетін кітаптар да осында. Біз  көрмені 2018 жылдың 15 қаңтарына дейін ұзартуды қарастырудамыз, оған кем дегенде 50 мың ал­матылық келеді деген үміттеміз, – деп атап өтті Прези­дент­тің жеке кітапханасы директорының міндетін атқарушы, Президент  Кеңсесінің бастығы Махмұт Қасымбеков.

Көрме  4  бөлімнен тұрады:

«Көшбасшы жолы»  бөлімі ҚР Президентінің өмірбаянын, «Көшбасшы феномені» бөлімі мемлекеттік құрылыстың қалыптасуы мен даму концепциясын, «Президент наградалары – халық құрметі» бөлімі жоғары мемлекеттік наградаларды, «Әлем таныған көшбасшы» – ҚР сыртқы саясатын қамтиды.

Елбасының еңбек жолына арналған Алматыдағы кешенді көрме 2018 жылдың 14 қаңтарына дейін жұмыс істейді. Алматыдағы екі ай жұмыстың көшпелі жобасы аясында сарапшылар қауымдастығы, ғалымдар, мәдениет және білім беру салалары мамандарының кездесуі өтеді. Көрменің барлық жұмыс күндері оңтүстік астанамыздың тұрғындары мен қонақтары тақырыптық және шолу экскурсияларын тыңдап, Елбасы кітапханасы қызметінің бағыттарымен жан-жақты таныса алады.