ТӘРТІПКЕ БАҒЫНҒАННЫҢ ЕСЕБІ ТҮГЕЛ БОЛАДЫ

img-20171110-wa0002

Нұржамал ТЕГІНБАЙҚЫЗЫ

Наурызбай ауданының аумағын­да  үш ірі «Бар­лық»,  «Таусамалы»,  «Ақбұлақ» базарлары орналас­қан. Онда қазіргі қалыптасқан термин ті­лімен айтсақ,  жеке шаруасын дөң­гелетіп отырған кәсіп­керлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтып, күн кө­рісін күйттеп жүрген мыңдаған адам жұмыс істейді. Олар жеке кәсіпкер ретінде мемлекетке тиісті салық  және басқа да төлем түр­лерін төлейді.

Дегенмен, кейбір азаматтар­дың өзінің ең басты міндеті болып саналатын сол төлемдерді дер кезінде төлеуді естен шығарып алатындары бар. Тіпті, салық мекемелеріне тіркелмей-ақ, кө­лең­кеде жүріп шаруасын дөңгеле­тіп отырғандар да жоқ емес. Бұл, әсіресе, пәтерлерін жалға беруші тұрғындар мен базарларда  салық мекемелеріне тіркелмей-ақ  сауда жасап жүрген азаматтарға  көбі­рек қатысты. Осы және басқа да мәселелерге байланысты Наурыз­бай аудандық кіріс басқарма­сының, аудандық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарла­малар басқармасының, денсау­лық сақтау мекемелерінің өкілдері «Барлық» базарында  жұмыс істейтін кәсіпкерлермен,  сауда жасап тұрған сатушы және басқа да жұмысшылармен кездесу  өткізіп, оларға салық төлемдерін уақтылы төлеу, кәсіпкер ретінде   кіріс басқармасына тіркелудің маңыздылығын түсіндірді.   Ал жұмыспен қамту  және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қызметкерлері болса,  нәтижелі жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамыту, кәсіби білім  беру   мәселелері және де келер жылдан бастап  жаңа форматта төленетін әлеуметтік төлемдер туралы түсініктеме берді.    Ал денсаулық сақтау басқармасының өкілдері  өз кезектерінде, МӘМС жөнінде түсініктеме беріп, ол жүйеге қатысу үшін әлеуметтік мәртебені анықтаудың маңыздылығын түсіндіріп, өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтарға өз денсаулығы үшін жарна төлеудің  қажеттілігін айтты.  Кездесу барысында Наурызбай аудандық кіріс басқармасы   басшысының орынбасары  Еркін  Сейітжан   базар қызметкерлерін  табыс көзін жасырғандарға қолданылатын  жаза түрлерімен таныстыра келіп,  келер жылдың ақпан айына дейін тіркеліп, тиісті құжат алу жөнінде кеңес берді.  Тұрғындарға Мін­детті әлеуметтік сақтандыру қоры­на  жарна төлеу тәртібі, Нәтижелі жұмыспен қамту мемлекеттік бағдарламасына қатысу және кәсіпкер ретінде тіркелуге байланысты маман кеңестері жазылған парақшалар таратылып,  азаматтар тарапынан қойылған сауалдарға тиісті ма­мандар жауап берді.  Тұр­ғындар мамандардың пікірі арқылы тәртіпке бағынғанның   есебі түгел болатындығын түсініп, осындай кездесулер жиі өткізіліп тұрса деген  өтініштерін білдірді.