Парасат парақтары

%d1%81%d1%8b%d0%bd

Сөз құдіреті ақиқатшыл өнер иесіне ғана шапағатын тигізбек. Сол арқылы адам өзі әлеуметтік процестердің нәтижесінде тұлға болып қалыптасады. Ол – сыншы, әдебиетші, тарихшы, ірі өнер философы. Яғни бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік тұлға.

Өзі рух тазалығының биігіне көтеріле алмаған кісі ол жайлы әңгіме айта алмасы анық. Ол айтса да сенімсіз шығар еді. Себебі, белгілі: «Тең – теңімен, тезек – қабымен»… Бізде әркім өз бетінше өмір кешу көрініс байқалады. Ал бұл өскелең ұрпақтың жүру бағытынан жаңылдырады. Рас, ортасы жоқ адам кез-келген жоғарыда атап өткен әр түрлі деңгейдегі субмәдениеттің немесе ұйымдардың жетегінде кетуі әбден мүмкін. Осының бәрін өнер тарланы дөп баса білді. Замандастары оны көзі тірісінде мойындады, ақиқатын айтуға төрелікті берді. Ал ол сөз айтылған жерде қалмауы тиіс еді. Белгілі өнер қайраткері Әшірбек Сығай туралы замандастары мен аға-інілерінің айтқан естеліктерін жинап бастыру мен  өнер профессорының жары Күләш жеңгейге бұйырды.

Қазақтың жан-дүниесімен, мінез-құлқындағы қалтарыстарымен астасып жатқан тіршілік түйткілдері, тұрмыстық жайлар – рухани жаңғырудың ең бір өзекті буыны. Мәңгілікті мұрат тұтқан ұлтқа қазір ең қажеттісі де – мінез-құлықтың прагматизмі. «Сын сардары» жинағында осы туралы сөз болады.

Немістің ұлы ақыны Шиллер халық пен өнерді табыстыру үшін қалың қауымды биік эстетикалық өреге көтеру керектігін айтады. Естелік жазушылар әдебиет пен өнердің халықтық сипатын анықтай келе, өз араларынан шыққан асыл азаматты жалпыхалықтық идеяны көтерген қайраткер тұлға ретінде көрсетеді.

Әшірбек Төребайұлы тарихқа байлаулы кезеңдік шығарма жазған емес, ой да айтқан емес. Жазса, қоғамның ішкі мәтін энергетикасы көзге ұрып тұратын политрасын жазды. Бұл – шындық!

Өнер аталатын Парасат патшалығына бас сұққан әр оқырман, әр көрермен Әшірбек Сығай шығармалары таңбаланған парасат парақтарынан рухани нәр алып, өзіне қажетті тұжырымдар жасайтындығы ақиқат.

Ай – түнде керек болса, ақыл – күнде керек. Әшағаң аспандағы жарқыраған айдай айналасына мейірімін төгіп, шапағатын шашып тұратын ақылман қайраткер  тұлға еді. Оны сағынған, аңсап көргісі келген, жүздесіп, дидарласқысы келген жан болса, «Сын сардарын» оқысын. Әсілі, барлық оқу орындарында оқырмандар клубын ұйымдастырып, тұлғатану дәрістерін өткізсе болар еді.