КӨП ТІЛ БІЛГЕН КӨШТЕН ҚАЛМАЙДЫ

Қазақ Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті – еліміздің дипломатиялық қызметінде орны ерекше іргелі оқу ордасы

%d1%83%d0%bd%d0%b8%d0%b2%d0%b5%d1%80

Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті – Тәуелсіз Қазақстанның дипломатиялық қызметінде ойып тұрып алар орны ерекше, шыққан биігі де ешқашан аласармайтын бірегей білім ордасы. Өйткені, бұл іргелі жоғары оқу орны – қазақ тарихындағы шет ел тілінде білім беретін, алғашқы «көптілдік» саясатты іске асырып келе жатқан университет.

Екіншіден, университет – халықаралық қатынастар атауымен аталатын еліміздегі жалғыз жоғары оқу орны. Демек, елдің сыртқы саясатын жүзеге асыру, оның дипломатиялық корпусы қызметкерлерін дайындау ісі аталмыш жоғары оқу орнының басты міндеттерінің бірі екендігін Қазақстанның кешегі және бүгінгі тарихы көрсетіп отыр. Осындай аталымның өзі университетке халықаралық қатынас саласындағы дипломатиялық қызметкерлерді дайындауда және оны дамытуда көптеген міндет жүктейтіні анық. Осы әлеуметтік-саяси міндетті 75 жылдық тарихы бар аталмыш жоғары оқу орны ойдағыдай атқарып келеді. Үшіншіден, университеттің қазақ дала­сында аты әйгілі болған саясаткер, бітімгерлік жолында зор еңбек еткен ғұлама мәмлегер-дипломат Абылай ханның есімімен аталуы жоғары оқу орнының тәуелсіз мем­лекетіміздің дипломаттар корпусын дайындаудағы миссиясын арттыра түспек.

Бүгінгі таңдағы басты мақсат: бәсекеге қабілетті білікті мамандарды дайындау; білім берудің ұлттық моделін қалыптастыру; интеллектуалды ұлтты жасақтауға үлес қосу. Осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін университет тө­мендегідей міндеттерді атқаруды көздейді: оқу бағдарла­маларын халықаралық талаптарға сәйкестендіру; еліміздің білім беру жүйесіндегі интеграциялық үдерісті тереңдету; халықаралық кәсіби бірлестіктер желісін қалыптастыру. Негізгі ұстанымы: «Білім – ғылым – иннова­ция» үштігін негізге ала отырып, жүзеге асыру. Білім беру моделі: ғылы­ми-инновациялық кәсіби-білімдік кешен бағдарламасы. Миссиясы: қазіргі заман талабына сай бірыңғай ғылым-білім кешені ретіндегі инновациялық бағдардағы халықаралық бейімдік типтегі университетті қалыптастыру.

Университеттің бүгінгі заманауи білім беру кеңісті­гіндегі орны мен рөлін ҚР-ның көпвекторлы халықаралық  саясатын жүзеге асыру үшін бәсекеге қабілетті жоғары сапалы мамандарды дайындау мәселесіне тікелей атсалы­сып жүргендігінен көруге болады. Бұны елдің диплома­тиялық корпусы бірнеше шет ел тілін меңгерген және мәмілегерлік технологиясымен қаруланған мамандарын толықтыру тұрғысынан бағалауға болады. Тәуелсіз Қазақстан дипломатиясының 25 жылдық тарихында біздің университеттен түлеп ұшқан мамандардың үлес салмағын ауыз толтырып айтуға болады. Олардың саны бүгінгі таңда 30-ға жуықтады. Атап айтар болсақ, Әділ Құрманжанұлы Ахметов – Дипломаттық дәрежесі І сыныпты Төтенше және өкілетті уәкілі, ҚР Сыртқы істер бірінші вице-министрі, Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігі Қазақстан Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі, сондай-ақ, Швеция, Норвегия және Ирландия Корольдіктерінде осы міндеттерді қоса атқарды. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы болды.

Бақытбек Сейсебайұлы Шабарбаев – ҚР-ның Пәкі­с­тандағы елшілігінің атташесі, үшінші хатшысы, Карачидегі ҚР Консулдық пунктінде бірінші хатшы, кеңесші, ҚР СІМ консулдық қызметі департаментінің кеңесшісі, ҚР Дипломатиялық миссиясының кеңесшісі, ҚР-ның Чех Республикасындағы елшілігінің кеңесшісі, ҚР-ның Таиланд Корольдігіндегі уақытша өкілі – БҰҰ-ның ЭСКАТО жанындағы ҚР өкілі, ҚР-ның Пәкістан Ислам Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі, Бангладештегі елшісі қызметін қоса атқарушы.

Аманжол Қазыбекұлы Жанқұлиев – ҚР ҰҚК «Барлау» қызметінің директоры, ҚР-ның Тәжікстандағы, Түркия­дағы, Франциядағы, Швейцария Конфедерация­сындағы Төтенше және өкілетті елшісі, БҰҰ-дағы және Женева қаласындағы (Швейцария) басқа да халықаралық ұйым­дардағы ҚР Лихтенштейн Князьдігіндегі Төтенше және өкілетті елшісі, Ватикан Мемлекетіндегі елшілік лауазымын қоса атқарған, Қазақстан Республикасы «Сырбар» сыртқы барлау қызметінің директоры, генерал-лейтенант.

Жарбосынова Мәдина Бинешқызы – 2-сыныпты Төтенше және өкілетті уәкіл, ҚР СІМ-нің бірінші хатшы­сы, кеңесшісі, Халықаралық ұйымдар және халықаралық экономикалық қатынастар басқармасы бастығының орынбасары, басқарма бастығы, ҚР СІМ-нің көпжақты ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары, ҚР СІМ-нің БҰҰ және халықаралық экономикалық ұйымдар басқармасының бастығы – 1-департамент директорының орынбасары, ҚР СІМ 1-департаментінің директоры, ҚР Сыртқы істер вице-министрі, БҰҰ-дағы Қазақстанның Тұрақты өкілі, ҚР-ның Куба Республика­сындағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметін қосымша атқарған, БҰҰ Бас Ассамблеясының төрайымы. Қазақ­стан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар бойынша елшісі, ЕҚЫҰ-ның  Украинадағы жобаларының үйлестірушісі, ЕҚЫҰ-ның Адам саудасымен күрес жөніндегі арнайы өкілі.

Сәрсенбаев Болат Серғазыұлы – ҚР-ның Израил елшілігі кеңесшісі, ҚР СІМ-нің халықаралық-құқық департаменті директорының орынбасары, ҚР-ның Гонконг қаласындағы Бас консулы, ҚР-ның Грециядағы уақытша өкілі, ҚР-ның Иордания Хошемиттік Корольдігіндегі Төтенше және өкілетті елшісі, ҚР-ның Ирактағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметін қоса атқарды және ҚР-ның Ливан Республикасындағы, Палестин мемлекетіндегі Төтенше және өкілетті елшісі қызметін қоса атқарды, Қазақстан Республикасының Үндістан Республикасын­дағы Төтенше және өкілетті елшісі, ҚР-ның Шри-Ланка Демократиялық Социалистік Республикасындағы Төтен­ше және өкілетті елшісі қызметін қоса атқарды.

Оңжанов Нұрлан Баймолдаұлы – ҚР Президентінің Аппараты, Халықаралық бөлімінің аға референті, ҚР-ның Австрия Республикасындағы Елшілігінің бірінші хатшысы, кейін кеңесшісі, ҚР-ның Швейцария Конфедерация­сындағы Елшілігінің кеңесшісі, ҚР СІМ, Экономикалық саясат департаментінің директоры, ҚР-ның Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулы, ҚР Сыртқы істер вице-министрі, ТМД істері комитетінің төрағасы, «Орталық Азия ынтымақтастығы» ұйымы қызметінің мәселелері жөніндегі ҚР-ның Ұлттық үйлестірушісі, ҚР СІМ-нің орынбасары, ҚР Президентінің көмекшісі, ҚР-ның ГФР-дағы Төтенше және өкілетті елшісі, сондай-ақ, Дания Корольдігіндегі елшісі қызметін қоса атқарушы, ҚР Президентінің көмекшісі.

Омаров Қайрат Ермекұлы – Ұлыбритания Сыртқы істер министрлігінде еңбек өтілінен өткен. ҚР СІМ-нің екінші, бірінші хатшысы, Еуропа және Америка бөлімінің меңгерушісі, ҚР СІМ-нің басқарма бастығы, Еуропа департаменті директорының орынбасары, ҚР-ның АҚШ-тағы Елшілігінің кеңесші-елшісі, ҚР СІМ-нің айрықша тапсырмалар жөніндегі елшісі, ҚР-ның Үндістан Респуб­ликасындағы Төтенше және өкілетті елшісі, ҚР-ның Шри-Ланка Демократиялық Социалистік Республика­сындағы Төтенше және өкілетті елшісі міндетін қоса атқарушы, ҚР СІМ-нің орынбасары, ҚР-ның АҚШ-ғы Төтенше және өкілетті елшісі, БҰҰ жанындағы ҚР-ның тұрақты өкілі.

Дәуренбек Ырысқали Рақымұлы – Сыртқы істер министрлігінің Консулдық қызмет департаментінің директоры. Нүсіпов Болат Тұрарұлы  – ҚР-ның Германия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі. Рүстемов Нұрбах Тұрарұлы – ҚР СІМ Хаттамалық-саяси бөлімінің үшінші хатшысы, ҚР СІМ Мемлекеттік хаттама басқармасының бастығы, ҚР-ның Иран Ислам Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі, ҚР-ның Венгриядағы Төтенше және өкілетті елшісі, ҚР-ның Сербия Республикасындағы, бұрынғы Югославияның Македония Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметін қоса атқарды. Карипов Дәурен Айтбайұлы – Қазақстан Республикасының ФРГ-ның Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулы (2017 ж.). Ғалиев Жан Сержанұлы – ҚР-ның Франция Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі, ҚР-ның Португалия Республикасындағы, Монако Князьдігіндегі Төтенше және өкілетті елшісі, ЮНЕСКО жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі қызметін қоса атқарады (31.10.2017 ж.). Мақұлжанов Медет Әметайұлы – Қазақ­стан Республикасының Въетнамдағы Елшілігінің кеңесші-елшісі (05.2017 ж.). Жұмабеков Қанат – Қазақстан Рес­публикасының консулдық қызметі департаментінің қызметкері (2017 ж.).

Бүгінгі таңда университетте 6 мыңнан астам студент 38 ма­мандық (20 – бакалавриат, 14 – магистртура, 4 – док­­торантура) бойынша білім алуда. Сондай-ақ, іргелі оқу орны 14 халықаралық ассоциативті ұйымға мүше. Мәселен, ТМД елдерінің тілі мен мәдениеті бойынша базалық ұйы­мына; Еуропадағы Басты туристік және қонақжай­лылық бизнес мектептерінің 3 халықаралық Ассоциацияларына; Тіл жөніндегі Еуропалық кеңеске; ШЫҰ-на мүше елдердің Гуманитарлық Университеттер Консорциумына; Қоғаммен байланыстың Еуропалық Ассоциациясына және т.б. Сонымен қатар,  университет 32 елдің 146 жоғары оқу орнымен  серіктестік байланыс орнатқан. Олардың ішінде ҚХР, Оңтүстік Корея, Жапония, Чехия, Германия, Швейцария, Италия, Испания, Франция, Ресей, Румыния, Түркия, Белгия, Дания, Ұлыбритания, Жаңа Зеландия, Малайзия және тағы басқаларын атауға болады.

Университет, сондай-ақ, ғылыми зерттеу жұмысы саласында халықаралық корпоративтік зерттеу желісін қалыптастырды: Қолданбалы саясаттану бойынша халықаралық зерттеу орталығы (Турин және Абылай хан университеттері); Шетелдік субъектілермен бірлескен туристік мамандарды дайындаудың халықаралық кластері (Хайнянь, Далянь КНР); Ұлыбританияның Тиссайд университетімен бірлескен медиаиндустрия бойынша журналистерді дайындаудағы оқу орталығы; Корейтану орталығы (Оңтүстік Корея);  РУДЕН-мен бірлескен орыс тілі орталығы; Британдық Кеңес жанындағы Кембридж сертификация бағдарламасы; Конфуций институтының ашылуы. Сонымен қатар, оқу бағдарламаларын аймақтық әрі халықаралық деңгейде үйлестіру үдерісі іске қосылып, қашықтықтан оқыту, онлайн-білім жүйесінің іске қосылуы, академиялық мобильділік, өзара эквиваленттік принцип бойынша «қос диплом» бағдарламасы іске асырылуда.

Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін, сонымен бірге, еліміздің «көптілдік» стратегиясын іске асыру ордасының бірегейі деп те айта аламыз. Бұл идеяны Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2006 жылы жария етіп, халыққа арнаған 2007 жылғы «Жаңа әлемдегі – жаңа Қазақстан» атты Жолдауында «Тілдердің үштұғырлығы» атты саяси-әлеуметтік, рухани-мәдени жобаны кезең-кезеңмен іске асыруды ұсынғаны белгілі. Елбасы кезекті Жолдауында «Қазақстан бүкіл әлемде халқы үшін үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық тіл, ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі» деп бүкіл кон­цепцияның түпмәнді қисынын анық­таған болатын. Осы тұрғыдан келгенде, біздің универси­тетіміздің бұл бағытта атқарған қызметі зор. Біріншіден, адамның жалпы болмысына тән антропоөзектік мәселеге жауап беріп келеді. Өйткені, әр тұлғаның тіл әлемі – оған табиғатынан берілген онтоеркіндігіне сүйенетін субмен­тальды, жеке-дара мәдени-семиозис территориясы екенін университет басшылығы жете түсінеді. Тіл – әр тұлғаның мәдени трансформациялану алаңы. Көптілділік – әрбір субъект-тұлғаның өзін-өзі іске асыру, әлеуметтік ортада өзін-өзі көрсету, өзін-өзі бекітіп орнықтыру, өз әлемі мен орнын табу кеңістігі, ішкі рухани интенциялық әлеуеті. Шет тілінде сөйлеу арқылы сол ұлтпен іштей үндесе түсетін болады. Ең бастысы, басқа тілдерді білу адам мен адамды, ұлт пен ұлтты, халық пен халықты жақындастыра түседі.

Екіншіден, университет елімізде «үштұғырлы тіл» саясатының өзектілігіне негіз болатын фактордың бірі – бүгінгі әлемдік жаһандану мен интеграция үдерісі болғанын мойындайды. Қазіргі біз өмір сүріп отырған жаһандану заманы көп тілде сөйлейтін адамдар дәуірі, ол уақыт талабы деп біледі. Бұл да қоғамдық даму заңдылығы. Қазір жер шарын мекендеген халықтардың 70 пайызға жуығы екі не одан да көп тілді әр  түрлі деңгейде меңгерген және болашақта халықтар арасындағы түрлі байланыс­тардың ұлғая түсуімен байланысты көп тіл білушіліктің де маңызы арта түседі деген  ғылыми тұжырым бар. Демек, университет көптілділік білім беру арқылы адамның қоғамдық қажеттіліктерін қамтамасыз ету мақсатында қызмет етуде. Университеттің басты ұстанымы: мемлекеттік тілді құрметтейміз, орыс тілін қолданамыз, шет тілін үйренеміз.

Бүгінгі Қазақстан әлемдік саяси-экономикалық ахуалға, жаңа әлемдік тәртіптің ширығуына байланысты өте күрделі сын-қатерлермен бетпе-бет келуде. Ал осындай кезеңде сыннан сүрінбей өту, толағай табыстарға жету, елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету, зайырлы интел­лектуалды мемлекет мәртебесін сақтау үшін үздік ілім-білімге алып барар басты жол – ғаламшардағы үстемдік құрған тілдерді үйрену. Бүгінгі таңда шет ел тілін меңгеру дегеніміз – ғаламдық ақпараттар мен инновациялардың ағынына ілесу деген сөз.

Үшіншіден, осы бір тұғырлы саясатты іске асыруда біздің университет өзінің стратегиялық инновациялық концепциясын ұсынуда. Бұл стратегия еліміздің инновациялық білім беруге қадам басуға ынталылығы әлемдік деңгейдегі инновациялық процестермен және елдегі бәсекеге қабілетті кадрларды дайындау саясатымен анықталмақ. Ең алдымен, университет қазіргі жаһандану үрдісіне байланысты әлемде ақпараттық-коммуника­циялық технология негізінде: технологиялық, қаржылық, экономикалық, әлеуметтік-саяси және мәдени интегра­циялық үдерістің дамуы білім беру саласының дамуында жаңа инновациялық көзқарастың қалыптасуына ерекше мән беруде. Расында, шет ел тілін білсең – әлемдегі ең үздік, ең беделді жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндігің мол. Ең бастысы, шет ел тілін білу – бұл іскерлік қарым-қатынас және әлемнің кез-келген нүктесінде бизнеспен айналысу үшін міндетті талап.

Осы орайда айта кетерлік жәйт, осы «үштұғырлы тіл» жобасын іске асыруда Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті мамандарының, оның басшысы филология ғылымының докторы, Қазақстан Ғылым академиясының корреспон­дент-мүшесі Құнанбаева Сәлима Сағиқызының атқарып жатқан қызметі орасан. Еліміздің Білім және ғылым министрлігінің бекіткен мемлекеттік стандарты бойынша бұрынғы үш тілге қосымша кәсіби қазақ, орыс және ағылшын тілдерінің міндетті пәндер қатарында оқытылуына баса назар аударылуы, шет тілін оқытуға қосымша несиелердің берілуі білім алушылардың рухани сұранысына жауап беруде, оған олар ризашылдығын білдіруде. Соны­мен бірге, жоғарғы курстарда (3-4) таңдау пәндерінің басым көпшілігі шет  ел тілінде жүргізілуі келешек ма­ман­дардың үдесінен шығып жатыр. Демек, біздің универси­теттік білім беру моделі аталмыш үш тұғырлы тіл жобасына сәйкес инновациялық тұрғыда өзгертілді. Мұнда жаңа модель «білім – ғылым – өндіріс» формуласына не­гізделген. Кеңірек айтсақ, «тәуелсіз қоғамдық-экономи­калық әлеует – инновациялық білім – интеллектуалды ұлт – Мәңгілік Ел» макратұғырнаманы бетке алады. Ректорымыздың үнемі назарында болатын да осы бір акмэжоба. Сәлима Сағиқызы «әр кезде  елімізге қажетті, үш тілді меңгерген, кез-келген жерден ақпарат ала алатын, өз ісінің білгірі, бүкіл әлем бойынша коммуникацияға түсіп, жер бетінің кез-келген нүктесінде бизнес жасайтын, елге пайдасын әкелетін кадрлар ауадай қажет» дегенді насихаттап, «тіл арқылы жаңа технологияларды ойлап тауып, игіліктерін меңгеруге болады, сол себепті үш тұғырлы тілдің қолдану аясын кеңейтуіміз қажет» дегенді үнемі ескертіп отырады.

Осы тұста біздің университетте вертикалды және горизонталды академиялық мобильділік бағдарламасы өте жақсы жолға қойылған. Мысалы, бүгінгі таңда универси­тет шетелдік 126-ға жуық жоғары оқу орнымен осы жоба бойынша байланысты іске асыруда. Мұндағы айқындаушы факторлардың бірі – елдің білім беру саласындағы иннова­циялық үдеріс, екіншіден, Қазақтан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының басым міндеттер санатында болуы. Демек, университет басшысы Сәлима Құнанбаева білім қоғамның әлеуметтік-экономикалық прогресінің әрі әлеуметтік жүйенің тұрақты дамуын қамта­масыз етудің басты факторы болатынын жіті бақылауда ұстайды.

С.Құнанбаева тек білікті де талапкер басшы ғана емес, бүтіндей бір Орталық Азиядағы бетке ұстар ірі лингвист-ғалым ретінде танымал адамдардың бірі. Екі жүзден астам ғылыми еңбектің авторы. Еліміздегі шет  ел тілін тану тео­риясы мен оқыту әдіснамасының негізін алғаш қалаушы. Ең құнды да іргелі зерттеулерінің арасынан «Современное иноязычное образование: методология и теории» (2005 г.), «Концепция развития иноязычного образования в РК» (2006), «Концепция языкового образования в РК» (2010) және «Языки триединства» (2010), «Компетентностное мо­делирование профессионального иноязычного образо­ва­ния» (2011), «Стратегические ориентиры высшего иноя­зыч­­ного образования» (2015 г.), «Вербальная коммуника­ция в межкультурном контексте» (2016 г.), «Концепто­логи­ческие основы когнитивной лингвистики в становлении полиязычной личности» (2017 г.) атты еңбектерін ерекше атауға болады. Автор бұл еңбектерінде Қазақстанда мамандықтарды квалификациялаудың  ұлттық жүйесін қалыптастыруға байланысты біренеше түйінді мақсаттарды жүзеге асыруды көздегені анық. Біріншіден, шеттілдік білім берудің салалық нұсқасын қалыптастыру және кәсіби стандартты жасау; екіншіден, жоғары білім беру жүйесін жүйелі түрде қайта құру арқылы оны басқарудың торлық моделін орнықтыру; үшіншіден, оқытудың компотенттік-модульдік форматтағы бағдарламасын жасау; төртіншіден, білім берудің кластерлік формасын енгізу және салалық білім берудегі мемлекет пен жекеменшік әріптестігі форматын қалыптастыру; бесіншіден, мәдениетаралық коммуникацияның қазіргі заманға сай жаңа теориясының негізін жасақтау, мұндағы кешенді объект: «ойлау – тіл – коммуникация» ретінде көрініс тапқан. Мәдениетаралық коммуникация субъектін қалыптастыру – басты мақсат болған. Осының өзі ғалымның ұлттық квалификациялау жүйесі талабына сай ғылыми шешімі әрі соған орай ыңғайластырылған ғылыми-әдіснамалық тұғырнамасы деп айтуға болады. Алтыншыдан, шеттілдік білім беруді жаңғыртылған когнитивті-лингвомәдениеттанулық әдісна­ма негізінде модернизациялау және шеттілдік білім берудің бағытын айқындау жолдарының бағыты анықталған. Жетіншіден, шеттілдік білім берудің когнитивті-лингво­мәдениеттанулық әдіснамасы жасақталған. Сегізіншіден, «шеттілдік білімді» ғылымның дербес дидактикалық саласы ретінде теориялық негіздеу және оның «шеттілі – өзге  де  мәдениет – тұлға» пәнаралық құрылымын анықтау мақсаты көзделген. Тоғызыншыдан, қазіргі білім берудің инновациялық-қайта өңдеу жүйесін және жоғары кәсіби білім беру моделін талдамалық және сыни сараптамалық жүйелеу әдісі негізінде зерттей отырып, салалық жоғары білім берудің әдіснамалық тұрғыда негізделген платфор­масы ұсынылады. Осы орайда автор жоғары кәсіби білім жүйесін инновациялық негізде қайта құру мақсатын қоя отырып, келешек мамандардың кәсіби біліктілігінің жаңа үлгісін жобалау, кәсіби білім парадигмасының ашықтығы мен жаңалыққа бейімділігі арқылы мүмкін болатынын болжай білген.

Сондай-ақ, шет ел филологиясының өзекті мәселелеріне арналып жазылған бірқатар еңбегінде қазіргі мәдени­а­ра­лық коммуникация мен мәдениаралық қатынастарды зерттеудегі ғылыми амалдардың қолданбалы негіздері қарастырылған. Білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарына, 2020 жылға дейінгі еліміздің білім беру жүйесін дамыту концепциясына сәйкес, Сәлима Сағиқызының басшылығымен тілдік және шет тілінде білім берудің нормативті-регламенттік жүйесі жасалды. Бұл ретте ғылыми еңбектерде Қазақстан Республикасының көпұлтты жағдайындағы азаматтарының үш тілді игеруінің интегра­цияланған әдістемелік және технологиялық моделін жа­сақ­таудың ғылыми-концептуалдық тұрғыда негіздеу мақсаты көзделген.

Бұл — біздің қарашаңырақта атқарылған жұмыстардың ширегі ғана. Бірақ қазіргі заман қол жеткізген табыстармен тоқмейілсіп қарап отыратын уақыт емес. Алда әлі талай асу бар. Ал біз өз кезегімізде уақыт көшінен қалмай, бар­лық биікті бағындыра беретінімізге сенеміз.

 

Д.РАЕВ,

   философия ғылымының докторы, профессор,

  Халықаралық қатынастар факультетінің деканы.