КОММУНАЛДЫҚ ҚЫЗМЕТ ПЕН ПОЛИЦИЯ АВТОПАРКТЕРІ ЖАҢА ТЕХНИКАМЕН ТОЛЫҚТЫ

5

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек кеше жұмыс сапары барысында  қала бюджетінің есебінен  коммуналдық қызмет пен  Ішкі істер департаменті  үшін    алынған  жаңа  арнайы техникаларды  қарап шықты.

Мегаполис басшысына қыс кезінде қала көше­лерін тазалайтын арнайы техникалар  көрсетілді. Олар: КАМАЗ шассиіндегі 14 аралас қызметті  тазалау автомашиналары,  үш көпсалалы, өтімділігі жоғары Unіmog тазалау машинасы, екі Snowbooster қар тазалау көлігі, конвейерлі-ваакумды  Dulevо  тазалау көлігі,  қар тазалайтын 16 Pony автомаши­насы, 20 шағын тракторлар  мен  шағын  тиегіштер.

— Қалада жаяу жүргіншілер үшін жақсы жағдайлар жасалуда, демек, қыста тротуарларды тазалауға ерекше мән беріледі. Қаланың тарихи орталығының үштен бірінің жаңаруына  орай арнайы техникалар – көпсалалы Pony машинасы,  шағын тиегіштер, жеңіл тракторлар алынды. Жұмысшылар төсеніштерге ақау келтірмейтін құралдарды пайдаланатын болады», — деді Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Әсет Масабаев.

Қалада тазаланатын жолдың жалпы көлемі  20 млн. м2. Қыста көше тазалаумен 15 мердігер ұйым, 1116 арнайы техника бірлігі айналысады. Жол тазалаумен  айналысатын жұмысшылар қатарын 1,2- ден 2,7 мың адамға дейін көбейту жоспарланған.

Бұлардан өзге, қала аудандарында өндірістік базалар құру арқылы көше тазалау  жылдамдығы 1,5 есеге артады. Жұмысшылар жиналатын орындарға   олардың киімдерін ауыстыруға, ыстық сусындар ішіп, жылынуына мүмкіндік беретін модульді контейнерлер қойылады.

3

Жұмыс сапары барысында шаһар басшысы полиция қызметіне арналған  жаңа автокөліктерді қарап шығып, ішкі  істер органдарының материал­дық-техникалық базасын жақсарту қылмыспен күреске және құқықтық тәртіпті күшейтуге оң ықпал ететінін  атап өтті.

ІІД-нің бастығы Серік Күдебаев көшелерге патруль жасау үшін газбен жүретін отандық 200-ден астам жеңіл автокөлік бірлігі алынғандығын ха­барлады. Бұлардан өзге, жеке құрамды тасымал­дайтын екі автобус пен бірнеше микроавтобустар, екі өрт автоцистернасы және 34 эвакуатор алынған. Оның үстіне 147 автомашина бейнетіркеу құрыл­ғыларымен  жабдықталған.

Айта кетерлігі, Алматыда өткен жылмен салыстырғанда биыл құқық қорғау органдарын материалдық-техникалық жабдықтауға қаржы екі  есе көп жұмсалған. Егер  2016 жылы 706 миллион теңгеге 118 жаңа қызметтік көлік алынса, биыл қала бюджеті есебінен түрлі модельдегі 280 көлік сатып алу үшін 3,5 млрд. теңге бөлінген.