ДҮНИЕГЕ МӘШҺҮР ДУЛАТ

Жазушы-драматург, ҚР Мемле­кеттік сый­лығының лауреаты Дулат Исабеков 75 жаста

%d0%b4%d1%83%d0%bb%d0%b0%d1%82-3

Сәкен СЫБАНБАЙ

Әр ойы – асыл тастай қадірлі

Әдебиеттің басты мұраты – адам жанын ізгілендіру, адамның жүрегін тазарту, оны рухани кемелдікке жетелеу дейміз. Бірақ оқырманның қандай да бір сезім нүктесін дәл баспай, көкейіндегі бұйығып жатқан қиялына қозғау салмай, ішкі жан-дүниесіне әсер етпей, ол мұратқа жету мүмкін емес. Осы ұлы мақсат жолында қазірге дейін қаншама қаламгер тер төкті, бүгін де талайы талмай еңбек етіп келеді. Солардың ішінде оқыған жанның ойына ой қоса алған, санасын сілкіп, көңіл пернесін нәзік шерте білген бірегей шеберлер ғана бүкілхалықтық ықыласқа бөленеді.

Қазақ оқырманының бірнеше буыны жазушы-драматург Дулат Исабековтің кітаптары арқылы тәрбиеленді. Оның шығармалары өмірдің өзінен сол күйі алына салғандай шынайылығымен, кейіпкерлерінің қарапайымдылығымен, тазалығымен, оқырманды селт еткізбей қоймайтын әсерлілігімен ерекшеленеді. Мәселен, «Қарғын» романы жарық көргелі қырық жылға жуықтады, одан бері бірнеше ұрпақ ауысты, сонда да қолдан-қолға өтіп, үзбей оқылып келеді. Кейіпкерлердің қарым-қатынастары да, іс-әрекет, болмыс-бітімі де психологиялық жағынан мінсіз мінезделген. Көлем көбейтіп, бекерге ілесіп жүрген керексіз сөз де жоқ, деталь да жоқ, орынсыз суреттеулер де, өз тілін өзі қызық­таған артық ділмарсу, ақылмансу да жоқ, жақсы шығарма үшін қажетті компо­ненттің бәрі орын-орнында, мөлшермен ғана пайдаланылған. 1980 жылдан бері заманның талай астаң-кестеңі шықты, адам да өзгерді, қоғам да құбылды, құнды­лықтар ауысып, ол кезде жақсы дегенімізді «жаман» деп сипаттайтын, бұрын жаман саналатын нәрсені «жақсыға» айналдырған уақыт келді. Бірақ көпшіліктің «Қарғынға» деген көзқарасы өзгерген жоқ. Тіпті, ол кезде дүниеге де келмеген жас буынның қызығушылығын оятып, бірнеше рет қайта басылып жатты. Көркемдік шеберліктің құдіреті деп осыны айтатын шығар.

Жалпы, Дулат ағамыздың шығармашы­лығына тән ортақ қасиет – осы шынайы­лық пен нақтылық. Әр туындысы – бәйгеге түсер жарау жүйріктей ширақ, әр ойы – ысқылаған сайын жарқырай түсер асыл тастай қадірлі, әр сөйлемі – кәнігі сәулетші қалаған кірпіштей жинақы да түзу. Сол себепті де, бұл кісінің кез-келген кітабын оқуға кібіртіктемей кірісіп кете аласыз: кей жазушылардың ұзақ сонар монологтармен, сала құлаш толғаныстармен беретін тұстарын Дүкең кейіпкердің бір ғана әрекетімен, жай ишарасымен немесе қысқаша диалогпен-ақ дәл жеткізе біледі.

Кейінгі уақытта кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиетіне күдікпен қарайтын, сол заманда жазылған дүниенің бәрін «солақай саясат­тың қолшоқпары» көріп, күресінге лақтыр­ғысы келіп тұратындар көбейді. Бірақ сол уақытта өмір сүріп, сол уақытта жазғаны­мен, туындыларынан ешқандай «кеңестік леп» сезілмейтін, шығармашы­лығына адал ақын-жазушылар да аз болмағанын солар ұғар ма екен. Сондай қаламгердің бірі – Дулат ағамыз. Ол кісінің «Социализм зәу­лі­мі» атты әңгімесі тіпті кеңес өкіметі құла­май жатып, оның «жаназасын шығарып» тастағандай еді. «Ертегі елінде» хикаятында да «қиялға берілген» боп отырып кеңес қоғамын «сабап» алатын тұстар жеткілікті.

Сондықтан да оқырман қауым «жебесі улы» Д.Исабековтің уытты да өткір сар­казмы­мен қалың күлкіге қарық қылған «Талахан-186», «Ескі үйдегі жаңа қоныс», «Бонапарттың үйленуі», «Ақырамаштан наурызға дейін», «Конфронтация» сияқты усойқы әңгімелерін айрықша жақсы кө­реді. Әсіресе, «Ескерткіштегі»: «Біздің жақ та қарап қалмай, обком хатшысы жау­ап сөз сөйлеп, белгісіз жұмысшыға қойылып отырған ескерткіш дүние жүзінде бірінші екенін, бұлай ету тек социалистік қоғамда ғана мүмкін бола алатынын, капиталистік мемлекетте олай болмайтынын, бұл секілді ескерткіштің басқа еш жерде емес, Жер шарының дәл өздері тұрған нүктесінде бой көтергеніне басы өзі боп қуанатынын және қарапайым жұмысшыға ескерткіштер қою мұнымен шектеліп қалғалы отырмағанын, белгісіз сиыршылар мен бұзаушыларға, жыл­қышылар мен қойшыларға, тауық­шылар мен шошқашыларға, т.т. толып жатқан құрметті мамандық иелеріне «кеу­деден жоғары бюсттер мен кеудеден төменгі жағы да қамтылған толыққанды бейнелер» жасауды жалғастыра беретінін айтқанда, ағылшындар жағы ду қол шапалақтап, аупартком жағы үнсіз қалды», – дейтін сөй­лемді классикалық сатира деуге болады. Жоғарыға жалған ақпар беріп (мұн­дай әдет қазір де бар ғой!), бітпеген ескерткіштің тұғырын тірі Әштенмен қал­қалап қана құтылғалы отырғанда облыс­тан келген өкілдің «ескерткішті» сөзбен болса да көбейтіп бастауы өтірікшілердің төбе­сінен мұздай су құйып жібергендей болғаны сөзсіз.

 

Сахнаға жол тартқан 27 пьеса

Оқырман жүрегіне жол тапқан жа­зушы оны тек күлдіріп қана қойған жоқ, жылатты да. «Сүйек­шідегі», «Тіршіліктегі», «Біз соғысты көрген жоқпыздағы», «Тыныштық күзетші­сіндегі» тағдырлар көзіңе жас ал­дырмай қоя ма… «Гауһартас» пен «Қара шаңырақ», «Шалдар» мен «Кемпірлер» қандай мөлдір, қандай шынайы! Аталарымыз бен әжеле­рімізді еске түсіретін, сағынды­ратын, елжірететін, қазыналы қарияларымыздың мейірімге толы жүздерін, аялы алақандарын аңсата­тын сезімге толы бұл шығарма­лардың ескіруі әсте мүмкін емес.

«Дермене» ше? Өмірде де қиянат пен әділетсіздік – Омаш сияқты ожар да әлді, өктем де безбүйрек қой. Ал әділдік пен мейірім – тура Тоқсанбай қарт пен оның немересіндей әлсіз де нәзік. Омаш титтей баланы сабағанда, оған қауқарсыз қауса­ған шалдың араша түсе алмай, қалбалақ­тайтыны қандай аянышты… Кейін ұйықтап жатқан баланың жаман түс көріп, «Көке!» деп дауыстап жіберетіні, сонда немересін титтейінен кемпірі екеуі ғана бағып-қағып келе жатқан қарттың: «Әкеге баланы, балаға әкені ыстық қып қойған құдіретіңе болайын, жаратқан! «Осы бала, осы бала» деп асты-үстіне түсіп, әке-шешесін жоқ­татпай-ақ, көңілі пәс болмасын деп отқа күйіп, суға батып біз жүреміз… «Көке!» дейді бұ күшік… «Көке» дейді…», – деп кемсеңдейтіні. «Сонда бәрі… бәрі бекер болғаны ма, бізді пана тұтпағаны ма бұ шіркіннің?» деп күйзелетіні – керемет әсерлі көрініс.

Жазушының драматургиядағы табыс­та­ры да жұртшылықтың көз алдында. Драма жанрының өзіне тән ерекшеліктерін сезініп, пьесаның дамуын, құрылымын, шарықтау шегін шеберлікпен түзе алатын, әр образға керекті сөз тауып, қызықты диалог өре білетін қаламгердің туындылары сондықтан да сахнадан түспей келеді. 27 пьеса жазған Д.Исабековтің бірде-бір шығармасы сахналанбай қалған жоқ!

– Мұның сыры – адамзатқа тән уайымды түгел қабылдай отырып, өз кейіп­керіңе ұлттық бояу сіңіру, оқиғаның бәрін жинақтай келе ұлттық бейне жасау, ұлттың трагедиясын, мұңын айту, мінезін көрсету дер едім, – деген болатын жазушы «Алматы ақшамына» берген сұхбатында. – Сонда ғана шығарма жұртқа керек болады. Мыса­лы, «Өкпек жолаушы» немесе сахналарда қойылып жүрген «Ескі үйдегі екі кездесу» драмасын неге ағылшындар қойды? Себебі, ортақ проблема бар. Драматургияға қыс­қалық, нақтылық қажет. Қазақ драматур­гиясында жалпылама сөз көп, бір шәй ішудің өзін 10-15 бетке дейін суреттеп оты­ра­тындар немесе сахнада тұрып алып ақыл айтатындар жетеді. Оны драматургия көтермейді. Өмірдің шындығын және ең керектісін айта білсең, барлық елге ортақ трагедияны, ортақ драманы көрсетсең ғана ол ағылшынға да, французға да, қазаққа да керек болады. Драматургия – асау, тағы жанр. Оны «көндіріп», игеріп, бас білгізу қиын. Оқиғаны құр баяндап беру – дра­матургия емес. Оқиғаны бірсыдырғы өрбіту көрерменді он минуттан кейін жалықтырып жібереді. Мінездегі ерекшелік, оқиғаның дамуындағы өзгешелік, морт сыну, өткір диалог, күтпеген оқиғалар құру… Қысқа­сы, көрерменді қызықтырып, жетелеп отыруға тырысқан жөн.

 

Телегей теңіз шығармашылық

Дулат ағамыздың пьесалары шет тілдеріне аударылып, бірнеше мем­ле­кетте қойылып келе жатуы да – автордың осы талаптардың үдесінен шыға білуінен болса керек. Бұл жа­зушы-драматург шығармала­рының бізді ғана емес, әлем көрермені мен оқырманын да толғантатынын дә­лел­дейді. Ұлыбритания астанасы Лондонда Дулат Исабеков шығар­машы­лығына арналған театр фести­ва­лінің өтуі – соның жарқын дәлелі. Фестивальге Қазақтың М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театры «Жаужүрек» спектак­лімен, республикалық мемлекеттік Кәріс музыкалық комедия театры «Актриса» спектаклімен қатысса, ағылшындар «Аққу-Жібек» атты жаңа қойылымын ұсынды.

«Гауһартас» және «Біз соғысты көрген жоқпыз» атты кітаптары ағылшын тілінде басылып, дүние жүзіне мәшһүр болған, Британ ұлттық кітапхана қорына кітабы енген алғашқы қазақ жазушысы атанған Д.Исабеков бұған аса қатты қуана алмағанын жасырмайды. «Неге біз осы уақытқа шейін әрекет жасамағанбыз? Абай қайда? Әуезов қайда? Басқа мықты жазушыларымыз қайда? Біз осыған мән бермеген екенбіз. Бізде жаман бір қағида бар: «жақсы нәрсе болса, өздері кеп тауып алады» деген. Ешкім де кеп тауып алмайды. Ағылшын баспасы кеп «Қазақта кім бар?» деп қазақ жазушысын іздеуші ме еді? Көрсету керек. Мемлекет тарапынан әрекет жасау керек», – дейді жазушы.

75 жылдығын Лондонда арнайы атап өткен, Лордтар палатасында сөз сөйлеген Шыңғыс Айтматов пен Орхан Памуктан кейінгі түркі дүниесінің үшінші жазушысы болған Дулат Исабеков – қазақ әдебие­тінің мақтанышына айналған тұлға. Оның әр­дайым өз ойын ашық айтатыны, қандай мәселеге байланысты болсын пікір білдіру­ден қашпайтыны – ақиқатқа ғана сүйене­тін шыншыл болмысынан. Қиянатты, әді­лет­сіздікті біле тұрып, қарап отыра алмай­тын азаматтық ұстанымынан. Қарапайым халықты, мемлекетті, ұлтты, тілді, қоғамды кері тартар кедергілерді көре тұрып, үнсіз қала алмайтын әділетсүйгіш қайраткерлік қасиетінен. Әйтпесе, сұхбатқа, сауална­маға, қоғамда болып жатқан оқиғаларға орай хабарлассаң, телефонын өшіріп, есігін тарс жауып алып, тырс етпей жата беретін ақын-жазушы да аз емес…

Дулат Исабеков – өте оқылымды жазу­шы. Бірде алыс өңірдегі бір досымыздың ауылына барғанымызда, тау бөктерінде қой бағып жүрген шопанның етігінің қоны­шы­нан «Тіршілік» шыға келгенде таң қал­ған­быз. Меніңше, Дүкең шығармашылығы – телегей теңіз сияқты: суда балықша жүзе алатындар сонау ортасына дейін құлаштай малтып, тереңіне сүңгіп, інжуін іліп шы­ғады, алысқа бара алмайтындар да еншісіз қалмайды, олар сол теңіздің жағалауға жақын жерлерінде шомылып жүріп-ақ оның жақсылығын ұғынып, шарапатын се­зіне алады. Ұлы жазушыларды оқырман­ның әрқилы топтары да бірдей ұғынып, жақсы көруі сондықтан болса керек.

75 жылдығын Лондонда арнайы атап өткен, Лордтар палатасында сөз сөйлеген Шыңғыс Айтматов пен Орхан Памуктан кейінгі түркі дүниесінің үшінші жазушысы болған Дулат Исабеков – қазақ әдебие­тінің мақтанышына айналған тұлға. Оның әр­дайым өз ойын ашық айтатыны, қандай мәселеге байланысты болсын пікір білдіру­ден қашпайтыны – ақиқатқа ғана сүйене­тін шыншыл болмысынан. Қиянатты, әді­лет­сіздікті біле тұрып, қарап отыра алмай­тын азаматтық ұстанымынан. Қарапайым халықты, мемлекетті, ұлтты, тілді, қоғамды кері тартар кедергілерді көре тұрып, үнсіз қала алмайтын әділетсүйгіш қайраткерлік қасиетінен.

%d0%b4%d1%83%d0%bb%d0%b0%d1%82

«Әдебиет деген – канондарды бұзу…»

Қазақтың көрнекті жазушысы Дулат Исабеков – қашанда өз пікірін бүкпейтін, ашық айтып, ашық жазатын кісі. Төменде оның әр кезеңдерде бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбаттарынан үкілі үзінділер ұсынылып отыр.

Кез келген тақырыпты ести сала жазу – кемшілік, оны пісіріп, кілтін та­ба білу керек. Менде де талай тақы­рып тұр. Соларды жазып, көрер­менді жылатуға да болады. Бірақ мәселе онда емес. Ең бастысы – оқи­ғаны екшей білу. Ал қазіргі көп пье­салар – драма емес, сахналық поэзия. Оны пьеса деп беру – қателік! Мұны драматургияға қарсы жасалып жатқан әрекет деп есептеймін.

 

Біз «капитализм келді, нарықтық экономика табалдырықты аттады, енді таза әдебиет қана шығып, «хал­тура» тоқтайтын болады» деп ойла­дық. Қазір таза әдебиет тасада қалды да, арзанқол дүние алға шығып кетті. Содан кейін біздің оқырман шатасып жатыр: «Осы бір кітапты оқиыншы» деп сатып алса, болмайтын бір дүние болып шығады. Ал жақсы кітаптар бар болғаны 2000 данамен тарайды. Ол кімге жетеді? Содан кейін «хал­туралар» жақсы кітаптардың алдын орап, жарнаманы да солар иеленіп жатады.

 

Бала кезімізде «қызық кітап» із­деуші едік қой. Қазір оқырманға сон­дай «қызық кітаптар» керек. Мәсе­лен, бір оқиғаны 10 адам бірдей көруі мүмкін, бірақ соның ішінде сол оқи­ғаны қызықтырып айта алатын бір адам болады. Жазушылық деген – шеберлік. Майын тамызып, қызықты етіп жеткізе білу, оқыған адам сол шын­дықтан бір ғибрат алатындай, кө­кейіндегі сұраққа жауап табатын­дай, бей-жай қалмайтындай жазу қажет. Оқырманның көкейіндегісін дөп басып тауып, ол «түу, бұрын мен мұны қалай байқамағанмын?» дейтін­дей болуы керек. «Мен де осылай жазып, айта алатын едім ғой» дегізсе, ол – шығарманың шыншылдығы, шы­найылығы. Ал соны өзің тыңнан жа­зып көрші. Бұл – екінің бірінің қолы­нан келе бермейтін дүние. Шыншыл әдебиет, суреткерлікпен жазылған шығарма өміршең болады. Қандай шындық болсын, егер шебердің қа­ла­мынан шықпаса, құнсыз, жансыз күйінде қалады.

 

Жазушылар одағына жеті жүз ақын-жазушы мүше дейді. Солардың көпшілігін мен танымаймын да. Оның ішінде менің құрдастарым да бар. Атын естімегем. Көбісі – зейнет­керлікке шығып барып, жазушы бол­ған ғой. Онда да жергілікті тақы­рыпты жазып. Тіпті, кейбірі өздерінің жерлестері туралы жазатын болды. Руының шежіресін зерттеп немесе кездейсоқ аудармалар жасап, жазу­шы болғандар да бар. Олар әде­биеттің домна пешінде қайнамаған, әлі руда күйінше қалып отыр. Жазушылардың көбейіп кеткендей көрінуі содан. Әйтпесе әлдебір оқиғаға байланысты жазушылардың тізімін жасайын десем, өз басым жиырма-отыздан асыра алмаймын.

 

«Гауһартас» хикаятының желісі­мен кино түсірілгенде қиналғаным сонша, «әй, енді киноға жоламас­пын» деп едім. Ол кезде фильм тү­сірудің сан-сапалақ қиындығы, адам­ның ойына келмейтін күлкілі кедер­гілері болатынын қайдан білейін. Бір ғана монтаждың машақатының өзі жас авторды әп-сәтте қартайтып жі­берерліктей. Одан басқа сценарная коллегия, Госкино, ЦК дегендер бар. Олардың әрқайсысының қырық түрлі пікір айтатын (енді… білгірлігін та­нытуы керек емес пе?) қырық «уәзірі» болады екен. Содан ал кеп талқылау, түзету, өзгерту басталды. Әуелі бас кейіпкер – Ыбыштың аты өзгертілді. Орысша айтқанда ыңғайсыздау бейә­деп сөзге ұқсап кетеді дегесін, оны «Тастан» деген есіммен алмас­тырдық. Сосын кейіпкердің мінез-құлық, болмысына түзету енгізілді. Ол кездегі шығармаларда бас қа­һарман үнемі қоғамдық жұмыстан қолы тимей жүретін белсенді кү­рескер болуға тиіс еді. Сондықтан да әлгі «уәзірлерге» Тастанның жеке қойшылығы ұнаған жоқ. Олар қайтсе де кеңестік коллективизмнің артық­шылығын көрсетуге тырысып, ақыры комплексная бригада деген бәлені сценарийге күштеп енгізді. Сөйтіп, әлгі… естеріңде шығар, киіз үйдің ішіндегі жиналыс көрінісі пайда болды. Режиссер, марқұм Шәріп Бейсембаевтың да оны түсіргісі кел­ген жоқ, бірақ оны енгізбесе, фильм мүлде түсірілмей қалар еді. Әлі күнге теледидардан тамашалап отырып, сол көрініс бастала бергенде темекі тартуға балконға шығып кетемін. Көргім келмейді…

 

Ешқандай жүлде алмаса да, түсірілуі мен техникалық жағынан кемшілігі болса да, қазақ үшін «Қыз Жібек» қымбат. Қазақ өз өмірін эк­раннан көрді. Бізге «Оскарды» бер­мейді, ешқайсысы дәметпей-ақ қой­сын. Қалған-құтқан бірдемелерді ұс­тата салатын шығар, бұлар соған мәз боп жүреді. Мылқау, тамдары құла­ғалы тұрған, көрген адамды өмірден түңілдіріп жіберетін, әбден тозып біткен, кружкамен арақ ішетін әйел­дер, базардағы будканың ішінде секс­пен айналысатын жігіттер – Құдай-ау, осындай ұлт бола ма? «Шынайы өмірді көрсетеміз» дейді де, біздің режиссерлер әбден құрып біткен жерлерді іздеп жүреді. Жарайды, жаманымызды жасырмай-ақ қояйық, бірақ бүтін қазақ ондай емес қой!

 

Тарихи фильмдерді көріп оты­рып, «бұ қазақтарда жаздық киім бол­маған ба?» деп ойлап қаласың. Менің «Тіршілік» хикаятым бойынша түсі­рілген Ұлжан Қолдауованың «Тауқы­мет» картинасын алыңыз. Жаз мез­гілі, алтыбақан тебіліп, ақсүйек ойналып жатыр. Кейіпкерлер болса басына құлақшын, үстіне күпі, аяғына саптама етік киіп жүреді. Өлді ғой сорлылар, биттеп-құрттап!

Қазір шындықты айтатын адам аз. Жағымпаздардың, үндеместердің бүтін бір буынын қалыптастырып жа­тырмыз. Жазушыларымыз да «мен емес, басқалар айтсын» деген ұста­ным­ға көшті. Егер бір мақала жазып, ащылау сөз айтсаң: «Сен айтпағанда кім айтады?» деп жорта көтер­ме­леген болады. «Өзің неге айтпай­сың?» десең, «Мені кім тыңдайды?» дейді. Олар өздерін солай үйретіп алған, өз үнін өздері өшіріп алған.

 

Бізде театрға баратын көрермен мәдениеті төмен. Дамыған елдерде театрға адам авторға, режиссерға, актерға бола барады. Бізге бәрібір, әйтеуір үйден шығып кетсек болды. Театрда отырып алып, телефонмен сөйлеседі, балалар жылап жатады, біреулер кешігіп келіп, енді біреулер ортасынан шығып кетіп жатады. Шеттен келгендер «Мына елге театр керек пе өзі?» деп қалатындай жағ­дай. Англиядан келген қонақтарды театрға апаруға қатты ұялдым.

 

Біздің театрларда талай пьесам қойылды. Шүкір! Бірақ бізде автор­мен санасу деген жоқ, тексті алады да, нағыз керек жерлерін қиып алып тастайды. Мүмкін, мен ол туындыны сол екі-үш сөз үшін жазған шығар­мын? Петерборда бір пьесам қойыл­ды, сонда режиссерлер «бір сөзді алып тастасақ қайтеді?», «мына сөзді былай өзгертсек деп едік…» деп күнде хабарласады. Мәдениет деген сондай болуы керек.

 

Оқу – рухани оттегі. Оқуды тоқтатқан адамның шығармашылық өнері де тоқырайды.

 

Қазір жұлқынып көзге түсіп жат­қан шығармалар аз. Техникалық жа­ғы жақсы, аздап ойы бар, сезім бар, бірақ дүрліктіретіндей пробле­ма, образ, таң-тамаша қалатындай оқыс оқиға, сюжет, характер жоқ. Әдебиет «ненормальный» болуы ке­рек, әде­биет деген – канондарды бұ­зу, бұ­рын­ғы сезімдерге басқаша көз­бен қа­рау. Мен студенттерге үйге тап­сырма беремін. Ескіше жазады. «Біз секілді жазбаңдар, мен түсін­бейтін бір­деме жазып әкеліңдерші. Біз бірінші курста ғашық болып, төртінші курста үйленетін едік. Қазір бірінші курста ғашық болып та, үйленіп те, ажырасып та үлгереді. Осының себебі неде? Осыны жазыңдаршы» деймін. Олар баяғы бізше жазады, ұзақ баяндау көп. Бұл – драматургия емес.

 

Мен кітапты екіге бөлемін. Бірі – бас­­падан жай ғана шығатын, екіншісі – дүниеге келетін кітаптар. Мысалы, мы­на үстел үстінде телефон анықта­ма­лығы мен Құран кітабы қатар жа­тыр. Анықтамалық – өркениет, Құран – мәдениет. Былай қарасаң, екеуі де – кітап. Біз қазір осы екеуін теңес­тіріп қойдық. Осыны саудаға салсаң, телефон анықтамалығы тез өтіп кетіп, Құран жатып қалуы мүмкін. Соған қарағанда Құран кітабы бәсекеге қабілетті емес-ау. Қазір «жазсаң, бә­секеге қабілетті, өтімді кітап жаз» дейтіндер шықты ғой. Біз қазір не құн­ды, не құнсыз – ажырата алмай­тын халге жеттік.