Дильяра ИМАНҚҰЛОВА, Алматы қалалық Халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары: ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК ЖАҢА СИПАТТА КӨРСЕТІЛЕДІ

%d1%84%d0%be%d1%82%d0%be-%d0%b8%d0%bc%d0%b0%d0%bd%d0%ba%d1%83%d0%bb%d0%be%d0%b2%d0%b0-19-10-17-%d0%b3

Жуырда Алматы қаласында арнайы іссапарда болған Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара  Дүйсенова  2018 жылдың бірінші қаңтарынан бастап  еліміздегі әлеуметтік көмек көрсету жүйесінің түбегейлі өзгеретіндігін жеткізген еді.  Соның бірі — әлеуметтік қолдауға мұқтаж әрбір отбасы үшін   күнкөріс көзі болып табылатын  әлеуметтік көмек түрі. Бұрын бұл көмек түрі үш аталым бойынша берілсе, Жаңа жылдан бастап сол үш жәрдемақы біріктіріліп Атаулы әлеу­меттік көмек түрінде берілетін болады. Ми­нистрдің айтуынша,  АӘК бұрынғы жәрдемақы­ларға қарағанда қомақты әрі  әлеуметтік кө­мекке мұқтаж отбасылары үшін тиімді болмақ. Біз осы жаңа сипаттағы әлеуметтік көмек түрінің анық-қанығын білу мақсатында Алматы қалалық Халықты жұмыспен қамту орталығы дирек­торының орынбасары Дильяра Бауыржанқызы  ИМАНҚҰЛОВАМЕН әңгімелескен едік.

– Дильяра  Бауыржанқызы, бізге мәлім болғандай, келер жылдан бас­тап әлеуметтік көмек көрсету жүйесі түбегейлі өзгеріп, ол жаңа  тәсілге кө­шірілетін болады. Осы жаңа жүйенің бұрынғы қолданыстағы жүйеден басты айырмашылығы  мен тиімділігі неде, сол жөнінде айтып берсеңіз?

–  Бұл жаңа форматтағы  әлеумет­тік көмек атаулы әлеуметтік көмек деп аталатын болады. Оның қазіргі қол­даныстағы әлеуметтік көмек түр­лерінен  ең басты айырмашылығы, ол — тұрмысы төмен, әлеуметтік қол­дауға мұқтаж  азаматтар мен отбасы­ларға көрсетілетін қолдаудың үш түрін бір пакетпен ұсыну болып табылады. Ал тиімділігіне тоқталсақ,  әлеуметтік  қол­дауға мұқтаж жандар­ға  бұрын­ғыдай әлеуметтік көмек тө­леп қана қоймай,  олардың  жұ­мысқа тұруына, кәсібі жоқ азамат­тар­ды мемлекет есебінен оқыту, жастар тәжірибесіне, әлеуметтік жұмыс орындарына қоғамдық жұмыстарға  орналасты­рып, олардың жеке кәсібін ашуына немесе бизнесін  нығайтуына  шағын несиелер берілетіндігінде.

–   Кешіріңіз, әлеуметтік көмекке мұқтаж жандардың арасында еңбекке жарамсыз мүмкіндігі шектеулі аза­маттар да бар  емес пе, олардың жұ­мыс істеуге мүмкіндігі жоқ болса қайтеді?

– Ондай азаматтардың жағдай­лары да жаңа форматта ескерілген. Қиын өмірлік жағдайларға тап бол­ғандарға  үкіметтік емес ұйымдар, әлеуметтік қызметкерлер және  мем­ле­кеттік медициналық-әлеуметтік ұйымдар тарапынан мемлекет тара­пынан кепілдік берілген арнаулы әлеуметтік көмек түрлері көрсетілетін болады.  Әлеуметтік көмектің жаңа  жо­басының ең басты  мақсаты – әлеу­меттік қолдауға мұқтаж жандар­ды  кедейшілік пен масылдық әре­кеттерден арылтып, еңбек етуге, сол еңбегі арқылы отбасын асырауға мүмкіндігі барына көздерін жеткізу.  Жасыратыны жоқ, қазір балалары үшін алатын жәрдемақыға арқа сүйеп алып, екі қолын қалтасына салып, жай­барақат жүрген азаматтар  аз емес.

– АӘК-тің тәсілдерімен  таныса отырып, оның шартты және шартсыз аталуы әлеуметтік көмек болып екіге бөлінетіндігін білдік. Енді осы мәселені  түсіндіре кетсеңіз?

– Жаңа форматтағы әлеуметтік көмек табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан төмен от­басыларға немесе азаматтарға  шарт­сыз  немесе шартты ақшалай көмек тү­рінде көрсетіледі. Шартсыз әлеумет­тік көмек құрамында еңбекке жа­рамсыз мүшелері бар отбасыларға, мәселен, қарт зейнеткерлер мен мүгедектер отбасына немесе еңбекке жарамды мүшелері еңбекпен қамту шараларына белгілі бір себептермен қатыса алмайтын азаматтарға беріл­еді. Мұндай аз қамтылған отбасы­лар­ға  атаулы әлеуметтік көмек қандай да бір шартсыз тоқсан сайын та­ғайындалатын болады. Ал шартты  ақшалай әлеуметтік көмек құра­мында еңбекке қабілетті мүшелері бар аз қамтылған отбасылары мен аза­маттарға ұсынылады. Көмектің атауының өзі-ақ айтып тұрғандай, мұнда қойылатын шарт – олар жұмыспен қамтудың шараларына міндетті түрде қатыстырылады. Ол үшін әлеуметтік қызмет ұсынушы мен қызмет алушылар арасында әлеуметтік келісім-шарт жасалады.

–   Ол келісім-шарттың   мерзімі бар шығар?

– Келісім-шарт алты айға жасала­ды, егер ол нәтижелі болып жатса, тағы алты айға созуға болады. Әлеуметтік шартқа қол қоя отырып тараптар, өзара міндеттер  қабылдайды.  Әлеу­меттік қызмет ұсынушы жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге және төлемдерді төлеуге, ал отбасының еңбекке қабі­летті  мүшелері – өз отбасын аз қам­тылған деген әлеуметтік топтан алып шығаруға бағытталған әлеуметтік бейімдеу мен әлеуметтік қызмет ұсыну­шы ұсынған жұмыспен қамтуға арналған шараларға қатысуға міндет­теліп, Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту  мемле­кеттік бағдарламасы бойынша  әлеу­меттік және қоғамдық жұмысқа орна­ластырылады,  кәсібі жоқтар  еңбек нарығындағы сұранысқа ие кәсіптер бойынша оқуға жіберіледі, жас ма­мандар жастар тәжірибесі бағдарлама­сымен қамтылады. Сондай-ақ, жеке кәсібін ашуға, болмаса кәсібін  ұлғай­ту  үшін шағын несие берілетін болады.

–  Ал егер де   әлеуметтік келісім-шарт­тағы міндеттер орындалмаған жағдайда қандай шаралар қолданы­лады?

– Аз қамтылған отбасының 18 жас­­­қа толған еңбекке жарамды мү­шелері әлеуметтік шарттағы өздеріне жүк­тел­ген міндеттерді орындамаған жағдайда жәрдемақы мөлшерін қыс­қарту тетігі қарастырылған. Бірінші рет  отбасы­ның еңбекке қабілетті мүше­лерінің атаулы әлеуметтік көмегі 50 пайызға, ал қайталанған жағдайда 100 пайызға қысқартылады.  Бұл ретте АӘК  кәмелет жасқа толмаған бала­ларға және бала күтімінде отырған аналарға толық төленетіндігін ескерте кеткім келеді.

–  Дильяра Бауыржанқызы, келер жылғы берілетін АӘК қазіргі төлем­дерден көптеу болады деп еді, халық­тың еңбегі мен әлеуметтік ахуалына жауапты сала басшысы, сондағы әлеу­меттік көмектің мөлшері қандай болмақ?

–  Өздеріңізге белгілі, жыл сайын ең төменгі күнкөріс деңгейін есептеу әдісі өзгеріп отыратындықтан, оның мөлшері де өзгеріп отырады.  Мысалы, биылғы жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 24 459 теңгені құраса, келер жылы ол 28 284 теңгеге өсуі мүмкін, одан соң атаулы әлеуметтік көмек алу үшін кедейлік шегінің мөлшері де есепке алынады. Қазір ол 40 пайызды құраса, келер жылы ол 50 пайызға ұлғайтылады. Биылғы кедейлік шегі  9784 теңгені құрады. 2018 жылы ол 14 142  теңгені құрайтын болады.

–   Кешіріңіз, сонда  АӘК мөлшері қалай есептелетін болады?

– Мысалы, тұрмысы төмен отбасы­ның құрамы 5 адам тұратын болса, оның біреуі жұмыс істейді және 24 459 теңге табыс табады, ал біреуі үш жасқа дейінгі бала күтімімен отыруына байланысты жұмыс істемейді және олардың кәмелетке толмаған үш баласы бар делік,  бүгінгі таңда мұндай отбасыларға төленетін атаулы  әлеу­меттік көмек мөлшері 17 313 теңгені, мемлекеттік балалар жәрдемақысы 7148 теңгені құрайды. Келер жылы отбасының  табыс деңгейі осы қалыпта сақталған жағдайда жаңа форматтағы атаулы көмектің мөлшері 30 мың теңгені құрап, әлеуметтік көмек мөлшері 20 пайызға артатын болады.

–  Жоғарыда сіз жаңа форматтағы әлеуметтік көмек қолданыстағы үш төлемнің біріктірілуі арқылы төленеді дедіңіз, ол қандай төлемдер еді?

– Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген отбасыларға қазіргі көрсетіліп отырған келесі үш әлеуметтік көмекті біріктіретін Бір­ыңғай жәрдемақы болып табылады. Ол:

– отбасының  жанбасына шақ­қан­дағы орташа табысы ең төменгі күн­көріс деңгейінің 40 пайызынан төмен болған жағдайда жанұяның әрқайсысына берілетін әлеуметтік көмек;

– отбасының жан басына шақ­қандағы орташа  табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60 пайызынан тө­мен болған жағдайда 18 жасқа дейінгі балаларға тағайындалатын балалар жәрдемақысы, оның мөлшері  биылғы жылы 1,05 АЕК немесе 2383 теңгені құрайды;

– кәмелеттік жасқа толмаған төрт  және одан да көп баласы бар отба­сыларға табысына қарамастан бері­летін арнайы мемлекеттік жәрдемақы.

Осылайша жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек аталған үш төлемнің орнына төленетін болады және оның мөлшері осы үш төлемнің жиынтық сомасынан артық болады.  Бұл  – әлеуметтік жағынан қолдауды қажет ететін адамдардың өмір сүру деңгейін жақсартатын, келешекте тұрмысы төмен отбасы мүшелерінің еңбек ету арқылы өзін-өзі әлеуметтік жағынан қамтамасыз етуге септігін тигізетін жоба болмақ.

– Солай болғанын біз де қалаймыз.  Әңгімеңізге рахмет!

Айта кетерлігі, 2018 жыл­дың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасында атаулы  әлеуметтік көмек  берудің жаңа форматы енгізілетін болады. Бұл көмек Бірыңғай жәрдемақы ретінде көпбалалы отбасыларға  (9278 адам), 18 жасқа дейінгі балаларға (2958 адам), атаулы әлеуметтік көмек (299 адам) алатындардың жәрдемақысымен бірге беріледі.  Мысалы, бір  реттік жәрдемақыны  6 ай ішінде алу мүмкіндігі, егер олар бұл қаржыны жеке істерін алуға жұмсаса, жаңа атаулы  әлеуметтік көмек мөлшері жоғары, жоғарыда аталған үш  төлемнен оның жиынтығы орташа 25 пайызға көп. 

Әңгімелескен – Нұржамал   БАЙСАҚАЛ.