БАҒА – ТІРШІЛІК БАҒАМЫ

ал оның қаламыздағы жағдайы қандай?

%d0%b1%d0%b0%d0%b3%d0%b0

Соңғы кезеңде қоғамды қатты алаңдатып отырған мәселенің бірі жанар және жағар май нарқына байланысты. Елдегі үш мұнай өңдеу зауытының екеуі бірдей күрделі жөндеуге қойылғалы Еуразиялық Одақ елдері ішінде жанармай құнының ең төмендігімен жақсы атаққа шығып тұрған Қазақстан Республикасындағы жағдай күрт өзгерді.

Алдымен бензин нарқы аспандап, оған ілесе әдеттегідей азық-түлік қымбаттағанын көз көріп отыр. «Бәрі де жанармай құнының көтерілуіне байланысты» дейді мұндайда әдетте қоғамдық пікір. Әрі оған келіспеске лаж да жоқ.

Жанармаймен қоса елдегі азық-түлік нарқы да аспандап шыға келді. Бұрын 100 теңгенің ар жақ-бер жағында болған картоп нарқының шарықтап тұрғаны тағы бар. Ет пен сүт өнімдерінің бағасы да осыған ұқсас.

Бірақ қазір баға реттелді. Ал азық-түлік нарқы ше?

 

Өмірзақ МҰҚАЙ

Ақпарат көздеріне қарағанда, азық-түлік қана емес, сондай-ақ тұрмыстық қызмет тарифтерінің өскені де байқалады. Атап айт­қанда, ЕҢ СОҢҒЫ ДЕРЕК БОЙЫН­ША 2016 ЖЫЛДЫҢ ТА­МЫЗ АЙЫНАН БЕРІ ТҰРҒЫН ҮЙ ҚЫЗМЕТІ, ЖЫЛУ МЕН СУ­МЕН ЖАБДЫҚТАУ, ЭЛЕКТР ҚУА­ТЫ, ГАЗ ЖӘНЕ ЖЫЛУ БЕ­РУ­ДІҢ БАСҚА ДА КӨЗДЕРІ­НІҢ ҚҰНЫ БАҚАНДАЙ 5 ПАЙЫЗҒА КӨТЕРІЛ­ГЕН.

Қала тұрғындары үшін тұрғын үйді ұстау шығынының маңызы ерекше. Бір жылдың ішінде тұр­ғын үйлерді ұстау нарқы 8,4 па­йыз­ға көтеріліпті. Яғни бір шаршы метрге шаққандағы баға 26,63 теңгеге дейін көтерілген.

Сондай-ақ, жыл басынан бері қо­қыс тазалау шығыны 4,8 па­йызға, яғни бір адамға шаққан­да 161,74 теңгеге қым­баттапты.

Оған қоса сумен жабдықтау және кәріз жүйесінің шығыны­ның да өскені байқа­лады. Әсіресе, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда суық су нарқы 10,5 пайызға, яғни бір текше метрге шаққанда 71,6 теңгеге қымбат­таған.

Суық судың нарқы осындай болып жатқанда, ТЭЦ-тер ар­қылы жылытылатын қаладағы ыс­тық судың жағдайы қандай  деген сауалдың туындауы да заңды. Жыл басынан бері ыстық судың бір текше метрінің құны 221,77 теңгеге, кәріз жүйесінің қыз­меті 46,83 теңгеге қымбат­тап, пайызға шаққанда сәйкесін­ше 3,5 және 9 пайыз болып отыр.

Биылғы қыстың болжамы да көңіл көншітпейді. Синоптиктер алдағы ит жылының біршама сал­қын болатынын болжап отыр. Соның әсері ме екен, орталық жы­лу жүйесінің қыз­меті был­тырғы жылмен салыс­тырғанда 3,5 пайызға өсіп, 1 ги­га­калория жылу­дың нарқы 3943,93 теңгеге, алыстан әкелініп бөлініс жүйе­леріне жібе­рілетін табиғи газдың нарқы 4,8, пайызға өсіп, сұйы­тылған газдың нарқы 4,3 теңгеге жеткен.

Оған қоса электр қуатының қымбат­тағаны да аңғарылады. Әсіресе, ол электр плиталарын қолданатын тұтынушыларға бай­ланысты. Техникалық ережеге сәйкес электр плиталарын пайда­лану үш деңгейге бөлініп есеп­телінеді.

Сол есеппен сәйкестендіргенде 100 килоВат/сағат қуаттың нарқы бірінші деңгейде 1130 теңге, ал екінші деңгейдегісі 1498 теңге болғаны аңғарылады. Бұл жер­дегі өсім өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда, тиісін­ше 9,7 және 2,7, үшінші деңгей­дегісі 1,2 пайызға жетті.

Қазіргі таңда әлем бойынша энерге­тикалық дағдарыстың шеті шығып қалды. Соған байланысты күні кеше Астанада өткен ЭКСПО-да баламалы қуат көз­дері шараның басты тақырыбына айналды.

Жалпы, электр қуаты нарқы­ның электр плиталарын пайда­лануда ғана емес, жалпы тұтыну­да да өскені аңғарылады. Ереже­ге сәйкес ол да үш деңгей бойын­ша өлшенетінін айта кетуге тиістіміз.

 

Соған сәйкес тұрғындардың электр  тогын тұтынудағы шығы­ны алдағы уақытта бірінші деңгейде – 100 килоВат/сағатқа 1157, екінші деңгейде – 1508, үшінші деңгейде –1859 теңге болмақ. Бұл жолы жылдық өсім сәйкесінше – 5,3 және 2,7, сон­дай-ақ 1,3 пайыз болатынға ұқсай­ды.

 

Әзірге қызмет түрлерінің та­рифтер тізімі толықтай нақты­лан­бағанын айта кетуге тиістіміз. Нақты есеп алдағы уақытта бел­гілі болмақ. Жоғарыда келтіріл­ген деректер бүгінгі күнге дейінгі белгілісі ғана.

Жыл сайын желтоқсан айында соның алдындағы жылғы тұр­мыстық қызметтердің, су, электр қуаты, газ және басқа да қуат түрлерінің бағасы мен тарифінің өсімі шығарылатыны белгілі. ӨТКЕН ЖЫЛЫ СОНЫҢ АЛ­ДЫН­ДАҒЫ 2015 ЖЫЛҒЫ ӨСІМ­ДІ МАМАНДАР 11,2 ПАЙЫЗ ДЕП БЕЛГІЛЕГЕН. Оның ішінде газдың тарифы 8,8, электр қуаты 5,9, тұрғын үйлерді ұстау құны 4,8 пайызға қымбаттаған.

Әсіресе, қымбатшылық тен­ден­­циясы жылыту жүйесіне бай­ла­нысты болды. Өткен жылғы жылу құны бақандай 20 пайызға, салқын су 16,2, ыстық су 14,7 пайызға қымбаттаған.

 

***

Алдымен қымбатшылықтан халықтық аз қамтылған бөлігі, зейнеткерлер зардап шегеді. Соған байланысты үкімет тиісті шаралар қабылдап отыр.

 

Атап айтқанда, қыркүйектің бірінен бері Қазақстандағы ор­та­ша зейнетақы мөлшері база­лық төлемді қосып есептегенде 66051 теңгені құрады. Ал жалпы зейнет­ақы алатындардың мөл­шері бүгінде 2104,2 мың адам.

Тамыз айына дейін төленген базалық зейнетақы мөлшері 223,1 миллиард теңгеге жеткен. Сон­дай-ақ, әлеуметтік жәрдем­ақы алатын адамдардың саны бүгінгі таңда – 669,6 мың адам.

 

Өздеріңіз көріп отырғандай, халықтың аз қамтылған бөлігінің сатып алу мүмкіндігі бүгінгі баға саясатына толық сәйкесе бер­мейді. Рас, үкімет тіршілік мини­мумын белгілеп қойған. Оның қазіргі мөлшері 24500 теңге. Азық-түлік себеті 43 тамақ түрі­нен тұрады. Ол да 12 жылдан бері өзгермеген.

Қазіргі таңда халық арасындағы бір алаң екінші нан аталатын картоптың қымбаттауы. Қазақстан сияқты халқы аз аграрлы мемлекет жағдайында өзге-өзге картоптың жетіспеуі мүлдем қисынға келмеуі айтпаса да белгілі. Сөйтсек, биылғы картоптың біраз мөлшері көтерме саудамен шет елдерге, оның ішінде, әсіресе, Өзбекстанға көбірек кетіп қалғанға ұқсайды.  Кейбіреулер алдағы уақытта өзбектердің сол көтерме бағамен алған картобын қайтадан өзімізге қымбат бағаға сатады дегенге сайып отыр. Бұл да ойланарлық жағдай.

Алматыға келсек, басшылық азық-түлік нарқын тұрақтан­дыру­­дың тәсілін тапқанға ұқсай­ды. Ол үшін билік үлкен көтерме сауда қоймаларын ашпақ. Қала­дағы барлық базар­лар мен дүкен­дер азық-түлікті содан алуға тиіс.

Бұл жерде көтерме сауданың механизмі іске қосылатыны айт­паса да түсінікті. Ал Алма­тыда соңғы алты жылда көтерме сауда көлемі үш есе өскен. Әрі азық-түліктің сексен пайызы шағын көтерме сауда жолымен тараты­латын көрінеді.

Сондай-ақ, азық-түлік өндіру­шілер мен сауда ісінің арасында да айырма бары байқалып отыр. Мәселен, өткен жылдың қазан айын­да оңтүстік аймақтарда қы­рыққабаттың бір килосы ара дел­далдарға 14 теңгеден сатылса, ол қарапайым халықтың қолы­на 71 теңге көлемінде тиген.

Соның салдарынан бағаның көтерілуінің пайдасын өндіруші емес, ара делдалдардың көріп отырғаны байқалады. Қазіргі Алматыдағы, жалпы республика­дағы баға нарқының көтерілуінің бір себебі де осында.

Дегенмен, былтырғыдай емес, биліктің бұл алаяқтықтың алдын алуға деген ниеті айқын бай­қа­лып отыр. Соған қарағанда, таяу­дағы болашақта мегаполистегі, сондай-ақ тұтас республикадағы азық-түлік бағасы реттелуге тиіс деген үміт бар.