Бауыржан БАЙБЕК: ЕЛІМІЗДЕГІ ӘРБІР ҮШІНШІ СТУДЕНТ АЛМАТЫДА ОҚИДЫ

_0008_almaty

Астанадағы Орталық комму­никациялар қызметі алаңында Алматы қаласының әкімі Бауыр­жан Байбектің қатысуымен  бас­пасөз мәслихаты өтті. Шаһар басшысы  журналистерге берген сұхбатында мегаполистің биылғы негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне тоқталып,  алда­ғы уақытта жүзеге асыры­латын кешенді жоспары туралы баяндап берді.

 

«Алматыбасжоспар» ғылыми-зерттеу институты құрылды

Тәуелсіздік жылдары Елбасының басшылығы арқасында еліміз орасан зор  табыстарға қол жеткізді. Дегенмен, бәсекеге қабілетті мемлекеттер қатарынан көрінгіміз келсе, экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (бұдан әрі – ЭЫДҰ) талаптарына сай реформаларды жүзеге асыруға тиіспіз.  Бұл, ең алдымен, өмір сүрудің жоғары деңгейі мен жаңа әрі тиімді экономиканы қалыптастыруды қажет етеді. Ал әкімдер үшін маңызды міндет – өмір сүру стандарттарының сапасын жақсарту, – деп бастады сөзін қала әкімі Бауыржан Байбек. Осы ретте шамамен осыдан екі жыл бұрын қаланы одан әрі дамыту мен алматылықтардың жайлы өмір сүруі үшін және Алматының Даму бағдарламасының жобасын жасауға американдық консалтингтік McKіnsey & Company компаниясының сарапшылары мен мамандары тартылған еді. Сол кезде халықаралық «McKіnsey»  сарапшыларының қатысуымен «Алматы – 2020» бағдарламалық реформасы қабылданды. Бұл жоба қазіргі кезде ойдағыдай жүзеге асырылуда.

Жалпы, кездесуде қала әкімі Бауыржан Байбек биыл барлық әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша шаһарда оң өзгерістер қалыптасқанын тілге тиек етті. Мәселен, 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында экономиканың өсу қарқыны 4 пайызға жеткен екен. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда екі есе жоғары. Негізі капитал инвестициясы 12,8 пайызға өсіп, 400,5 млрд. теңгені құрады. Мұнда жеке инвестиция көлемі 80 пайызға тең. Ал сыртқы инвестициялар 23,5 пайызға артқан екен.

Елбасының бастамасымен қолға алынған мемлекеттік бағдарламалар экономиканың өсуіне зор ықпал еткен. Соның арқасында тұрғын үй құрылысы төрт есе өсіпті. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 1,8 мың пәтер салынып, биыл 4,5 мың пәтер пайдалануға берілген екен. Ал қолжетімді  баспана көлемі 1,5 есеге  артқан. Жеке құрылыс  саласында да жетістіктер аз емес. Екі жылдың ішінде Қалақұрылысы кеңесі  жалпы құны 1 трлн. теңге болатын 82 жобаны бекіткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда қаланы абаттандыруға 2,3 есе, жол салуға 1,3 есе, инженерлік желілерге 1,3 есе көп қаржы бөлінді. Нақты іс-шаралардың арқасында қосымша 43 мың жаңа жұмыс орны ашылыпты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,7 есеге көп.

Бүгінгі күні қалада кәсіпкерліктің 173 мыңнан астам субъектісі жұмыс істейді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,7 пайызға көп. Индустрияландыру картасы бойынша жалпы құны 36,8 млрд. теңге болатын 38 жоба жүзеге асуда. Соның арқасында үш мың жұмыс орны құрылды. Индустриалды аймақта құны 191,3 млрд. теңге болатын 40 жоба  қолға алынып, жаңадан 5 мың жұмыс орны ашылды. Мемлекет басшысы биылғы қыркүйек айында Алматыны дамыту жөнінде өткен кеңесте  тұрғындар санының өсуіне байланысты қаланың бас жоспарына жауап беретін институтты құру туралы мәселе көтерген болатын. Осы ретте  Алматының бекітілген бас жоспарын егжей-тегжейлі қарайтын арнайы жаңа ұйым құрылды. «Алматыбасжоспар» деп аталатын ғылыми-зерттеу институты қала маңындағы аймақтарды дамыту, жалпыға ортақ құрылыс ережелерін жүзеге асыру шараларымен айналысады. Атап өтерлігі, мұндай институт алып шаһарда осыдан бірнеше жыл бұрын жұмыс істеген екен. Кейіннен қызметін тоқтатқан.

– Біздің бағдарламаның басты  міндеті –  қалада жайлы орта қалыптастыру. Биыл жүйелі жаңғырту жұмыстарын қолға алдық. Бүгінде батыстық стандарт бойынша қаланың тарихи орталығының үштен бірі қайта жасалып, жаңғыртылды. Бұдан өзге, Райымбек, Достық, Абай даңғылдары мен Есентай өзенінің бойы, яғни тарихи орталықтың тағы да 178 гектар жері  қайта жөндеуден өтеді. Бұл жұмыстар қалаға бірыңғай архитектуралық келбет беру үшін жүргізілуде. Біз жаяу жүргіншілер үшін сапалы инфрақұрылым жасап қана қоймай, заңсыз құрылыстар мен визуалды  көріністерді алып тастамақпыз. Шынтуай­тында, «келеңсіз экономикамен» күрес жүріп жатыр, – деді  мегаполис басшысы.

%d0%b0%d0%bb%d0%bc%d0%b0%d1%82%d1%8b-2

«Алматы – қоршаусыз қала»

Биыл қалада 1,3 мың заңсыз дүңгіршектер, ескі үлгідегі жарнамалық билбордтар алынып тасталды. Бүгінгі күні ірі сауда  орындары мен базарларда 40 мыңнан астам адам  ашық жұмыс істеуде. Екі жылдың ішінде қайта жаңғыру жұмыстарына жеке қаржы есебінен 200 млрд. теңге салынды. Халықаралық та­лаптарға жауап беретін 16 ірі сауда кешендері ашылды. Мегаполистегі бекеттер жайма­базардан тазарды. Сондай-ақ, 1810 көлік бекетінің 40 пайызы жаңарып, жыл аяғына дейін олардың қатары 70 пайызға жететін болады.

Алматының соңғы жылдары ерекше қарқынмен дамып келе жатқандығы туралы көп айтылып та, жазылып та жүр.  Бүгінде қаланың бұрынғы сәулетін сақтай отырып, барынша тартымды әрі көрікті мекенге айналдыру үшін көптеген жобалар қолға алынып жатыр.  Сондай игі жобалардың бірі –  «Алматы – қоршаусыз қала» бағдар­ламасы. Бұл – шаһардағы  ескі дуал мен қоршауларды сүруге бағытталған. «Қоршаусыз қала»  бағдарламасы аясында 100 шақы­рымдық қоршаулар алынып тасталды. Олардың орнына жасыл желектер отырғызылуда. Бұл бағдарлама көптің қолдауына ие болды. Мысалы, ғимарат иелері 3 мың  ағаш отырғызса, бау-бақ орталығы 100 мыңға жуық бұтақтар сатты.

Биыл 28 шақырымға жететін арық жүйелері жөндеуден өтті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есеге көп. Келер жылы 30 шақырым болатын арық жүйелері жаңартылмақ. Қалада соңғы  екі жылда 732 аула алаңы  абаттандырылды. Бұл дегеніміз — шаһардағы әрбір бесінші аула жандан­дырылды деген сөз. Бұл жұмыс одан әрі жалғасын табады. Бұдан өзге, «Менің ауламдағы спорт» әлеуметтік бағ­дарламасы аясында 6 мың бала 75 аулалық спорт алаңында шынығуға мүмкіндік алды. Жас жеткіншектерді кәсіби  нұсқаушылар жаттықтыруда. Сонымен қатар, биыл қала бойынша 199 лифт жөнделіп, 151 үй жаңарды. Жаз айларында энергиялық тиімді материалдардан 774 шақы­рым желі қайта жасалды. Нәтижесінде апат пен үзіліс 22 пайызға, жылу жоғалту 7,4 пайызға азайды.

«Smart Cіty» бағдарламасының  жеті  базалық жобасы белгіленді. Олардың қатарында мемлекеттік қызмет, қауіпсіздік, көлік, білім, денсаулық сақтау, электронды ПИК, Bіg Data бар.

Алматыда  тұңғыш рет «Open Almaty» атты қоғамдық қабылдау орталығы ашылды. Мұнда қала тұрғындары мен Алматыда тіркеуі жоқ азаматтар атқарушы органдардың жұмысына қатысты мәселелері мен арыз-шағымдарын бір жерден шешуге мүмкіндік алды. Мұндай қоғамдық қабылдау орталығы еліміз бойынша алғаш рет ашылып отыр.

 

Бізге әлі 42 балабақша керек

Бұдан өзге, қала аумағында қауіпсіздік, білім, денсаулық сақтау мәселелеріне де айрықша назар аударылуда. Осылайша шаһардағы жолдарға, аулаларға, мектептер мен сауда орталықтарына  100 мыңнан астам бейнекамера орнатылды. Соңғы  екі  жылда ІІД-нің техникалық жарақ­тануы 23 пайызға артып, 87 пайызға жетті. Жергілікті бюджеттен ІІД-не 19 млрд. теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 40,6 пайызға көп.

Жергілікті полиция қызметкерлерін бейнетіркеуіш камералармен, байланыс құралдарымен, планшеттермен қамтамасыз ету үшін 1 млрд. теңге бөлінді. Жалпы, қалада тәртіпбұзушылық 8,6 пайызға азайды.  Ауыр қылмыстарды ашу 9 пайызға артты. Төтенше жағдайлардың алдын алу үшін жергілікті бюджеттен 10 млрд.теңге бөлінді. Алматы қаласының маңайында 36 моренді көлдің (құмкөл) ішіндегі  ең қауіпті 9 моренді көлдер бұғатталды. Медеу — Шым­бұлақ жолдарының шатқалдары, ГЭС-1 Үлкен Алматы өзенінің жағалаулары ретке келтіріліп, жөнделді. Жалпы, ұзынды 11,6 шақырым болатын үш өзеннің жағалаулары қайта жасалды. 2015 жылы Қарғалы өзені селінің зар­даптары жойылып, өзен арнасы заманауи тұрғыда жаң­ғыртылды. Денсаулық сақтау  саласында оң динамика қалып­тасты. Алматылықтардың өмір сүру ұзақтығы 75,9 жасқа жетті. Бұл – еліміздегі ең үздік көрсеткіш. Биыл денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 9,2 пайызға артты. Балалар өлімі 2,5 есе азайды.  Туберкулез сырқатына шалдық­қандарды  амбулаториялық емдеу  2 есе өсті. Осы сырқаттан қайтыс болғандар қатары 36 пайызға төмендеді. Жаңадан тоғыз нысанның құрылысы жүруде. Жақында бесеуі  пайдалануға беріледі. Сегіз нысанда сейсмикалық күшейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2,5 млрд. теңгенің медициналық жабдықтары сатып алынды. Жедел жәрдем паркі 25 пайызға жаңарды. 40 шақты жаңа заманауи көлік алынды. Екі көпсалалы стационарлар базасы негізінде тікұшақ қонатын  алаңдар жасалды.

Жеке медицина ұйымдарының тұрғындарға қызмет көрсету үлесі артты. Жеке инвестиция есебінен репродуктивті Медицина институты ашылды. Бүгінде арнайы экономикалық аймақ қағидасы бойынша қалада үздік емханалардың халықаралық кластерін құру мәселесі қарастырылуда.

Қаладағы мектептердің физика, химия, биология, лингофон кабинеттері заманауи құралдармен  100 пайыз жабдықталды. Мектептердің барлығы кеңжолақты ғаламтормен толық қамтылған. Алматыда алғаш рет «Maker Space» бағдарламалардың шеберлік идеясы, робототехника, 3D принтинг жобасы қолға алынды. Екі жыл ішінде мектептерде жаңа 5,1 мың орын ашылды. Қазіргі кезде  екі мектептің және қосалқы екі нысанның құрылысы жүріп жатыр.

Жыл сайын мектеп жасына дейінгі балалар саны 12 мыңға артуда. Бұл дегеніміз — әлі 42 балабақша қажет деген сөз. Осы ретте жеке бизнесті ынталан­дырудың арқасында екі жылдың ішінде коттедждерде 10,4 мың орынды 262 мектеп жасына дейінгі балалар мекемесі ашылды. Мектеп жасына дейінгі  мемлекеттік балалар мекемелерін оңтайландыру барысында  тағы да қосымша 1200 орын пайда болды.  Соның арқасында бүгінгі күні    мектеп жасына дейінгі тәрбиемен балалардың 81,2 пайызы қамтылған. Бұл ЭЫДҰ елдері (84%) деңгейімен бірдей. Соңғы  екі жылда  Қалақұрылысы кеңесінде жеке инвесторлар есебінен 7 мың орынды  54 балабақша салу мәселесі қарастырылды. Соның арқасында 14 млрд. теңге бюджет қаржысы үнемделді. Биыл тұңғыш рет бір мезетте 21 мектеп пен  мектеп жасына дейінгі 7 мекеме нысаны  сейсмикалық жағынан күшейтілді.

%d0%b0%d0%bb%d0%bc%d0%b0%d1%82%d1%8b-3

Екі жылда 59 мың түп ағаш отырғызылды

Өйткені, жайлы  қаланың басты көрсет­кіші – таза экология. Бүгінгі күні  жеке сектордың 96 пайызы газға көшірілді. Жоспарға сәйкес 2019  жылдың  аяғына дейін қала толық газ­дандырылады. Елбасының тапсырмасы бойынша ТЭЦ-2 газға көші­ріледі. ТЭЦ-1-ді жаңғыртудың ЖСҚ жа­салуда. Келер жылы жалпы қуаты 550 мың тонна тұрмыс қалдықтарын өңдейтін және 60 мың тонна шикізат шығаратын арнайы  кешенді  іске қосу жоспарланған. Екі жылдың ішінде 59 мың ағаш отырғызылды. Жыл соңына дейін тағы 15,6 мың ағаш отырғызу жоспарланған.  «Алматы апортын» қайта жаңғырту үшін 32 гектар жерге 5,9 мың алма  ағаштары отырғызылды.

Энергияны жаңарту жобалары — кәріз жүйелеріне биогаз қондырғыларын, Кіші Алматы өзені арнасындағы кіші гидро­электростансасына тиімді жабдық орнату қолға алынды. Алып қаланың басты экологиялық проблемасы, бұл – көшелерде жүретін көліктердің тым көптігінен болып отыр. Сондықтан көлік кептелісін ретке келтіру арқылы экологияны да жақсартуға болады. Алып шаһардың көшелерімен күнде 700 мыңнан аса жуық автокөлік жүйткиді екен. Бұл қаланың экологиялық ахуалына айтарлықтай кері әсерін тигізетіні сөзсіз. Өйткені, көліктен келетін залал 80 пайыз­ды құрайды. Сондықтан болашақта қоғамдық көлікті реформалау ісі жалғасын табады.

Метроның екі бекетінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Келер жылы  МЖӘ қағидасы бойынша (Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалар – авт.)  жеңіл рельсті көлік құрылысын қолға  алу жоспарланған. Қазір  қаланың қоғамдық көлік паркі 1,4 мың бірлікті құрайды. Олардың  60 пайызы газбен жүретін автобустар мен троллейбустар. Биыл жыл соңына дейін қала автопаркі 530 жаңа автобуспен толығады. Олардың  211-і әр түрлі бағыттар бойынша жолға шықты. Екі жыл ішінде «ОҢАЙ» жүйесі бойынша 20 млрд. теңгеге 350 млн. транзакцияланды. Тасымалдаушылардың негізі  табысы екі есе өсті. Болашақта «FalconEuroBus» компаниясымен бірге электроавтобус шығаратын зауыт салынады.

 

Веломәдениет қалыптасып келеді

Қалада «Орбита» ықшамауданынан  Көкбазарға дейін ұзындығы 21 шақырымға жететін велодәліз салынды. Жалпы, қала аумағында 68 шақырым веложолдар жасалды. «Almaty Bіke» велостансаларының саны 200-ден 1730-ға артты. Кіші көлік айналымы, БАКАД бағыты бойынша үш радиалды жолдар салынды. Үкіметтің қолдауы  арқасында Абай даңғылы қала шекарасына дейін созылды. 30 шақы­рым болатын жаңа жолдар, жол айрықтары, магистралды көшелер жасалды. Ұзындығы 180 шақырымдық жол орташа жөндеуден өтті. Бұл бұрнағы жылдармен салыстырғанда,  екі есе көп. Қала ау­мағында 7  көпір жаңарып, 5 өтпелі жол салынды. Ақылы көлік тұрақтарын енгізу барысында бюджет түсімі  5 есеге көбейді.

Алматы қаласы еліміздің мәдени, қаржы, білім орталығы екендігі барша жұртқа бұрыннан белгілі. Сонымен қатар, Алматының  ерекше табиғаты, қолайлы климаты, ыңғайлы көлік және қызмет көрсету инфрақұрылымы туризмді дамытуға арналған. Қазірдің өзінде Алматыда табыстың төрттен бірі шетелдік туристерден түседі. Жоспарлы іс-шаралардың арқасында жарты жылдың ішінде  қалаға келген шетелдік туристердің саны 22 пайызға өсті. Жалпы, экономикалық, инвестициялық, туристік орталық болып табылатын Алматы қаласы үшін әуежай гаванының маңызы зор. Бұл ретте әуежай­дағы қызмет сапасын жақсарту мәселелері жолға қойылды. Бүгінде   әуежайдағы VІP терминал, транзитті аймақ, ұшу залы кеңейтіліп, ұшу алаңын жаңарту жұмыстары аяқталуға жақын қалды. Бұдан өзге жыл сайын мегаполисте халықаралық классикалық, джаз, этнофестивальдер өтеді. Алдағы уақытта тау шаңғысы туризмін дамыту мықтап қолға алынбақ.

Сарапшылардың пікірі бұқараның ескертпелері барысында «Көкжайлау» жобасына түзетулер енгізілді. Құрылыс алаңын 9 есе, шаңғы трассасын 2 есе, курорттың өткізу қабілетін 3 есе қысқарту арқылы ағаштар мен бұтақтарды кесу түбірінен өзгерді. Флора мен фауна шатқалдарына да еш зиян келмейді. «Шымбұлақтың» өз қуатынан асқанын ескерсек, «Көкжайлау» тұрғындар үшін жыл бойына қолжетімді болады.

 

Жастарға жатақхана салынады

Шаһарда «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға айрықша назар аударылған. Бүгінде құны 87 млрд. теңгеден астам болатын 125 жоба  жүзеге аспақ. Басты назар — бизнесті қайырымды­лыққа тарту қолға алынды. Бұл орайда «Туған жер» жобасы аясында бизнес өкілдерінің күшімен әлеуметтік нысандар салынуда. Жеке қаржы есебінен  Наурызбай ауданында 500 адамды қамтитын емхана, 1,2 мың орынды мектеп салынды. Алатау ауданында жеңіл­атлетті стадион іске қосылды. Болашақта халықаралық деңгейдегі баққа айналатын Алматының Ботаникалық бағын жаңғырту жобасы қолға алынды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша киелі жерлер тізімі жасалды. Бұл тізімге қала бойынша 22 нысан енді. Соның ішіндегі 5 нысан Қазақстанның киелі  жерлер картасына енгізілді.

Бүгінде қала тұрғындарының басым бөлігін 35 жасқа дейінгі жастар құрайды. Яғни еліміздің  әрбір үшінші студенті Алматыда оқиды екен. Сондықтан 2020 жылға дейінгі жастардың қалалық Жол картасы жасалды.  Сырттан келген жастарды іскерлікке, ерік­ті болуға және басқа да кәсіптерге баулитын Лофт-орталық ашыл­ды. Қазірдің өзінде 7,8 мың адам жұмысқа тұрғызылып, 2,5 мың адамға тегін кәсіби білім берілуде. Бұдан өзге мегаполисте  «Алматы жастары» атты жастардың тұрғын үй бағдарламасы қолға алынды. Мұнда 35 жасқа дейінгі жастар жеке пәтер алу үшін жеңілдетілген заем ала  алады.  Алдағы уақытта «Алматы» ҰК ӘКК» АҚ жастар үшін жатақхана салатын болады. Биыл «Рухани жаңғыру»  жобасы аясында 2000 орынды 4  жатақхана салынбақ. Келер жылы тағы  2,4 мың орынды екі жатақхананың құрылысы басталады.

Қалаға қосылған елді-мекендерді дамыту жұмыстары қарқынды жүруде. Екі жылдың ішінде Алатау және Наурызбай аудандарында әкімшілік-іскерлік орталықтар қалыптасты. Универсиаданың арқасында кезекте тұрғандар 1,7 мың адамға Атлеттер ауылынан пәтерлер берілді. Жалпы, 9 жылдың ішінде  Алатау ауданын дамы­туға 300 млрд. теңгеден астам қаржы жұмсалды. Соның 42 пайызы салық ретінде қайтарылды. Наурызбай ауданы құрылғалы бері 53 млрд. теңге жұмсалды. Қазірдің өзінде бұл қаржының төрттен бірі қайтарылды. Ауданның салық түсімі 11 есеге өсті.  Ауданда әкімдік, АІІД, салық, әділет, сот, прокуратура, ХҚКО, Қазпошта, зейнетақы төлеу  ғимараттары пайдалануға берілді.

Дайындаған – Мәншүк БЕКБОСЫН.