БАБАЛАРЫМЫЗДАН АРТЫҚ АЙТҚАН ЕШКІМ ЖОҚ

20170606100915

Қоғамымыздың ертеңгі болашағы – бүгінгі жас ұрпақ. Әр халық өзінің тарихын жалғас­тыратын жас ұрпағын адалдыққа, еңбексүй­гіштікке, шыншылдыққа үндеп отырған. Тәрбие жүйесінде, жеке адамның жақсы қасиеттерін қалыптастыруда қоғамның алатын орны ерекше. Қоғам жеке отбасынан тұрады. Қазақ отбасы үш буыннан құралады: ата-әже, әке-шеше, бала. Халқымыз көшпелі тұрмысты басынан кешсе де, бала тәрбиесін назардан тыс қалдырмаған. Атадан қалған ұлағатты сөздер, мақал-мәтелдер, ырым-тыйым сөздер арқылы жас ұрпағын ойшылдыққа, әдептілікке, батылдыққа баулыған. Қазіргі кезде осы асыл мұра халқымыздың өмірінде жалғасын тауып келе ме? Рас, бүгінгі өмір сүріп отырған ортамызда ұлттық тәрбиенің негізі түгілі өзінің ата-тегін білмейтін әке-шеше, аға-іні, апа-сіңлілердің аз еместігін жасыра алмаймыз. Ұрпаққа ата мұрасын жалғастыру – қоғамның, аға буынның азаматтық борышы.

Елбасымыз Н.Назарбаевтың биылғы жыл­дың 12 сәуіріндегі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған мәсе­лелерді осы ұлттық тәрбиеміздің ең өзекті мә­се­лелері деп қарағанымыз жөн. Себебі, Елба­сымыз рухани жаңғыру кемел келешектің кілті екенін дәлелдеп берді. Ал келешектің иесі жас­тар екені сөзсіз. Сол себептен де жастар тәр­биесі қашан да назардан тыс қалып көрген емес.

Ал бала бойына дарыған көп қасиеттердің бастауы жанұяда қалыптасады. Сол жанұяда, яғни отбасы-ошақ қасында қалыптасуға тиісті дүниетанымдардың жоқтығы  күнделікті атқарып жүрген оқу-тәрбие жұмысымыздың барысында біліне бастайды. Баланың негізгі тәрбиешісі – өзінің туып-өскен ортасы, ата-анасы. Баланың дұрыс азамат болып өсуі немесе қате жолға түсуі көбінесе үлкендерге байланысты. Халық дәстүріндегі: «Баланы – жастан …» деген сөздің мазмұны да өте терең. Себебі, есейіп кеткен соң баланың теріс мінезін, қалыптасқан қате көзқарасын өзгерту өте қиын. Кейбір ата-ана өз балаларын өздері жамандайды.

Жаман бала қайдан пайда болады? Әсілі, жаман бала деген болмайды. Жаман бала деген ұғымды да қалыптастырып алған үлкендер – өзіміз. Осындайда «Ерім дейтін елі болмаса, елім дейтін ерді қайдан табарсың» деген ұлтымыздың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлы атамыздың қанатты сөзі қашан  да жадымызда жүруі керек.

Тәрбие тек сөзбен немесе айтқанын істету арқылы емес, жанұя мүшелерінің өзара сыйластығы, тума-туысқан, көрші-қолаңмен тү­сіністікте болу, сөйлеу мәнері арқылы қа­лыптасады. Бала – жанұя тәрбиесінің айнасы. Жанұяда әр адамның өз орнын білу, дастар­хан басында отыру мәдениеті «Әке тұрып ұл, шеше тұрып қыз сөйлегеннен без» мақалына лайықты тәрбие.

Кейбір ата-ана бала тәрбиесінің деңгейін сабақ өлшемімен өлшейді. Өте жақсы оқып, өзімшіл, қатыгез, қайырымсыз болса не деуге болады? «Оқу мен тәрбие егіз» деп осы тұрғыда айтылған болса керек. Қазақ халқы ежелден ата сыйлаған, ана сыйлаған халық. Әке – шаңырақ иесі, жанұяның басы дейміз. Бала тәрбиесінде «Әке көрген – оқ жонар, шеше көрген – тон пішер» деп бекер айтылмаған. Ана – шаңырақ жылуы, әке – отбасының тірегі. Әр балаға тәрбиенің ең күштісі – әкенің өнегесі. Әкесі үлгі аларлықтай өнегелі, еңбек­сүйгіш адам болса, баласы да сондай болуға талпынады. «Әкеден ұл туса игі, әке жолын қуса игі» деп халқымыз тегін айтпаған. Қанша айтқанмен ер балаға әке тәрбиесінің орны бөлек. Әкенің жүріс-тұрысына еліктеп, істеген жұмысына араласып, әкесіндей азамат болуды армандайды. Кез-келген кішкентай баладан «Сенің әкең қандай, анаң қандай?» деп сұ­расаң, «Менің әкем, менің анам бәрінен жақ­сы»  деп жауап береді.  Бұл жас баланың берер жауабы. Ал осындай өзінің анасы мен әкесіне жан теңгермейтін балалардың кей­біреу­лері есейіп, жасөспірім қатарына қосыл­ғанда, ата-анасын сыйламайтын, тілін алмай­тын балаға айналады. Осының мәнісі неде? Мұның себебін ата-аналар өз бойынан іздеуі керек.  Ұлы педагог Сухомлинский: «Отбасы – барлығының басы, жан-жақты дамуының негізі болатын тәрбие институты. Отбасындағы ата-ана мен баланың қарым-қатынас нәти­жесінде, адамгершілік, эстетика­лық, дене тәрбиесінің алғашқы үлгісі қалып­тасады. Ал әке мен шеше, ата мен әже, ана мен ағалар баланың алғашқы тәрбиешілері», — деп жазды.

Ендеше, Елбасымыздың «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» мақаласы да мәңгілік мәнін жоймайтын ұлттық тәрбиеміздің тал­­бе­сігі бастау бұлағы болуға тиіс. Өткендерімізді ескеруді өскендіктің белгісі деп қабылдап, сан ғасырлар бойы халқымыздың санасында сақталып келе жатқан салт-дәстүрлеріміз бен тамыры терең тарихымызды танып-біліп, ұлттық рухымызды жағыртып отырсақ, ұрпақ тәрбиесінде еш ұтылмаймыз. Отбасы – қоғам­ның алғашқы ұясы болған­дықтан, оны нығай­ту, тәрбиелік мәнін арттыру сол қоғамның басты назарында болуы керек. «Жақсы өнеге көрсе бала бүгінде, еңбегімен қуантады тү­бінде» немесе «Ертең өзің қалмау үшін табаға, жақсы өнеге көрсете біл балаға» деген Жүсіп Баласағұн бабамыздың аталы да баталы сөзін бағдар етіп ұстансақ, бала тәрбиесінде барша­мыздың жоғары жетістік­терге жететінімізге ешкімнің күмәні жоқ.

Алма ҚАПАСОВА, 

№1 Алматы мемлекеттік                                                                                                                                гуманитарлық педагогтік колледжінің                                    

арнайы пәндер оқытушысы.