«АУЫЛҒА ЖАЗҒАН АРЗУЛАР»

????????????????????????????????????

Қазақ поэзиясы әуелден әуен-әуезі, бояу-нақышы, өрім-өрнегі, ағым-арнасы сан алуан ақындармен та­нымал. Өлең өлкесінде өзіндік үнімен белгілі сон­дай ақындардың бірі – Болат Шарахымбай болса, ол бізше – Ақбөкен.

Болат сонау жап-жас шағында-ақ:

Сенделемін, сенделемін,

 сенделем,

Тамырымды талдап жатыр

сорлы өлең.

Жол беріңдер, Қазығұртқа,

 киеге,

Жол беріңдер, арзу ақын

Мен келем.

 

Қорықпайтұғын періден де,

 жыннан да,

Менен асқан есерсоқ жоқ бұл

 маңда.

Басқалардың ақындарын

не қылсын,

Мен сияқты Ұлы ақыны

 тұрғанда,–

деп, бар дүниені дүр сілкіндіріп, бұзып-жарып, ел-жұртты еріксіз елең еткізіп Ұлы мәртебелі өлең өлкесіне еркін басып кіргені әлі есімде.

Болат сол биігінен әлі түскен жоқ. Кітаптан кітап туындатып, өлеңнен өлең жаратып жатыр. Міне, бүгін қолымызға тиіп отырған «Ауылға жазған арзулар» атты жыр жинағы осы айтқа­нымыздың дәлелі.

Кітапты бір деммен оқып шықтық. Аңғарғанымыз – Болат сол баяғы Болат, ақын сол баяғы шабытында екен. Шарахымбай­ша шамырқанып, Ақбөкенше азапқа түсу – оның ақындық стихиясы. Сонымен бірге, ол ізденімпаз, талғампаз.

Қазір өлең оқылмайды дейміз. Бос сөз, өлең оқылады. Оқыл­ғанда қандай! Рас, өлеңқұмар оқырмандар біршама азайды. Себебі, әрқилы. Осы әр алуан себептердің соңынан қуып, оның салдарын жайып салу біздің бүгінгі міндетімізге жатпайды. Ол әңгіме өзінше бір тақырып, арнайы тоқталуға зәру.  Деген­мен, өлеңқұмарлардың күрт азайып кетуі, өлең оқылмайтын­дықты білдірмесе керек-ті. Әйтсе де, өлеңқұмарлардың аз болса да арамызда жүргені, біздің көз майын тауысып жазған кітап­тарымызды оқитыны көңілге демеу. Шүкіршілік!

Ақын және ауыл. Қайткенде де бұл екеуін бөліп қарастыруға болмайды деп ойлаймын. Өйткені, ауыл мен ақын егіз ұғым. Ауыл­дың ақынсыз болмайтыны сияқ­ты, ақынсыз ауылды да көзге елес­тету қиын. Бұлар үнемі бірін-бірі толықтырып, бірін-бірі жете­леп отыратын біртекті ұғымдар. Кез келген ақын өз шығарма­шы­лығында туған ауылын жырламай, немесе туған жеріне мұңын шақ­пай, сырласпай тұра алмайды. Бұл ретте Болат ақынның қара жамбас Қазығұрт пен темірқазық Алтын Қақпасын сондай бір зор махаббат, үлкен сүйіспеншілік­пен жырға қосуы содан болса керек. Тыңдаңыз:

Айнала айғыр арқырағандай,

Аңқып тұр желдің аңқылдақ

 иісі.

Сыр бермес тізем

 қалтырағандай,

Жел-жеңешем-ау, ақырын

 сүйші!..

 

Мойнымды созсам Қазығұрт

 таудай,

Көлеңкең көшіп мүлгиді көкте.

Боталап тұрған боз

 бұлттардай,

Жаңбыр ма, жас па, сырғиды

 бетте.

 

Бұл — «Ауылға келгенде» атты өлеңінен үзінді. Ақынның туған жері мен аңқылдақ ауылын риясыз сүйетіндігінің көрінісі.

«Ауылға жазған арзулар» – бұл сағыныш кітабы. Сағыныш­тың көне түркі тіліндегі бала­масы – арзу. Ақбөкен ақын өзінің жаңа кітабына әлгіндей тақырып қоюында көпшілік біле бермейтін осындай сыр бар. Ал сағыныш әркімде әрқалай кейіпте болуы мүмкін. Біреу сүйген жарын, біреу әке-шешесін, енді біреу туған ауылын сағынады. Оны әркім өз жүрек көзінен өткізеді, өз көңіл толқындарында тербетеді, өз сезім нақышымен өрнек салады. Ұлы мәртебелі өлең осылай келеді өмірге. Өзіміздің Ақбөкеннің де жаңа жыр жинағы өмірге осылай келген.

Ақиқатты ақын айтпаса, кім айтады? Шындықты шайыр жырламаса, кім жырлайды? Мен білетін Ақбөкен ақынның мұңы да, сыры да тереңде. Тереңде болмаса, «Қаңқылына қаздардың құлақ түрем, Өз-өзімнен сонан соң жылап-күлем. Жұдырықтай жұп-жұмыр жердің үсті, Жүрегі бар адамға сынақ білем…», демес еді.

«Ақынға қара сөзден өлең оңай» демекші, қашан да ой азаттығы, рух еркіндігі жоғал­масын, өлеңге деген құштарлық сарқылмасын. Осы екеуі бар жерде ақын өзінің шабыты мен шабысынан жаңылмайды. Ал  бұл жаңа жыр жинағы Болат Шара­хымбайдың ақындық бол­мысын, шығармашылық келбетін жаңа бір қырынан танытып, өлеңқұмар қауымға тың әсер, зор қуаныш сыйлары анық.

 

 И.ХАН.