«Алматыда тұратын адам «Алматы ақшамына» жазылуы керек деп ойлаймын»

Бір үзік ой

 aksha2

Қали СӘРСЕНБАЙ

Газетіміздің тұрақты оқырманы, Қазақ КСР-нің халық ағарту ісінің үздігі Рузада Нұрабаева редакцияға жолдаған хатын осылай деп атапты.

Осы сөзді оқыдым да, ойланып қалдым. Міндетті демейді, жазылуы керек деп ойлаймын дейді. Неге олай деп ойлайды? Өзімізше топ­шылап көрейікші.

Несін жасырайық, жақсы сөз айтқанды кім жек көрсін. Осы сөзге жүрегіміз жылып, көңіліміз кәдімгідей қуанып қалды. Мына сөзден кейін алматылықтардың бәрі «Алматы ақшамына» бас салып жазылатындай көрінеді. Неге?

Біріншіден, Рузада апай мұғалім. Бәріміз де мұғалімнің, ұстаздың алдын көрдік. Мұғалімнің айтқаны­ның бәріне сенетінбіз, айтқанын екі етпейтінбіз. Әлі де сол сенімдеміз. Өзім де мұғалімнің отбасынан шыққан соң ба, бұл сөзге деген сенімім одан сайын арта түсті.

Екіншіден, бізге мәдениетті де, әдепті де үйреткен (отбасы тәрбиесін былай қойғанда) ұстаз. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген сөз содан қалған. Демек, бұл кісіге бұл сөзді айтқызып отырған ішкі мәдениет. Ішкі мәдениеті, ішкі  пассионарлық қуаты күшті адамның басқаға (яғни оқырманға) деген сенімі де күшті болады. Жүсіпбек Аймауытовта «мәдениет дегеніміз – өз ұлтыңды өліп-өшіп сүю» деген сөз бар. Демек, мәдениетті адам – оқитын адам. Ал ондай адам өз құндылықтарына бей-жай қарай алмайды. Көпті көрген, көп жасаған, тәжірибесі мол ұстаздың ұлт мәдениетінің бүгінгі, ертеңгі деңгейін ұлт басылы­мымен байланыстыруын да біз сездік.

Айтпағымыз, ұстаздың сөзі бізге сенім ұялатып, осы сөзді айқайлап, алақайлап айтып, үлкен әріптермен жазғымыз келді.

«АЛМАТЫДА ТҰРАТЫН АДАМ

«АЛМАТЫ АҚШАМЫНА» ЖАЗЫЛУЫ КЕРЕК ДЕП ОЙЛАЙМЫН».

Сенімімізді одан сайын күшейткеніңізге рахмет,  апай!

aksham

АЛМАТЫДА  ТҰРАТЫН АДАМ

«АЛМАТЫ АҚШАМЫНА» ЖАЗЫЛУЫ КЕРЕК ДЕП ОЙЛАЙМЫН

«Алматы ақшамы» газетінің тұрақты оқырманы ретінде алматылықтарға қаламыздың тыныс-тіршілігінен ұдайы хабардар болып отырғыңыз келсе «Алматы ақшамына» жазылудан кеш қалмаңыздар деп кеңес берер едім. Алматыда тұратын адам «Алматы ақшамына» жазылуы керек деп ойлаймын. Газетті іздеп әуре болмайсыз, почта қызметкерлері үйіңізге әкеліп береді. Меніңше, мен сияқты қарт адамдарға өте ыңғайлы.

Ал «Ақшам» қала тіршілігінен  күнде­лік­ті толық хабарлар беріп отырады. Қай көшелерде  жөндеу жұмыстары (асфальт төсеу, су құбырларын тарту, тротуар жолдарын салу, велосипед жолдары, т.т.) болып жатқанын, қай көшелер жабы­латынын алдын-ала жазып жария етеді.

Нөмір сайын «Керек дерек» айдарында қаншама нәрселерді біліп қаласың. Пәтерді қалай алу керек, қандай құжаттар жинау керек екенін жазып, жастарға уақыт үнемдеуге көмек жасайды. Сол сияқты, медицинадағы, спорттағы жаңалықтарды оқи аласыз. Тәуелсіздігімізге дейін өмір сүріп, қызмет істеген тұлғалар туралы, кеңес заманында көп айтыла бермейтін сондай адамдар туралы «Тұлғатану» айдары бойынша тарихи тұлғалар, елімізге еңбегі сіңген қоғам қайраткерлері туралы көп­теген деректерді біле аласыз. Теледидарды көріп отыру үшін телебағдар­ламасын да іздеп жүрмейсіз. Әр апта сайынғы бағдарлама апта сайын басылып тұрады. Қысқаша айтқанда, бұл газет өмір­дің бар саласын қамтып, жазып тұрады. Сон­дықтан сүйікті газетіңізге жазылуға кеш қалмаңыздар!

Рузада НҰРАБАЕВА,

еңбек ардагері, тыл еңбеккері,

Қазақ ССР-ның «Халық ағарту саласының үздігі.

 

Шипажайлар шипа болсын!

Ұтсаңыз да, ұтпасаңыз да ұтылмайсыз!

Құрметті оқырман!

2018 жылға баспасөзге жазылу жүріп жатыр.

«Алматы ақшамы» газетіне бір жылға жазылуды ұмытпаңыздар!

Жылдағыдай дәстүрге айналған ұтыс ойындарымыз бар.

Бұл жолы «Қазақстан», «Аққайың», «Жаңақорған» шипажайларына сегіз жолдама тігіліп отыр. Газеттің бағалы сыйлықтары да жоқ емес. (Ол үшін бір жылға жазылғаныңызды анықтайтын түбіртекті редакция мекен-жайына (Шевченко көшесі, 106 «а», Масаншы көшесінің қиылысы) салып жіберсеңіз жетіп жатыр.

Ұтсаңыз да, ұтпасаңыз да ұтылмай­сыз!

 

98-маршрут қалпына келтірілсе…

Сіздер бізге жаңалықты уақтылы жеткізетін хабаршы, жаршысысыздар!

Мен бұл  газетті жас кезімнен жаз­ды­рып алып, жалықпай оқып, күнделікті өмірдің жаңалығын біліп отырамын. Рахмет сіз­дердің еңбектеріңізге!

Менің айтайын деп отырғаным: «Тау­гүл-3» ықшамауданында тұрамын. Осы ықшам ау­данға №98 автобус жүруші еді, 2 жыл­ға айналды, бұл маршрут жоқ. Осы маңайдағы аналар, үлкен кісілер Орталық мешітке, базарға сол автобуспен жүруші едік, немерелерімізді де түрлі секцияға балаларымыздың қолы тимегенде апарып келуші едік. Қазір қиын болды. Соған Сіз­дер арқылы  сәлем жолдасақ – демалыс­та­ғы (зейнеткер) апалардың сөзін қабыл алып, бізге көмектеріңіз тисе екен деп Сіз­дерден сұраймыз. №98 автобус бұрынғы өз  жолдарымен (маршрутымен) жүрсе, қуаны­шымызда шек болмас еді.

Зейнеткер апалар:

Баян НҮСІПБЕКОВА,

Керімбала БОЛАТОВА,

Күләш КЕРІМТАЕВА,

тағы бір топ апаларымыздың атынан.

 

НЕМЕРЕМ ФАТИМА ДА ОҚЫП ЖАТЫР

Мен биыл да сүйікті газетім «Алматы ақшамына» жазылдым. Мен бұл газетті өзім ғана оқып қоймай,  немерем Фатимаға оқытып, оның газет-журнал, кітап оқуға деген құштар­лығын оятамын.

Фатима 9 жаста, 4-сыныпта. «Мөл­дір бұлақ», «Балдырған» журнал­дарын  да оқиды.

Газет бетінде жарияланған «Тұл­ғатану», «Оқи отырыңыз» және Қали Қошқар­ұлы­ның өнер адамдарының өміріне арналған эссе материалдары өте ұнайды. Саяси тақырыпқа қалам тербейтін Амангелді Әшірбек, Мәскеудегі Аягүл Мантай, жаза берсем «Ақшамның» тілшілері жетерлік қой. Барлық журналистерге мықты денсаулық тілеп, қалам­дарыңыз мұқал­масын дегім келеді.

Құрметпен, зейнеткер,

Мархаба ҚАЛИАСҚАРҚЫЗЫ,

немересі Фатима.

 

«Менің жанрым – күнделік»

қашан жарияланады?

Оқырмандарымыз «Алматы ақ­ша­мына» өздерін толғандырған түр­лі сауалдарын айтып, ұсыныс, пікір көзқарастарын білдіріп, дамыл­сыз ха­барласып жатады. Естеріңізде бол­са, осыдан біраз уақыт бұрын «Ал­ма­­ты ақшамында» келесі жылы қан­дай тақырыптарда тартымды да тағы­лымды материал­дар жарияла­на­­тынын атап өткен едік. Ендігі жер­де көзіқарақты оқырмандарды сол тақырыптардың қашан, қай уақытта жарияланатыны қызық­тыра­ды екен.

Осыған орай Асанәлі Әшімұлының «Менің жанрым – күнделік» атты үшінші кітабының қашан беріле бастайтынына қызығушылық білдір­гендер қатары көбейіп келеді. Осыған орай айтарымыз мынау:

Қазақстанның Еңбек Ері, Халық артисі, даңқты өнерпаздың бұл кітабы 2010–2016 жылдар аралығын қам­ти­ды. Бұған дейінгі екі кітабына 1985–2010 жылдар кезеңі арқау болған. Бұл кітапта да қызықты деректер мен дәйектер, оқиғалар, тартымды, тағы­лымды әңгімелер, тапқыр, ұтқыр сөздер баршылық. Демек, оқырманын бей-жай қалдыр­майтынына сеніміміз мол. Жаңа жылға дейін, бәлкім, оған жетпей жариялана бастауы мүмкін. Қазір Асағаң оншақты қалың дәптерін сүзгіден өткізіп, сұрыптап, жазуға дайындық жасап жатыр.

 

ТАҚЫРЫПТАРЫҢЫЗ ТАРТЫМДЫ, ТАҒЫЛЫМДЫ

Сәлеметсіздер ме! Мен Сіздердің газеттеріңізді  асыға, сағына күтемін. Сіздер газетке өте жақсы  тақырыпта  жазасыздар. Мысалы, Алматының 1000 жылдығы (менім­ше, мың жылдан да көп), Қазақ хандығы, Алаш партиясы, ақын-жазу­шылар туралы, бізге бей­мәлім ақындар, жазушылар, т.б.

Әшірбек Сығай «суретші бояуына сенеді, әнші дауысына сенеді», — депті ғой. Сол сияқты, біз газет-журналда жазылған жаңалықтарға сенеміз. Зейнеткерлікке шыққан соң, ізденіп оқитынымыз кітап, газет-журнал.

Мен «Алматы ақшамын» екінші жыл аламын. Одан бұрын Казпоштадан алушы едім, енді үйге әкеліп береді.

Арқаның сары аязына кәрі сүйе­гімізді жылытатын шипажай­ларыңыздан  да үміттіміз. Оның  несін жасырамын.

Мәрия КАКИМОВА,

зейнеткер, ұстаз.

Астана.

 

Қасиетті

қара шал

 

Қатпарланған қара шал,

Текті қазақ баласы ол.

Ғасырлардан жалғасқан,

Шежіренің данасы ол.

 

Саналы жан қара шал,

Салт-дәстүрдің киесі ол.

Бағалы жан қара шал,

Бақытты елдің иесі ол.

 

Қара шалдың қадірін,

Ұлғайған соң білерсің.

Сыйлап үлгі алмасаң,

Сағың сынып жүрерсің.

 

Өсер елдің баласы,

Қара шалдан үлгі алар.

Ұлағатын ұқсаңдар,

Маңдайыңа нұр жанар.

 

Әке көрген азбайды,

Шеше көрген тозбайды.

Қара шалды тыңдасақ,

Қазақтан  басқа

ел озбайды!

 

Дүйсенғали ҚАЛДЫБАЙТЕГІ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Доманск соғыс ардагері.