«ӘДЕБИЕТПЕН КЕЛЕТІН БАҚЫТТЫ МЕН ЕШТЕҢЕГЕ ТЕҢГЕРМЕЙМІН»

%d0%b2%d0%b0%d1%80%d0%b3%d0%b0%d1%81

Биылғы жылы «Шет ел әдебиеті» номинациясы бойынша «Ясная Поляна» сыйлығы Нобель сыйлығының лауреаты Марио Варгас Льосаға «Скромный герой» романы үшін берілді. Осы орайда жазушының әдебиетке деген сүйіспеншілік, шығармашылық бостандығы, президент сайлаулары және Л.Толстой туралы ой-толғаныстарын ықшамдап жариялап отырмыз.

«Ясная Поляна» сыйлығы бір жағынан Лев Толстой атындағы сыйлық десе де болады. Марио Варгастың 2010 жылы Нобель сыйлығын алар алдында Ресейге, «Ясная Полянаға» жолы түседі. Бұл сапардың ол үшін неге маңызды болғанын, Толстой оған қай қасиетімен жақын екенін сұраған тілшіге ол былай деп жауап береді.

– Бұл — менің ең сүйікті авторларым­ның бірі. Ол менің роман жөніндегі түсінігімді кеңейтті және қатты әсері болды. Мен 1960 жылы тұңғыш рет «Соғыс және бейбітшілік» романын француз тілінде (Толстойдың өзі де кейде французша жазған ғой), кейінірек бірнеше мәрте испан тілінде де оқыдым. Мен бұл тек Серван­тестің «Дон Кихоты­мен» ғана салыстыра алатын ХІХ ғасыр­дағы ұлы роман деп есептеймін. Әрине, «Анна Каренина» да ғажап дүние, алайда, «Соғыс және бейбітшілікті» нағыз ро­манның үлгісі деп қарауға болады. Адамзат осы тәрізді қаншама сүбелі дүниелермен табысты. Мәселен, Бальзак­тың, Гюгоның, Фольк­нердің туындыларын атауға болады. Міне, менің Ресейге барғанда ең алдымен «Ясная Полянаға» табан тіреуімнің де сыры осында. Бұл сапар маған ерекше әсер сыйлады. Жазушының кабинеті, жазу үстелі, т.б.

 

– Сіз, тіпті, кейде жазушылықты сұрапыл секске теңейсіз. «Алайда, адамның күш-қуаты жыл өткен сайын төмендей береді ғой. Қазіргі шығармашылық қуа­тыңыз қалай?» — деген сауалға да жазушы ұтымды жауап тапты.

 

– Менің түсінігімде нағыз жазушы өзін сүйіктісіне керемет махаббат сезімін білдіріп хат жазып отырғандай сезінуі керек. Махаббаттағы қатынастар адамнан ерекше күшті сезімді талап еткенімен, жылдар өте келе бұл қасиеттер де солғын тарта бастайды. Ал әдебиетте басқаша. Үрейдің өзі сені жетістіктерге жетелейді. Алайда, әдебиетпен келетін бақытты мен ештеңеге теңгермеймін.

 

– Сіздің романдарыңызда үрей, зорлық, соғыс сұмдығы, өмірдің өз бояуы буырқанып жатады. Ал қазір әдебиетте өлшеулі тақырып жоқ. Не болса сол тақырып болатын болды – деген сауалға ол былай жауап берді.

 

– Тіпті, Фолькнер мен Флобердің романындай күңгірт болса да ол оқырманды бей-жай қалдырмайды. Себебі, жақсы кітаптың әсері ешқашан жойылмайды. Мен өзімді пессимист санамаймын. Алайда, мені сынаушылар менің кітаптарымнан өмірдің келеңсіз, күңгірт жақтарын көріп жатады. Шығармашылыққа түбегейлі берілген жазушы өзін қадағалай алмайды. Өмірдің пессимистік, оптимистік жағы ма, оған бәрібір. Ол өзін көрсетеді, өмірдің қайғылы, ауыр сәттерін өзінің ойлау, қиялдау мүмкіндігі арқылы көрсетеді.

Жазушы өз еліндегі жағдайды тек сөзбен емес, іспен де өзгертуге ұмтылыс жасады. 1990 жылы Варгас Льоса Перу президенттігіне үміткер болып тіркеледі. Алғашқы турда көш бастады, ал екінші турда болашақ диктатор Альберто Фухи­мари өтті. Ал көп ұзамай оның елден қашып кеткені белгілі. Ендігі жердегі сұрақ та шығармашылық пен саясат төңірегінде өрбіді.

– Жазушы, суретшінің болсын қо­ғамдық өмірге араласуы міндетті. Себебі, демократияның өзі соған үндейді, амалсыз алып келеді. Ал енді саясатпен айналысып, оған басыңды тігу әдебиеттің ауырлығынан бірде-бір кем емес. Ендігі жерде мен сайлауға түспеймін. Өйткені, билік мені ешқашан қызықтырған емес. Тек қана сол кездегі жағдай мені президенттікке түсуге мәжбүрледі. Алайда, саясаткерге тән бо­луға тиісті қасиеттің менің бойымда жоқ­тығын да кейінірек білдім. Алайда, мен жақсы жазушы болумен қатар саясатты да ұршықтай үйірген Андре Мальро мен Вацлав Гавельді де білемін. Бұл – өте сирек кездесетін жағдай. Алайда, өзін толайым саясатқа арнаған адамның жазушылықпен қоштасуына тура келеді. Ал енді билікпен және цензурамен бетпе-бет келетін қазіргі заман суреткеріне айтарым мынау: цензураны болдырмау үшін барлық қолжетімді күшті құралдарды пайдалану керек. Өйткені, олай етпесең ол сенің түбіңе жетеді – шығармашылықпен, сөз бостан­дығымен де қоштасу аса қиындық тудыр­майды. Ал енді бүгінде «Латын Америка­сында, Еуропада, АҚШ, Ресейде өзін бостан сезіне ме, оның рөлі қаншалықты» деген сауалыңызға былай жауап берген болар едім.

Латын Америкасында  сөз бостанды­ғының деңгейі биік, алайда бұл елдердің арасында да өз ерекшеліктері бар. Мәселен, Эквадордағы баспасөз туралы заңның талаптары қатал, сөз бостандығын шектеу көп. Бүгінде үкіметтің коммуникациялық төңкерістерінің арқасында цензура жүйесін қалпына келтіру күрделі, әйтсе де кейбірінде мұндай әрекет жоқ. Меніңше, Шығыс Еуропа мен АҚШ-та сын мен өзара сынға жол ашық. Ал Ресейге келетін болсақ, егер сіз еркін қоғамның барына сенсеңіз, онда ол сөз бостандығы мен баспасөз бостан­ды­ғынсыз көзге елестету мүмкін емес екенін білуіңіз керек. Мен баспасөздегі Ресей туралы жаңалықтарды жібермей оқимын. Ақпараттар да әр түрлі ғой. Кейде әр басылымдардағы түрлі ақпараттарды салыстырып оқу арқылы ақиқатқа көз жеткізуге болады.

 

– Сіз қазіргі қоғамдағы мәдениетсіздікті көп сынға аласыз. Оның үстіне бүгінгі ақпарат ағымы толассыз заманда оның жастарға ықпалы да басқаша ғой. Олар өзінің керегін ғаламтордан тез тауып ала қояды. Алайда, олар бәріне сын көзімен қарайды. Сіз оларды жаңалық тудыруға, жаңаруға, жаңғыруға қабілетті деп ойлайсыз ба? – деген сауалға да жазушы өзінің жан дүниесіндегі болып жатқан өзгерістер арқылы жауап беруге тырысады.

 

– Қазіргі ең күрделі, маңызды проблеманың бірі – мәдениетті мансұқтау, қорлау болып тұр. Бұл, тіпті, прогрессивті, дамыған елдердің өзінде өріс алып барады. Тіпті, кейбір ойшылдар бұл қойыртпаққа қуана қарайды. Олар бұрынғы элитарлық мәдениеттің орнын демократиялық мәдениет алмастырады деп есептейді. Мұндай көзқарас біздің жан-дүниемізді одан сайын кедейлендіріп, тіпті, жоғалып кетуімізге апарып соғады. Оның мысалы тарихта аз емес. Бұл тақырып мені айрықша толғандырады. Ол жөнінде соңғы жұмыстарымның бірінде, мәдениеттің қазасы туралы эссемде айтқанмын.

Жазушының, жылы сезім мен ақиқатқа толы «Жас романиске хатының» қоғамда үлкен дүмпу туғызғаны мәлім. Осы хаттан туындаған қаламгер ойы да жұртшылықты бей-жай қалдырмайды. «Ал менің ең басты тілегім – менің романдарым, жазғандарым да басқа үздік шығармалардай оқылып, мен оқыған жақсы кітаптардың қатарында аталса, жазушыға одан артық бақыттың да керегі жоқ», – дейді ол.

 

Қ.ИМАН.