ТҰРАННЫҢ БАТЫР ӘМІРІ

%d0%b6%d0%b0%d0%bb%d0%b0%d0%bd%d1%82%d0%be%d1%81

Әлем өркениеті тарихындағы мемлекет басқарған хандар, патшалар, корольдер, әмірлер туралы көркем әдебиет шығармаларының да қалыптасқан дәстүрі бар. Мемлекет билігіндегі жеке тұлғалардың көркем әдебиет туындылары арқауына алынуы, олардың әдеби тек түрлері   (эпос, драма, лирика) жанрлары шығарма­ларындағы әдеби-тарихи бейнелерінің сомдалу себебі – олардың өздері басқарған мемлекетін, халқын аман сақтау, дамыту, мәңгілік мызғымастай етіп нығайту, күшейту еңбектерінің халық көңілінің жылы ықыласын иеленгендігі. Йоллығ Тегіннің «Күлтегін», «Тоныкөк», Гомердің «Илиада», «Одиссея», Низамидің «Ескендірнама», Науаидің «Ескендір қорғаны», хакім Абайдың «Ескендір», Т.Ізтілеуовтің «Шаһнама», А.С.Пуш­киннің «Мыс салт атты» дастандары, т.б. туындылар – батыр-патшалар туралы эпикалық шығармалардың бастаулары.

Жауынгерлік-қолбасшылық және елді даналықпен басқару жұмыстарымен өз Отанын өрке­ниет кеңістігіндегі мәңгілік абы­рой биігіне көтеріп кеткен тари­хи тұлғалар туралы прозалық эпикалық туындылар да әлем оқырмандарының қабылдау пси­хо­логиясы бойынша жылы сезім­мен бағаланған. М.Әуезовтің «Хан Кене», А.Толстойдың «Бі­рінші Петр», В.Г.Янның (Янчевец­кийдің) «Шыңғыс хан», «Бату хан», «Бату ханның соңғы жо­рық­тар», И.Ясашидің «Көк­жал» (Шыңғыс хан туралы), І.Есенбер­линнің «Қаһар», Ұ.Доспанбетов­тің «Абылайдың ақ туы», М.Ма­ғауиннің «Шыңғыс хан», Р.Отар­баевтың «Бейбарыс сұлтан» және т.б. жазушылардың туындыларын­да ерлік пен елдік ұстанымы биік­тігінде болған тұлғалар тағдыры көркем шындықпен бейнеленген.

Белгілі жазушы Бегімбай Ұзақбаевтың «Жалаңтөс Баһа­дүр» романы – Орта Азиядағы Тұран елінің, оның бас қалалары Самарқан мен Нұрата қалалары­ның Әмірі болған Жалаңтөс Баһадүр Сейітқұлұлы  туралы тарихи эпикалық шығар­ма. Тарихи роман – өмір шын­дығы деректерін негізге ала оты­рып, сюжеттегі оқиғалардың, кейіп­керлердің дәуіріне лайықты мінез-қылығымен, іс-әрекетте­рімен, әлеуметтік ортасының шы­найлығымен, материалдық және рухани мәдениет дамуы деңгей­лерінің, тарихи-этнологиялық ерекшеліктерінің сәйкесітігімен айқындалатын эпикалық туынды. Тарихи романдар авторларының көркемдік қиялы желілерінде де суреттеліп отырған кезеңдердің географиялық-топонимикалық ерекшеліктері, кейіпкерлердің киген киімдері, тұрмыстық құрал-жабдықтары, әдет-ғұрыптары, салт-дәстүрлері, халықтық-этнографиялық болмысы – бәрі де шығарма арқауындағы кезең­дерге сәйкестігімен ерекшеленеді.

«Жалаңтөс Баһадүр» рома­нына арқау болған тарихи кезең және басты кейіпкердің түптұл­ғасы туралы дерекнамалық-тарих­намалық бағалаулар (М.Қозы­баев, Ж.Мұратбаев мақаласы) туындының тарихилық сипатына негіз болады: «Жалаңтөс Баһадүр Сейітқұлұлы (15.09.1576-1656)… мемлекет қайраткері, батыр, қолбасшы, би. Әйтеке бидің үл­кен атасы. … Жалаңтөс Баһа­дүрдің беделінен сескенген Имамқұл 1626 ж. Бұқар ханды­ғынан тәуелсіз Самарқан айма­ғын құрып, оған Жалаңтөс Баһадүрді Әмір етіп тағайындады және бас қолбасшылықты Жа­лаң­төс Баһадүрдің өзінде қалды­рады. Жалаңтөс Баһадүрге Үндіс­тан, Хорезм, Тибет, Ресей, т.б. елдерден сыйлықтар келіп тұрады. Жалаңтөс Баһадүр дарынды қолбасшы ғана емес, ол ұлы сәулет өнерінің де қамқоршысы бола білді. Самарқандағы Ұлық­бек медресесінің қарсысынан 1620—1636 ж. «Ширдор» («Арыс­тан қақпа») медресесін сал­дырады. 1646 жылы екі медресенің ортасынан «Тіллә Қари» («Алтын­мен апталған») медресесінің құрылысын бастайды. …Жалаң­төс Баһадүр шын мәнінде өзбек, қазақ, қарақалпақ, қырғыздар­дың біріккен қолының қолбас­шысы болып, Самарқан, Бұқара, Ташкент, Түркістан төңірегін ға­на қорғаған жоқ, оған қоса қазақ сахарасының да қорғаны бола алды. 1640 жылы жоң­ғарлардың Батыр  қонтайшысына  қарсы 30 мың қолмен шығып, 50 мың­дық қолды талқандайды. 1643 жылы Жалаңтөс Баһадүр Жетісу өлкесіне басып кірген жоңғар­ларға қарсы шайқасып жатқан Салқам Жәңгір ханға 20 мың қолды бастап көмекке келеді де, қалмақтарды ойсырата жеңеді. 1644 жылы Пәкістан, Ауғанстан, Үндістан аумағын билейтін Мо­ғол империясы мен Бұхар ханды­ғы соғысады. Салқам Жәңгір 100 мың қолмен Жалаңтөс Баһадүрге көмекке келеді де, Бұхар хандығы аман қалады. Жалаңтөс Баһадүр Кабул, Мешхедті басып алды. Бабырдың ұрпағы Жаһан шаһтың екі баласы басқарған моғол әскері Балх түбінде жеңіліс тапты. …Жоңғарлардың қазақ сахара­сына қарсы жасаған соғыстары кезінде Қазақ хандығының қалың қолына келіп қосылып, оның күшін еселеді. Жалаңтөс Баһа­дүр­дің мұндай әрекеті оның қайраткерлігін танытты (Қазақ­стан. Ұлттық энциклопедия. —Алматы: «Қазақ энциклопедия­сының» Бас редакциясы, 2001.-3-том: Г-Ж.-720б.; 489-490-б.б.). Демек, Жалаңтөс Сейітқұлұлы – жалпытүркілік дамудың көрнек­ті тұлғасы. Ежелгі сақ-массагет, ғұн, түркі халықтарының ортақ тарихының көрнекті тұлғалары­ның қатарында оның есімі де аталады. Бұл – жалпы­адамзат­тық өркениет тарихының заңдылығы.

«Жалаңтөс Баһадүр» рома­ны­­ның тақырыбы – ХVІ-XVІІ ға­сырлардағы Орта Азиядағы түркі ха­лықтарының (қазақ, өзбек, қырғыз, қарақалпақ, т.б.) тұр­мыстық-әлеуметтік өмірі, идеясы – мемлекеттік басқару істері мен жау­ынгерлік-қол­бас­шылық қа­сиеттері тұтастығын­дағы жеке тұлғаның тарихи да­муға ықпалын таныту. Роман композиция­сындағы сюжет­тік бөліктерде мы­надай оқиғалар жүйелене көрі­неді: біріншісі – Нұрата өңіріндегі қазақ, өзбек, қарақалпақ халық­тарының ханы Сейітқұлдың отба­сында дүниеге келген Жалаңтөс­тің балалық шағы, жапон жігіті Чин Чинмен жаттығулары, Бұхар хандығының жоғары дәрежелі қол­басшылар дайындайтын соғыс мектебінен, Бағдаттағы даналық үйінен білім алғаны; екіншісі – Жалаңтөс Баһадүрдің Бұхар хан­дығына қарасты халықтар (қазақ, өзбек, қырғыз, қарақалпақ) ме­кендеп отырған Жиделі-Байсын, Мауреннахр өңірлерін жоңғар­лардан қорғау соғыстарын бас­қарған қолбасшылық, жауын­герлік жорықтары; үшіншісі —  Жалаңтөс Баһадүрдің Иран шахы­­ның, Моғол империясы­ның әскерлерімен соғысы; төртіншісі  — Жалаңтөс Баһадүр­дің Самарқан әмірі кезіндегі қалаға сәулет өнері ғимараттарын салдырғаны, оқу-ағартуды, отырықшылықты, елдің бірлігін, берекесін қалыптастыру­дағы қайраткерлік қызметі.

Романның басты кейіпкері Жалаңтөс – халықаралық қа­тынастардағы көрнекті мемлекет,  қоғам қайраткері деңгейіндегі тарихи тұлға. Романның компо­зициясындағы оның Самарқан Әмірі және Бас қолбасшысы дә­режесіндегі қызметімен көршілес мемлекеттермен (Қазақ хандығы, Моғолстан, Иран, Ауғанстан, Үндістан, Пәкістан, Ресей, т.б. ) байланыстардың ортасындағы әлемдік деңгейдегі қайраткерлік тұлғасы даралана көрінеді. Ең бастысы – әлем өркениеті тари­хын­дағы әрі батыр-қолбасшы, әрі мемлекет басшысы қызметтері тұтасқан аса көрнекті адамдар қатарындағы тұлғасы даралана бейнеленген.

Тарихи тұлғаның көркем әдебиет шығармаларындағы кес­кін-келбеттерінің (портреттерінің) бейнеленуі – классикалық көркемдік тәсіл. Басты кейіпкер Жалаңтөс баһадүрдің және жа­нама кейіпкерлердің портреттік бейнеленулері – тіршілік қозға­лыстары әлеміндегі ақыл-ой иесі адамның биологиялық-физио­номия­лық болмысын ішкі жан-дүниесінің психологиялық құ­былыстарымен, сыртқы әлеуметтік ортамен рухани байланыстылығы тұтастығымен айқындалатын поэтикалық ерекшелік. Профес­сор Б.Қ.Майтанов «Портрет поэтикасы»  (2006) атты теория­лық зерттеу еңбегінде эпикалық прозадағы кескін-келбет бейне­лену­лерінің поэтикалық-психоло­гиялық, жанрлық-стильдік өрі­лімдер аясындағы қолданысына дәйекті тұжырым берген еді: «Портрет өнерінің эволюциясы тек идеялық-мазмұндық аялардан ғана емес, пішіндеменің өзге бөліктері арасындағы орнала­сымы немесе кейбір үзілімдерде олармен етене тұтастықта берілуі, яғни рет-ретімен ауыспалылығы, сондай-ақ, бет-келбет ерекшелік­терін толық сипаттаудан өткінші әсерлерді ғана қамтымақ жүр­дектікке ойысу сияқты көп тәсіл­дер арқылы жүзеге асатын жанр, стиль талаптарымен тамырлас сюжеттік-композициялық жүй­е­ден мол аңғарылады» (Б.Қ.Май­танов  Портрет поэтикасы: Ғылыми зерттеу. – Алматы: Қазақ университеті, 2006. – 127б.; 5-б.).

Басты кейіпкер Жалаңтөстің кесек тұлғасымен, байсалды ойлы келбетімен жорықта да, шайқаста да сенімді тұлпары­ның өзара сабақтастық бей­не­леулермен өрнектелуі де эпи­калық туын­дының көркемдік ойлау дең­гейіндегі эстетикалық сипатын күшейте түскен: «Ең­сегей бойлы, жүзі байсалды, кең мінезді, қатал да сырлы адам екенін байқайсың да, қақпақ жауырын, екі-үш қарыс иықта­рының жұмыр басы нар түйе өркешіндей сомдалып, жұмыр­лана түскеніне қайран қалып, нағыз алыптардай сезі­несің.

Астындағы атының бет-бей­несі хас албастының қабағын­дай, шықшыты түбектей оралып жатыр. Бауыздауы піскен алма сабағындай, құлағы көл құрағын­дай, құлжа мойны жұп-жұмыр. Шабысқа шыдас беретін, арымас та болдырмас жануардың ұзаққа сілтер тегеурінді екпінді күші бар. Омыртқасы да отаудай. Сауыры зентекті қара көмірдей. «Шүу!» дегеннен межелі жеріңе жолда­ғының бәрін жайпап, қы­лыштай қиып, айыра ыршып, жедел жетіп барудан тайынбас, қамшы салдырмас батырға сай ат.

…Кебеже қарын, кең құрсақ, сүбелі тұсы тас қорғандай, омырауы бұлақтай, қысқа бақай ат үстіндегі Жалаңтөстің түр-си­паты, алып адамдай сағым кө­теріп, айбарлана түсті» (Б.Ұзақ­баев Жалаңтөс Баһадүр. 204-205-б.б.).

Тарихи романның көркемдік-эстетикалық сипатынан халық тарихында Жиделі-Байсын аты­мен бағаланған ежелгі Тұран өлкесінің табиғат көріністерінің пейзаждық суреттелуі де қалам­гердің эстетикалық танымы аясындағы шеберлігін танытады. Табиғат құбылыстарының бейне­ленуіндегі дәстүрлі кейіптеулік тәсілдер өрілімдері тұрақты қолданылған. Мысалы: «Күн тас төбеге шығып алып, желкеден шүйліге қарап қадалады. Одан сайын сағым даланың ауасын қуырып, ыстық лебін бүрке шашқандай»  (Б.Ұзақбаев Жа­лаң­төс Баһадүр. 173-б.).

Тарихи роман – халықтың көп ғасырлық қалыптасу, даму жолындағы ата-бабалардың этн­о­логиялық-этнографиялық ұс­танымдарын, дәстүрлерін қамтуы­мен ерекшеленетін туынды. «Жалаңтөс Баһадүр» романында да халықтың аңшылық-саят­керлік дәстүрі аясында бірнеше мәселелер қамтылған.  Басты кейіпкер Жалаңтөс бойына біткен кезде анасының жерігін басу үшін әкесі Сейітқұлдың жолбарыс атып әкелгені («Шешесі жолбарыс төсін сонда шикілі-пісілі асыға жеп, қара тер боп, еңсесі түскен самарқау кейпі кетіп, әл жинаған еді») де әрі батыр, әрі Елбасы-Әмірі болған тұлғаның ана жатырында жаратылысының да айрықша даралығын ерекшелей  танытады. Роман кейіпкері Жей­дегүл арудың түсіне кірген жол­барыстың оның ырқына көн­гендей кейпімен көрінгені («Құйрығын еркелей қозғап, азу тістері тұсындағы ауыз тірелер қуысты арандай ашып бағынған, дегеніне көнген  шарасыздық қимыл танытты») адамның ақыл-ойының, күш-қайратының, сезім тазалығының қуаттылығын таныт­­қандай әсерімен сезіледі.

Жалаңтөс Баһадүрдің Жи­делі-Байсын өңірінде тазы жүгіртіп, бүркіт салып аң аулағаны, тау арқарларын, тау бұғыларын қуа­лай атып жүргенде атымен бірге құлап жарақат­танғаны  көшпелі­лер тағдырлары­ның қауіп-қатерге мол  аңшылық-саяткерлік дәстү­рінің далалық психологиясы аясында сурет­телген.

 

Қорыта айтқанда, жазушы Бегімбай Ұзақбаевтың «Жалаңтөс Баһадүр» тарихи романы – Қа­зақстан Республикасы Тәуелсіз­дігі дәуірінің жаңа әдеби үдері­сіндегі көрнекті эпикалық туын­ды. Әлем өркениеті кеңістігіндегі әрі батыр­лығымен – қолбас­шы­лығымен әрі мемлекет басқарған дана қайрат­кер біліктілігімен та­нылған бұ­рынғы-соңғы та­рихтағы көрнекті тұлғалар қата­рындағы  Жалаңтөс Баһадүрдің және ол өмір сүрген кезеңнің ұлт­тық және жалпы­түркілік тари­хымыздағы тағылы­мын деректілік негізіндегі көркем шындықпен бейнелеу арқылы жазушы ұлттық сөз өнері әлеміне көрнекті үлес қосқан.

 

Темірхан  ТЕБЕГЕНОВ,

филология ғылымының  докторы, профессор.