ОҢАШАДАҒЫ ОНЛАЙН ОЙЛАР

 

1020707621Шархан ҚАЗЫҒҰЛ

***

Сыйлықты (мемлекеттік наградалар мен премиялар) ойлап күн кешетін шал­дарға бекер ренжиді екенмін. Қазіргі жас балалар да сыйлықшыл болып алған сияқ­ты! Бұл не деген фанатизм? Это меня пугает!

***

Көркем шығарма жазғаннан асқан ләззат жоқ. Бірақ осы процесс барысында белгілі бір қатып қалған, қасаң ережелерге байландым дегенше, бұл ләззаттан қағыл­дым дей бер. «Творческие муки» деген тү­сінікті қалыптастырған «тәртіпті», «ұқыпты» жазушылар болар деп ойлаймын.

Өз-өзіңді қинап кітап жазғаннан құдай сақтасын! Өзіңді аямасаң да оқырманың­ды аяуың керек емес пе?! Өйткені, сенің шыңғырып тышқан шығармаңды шыда­мына шектеу қоймай оқитын оқырманның не жазығы бар еді?!

***

Жұрт жапатармағай жазып жататын жайттар туралы жазғым келмейтінін мойындаймын. Бірақ Димаш Құдайберген туралы жақ ашпау мүмкін болмай қалды. Ең төменгі әйелдердің вокалдық даусы болып табылатын контральтомен ән сала­тын Димашқа кеуденің кең диапазонын қалтқысыз қондырған. Құдайдың шеберлі­гінде шек жоқ. Кіші октавадағы қою ноталарды орындау тек осындай әншілерге ғана бұйырған. Әйел даусынан қорқатын кейбір азаматтарға бір нәрсені айта кеткім келеді: контральто барлық кіші октавамен қатар үлкен октаваның бірнеше ноталарын әуелеткен кезде ол еркек даусына жақын­дайтыны Димаштың жасөспірімнен еркек­тік сатыға көтеріліп келе жатқанын көрсет­се керек. Сондықтан да әншінің ориента­циясына аса қауіп төніп тұрмағанына көз жеткізуге әбден болады.

Екінші бір мәселе. Димаш қазір Қы­тайда жеңімпаз бола ма, болмай ма, онда менің шаруам шамалы. Әншілік, жалпы орындаушылық өнерде тұлғаның құдіреті халықаралық конкурспен өлшенбейтінін білуіміз керек. Конкурсқа әлі танылмаған адамдар барады. Пиар-ход үшін. Маэстро­лардың конкурсқа қатысқанын көрсем, көзім шықсын. Сондықтан да конкурс деген жай өтпелі кезең ғана. Орындау­шының құдіреті әлемнің Корольдік Альберт-Холл, Карнеги-Холл сияқты ғажап залдарында жеке концерт беруімен бағаланатынын бажайлайтын уақыт келді. Жақын болашақта Димаш осы бағытта жұмыс істеуі керек. Сонда әлем мойындады деп айта аламыз. Осындай ұлы мақсатқа оның мол әлеуеті жеткізбей қоймайтынына кәміл сенемін. Ол тек уақыттың еншісіндегі нәрсе ғана болып тұр.

Ал әзірше көмейіне құмыр бұлбұл ұя салған інім тіл-көзден аман болғай деп Құдайдан тілеп жүрген жайым бар!

***

Қазақтың түбіне дүрмек жететіні бүгінгі күні анық байқала бастады. Социализмнен бойымызға әбден сіңіп қалған коллекти­визм күрмек сияқты тамырымызды буындырып тұрғаны рас. Дәл қазір әр қазаққа қажет индивидуализмге жол аштырмай тұр. Құлдық психология әр адамның өзгеше ойлауына мүмкіндік бермейтіні бесенеден белгілі. Сондықтан да дүрмекпен өмір сүріп жатқанымызды ешкім жоққа шығара қоймас!

***

Өткен аптада өткен ООО кітабының тұсаукесеріне келген барлық жандарға ерекше рахметімді айтамын. Тұсаукесерде туындым төңірегінде риясыз ойларын айтқан Мемлекеттік сыйлықтың лауреат­тары Әкім Тарази, Төлен Әбдік, Қажығали Мұхаметқалиұлына, ҚР Парламенті Мә­жілі­сінің депутаты, көрнекті публицист-ғалым Сауытбек Абдрахмановқа, танымал жазушы-драматург Жолтай Әлмашұлына, «Егемен Қазақстан» газетінің басшысы Дархан Қыдырәліге, қоғам қайраткері, белгілі публицистер Ғаділбек Шалахметов пен Қайнар Олжайға, саясаттанушы-публицист Кенжеболат Жолдыбайға, ҚР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Дихан Қамзабекұлына, әріптес­терім Дина Елгезекке, Мұратбек Тоқтаға­зинге, Костя Харламовқа алғысым шексіз. Осы кешті бірде ойлы орамдарымен, бірде әдемі әзілімен ғажап басқарып берген Көпен Әмірбек ағам айды аспанға шығарды. Еркексің, Көпеке!

Тұсаукесерді ұйымдастырып, өткізген ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының басшысынан бастап барлық қызметкерле­ріне ризамын. Әсіресе, осы шараның өтуіне жауапты қызметкер Майра Аманбек қарындасыма дән ризамын! Өркенің өссін, Майра!

Тұсаукесер туралы толыққанды мате­риал­дар берген «Егемен Қазақстан», «Алматы ақшамы», «Астана ақшамы» газеттері мен «Қазақстан», «24.кз», «Ас­тана» телеарналарына ризашылығымды білдіремін. Залда қаншама өзім ерекше қадірлейтін асыл ағаларым, інілерім, қарындастарым, әріптестерім отырды. Өз сөзімді «Я глубоко тронут!» деп бастаға­нымның себебі де залға жиналғандардың жылы жүзінде жатыр. Өйткені, осы сөзді қазақша айтсам, көңілім тіптен босап кететінін алдын-ала білдім. Ал юмор ара­лас­қан сөз көңіліңді басқа арнаға бұрып кететіні рас ғой. Баршаңызға Алла­ның нұ­ры жаусын! Кез келген кітап оқыр­манымен құнды екеніне тағы да көзім жетті!

***

Мұхтар Түменбаев інім ақылды жігіт ғой. «Америка не готова к матриархату с демократическим лицом» депті бүгін. Мен де қарап отырмай, аяқ астынан ағыл­шынша мақал шығарып тастадым, әрине, қазақы реңкке салып: «Донт гран при ту байтал».

 

***

 

Кеше ақтаулықтарды қатты қызғанған күнім болды. Гүлзина тағы да фурор жасағанын ішім сезіп отыр. «Әлиханның аманатын» керемет орындағанына титтей де күмәнім жоқ. Өйткені, өткен жылы жазда Гүлзина мені Астанадағы қойылымы арқылы «көзімді жұмып, аузымды ашып» кеткен.

Театрдағы барынша эмоциялық өрлеу деп осыны айтар болар. Аристотель айта­тын катарсис осы. Бірақ катарсистің төрт түрі бар. Гүлзина катарсистің пози­тивті түрін қолданатынын жақсы білемін. Ол көрерменді фанатизм мен есінен адастыру­дан ада, керісінше қайғының өзін жеңіл­детіп, эмоцияны жақсы аураға бұра біледі. Бертольд Брехтте  «Эффект очуж­дения» деген термин бар. Осындай әр нәрсеге жаңа көзқарас Гүлзинадан анық байқалады. Мен, ең алдымен, соған қуанамын.

Гүлзина – Ақиқаттың синтез арқылы келетінін бағамдай білген режиссер. Сон­дықтан болар, ол біздің театрлары­мызға тән Станиславскийдің Драмалық театр элементтерін өзінің Тезисі етіп ала отырып, Брехттің Эпикалық театр компоненттерін Антитезис ретінде қолдану арқылы өз Синтезін өмірге әкелген суреткер десем, ешкімнің қытығына тие қоймаспын. Гүлзинаның подиумы көрермендерді бірге қайғырып, қуануға да (Станиславский моделі) және  сахнадағы өмірді зерттеуге де (Брехт схемасы) жетелеп отыратынын біз Роза Мұқанованың «Сарра» туындысын сахналағанынан анық аңғарғанбыз. Дәл осы жерде драмалық театрдың белгісі – көрерменнің сезімін шарықтату да, эпика­лық театрдың белгісі – көрерменнің ақыл-ойын ояту да айқын көрінгенін жүрегіміз­бен сездік, бір мезетте ойға шомдық. Шынында да поэтикалық тепе-теңдік және философиялық гармония ғана бере алатын ләззат апогейіне көрерменін көтерген Гүлзинаға қайта-қайта рахмет жаудыра бергің келеді.

 

***

 

Х 777 ААА деген номерді машинасына тағып алып жүрген адамда ес жоқ. Оның есі жоқ екені түсінікті. Ал бізде ес бар ма? Бізде де ес қалмады. Олай дейтінім, сол машинаның номерін көріп, әлгі адамға «Қандай крутой номер алғансыз!» деп жалпақшешей болатынымыз рас ғой. Сонда қазір өзі кімде ес қалды? «Сплош­ной» дебиль болдық-ау деймін! Меніңше, бұл біздің дебильдігіміздегі бір ғана деталь!

 

***

 

«Могиканның соңғы тұяғымен» де қоштастық. Шілденің 30 күні қазақтың ең соңғы халық суретшісі Сабыр Мәмбеевті жер қойнына тапсырдық. Енді қазақта көзі тірі Халық суретшісі қалған жоқ. Тоқсан­ның төріне шығып, бақилық болған ағамыздың өлімі құдайдың төрелігімен келген шаруа ғой. Ешкім де мәңгілік емес. Біздің айтпа­ғымыз басқа. Осы қаза үстінде көңілде біраз дық қалды.

Өлім де – сын. Қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыздарымыздың сөнуі – әлденеше рет сын. Қазақ сурет өнеріне өзі­нің бүкіл саналы ғұмырын, өмірінің 70 жы­лын арнаған асылымызды ақтық сапарға жөн-жосығымен шығарып сала алдық па? Жоқ…  Ойбай-ау, мұндай өнер­дегі глыбаларымызды арулап көмуіміздің атрибуттары көп емес пе?! Ең болмаса, бір газетіміз некролог жарияламады. «Өлдің Мамай, қор болдың»-ның нақ өзін жасағанымызға жаным ауырды. Көз жұмған адамға мұның қажеті жоқ. Мұның бәрі болашақ ұрпағымыз үшін керек еді!

Суретші інім Алпысбай айтады: «Ғажап адамымыздан айырылдық. Сексен­нің сеңгіріндегі ағамыз өлгенінше қылқаламын қолынан тастаған жоқ. Өзі туған мамыр айында, көкнәр гүлдеген кезде қала сыртына алып шығатынмын ол кісіні. Мольбертіне сүйеніп тұрып сурет жазатын. Сосын маған ақылын айтады: «Алпысбай, когда пишешь пейзаж, надо соединять небо с землей».

Иә, аспан мен жерді біріктіруге ұмтылған ұлы суретшіні ең болмаса соңғы рет ұлықтай алмағанымыз – бәрімізге сын. Сабыр ағамыздан 20 шақты күн бұрын орыстың суретшісі Илья Глазунов қайтыс болған. Тұтас халық болып қабырғасы қайысқан жоқ па?! Қайысқаның не, майысып кетті. Жалпы, қазақ қоғамында суретшілерге деген көзқарас қарын аштырмай қоймайды.

Ширек ғасырдай Қазақстан Суретшілер одағын басқарған адамға деген құрметіміз осындай болса, басқалар туралы сөз қоз­ғау­дың өзі қиын! Ұлы Абайдың Алматы­да­ғы ескерткішінен асқан қазақта ескерт­кіш бар ма? Сол ғажап туындының авторы Хәкімжан Наурызбаев қайтыс болғанда да, ғажап портреттер галереясының авторы Айша Ғалымбаева қайтыс болғанда да қазақ жұрты үн-түнсіз көме салып еді-ау! Аруағын Құдайдан бұрын аузына алатын қазаққа не болды? Өлген адамның жаманы жоқ.

Дей тұрғанмен, қазақтың ұлт ретінде қалыптасуына қалтқысыз қызмет еткен арыстарымызды ардақтауды қашан үйренер екенбіз?..

 

***

 

Ермұрат Бапи досымның бүгінгі постын оқып, әскерде қызмет еткенім есіме түсіп отыр. Орыс тілін қақпайтын кезім еді. Бірақ оған аса бір ұялып, ыңғайсызданып көрген емеспін. Әскерге барған бетте авиациялық кіші мамандар даярлайтын мектепте оқыдым. СУ-15 деген истреби­тель­дің прибор және оттегі құрал-жабдық­тарының механигі мамандығын игеріп шықтым. Материалдық бөлімнен сабақ айтқанымда бәрін бір сөзбен түсіндіріп шығатынмын: «Бот это бот так». Жылдам­дық приборының жұмыс схемасын указкамен жүйткітіп түсіндіріп, «Бот это бот так» деп «сайрағанымда», оқыту­шы капитан жылы жымиып тұратын да «5» қоятын. Иә, орыс тілін білмеген­дігімнен сабақта қиналған емеспін.

Алайда, сабақтан тыс әскери өмірде қатты қиналдым. Бір күні өзімнің тікелей командирім – сержант Духанинге бірдеңені түсіндіру керек болды, бірақ орысша ойымды жеткізе алмағанымды байқап тұрмын. Қысқасы, «Бот это бот так»-ым не сработал. Командирім түкке түсінбеген соң ашуға басты: «Рядовой Казыгулов, ты человеческим языком объяснить не можешь?». Мынадай қорлық сөзді естіген мен ызаға булығып тұрдым. «Человеческий язык-сымақтың» быт-шытын шығарғым келіп кетті: «Я селски школе сканшалса».

 

***

 

Танымдық публицистиканы дамытқан да Әбіш аға екеніне ешкімнің таласы болмас. Орасан зор энциклопедиялық білі­мін туған халқымен қалтқысыз бөлісетін жомарттығын былай қойғанда, планетар­лық ақыл-ой иесі саған ұзақ  сонар ақыл айтпай-ақ, сені есті адам етіп тәрбиелеп шыға­ратыны да – шынайы шеберліктің шыңы. Сөз өнерінің бар сиқырын игерген туындыгердің әрбір сөзі сондықтан да әдемі, сондықтан да әсерлі, сондықтан да сананы жеңіл жаулайды.

Дүниетанымыңды кеңейтетін, бірақ әр  түрлі ғылыми кітаптарда шашырап жат­қан дүниелерді не оқуға құлқың болмайды, не түсінуің қиын. Осы жерде де саған Әбіш көмекке келеді. Кез-келген күрмеуі қиын сұрақтың өзін соқырға таяқ ұстатқандай қарапайым түсіндіріп береді. Алғашқы көп клеткалы организмдер 3 миллиард жыл бұ­рын жаратылып, олар содан бір миллиард жыл өткен соң барып, аналық және аталық болып екі жынысқа бөлінгенін де, Адамға ұқсас жан иесі осыдан 10 миллион жыл бұрын  жарыққа келгенін де, жердегі тіршіліктің негізі болып табылатын белок пен тұқымнан тұқымға инфор­мациялар дарытатын нуклеин қышқылын түзетін молекулалардың бірдей екенін де, мұндай түзілім тек жердегі тіршілік иелеріне ғана тән екенін де кезінде қырықтың қырқасына әлі шыға қоймаған Кекілбаевтың жазған­дарынан оқып білгенбіз. Иә, Әбіш не жазбаған?!

 

(Жалғасы бар).