МОЛДОВА БИЛІГІНДЕГІ «ТЕКЕТІРЕС»

%d0%bc%d0%be%d0%bb%d0%b4%d0%be%d0%b2%d0%b0

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының» саяси шолушысы

 

Додонға көпшілік үлкен үміт артқан еді…

Көзіқарақты жұрт білетіндей, Молдова Рес­публикасының парламентіндегі  айтыс-тартыс, қарама-қайшылық әлі күнге тыйылмай келеді. Ондағы депутаттардың бір бөлігі  Батысқа бет бұруды жөн көрсе, екінші бөлігі бұрынғысынша Ресеймен қарым-қатынасты үзбеуді қалайды. «Бірлік  жоқ жерде – тірлік жоқ» демекші, мұн­дай келіспеушілік орын алған ортада  шаруаның берекесі кетіп, дамудың, ілгерілеудің болмайтыны бесенеден белгілі. (Бұл жайында   «Молдова ма­засыз күйде» деген мақалада кеңінен жазғанбыз. «Алматы ақшамы», 14 қазан, 2015 жыл).

Молдова парламенттік республика болған­дықтан (1999—2015 ж.ж.) аралығында  мемлекет бас­шысы саналатын ел президенті  депутаттар­дың жасырын дауыс беруі арқылы сайланып келді.  Осыған байланысты  кейінгі жеті-сегіз жыл­­дың ішінде президент бес рет ауысты. Санап қараңыз: Михай Гимпу п. м. а. – 2009 ж. қыр­күйегі — 2010 ж. желтоқсаны, Владимир Фи­лат президенттің міндетін атқарушы – 2010 ж. 28—30 желтоқсаны,  Мариан Лупу п.м.а. – 2010 ж. желтоқсаны – 2012 ж. наурызы, Николай Тимофти – 2012 ж. наурызы – 2016 ж. жел­тоқсаны, Игорь Додон 2016 ж. желтоқсаны – 2017 ж. қазаны. Байқасаңыз,  мұнда Владимир Филат небәрі үш күн президент болған.

Міне, сондықтан да осындай өзгерістен, президенттің құтаймауынан мезі болған жұрттың  Конституциялық сотқа арызданып, жүгінунен кейін  мәселе заң шеңберінде егжей-тегжейлі қара­лып, 2016 жылдың  5 наурызынан бастап Молдовада  президентті  халықтың тікелей дауыс беруі арқылы сайлау тәртібі енгізілген.

Соған сәйкес, осыдан тура бір жыл бұрын, яғни 2016 жылғы 13 қарашада Молдовада өткен бүкілхалықтық президенттік сайлау нәтижесінде 55 пайыз дауыс жинаған, ресейлік бағытты қолдайтын,  41 жастағы социалистер партиясы­ның  төрағасы Игорь Додон жеңіске жеткен. («Молдова Мәскеуге бет бұра ма?» — «Алматы ақшамы», 8 желтоқсан, 2016  жыл).

Солшыл социалист Игорь Додонның Еу­ро­палық интеграцияны жақтайтын бүкіл оңшыл тарап үкілеп, бәйгеге қосқан, бар болғаны 45 па­йыз дауыс жинаған «Әрекет және ынты­мақтастық» партиясының көшбасшысы Майя Сангдудан оза шауып, бағы жанғанын  саясат­танушылар мен сарапшылар оның сайлауалды бағ­дарламасында:  «Ресеймен қарым-қатынасты жақсартамын, Еуропамен де байланысты үзбеймен, Днестр жағалауы республикасы мен  Гагауз автономиясының мәселесін шешемін» деген уәдесімен байланыстырған-тын.

Өйткені, қалың бұқара көпшіліктің парла­мент­тегі текетірестен,  Приднестровье мен Гагауздың  дау-дамайынан  шаршап, қажығаны рас. Оған қоса, сауда-саттық, тарихи-мәдени, гу­­манитарлық тұрғыдан тамырласып жатқан үй­реншікті Ресейден қол үзгісі келмейтіндер де баршылық.

Сондықтан да жұртшылықтың  Игорь Додонға үлкен үміт пен сенім артқаны.

Игорь Додонның президенттік тізгінде ұстап, қызмет еткеніне де бір жылдай уақыт өтті. Жақтастыры мен тілектестерінің айтуларынша, ол өзінің берген  уәдесіне қарай мемлекет басшысы ретінде біршама істерді жүзеге асырды. Көз жеткізу үшін санамалап, шолу жасап көрейік.

 

Мәскеудегі Жеңіс салтанатына барып

қатысты

 

Қызметке кіріскеніне көп өтпей-ақ, 2016 жылғы 23-24 желтоқсанда Кишеневте  Ресей вице-премьері Дмитрий Рогозинмен кездесіп, онда екі жақтың қарым-қатынасына қатысты  бірқатар мәселелер  талқыланды.

2017 жылдың 4 қаңтарында  Бендеры қала­сында мойындалмаған Приднестровье Молдова Республикасының басшысы Вадим Краносель­скиймен  ұшырасып, пікір алмасты.  Бұл соңғы сегіз жылдағы қос тараптың алғашқы жүздесуі-тін.

Ең алғашқы сыртқы сапарын  2017 жылғы 16—18 қаңтарда  Мәскеуге жасап, Владимир Путинмен кездесуі барысында Молдованың Еуроодақпен ассоциациялық келісімінен бас тартып,  НАТО-мен  интеграциясының тоқта­тылатынын жеткізді. Бұған керісінше ЕАЭС (Еуразиялық экономикалық одақта )  бақы­лаушы мәртебесін беру жөнінде өтініш білдірді.  Сондай-ақ,  Молдованың бейтарап мемлекет бағытын ұстанатынын жария етті.

Арада бір ай өтпей жатып, 6-7 ақпанда  Брюс­сельге  сапар шегіп, онда Еуропалық кеңес­тің  төрағасы Дональд Тускпен, Еуроко­миссия басшысы Жан-Клод Юнкермен, Еуро­парламент жетекшісі Антонио Таяни­мен, Еуроодақ дипломатиясының  бас­шысы Федерико Могренимен және НАТО  Бас хатшы­сының орынбасары Роуз  Геттемюл­лермен кездесті. Кездесу кезінде  өз елінің ЕО-пен ассоциалиялық келісімін тоқта­танын, алайда, одақпен және Ресей­мен де тиімді байланыс жасауға ынталы екенін мәлімдеді.

28 ақпанда молдовалық 250 мың  еңбек мигранттарына кешірім берілетінін жариялады.

Осы жылдың  17—19 наурызында  Мәс­кеуге  екінші  рет барып, Ресей президенті В.Путинмен  Приднестровье  мәселесін және молдовалық еңбек мигранттарына  амнистия беру жайын  талқыласты.

28 наурызда  президент Игорь Додон ел өміріндегі маңызды мәнге ие болып отырған төрт мәселе бойынша: Молдова прези­дентінің құзыретін кеңейту, парламенттегі  депутаттар санын ықшамдау, ел банкінен азаматтар шетке шығарған миллиард дол­ларды кері қайтару және мектептерде Молдова тарихын оқыту  туралы  референ­дум өткізуді мақұлдап жарлық шығарды. Референдум  24 қыркүйекке  белгіленді.

30 наурызда Галекарнада Приднес­тровье президенті Краносельскиймен  екінші рет кездесіп, екі  арадағы түйткілді мәселелерді қозғады.

3 сәуірде  Додон  Молдованың  ЕАЭС-пен ынтымақтастығы  жайындағы мемо­рандумға қол қойды. Осыдан кейін мамыр-маусым айларында өз елінің  Еуразиялық одақ жанындағы бақылаушы мәртебесіне ие болуы ықтималдығын хабарлады. Алай­да,  14 сәуірдегі  ЕАЭС-тің  саммитінде-ақ  Молдоваға  бақылаушы мәртебесі берілді.

2017 жылғы 9 мамырда Игорь Додон  Мәскеудегі Жеңіс күнінен арналған сал­танатқа  қатысып, Мәңгілік алауға тағзым жасады. Бұл мұндай шараға соңғы 15 жыл­да Молдова президентінің тұңғыш рет қатысу-тын.

22 мамырда  Стамбулда өткен Қара те­ңіз экономикалық ынтымақтастығы ұйымының  саммиті аясында  Игорь Додон  Ресей премьері Дмитрий Медведевпен кездесіп, екі ел қатынасының кейбір мәселелер жөнінде келіссөздер жүргізді.

31 мамырда  Молдова  президенті Санкт-Петербургтегі  халықаралық эконо­микалық форумға қатынасып, жиын шеңберінде Владимир Путинмен  келіссөз­дер жасау мүмкіндігіне ие болды.

13 шілдеде  Витебскіде  дәстүрлі «Славян базары» фестиваліне қатынасып, құттықтау сөз сөйледі.

21 шілдеде Молдова парламенті При­днестровьеден Ресейдің бейбітшіл әскери күштерін шығару жөнінде декларация қабылдады.  Додон  мұны асығыстық деп бағалады.

5 тамызда Иран мен Молдова арасын­дағы қарым-қатынасты нығайту мақса­тында  Тегеранға сапар шекті.

10 қазанда  Сочиде өткен ТМД елдерінің саммитіне қатынасты.

 

Кишинев мэрін қаматып қойды

 

Президент Игорь Додонның бастама­сымен 11 мамырда Кишиневте  қала бас­шы­­сын қызметінен кетіру туралы рефе­рендум өткізу жөнінде қол жинау шарасы ұйымдастырылды.

18 мамырда Игорь Додон  гейлердің шеруін өткізуге қарсы сөз сөйлеп, өзінің дәс­түрлі отбасы  салтын қолдайтынын  айтты.

20 мамырда  ақылы автокөлік тұрақтары ісі бойынша  Кишинев мэрі  Дорин Кирто­акэ және оның екі орынбасары Нистор Грозаву мен Владимир Котец  қамауға алынды.

20 шілдеде  Молдова парламенті  басым дауыспен аралас дауыс беру жүйесіне көшуді мақұлдады. Мұны сол күні президент Додон  заңмен бекітті.

27 шілдеде Молдованың  Конституция­лық соты  жоғарыда аталған төрт мәселе бойынша 27 қыркүйекте елде референдум өткізуді заңсыз деп тапты. Соттың бұл шешімін  президент батыл айыптады.

26 тамызда парламенттің  9 мамырды — «Еуропа күні»  ретінде тойлау туралы заң жобасын бекітпей тоқтатып қойды.

 

Президенттің  Жарлығын орындамаушылар табылды

 

Әдетте, мемлекет басшысы болғандық­тан, Президенттің  Жарлықтары, нұсқау­лары мен бұйрықтары сөзсіз орындалуы керек. Бірақ парламент пен үкіметпен арадағы кейбір келіспеушіліктерге байланысты ма екен, Молдова президенті И.Додонның  жарлықтарын  орындамай тәрік  ететіндер табылды. Жоғарыда айтылғандай Игорь Додон  9 мамырда  Мәскеуде Жеңіс салтанатына барған болса, бұған  кереғар  молдовалық жауынгерлер 24 тамызда Киевтегі  Украинаның Тәуел­сіздік күнінен арналған шеруге барып қатынасты.  Осы сияқты Молдова Қарулы күштерінің бас қолбасшысы саналатын президент рұқсат етпесе де Молдова әскерилері  украиналық Львов қаласында өткізілген  «Шапшаң Трезубец-2017»  әскери-оқу жаттығуына қатынасушылар қатарында болды. 2017 жылғы қыркүйекте президенттің интервью алуға келісім беріп, шақырған қағазын көр­сеткеніне қара­мастан, Молдова шекара­шылары  ресейлік «Комсомольская прав­да» басылымының тілшісі  Дарья Асламо­ваны  елге кіргізбей,  кері қайтарып жіберді.

Конституциялық сот оны уақытша қызметінен шеттетті.

Молдовада  биліктің басқа   тармақ­тарынан гөрі Конституциялық соттың  құзыреті күшті болып тұр. Олай дейтініміз, 2017 жылдың 17 қазанында  сол айтқан Конституциялық сот «өз міндеттерін орындай алмауына байланысты» деген ұйғарыммен Молдова президенті Игорь Додонды  уақытша қызметінен босату жөнінде шешім шығарып, оның міндетін уақытша атқаруды, парламент спикері Андриан Кандуға жүктеді. Мұндай шешім қабылдауға президенттің  премьер-министр ұсынған үміткерді қорғаныс министрі етіп тағайындауы себеп болған.

Молдованың заңы бойынша,  президент үкімет басшысы, министр қызметіне ұсын­ған   кандидатураны бір рет қана қайтаруға  құқылы екен. Егер де  екінші мәрте  қайта­лап  ұсынатын болса, онда  сөзсіз тағайын­дауға міндетті. Осындай заңға сүйенген  премьер-министр Павел Филип  Молдова­ның  Еуропалық  халықтық партиясының вице-төрағасы Еуджен Струзаны  қорғаныс министрі қызметіне ұсынған. Бірақ та оны президент И.Додон екі рет қайтарған.  Және де өзінің қарсы болуын: «Мұндай ми­нистрлікті лайықты, саясаттан тыс, жауап­ты, салқынқанды,  ұлттық армияға жетек­шілік ете алатындай, Молдова республи­касының конституциялық қағидаттары мен заңнамаларын  сақтайтын, бүкіл әскер мен азаматтар және бас қолбасшы сенім арта алатын адамдар басқаруы керек» деп түсіндірген.  Ал Е.Струзаның кандидату­расын  аса ықпалды кәсіпкер-олигарх Влад Плахатнюк  бастаған  Демокра­тия­лық партия бүкіл оңшыл блокпен келісіп, оның үкімет канцелариясында істеген қызметін ескеріп, «армияны қайта жасақ­тай алады» деген сеніммен ұсынған көрінеді.

Дегенмен, бұл ұсыныс үкімет – пре­зидент – парламент үшеуінің келіспеу­шілігін тудырып, оның аяғы  президенттің қызметінен уақытша аластатылуына ұласты. Сөйтіп, Молдова  билігінде тағы да  саяси дағдарыс бой көрсетті.

Молдова үкіметі  Конституциялық сотқа жолдаған шағымында: «Президентті  уақытша қызметінен босату қажеттілігі қандай да бір мақсат үшін   туындап отыр. Ол қорғаныс министрін тағайындауға бай­ланысты. Молдова парламенттік рес­публика, сондықтан президенттің инсти­туттық  басқару дағдарысын, саяси тұрақ­сыздықты тудыруға құқы жоқ», – делінген.

Айтпақшы, бұдан бұрын  Бас проку­рорды тағайындауда да осындай   келіс­пеушілік туындағанда, парламент төраға­сы Андриан Канду  Игорь Додонға  мұн­дай шетін мәселеде аса абай және  ұстам­ды  болуға кеңес берген. Бас прокурор­лыққа үміткерді Прокурорлардың жоғарғы кеңесі іріктеп ұсынатынын  президент  оны формалды түрде бекіте­тінін түсіндірген.  Сондай-ақ, ол: «Мен Додон мырзаға  қатаң түрде заң шең­берінде әрекет етуі тиіс екенін ескертемін. Президент өз бетінше парламентті тарата алмайды. Ал президент заңды бұзған жағдайда парла­мент оның  құзыретін тоқтата алады», – деп айтқан.

Саясаттың  «таяғы» кейде басқаларға тиіп кетеді. Сол айтқандай, Молдова үкіметі Белгия мен Люксембургтегі  елшісі – Юрие Реницэні,  Литвадағы елшісі – Валеру Фрижаны, Голландиядағы елшісі – Эмилиан Бреничті кері шақырып алды. Либералдық партияның өкілдері мұны «бізге жасаған қысастығы»  деседі. Олар­дың айтуынша, үкіметтің бұл шешімі дип­ломатиялық қызмет туралы  заңға қайшы. Ол заңда көрсетілгендей,  кез-келген елге тағайындалған елші төрт жыл қызмет етуі тиіс.  Елдің  сыртқы  істер және еуроинте­г­рация министрі  Андрей Галбур  елшілер­дің кері шақырып алынуын  «кәсіпқой­лықтарының төмендігімен» деп негіздеген. Мұнымен келіспейтіндер «бәрі де сая­саттың кесірі, болмаса аталған елшілердің қай-қайсысы да білікті мамандар. Мә­селен Реницэ мен Фрижаның 20 жылдан астам дипломатиялық тәжірибесі  бар», – дейді.

Қызметінен шеттетілген президент Игорь Додон:  «Ендігі жерде мұндай дағ­дарыс пен тұйықтан  шығудың бірден-бір жолы – парламентті таратып, жаңа сайлау өткізу  және тікелей перзиденттік басқа­руға көшу», –  деп есептейді.

Бұл айтылғанның бәрінен парламент­тегі және үкіметтегі еуропалық бағытты қолдайтын оңшыл топтардың санының көп, ықпалының басым екені, әрі оларға солшыл ұстанымдағы, ресейшіл И.До­донның  саясаты ұнаймайтыны байқа­лады.

Осының алдында ғана  10 қазанда Сочиде өткен ТМД  елдері басшылары­ның   бас қосуында   Ресей президенті Владимир Путин кейбір қиындықтарға қарамастан Игорь Додонның екі ел ара­сында ынты­мақ­­тастықты қалыптасты­руға  жасап оты­р­ған әрекеттері үшін алғыс айтқан  болатын.

Батыс жұртшылығы парламенттік бас­қаруды  ең әділ және демократияшыл  жүйе санағанымен, оның осындай айтыс-тартысқа, келіспеушіліктерге  жол беріп отыратын   кедергі-қиындықтары бар. Оны тек Молдова ғана емес, басқа елдердің тә­жірибесінен көріп жүрміз. Осыған қара­ғанда, ырың-жырыңға жол беретін  парла­менттіктен гөрі  «тікелей президенттік бас­қару тиімді ме?»  деген ой қылаң  береді.

Ендеше, сіз қалай ойлайсыз, қандай пікірдесіз?