МАСКА ҮШІН ТАЛАС

немесе Қожанасырды неге саудаға салғымыз келді?

3d602594fd3adaad8b1cf44e0460eb07-1000x700

Ардақ Нұрғазы

Театр сахнасында нені болса да қиялдауға болады. Өйткені, ол – қиялдарды тоғыстыратын мекен.  Сахнада басталған қойылым тасада отырған көрерменнің көңіл көкжиегіне көтерілген сәттен қиял мен өмір тоғысады. Қиял деген – өмір, өткеннің елесі, жаныңның нәзік тұсына сыналап кіру,  барыңды бағалау, жоғыңды жоқтау, шаттану мен қайғыру, қала берді өзіңше өмір сүру. Өзіңе, өзіңнің шынайы болмысыңмен бетпе-бет келу. Болмыс демекші, арыдағы «жеке менің» мен «қоғамдық меніңнің» үндестігінің сорабын да осы тұстан табасың. Кейде, тіпті, санаңды біреудің қалай «ұрлап» кеткенін де сезбей қаласың.

М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында «Қожанасыр тірі екен» (авторы: Т.Нұрмағамбетов, қою­шы-режиссер – О.Кенебаев) спектаклінің кезекті қойылымы өтті. Зал толы көрермен 799 жасқа келген тірі Қожанасырмен (рөлде – Бекжан Тұрыс) кездесті. Сюрреализмдей көрінетін бұл жағдайға күмән келтіргендер, тіпті, болған жоқ десем, артық айтқандық емес. Оның себебін мен бірнеше түйіннен аңғар­ғандай болдым. Әуелі жұрт Қожанасырды сағынып қалған. Тіпті, жоғалтып алып, ұзақ іздеп, таппай, тағаты таусылып, көргісі келіп жүргенде Қожанасырдың өзімен кездесіп, арқа-жарқа болып кеткен сыңайлы. Одан қалды, сахнадағы Қожанасырдан біз көп дүние күтеміз. Біздің түсінігімізде Қожанасыр – болмасты болдыратын, теңсіз дүниенің таразысын түзеп, әлсіздерге қорған болатын, әрбіріміздің тірлігімізбен қатысы бар жан. Оны сол үшін іздейміз, аңсаймыз. Спектакль режиссері де көрерменнің осы түпкілікті түйсігін танып, дөп басқан. Жұрттың сағынышы мен сенгіш­тігін пайдаланып қойылымды әлеуметтік тақырыпқа арналған туынды ретінде көрсеткен. Бұл жерде сен жүрегіңе ұя салған баяғы Қожанасырдың бейнесімен ұшыраса қоймайсың. Соған қарамастан Қожанасырдың қоғамдық беделінің алдыңғы орынға шыққанын жатсынбай қабыл аласың. Қойылым «егер шынымен Қожанасыр тірі болып, ортамызға келсе не болар еді?» деген сұрақ төңірегінде өрбиді. Сонымен сүйікті бейнесін, өзіне ғана тән әлемін іздеп келген көрермен театрдан шыққанда қалайша үлкен қоғамдық «менімен» шыққанын білмей де қалады. Немесе көрермен режиссердің талабына сай әлеуметтік жүк арқалап қайтады. Мұндай тәсіл жалпы қазақ театр өнерінің дәстүріне тән шығар­машылық ұстаным екенін айта кеткеніміз жөн. Айталық, спектакльдің тақырыбы жұртқа таныс. Олай болса, күллі түркінің ортақ рухани қазынасы Қожана­сырға кім ие болуға тиіс? Аз ойланған жанға жауап та дайын сияқты. Қожанасырға тоқсан баулы түркінің бүгінгі ұрпағының бәрінің де «біз иеміз!» деуге құқығы бар емес пе?! Ендеше, басы ашық дүниені сахнаға алып шығуда режиссер­дің көздегені не?

Қойылым басталғанда Ал­маты­ның түкпіріндегі бір үйде екі жігіт ақша тігіп, карта ойнап отырады. Картадан ұтылған үй иесіне ақша керек болады. Сол аралықта сахнаға қарт адам көтеріледі. Бұл, енді, үй иесінің 38-бабасы – тірі Қожанасыр. Шалдың кім екенін білген соң жігіттерге ой түседі. Олар бір­ауыздан Қожанасырды саудалап, ақша жасау ниетіне көшеді. Бұл жерде режиссер заманымыздың басты қозғаушы күші – ақшаның құдыретін көрсеткен. Біздің өмір сүріп жатқан ортамызда жұрт ақша үшін бәріне барады. Оның жолында жаннан безуге де бар. Ал оның жанында ата-бабасын, ата-анасын сатып жіберу деген жай нәрсе. Қойылымда осынау көріністер қарапайым сияқты өткенімен, оның көрермен психологиясына тигізетін ықпалы орасан деуге болады. Жұрт өмірде болып жатқан, бірақ, ол туралы көп ойланбайтын жайттармен бетпе-бет келеді. Айталық, Қожанасырды біреулер сатқалы жатыр. Ал жұрттың түсінігінде Қожанасырды сату – мүлде мүмкін емес нәрсе.  Режиссердің көздегені де – көрермен санасын­дағы осы кереғарлықтан толқын тудыру.  Бұл тұрғыдан келгенде мақсат орындалғаны байқалады.

Сонымен тірі Қожанасыр туралы ақпар күллі әлемге таралады. Енді сахнаға Орталық Азияның түкпір-түкпірінен келген ақшалы әйелдер шығады. Олар өздерін әр халықтың аңызында өмір сүрген Қожана­сырдың әйелдері ретінде танысты­рады. Олар қырық пышақ болып Қожанасырға таласуды бастайды. Әйелдердің теке-тіресі аяқталмай жатып, сахнаға өзін «қырғыз», «өзбек», «түрікпен», т.б. деп таныстырған еркектер шығады. Олар да Қожанасырды барын  салып өзіне тартып, меншіктеп алудан аянып қалмайды. Сол жолда, тіпті, біріне-бірі суық қару сілтеуден де тайынбайды. Осы көріністердің бәрі қыран-топан күлкімен өріледі. Осымен комедиялық қойылым шырқау шыңына көтеріледі.  Себебі, орталарында бірде қызықтаушы, бірде төреші, бірде таласқа түскен көкпар болып Қожанасырдың өзі жүреді.

«Қожанасыр тірі екен» музы­калық комедиясы есте жоқ ескі замандардан келе жатқан аңыз тұлғаның көрермен көкейінде қалған таныс бейнесін пайда­ланып, бүгінгі күннің біз үшін өзекті деген мәселелері туралы ой қорытады. Біз бүгін ерекше рухани кереғарлықта өмір сүреміз. Адам ретінде капитализмнің ең бір сорақы құндылығын бойы­мызға сіңірген біз нені болса да ақшамен өлшейміз. Ақша үшін бәріне барамыз. Енді бір жағынан, адами болмысымыздың жақсы жағын да ұмытқымыз, уысымыз­дан шығарғымыз жоқ. Содан да рухымыздың тереңіне тамыр тартқан Қожанасырға, анығын айтқанда, Қожанасырдың маска­сына жатып кеп таласамыз. Оны өз меншігіміз ету жолында ештеңеден тайынбауға бармыз. Бүгін біз (қазақтар ғана емес, жалпы Орталық Азия халықтары) – міне, осылай бөлшектенген, кереғар сананың иесіміз. Бізге қойылымның тереңірек үңілмесең, бірден аңғара қоймайтын қоғам­дық сананың тасасында жатқан жоғарыдағы ойды айшықты жеткізгені ұнайды.

Жақсы қойылым қашанда күлдіріп отырып та ойландырады, ойландырып отырып та күлдіре алады. Себебі, драматург пен режиссердің көздейтіні де сол биік. Сол ұмтылысты сахнаның рухымен өмір сүретін актерлер өз деңгейінде жеткізсе, нұр үстіне нұр емес пе. Осы тұрғыдан алғанда «Қожанасыр тірі екен» музыкалық комедиясын қазақ сахна өнеріндегі бірегей туынды ретінде атауға әбден болады.