ЛАТЫН ӘЛІПБИІН ОҚЫП-ҮЙРЕНУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

7977919

Алматыдағы ҚР Ұлттық академия­лық кітапханада  «Латын әліпбиін оқып-үйрену орталығы» ашылды.

Бұл – әліпбиге біртіндеп көшуге бағытталған жұмыстың басы. Жаңа зал­да кез-келген адамның латын әліп­биін үйрену үшін жаңа қаріппен жазылған еңбектер жинақталған екен. Мәселен, 1929–1940 жылдар аралығында жарық көрген латын гра­фикасындағы қазақ­стандық кітаптар мен газет-журнал­дар­дың көрмесі бар. Сонымен қатар, жаңа залда қазақ тілінің латын әліпбиіндегі нұсқасы үйретіліп, семинар-тренингтер, оқу курстары, лингвист ғалымдарының онлайн кеңестері өткізіледі. Тіл ғалымдары жиі бас қосып, онлайн байланыс арқылы республиканың барлық аймағымен талқылаулар өткізбекші.

  • Веломәдениет

Велосипед тебудің пайдасы зор

Соңғы уақыттары көлік кептелісінен әбден мезі болған алматылықтардың ве­лосипедке деген сұранысы артып отыр. Байқасаңыз, бүгінде жас айырмашы­лығына қарамастан қаншама халық осы көлік құралын «ерттеп» мініп жүр. Велосипед тебу –  белсенді демалыс және қоршаған ортаны қорғау тәсілін дәріптеудің бірден-бір жолы.

 

Биыл Алматыда 21 шақырымға же­тетін веложолдар салынды. Осылайша веложолдардың жалпы ұзындығы 68 шақырымға ұзарды. Енді Алматыда велосипедпен жүру одан әрі ыңғайлы болмақ. Жол ережесіне енгізілген өзгерістерге сәйкес велосипедшілердің автобус жолағымен жүруіне рұқсат етілді. Сонымен қатар, 14 жасқа дейінгі балалардың жаяу жүргіншілер жолымен жүйткіп жүруіне мүмкіндік берілді. Айта кету керек, мегаполистегі автобус жолағы  95 шақырымды құрайды. Алдағы уақытта арнайы автобус жолақтарын тағы 13 шақырымға созу жоспарланған.

Жалпы, қай жағынан алып қарасақ та, велосипед тебудің қоғамға өлшеусіз пайда әкелетінін байқауға болады. Демек, қоғамда біз үшін әлі де кенжелеу қалып отырған веломәдениетті қалыптастыруды қолға алатын кез келді.

 

  • ЮНЕСКО

…Алматы қаласы да бар

Биыл ЮНЕСКО-ның шығармашылық қалалар желісіне 44 мемлекеттің 64 қаласы енді. БҰҰ-ның жаңалықтар орталығының мәліметінше, бұл тізімнің ішінде Алматы қаласы да бар екен. 

Жалпы, ЮНЕСКО желісі 2004 жылы қалалардың әлеуметтік-экономикалық дамуының шығармашылық әлеуетін пайдалану үшін құрылған. Оның географиясы жүйелі түрде кеңейіп келеді.

Ұйымның бас директоры Ирина Бокованың айтуынша, бүгінде әлемдік желіге 72 елдің 180 қаласы енгізілген. ЮНЕСКО-ның жаңа шығармашылық қалалары қатарына Альба (Италия) – гастрономия, Алматы (Қазақстан) —музыка, Бразилия (Бразилия), Дубай (Біріккен Араб Әмірлігі) – дизайн, Бристоль (Ұлыбритания) – кинематография, Пучхон (Корея) – әдебиет, Каир (Египет), Шеки (Әзербайжан) – декоративті-қолданбалы және халықтық мәдениет, Торонто (Канада) – медиаөнер бағыттары бойынша кірген.

Шығармашылық қалалар желісінің кезекті жыл сайынғы кездесуі 2018 жылы Польшаның Краков және Катовице қалаларында өтеді.

 

  • Ақылы автотұрақ

Автотұрақтан да Өркениет

белгісі сезілу керек

1 қарашадан бастап Алматыда ақылы сегіз жаңа автотұрақ іске қосылды.

Бірінші ақылы автотұрақ Абылай хан даңғылы бойында, Қабанбай батырдан Шевченко көшесіне дейінгі аралықта орналасқан. Екіншісі Жамбыл көшесінің бойында Желтоқсан көшесінен Байсейі­това көшесіне дейінгі аралықта орналасқан. Үшіншісі Қазыбек би көшесінің бойында Абылай ханнан Панфилов көшесіне дейінгі аралықта бар. Төртінші ақылы автотұрақ Әйтеке би көшесінің бойында Абылай хан көшесінен Панфилов көшесіне дейінгі аралықта орналасқан. Бесіншісі Желтоқсан көшесі бойында Шевченко көшесінен Бөгенбай батыр көшесі аралығындағы аймақта іске қосылды. Алтыншы автотұрақ Наурызбай батыр көшесінде, Шевченкодан Бөгенбай батыр көшелері аралығындағы аймақта ашылса, жетіншісі  Әйтеке би көшесі бойында Фурмановтан Төлебаева көшесіне дейінгі аралықта бар. Сегізінші ақылы автотұрақ Құрманғазы көшесінде Байтұрсынов пен Масаншы көшесі аралығында ашылды.

Дайындаған – Мәншүк БЕКБОСЫН.