ЖАРҚЫН ДАУЫСТЫ ЖАСТАР ТЕАТРЫ

немесе Нұрқанат Жақыпбайдың өзіндік қолтаңбалары

 %d0%bd%d1%83%d1%80%d0%ba%d0%b0%d0%bd%d0%b0%d1%82

Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен 25 қазан – 1 қараша аралығында   Астана қаласы Жастар театрының 10 жылдығы мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театрдың көркемдік жетекшісі, профессор  Нұрқанат Жақыпбайдың 70 жылдығына арналған «Жанарымдағы жалғыз әуен» атты қалалық театр фестивалі өтті.   

Фестивальде Жастар театрының  Халықаралық және Республикалық театр фестивальдеріне қатысып, жүлделі орындарды иеленген ең үздік спектакльдері: Ә.Кекілбаевтың «Нартәуекел», Ш.Айтматовтың «Жан азабы», Т.Ахметжанның «Сұлу мен суретші», Ш.Айтматов пен Ә.Кекілбаевтың «Шыңғысхан», Ж.П.Пило, О.Шультездің «Моцарт», Н.Гогольдің «Ревизор», С.Раевтың «Меккеге қарай ұзақ жол», У.Шекспирдің «Асауға тұсауы» көрсетілді.

Фестивальдің әр күні бір белеске айналды

Жастар театры Астана қаласы әкім­ді­гінің қолдауымен 2007 жылдың 5 шілде­сінде Ш.Айтматов пен Ә.Кекілбаевтың «Шыңғысхан» (сахналық нұсқасын жасаған Жаныш Құлмамбетов, реж. Н.Жақыпбай) спектаклімен шымылдығын ашып, бүгінде республикамызға ғана емес, алыс-жақын шетелдерге танылған іргелі өнер ордасына айналып үлгірді. Осыдан  он жыл бұрын Т.Жүргенов атын­дағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясын енді ғана тәмамдаған жа­лын­ды жастар ұстаз­дары Н.Жақып­байдың  бастамасы­мен Елордаға келіп, жаңа театрдың қазығын қақты. Жас театрдың алғашқы  директоры болып тағайындалған Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Ғани Құлжанов, одан кейін  директорлық қызметке келген Айболат Сексенбаев театрдың биік белестерден көрінуіне мол еңбек сіңірді. Қазіргі кезде бұл қызметті  осы театрдың негізін қаласқан актерлердің бірі Ернар Жұматаев абыроймен атқарып келеді.   Сол сияқты, театр директорының орын­басары, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Ләзима Сайбанова, директордың кеңесшісі Қазақстанның еңбек сіңірген артисі  Мұхтархан Манап пен театр режиссері Қазақстан Респуб­ликасының еңбек сіңірген қайраткері, профессор Бекболат Құрманғожаев театр­дың табысты жетістіктерге ие болуына үлес қосып жүр.

Фестиваль аясында  облыстық театр­лардың жас актерлері мен режиссерлеріне Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының «Театр өнері» факульте­тінің деканы, ҚР еңбек сіңірген қайрат­кері, өнертану кандидаты, профессор Аман Құлбаев  «Сахна қозғалысының жаңа тәсілдерін меңгеру», «Жеке ән салу» кафедрасының меңгерушісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Гүлдана Сапарғалиева «Дауыс түзу процесін тәжірибелік тұрғыда жетілдіру», «Сахна тілі» кафедрасының  профессоры  Мұрат Әбзелбаев «Актердің тіл техникасын мең­геру тәсілдері» атты  шеберлік сыныптар жүргізді. Бұған Семей, Павлодар, Қызыл­орда, Атырау, Ақтөбе, Петропавл қала­лары театрларынан жас мамандар қатыс­ты.  Шалғайда жатқан облыстардағы ак­тер­лер үшін біліктілік көтеру мүмкіндігін туғызған Жастар театрының жетекшісі Н.Жақыпбайға шеберлік сыныпқа қаты­сушылар  алғыстарын жаудырды. Расында да, фестивальдің әр күні естен кетпестей мағыналы оқиғаларға толы болды. Бұрын бір-бірін онша жақсы біле бермейтін актерлер, студенттер, колледж студенттері  өзара танысып, тәжірибе алмасты. Олар бұған дейін «Жастар» театрының шығар­машылығымен сырттай  таныс болса, осы жолы  өздерімен қатарлас жастардың өнеріне ризашылық­пен қол соқты.

Нағыз өнер мерекесіне айналған осы күндері «Жастар» театры: «Кеше. Бүгін» деп аталатын тақырыпта ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Конференцияның алдында Назерке Жұмабайдың  «Мен» және «Біз» кітабының тұсаукесері болды. Кітаптың «Мен» деп аталатын  І бөлімінде Н.Жақыпбайдың шы­ғар­машылық әлемінің қыр-сыры жан-жақты әңгіме етілген. Өнер иесінің актерлік пен ұстаздық жолынан бөлек, әсіресе режиссура саласындағы өзіндік қолтаң­басы, яғни шығармашылық «Мені»  талда­нып, бейнелі тілмен  көркем сараптама жа­салыпты. Ал «Біз» деп аталатын  ІІ бөлім­де биыл тарихына 10 жыл толып отырған Елорданың төл перзенті – Астана қаласы Жастар театрының құрылуы мен қалыптасу жолы баяндалған.

Конференцияда  қазылар алқасының мүшелері Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының «Театр өне­рінің тарихы мен теориясы» кафедрасының меңгерушісі, өнертану кандидаты, про­фессор С.Қабдиева, Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының көркемдік жетекшісі, өнертану кандидаты Е.Жуасбек, т.б. баяндама жасап, Н.Жақыпбайдың спектакльдеріне қатысты өз пікірлерін ортаға салды.

 

Нұрқанаттың

нұрлы әлемі

 

Иә, осы жылдар ішінде бүкіл  қиын­дық­тарды артқа тастап, жеке ғимаратқа ие болған Жастар театры жаңашылдығымен қуантқан маңдайалды  театрлардың қата­рына қосылды.  Аса үлкен жауапкершілікті  өз мойнына алған Н.Жақыпбай асау ағынға қарсы тұрып, аз уақыттың ішінде аңызға бергісіз театр жасады.  Театрдың әрбір жаңа премьерасы мәдени оқиғаға айналып жатты. Республикалық және Халықаралық театр фестивальдерінен бірнеше Гран-прилер мен жүлделі орын­дарды иеленіп, биік тұғырлардан көрінді. Театр өнеріне селсоқ қарай бастаған  кө­рермендердің  қызығушылығын оята  бастады. Мұның бәрі Н.Жақыпбайдың ұйымдастырушылық қабілеті мен кәсіби біліктілігін танытады. Өз шеберханасынан түлеп ұшқан бірнеше буын шәкірттерінің  басын біріктіріп, бірлігі жарасқан өнер ұжымы етті. Әрине, жұртшылықты толға­нысқа түсіретін өнер құдіреті оңай ту­майды.  Қазіргі кезде театр репертуа­рында қырыққа жуық   спектакль бар болса, со­ның әрқайсысында режиссер мен актер­лердің қаншама төгілген тері, бейнетті еңбегі жатыр.

Сонымен, бұл театрдың спектакльдері басқалардан қалай ерекшеленіп тұр? Егер осы сұрақтың төңірегінде ой қозғасақ, онда еріксіз ХХ ғасырдың басындағы Ресей театр режиссерлері  Всеволод Мейерхольд, Вахтангов, Александр Таиров, Михаил Чехов  тәсілдері еске түседі. Олар өз спек­такльдерінде сөзден басқа, актер плас­тикасын, биді, пантомиманы, цирктік трюктерді қолданып, көрерменнің ойын қозғауды алдыңғы кезекке шығарды. Н.Жақыпбай режиссурасындағы ізденістер де, жоғарыда аты аталған алыптардың тәсілдерімен өзектес.  Ол барлық қойы­лымдарында  әр сахнаны әдемі актерлік пластикаға құрып, орындаушы­лардың кең кеңістікте ойын көрсетуінің  мүмкіндіктерін қарастырады. Себебі, бүгінгі театр актерлік өнерге үлкен талаптар қойып отыр. Әр  түрлі  стильдер мен жанрларда жазылған шығармаларда  жарқын бейнелер жасау актерден сыртқы техника мен ырғақты сезінуді, бейнелі пластиканы талап етеді.

Егер кескіндеме мен мүсін пластикаға сымбаттылық аспектісінде көңіл аударатын болса, онда театр оның динамикалық сипаттамасын қолданады. Адам ешқандай сөзсіз де екінші адамға көп дүниені жеткізе алады. Мәселен, қимыл-әрекет,  көзқарас, ым-ишара арқылы және т.б. Сол секілді, актер де өзінің  пластикасы арқылы көрермендерге мазмұнды ойды жеткізу мүмкіндігіне ие. Бірақ ол тек бимен немесе жәй қимылмен  ғана  көрерменге ойын­дағысын жеткізе береді деу қате түсінік. Актер сыртқы және ішкі пластикасын байланыстыру арқылы ішкі жан дүниесін, айтайын деген ойын жеткізеді. Оған тіпті декорация, костюм, гримнің де көп қажеті болмауы мүмкін. Актер режиссердің талабын, алға қойған мақсатын дұрыс түсініп, өзінің сыртқы қимыл-әрекетін ой тізбегімен байланыстыра білуі үлкен талант пен еңбекті қажет етеді. Осы тұрғыдан пластикалық әрекетке құрылған спектак­льдер актердің өсуіне, ашылуына көп көмегін тигізетіндігін айта кеткен орынды. Сонымен қатар, актер сахнадағы мизан­сценалардың, гримнің, костюмнің ығына жасырынбай, тек өз дене қозғалысы мен ойының ұшқырлығына сенуі тиіс. Бұған әу бастан дайындалмаған актер, ешуақытта да кездейсоқ келіп бейне жасай алмайды. Ал ұлағатты ұстаз  Н.Жақыпбай академия табалдырығын енді ғана аттаған 1 курс сту­дентін ең әуелі өз денесін  игеруге машық­тайды. Себебі, өзінің денесін игере алмаған актер қозғалудан қорқып,  сахнадан жанды бейне жасай алмай,  сіресіп қалады. Дене­сін игерген актер айшықты қозға­лыстар жасап, шығармашылық қиялына ерік береді.

 

Ишарамен-ақ ұтып жүр

 

Н.Жақыпбай режиссурасымен қойыл­ған спектакльдердің барлығы да  пласти­каға құрылып,  шығарманың идеясы жаңа қырынан ашылып отырады. Ол орындау­шыларға «психофизикалық әрекет тәсілін» сіңіре білген режиссер. Барлық мизанс­ценаларда физикалық әрекеттер алдыңғы кезекке шығып, режиссердің ойы пласти­калық бейнелі тілмен өрнектеледі.   Елес­тету, суырыпсалмалық, көркемдік талғам және актердің техникасы бір арнаға құйылып, бейненің пластикалық айқын­дылығын тудырады.  Спектакльдердегі музыка, сахналық безендіру, тіпті кейіп­керлердің костюмдері де  әрекетпен үндесіп жарасымды тұтастыққа ие  болады. Бұған осы күндері театр сахнасынан тамаша­лаған Ә.Кекілбаевтың «Нартәуекел», Ш.Айтматовтың «Жан азабы», Т.Ахмет­жанның «Сұлу мен суретші», Ш.Айтматов пен Ә.Кекілбаевтың «Шыңғысхан», Ж.П.Пило, О.Шультездің «Моцарт», Гогольдің  «Ревизор», С.Раевтың «Меккеге қарай ұзақ жол», У.Шекспирдің «Асауға тұсау» қойылымдары дәлел бола алады. Аталған спектакльдердегі актерлік ансам­бльдің тұтастығы, композициялық жина­қылық, ырғақтылықты ұтымды ұстану, сахна кеңістігін қолдануындағы қызықты шешімдер режиссердің дара қолтаңбасын айнытпай танытады.   Актерлердің ғажай­ып, күрделі қозғалыстары арқылы пьеса мазмұнына сәйкес түрлі ұғымдарды плас­тикалық тілмен  жеткізе алған. Мысалы, «Жан азабындағы» бостандық пен құлдық, «Сұлу мен суретшідегі» сезім шарпылысы, ойлар легі, «Шыңғысхандағы» махаббат, құмарлық, қоғам, қорқыныш тәрізді ұғым­дар еркін оқылады. Орын­даушылардың қозғалысы кейіпкерлердің психологиялық ерекшеліктері мен өзара қарым-қатынас­тарын дәлме-дәл бейне­лейді.  Бұған  музы­ка мен  алуан түсті жа­рық қосылып, спек­такльдің ішкі динамикасын ширықтырып отырады.

Н.Жақыпбайдың барлық спектакльде­рінде сахна алаңы актерлердің еркін қимылдауына өте оңтайлы ойласты­рылған. Барлық салмақты актерлердің иығына  жүктеген режиссер орындау­шылардан өз денесін жұмыс құралы ре­тінде пайдаланып, рольді еркін меңгеруді талап еткен. Спектакльде ойнаған актерлердің пластикалық қимыл-қозғалыстарындағы бірлік пен ырғақ, мимика мен ишара, сөз бен әрекеттің үйлесімділігі олардың кәсіби деңгейі мен шеберліктерін таныта алды. Хормен айтылатын әндерді фоно­граммасыз өз дауыстарымен  орындау­лары да спектак­льдердің поэтикалық қуатын күшейтіп, көрермендермен  эмоциялық байланыс ор­на­туға пәрменді әсерін тигізген. Режиссер алуан бояулы пластикалық партитуралар арқылы кейіпкерлер міне­зін ашуға ден қойған. Қойылымдар шиыршық атқан әрекет пен дамылсыз қимыл-қозғалысқа құрылып,  спектак­льдің  ырғақ-қарқынына   көруші жұртты ілестіріп әкетеді.

 

Бүгінгі «Ревизорды»

кӨргіңіз келсе…

 

Н.Жақыпбай режиссурасымен қой­ыл­ған әрбір жаңа қойылым жарыққа шыға салысымен театр қайраткерлері мен өнер сүйер қауымның арасында қызу пікірталастар туғызып отырды. Сондай спектаклінің бірі – «Ревизор». Спектакль премьерасынан кейін Гоголь пьесасының мүлде басқа қырынан оқылғанын біреулер қаламай жатса, енді бірі бұл спектакльдің бүгінгі заманмен үндестігін баса айтты. Кезінде белгілі театр сын­шысы,  профессор Ә.Сығай, өнертану кан­дидаты, профессор С.Қабдиева, өнертану кандидаты Е.Жуасбек, театр сыншысы, профессор Х.Сағатова Н.Жақыпбай режиссурасының  жаңа­шыл­дығын дұрыс көре білді.

Шынында да, Н.Жақыпбай «Ревиз­ор­ға» мүлде басқаша көзқараспен келіп, бұрыннан  қойылу дәстүрі қалыптасып қалған пьесаны жаңаша интерпретация­лады.  Ең әуелі ол  Гоголь пьесасының жанрын траги-фарс деп анықтаған. Бұл оның бүгінгі қоғамда болып жатқан келеңсіздіктерді әшкерелеп, шындықты бүкпесіз ашып көрсетуіне кең жол ашты. Драматург пьесада орыс шенеуніктерінің ел басқарудағы түрлі әрекеттерін күлкі найзасымен шанши отырып, бүгінгі  қоғамда орын алған көптеген олқылық­тарды ашып көрсетті. «Сырты бүтін, іші түтін» билік басындағылардың  шынайы болмысын  боямасыз суреттеген.

Н.Жақыпбай  автордың түпкі идеясын дөп басып, өзінің алдына қойған басты мақсатын жүзеге асырды. Спектакльді сатиралық бояумен әрлеп,  бүгінгі қоғамдағы кемшіліктерді  үлкен трагедиялық кейіпте жеткізуге барын салған. Ол ежелден қалыптасқан дәстүрлі шешімдерден қашып, қойылымға жаңа көзқараспен, өзгеше пайымдаумен келді. Режиссер сахнадағы бейнелердің мінез-құлық ерекшеліктерін бірден анықтап алған. Сондықтан да кейіпкерлер  бой­ын­дағы өздеріне тән қасиеттер спек­такльдің алғашқы сахнасынан бастап, соңына дейін эволюциялық тұрғыда дамып, өзінің биік нүктесіне жетті.

Спектакльдегі  Дуанбасы – Әділ Ахметов, Хлестаков – Дәурен Серғазин, Ляпкин-Тябкин – Бақыт Хаджыбаев, Земляника – Азамат Есқұлов, Бобчин­ский – Жандәулет Батай, Добчинский – Нұрлыбек Төлеген, Шпекина – Айнұр Рахипова актерлік шеберліктерімен тәнті етті. Бұл орындаушылар физикалық көңіл-күй  мен  психологиялық құбылу­ларды  әрекетпен ұштастырудың озық үлгісін көрсете отырып, күрделі диалог­тар мен монологтарды терең тебіреніспен және қимыл-әрекет үстінде орындай алғанын атап өткен ләзім.

Сонымен, белгілі сахна саңлағы, талғампаз режиссер  Н.Жақыпбайдың шабытты режиссурасынан дүниеге келген көркем спектакльдер өзінің кәсіби сапасымен, шығармашылық талапқа сай идеялық құндылығымен қазақ театр өнерінің тарихын байытып, жаңа актерлік мектептің іргесін қалады.

Жастар театрының 10 жылдығы мен режиссердің 70 жылдық  мерейтойы жеке бір ұжымның ғана емес, бүкіл еліміздің тойы. Сондықтан да осынау айтулы күні  Н.Жақыпбайға жемісті еңбек, зор ден­саулық, ұзақ ғұмыр тілейміз! Ал, Жастар театрының алдағы уақытта жалындап, бүкіл әлемдік деңгейде танылатынына сеніміміз мол.

 

Б. НҰРПЕЙІС,

Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық

Өнер академиясы «Өнертану»  факультетінің  деканы,

өнертану докторы, профессор.