БОЛАШАҚҚА ЖОЛ АШАДЫ

%d0%bb%d0%b0%d1%82%d1%8b%d0%bd

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы еліміздің мәдениеті мен әдебиетін, салт-дәстүрі мен ұлттық руханиятын қайта жаңғыртуға мол мүмкіндік бергені баршамызға аян. Сонымен қатар, бұл Қазақстан болашақта тек экономикалық дамуымен ғана емес, рухани өркендеудің де жоғары сатыларына қол жеткізуі тиіс екенін аңғартады. Елбасымыз осы мақаласында ел дамуы­ның басты факторларын атап көрсете келіп, таяу жылдарда атқарылатын міндеттерге де тоқталды. Оның  бірі – қазақ тілін біртіндеп 2025 жылға дейін латын графикасына көшіру екендігін қадап айтты. Бұл мәселені Ұлт Көш­бас­шысы бұрын да бірнеше рет көтерген болатын. Биылғы жылы осы міндетті жүзеге асыру мықтап қолға алынды.

2017 жылғы 26 қазанда Мем­лекет басшысы Н.Ә.На­зарбаев «Қазақ тілі әліпбиін кирил­лицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл, шын мәнінде,  халқымыздың ғасырлар бойғы арман-мұратының  жүзеге асқан күні, тарихта алтын әріппен жазылатын  күн болды. Қазақ елінің кешегісіне көз жүгіртсек, орта ғасырға бармай-ақ, берісі ХХ ғасырдың өзінде әліпбиіміз үш рет ауысқанын байқар едік. Осы науқанда қазақ тілінің тілдік ерекшелігі біршама өзгерістерге түскенін лингвист ғалымдарымыз айтып та жатыр. Елбасымыздың Жолдауында көрсетілгендей, Қазақстан Үшінші жаңғыру кезеңін жаңа әліпбимен бастаса, бұл рухания­тымызды жаңа ғасырға қарай жаңаша жаңғыртуға көп көме­гін тигізері анық. Сонымен қатар, латын әліпбиіне көшу әлемнің өркениетті елдерінің мәдениеті мен біліміне кірігуі­мізге зор мүмкіндік ашатыны сөзсіз. Қазіргі жаһандану заманында біздің басты мақса­тымыз – әлемнің дамыған елдерінің көшінен қалмау. Латын әліпбиі еліміздің білім саласын жан-жақты дамытуға, сонымен қатар түркі халық­тарының бір-бірімен мә­дени және рухани жақындас­уына да ықпалын тигізері анық. Олай дейтінім, түбі бір туыстас түркі халықтарының басым көпшілігі  латын графикасын кеңінен қолданады. Келешек ұрпақ түбі бір туыс елдердің рухани дүниесін терең меңгеруі үшін бұл әліпбидің рөлі зор болмақ.

Елбасымыздың биылғы Жол­дауындағы білім саласына жүктелген міндеттер бойынша 2018-2019 жылдарға қарай еліміздегі кейбір жекелеген пәндерді ағылшын тілінде оқыту міндеттеліп отыр. Соған байла­нысты қазіргі таңда педагоги­калық университеттерде Білім және ғылым министрлігі тапсырмасымен ағылшын тілінде дәріс беретін мұғалім кадрларын дайындау қолға алынды. Біздің еліміздің латын әліпбиіне көшуі мектеп табалдырығын жаңа аттаған бүлдіршіндеріміздің ағылшын тілін меңгеруіне қиындық тудырмайды.   Яғни латын әліпбиін меңгеру арқылы ағылшын тілін де меңгеру оңайлау болатыны сөзсіз. Бүгінгі жасалып отырған тарихи қадам ертеңгі «Мәңгілік Елдің» мызғымас түп қазығы десем, артық айтқандығым емес. Ұрпақтарымыз тәуелсіз еліміздің ертеңіне өзіндік тілдік ерекшелігі сақталған, ұлттық рухани мұрасынан толық ақпар бере алатын төл әліпбиімізбен енсе, онда тәуелсіздіктің де тұғыры солғұрлым биік болары сөзсіз. Біздің университетіміздің бас­шылары мен лингвист-ғалым­дарының осы міндет бойынша атқарар жұмысы да орасан болмақ. Себебі, қазақ білімінің қара шаңырағы – Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті елімізде тек тұңғыш оқу орны ғана емес, педагогикалық жоғары оқу орындарының көшбасшысы. Көшбасшы оқу орны бұл мін­деттерді тиянақты орындап, басқа педагогикалық оқу орын­дарына, еліміздің ұстаздар қауымына қол ұшын соза алатын ғылыми орталық болуы тиіс деп санаймын. Ел болып ұзақ жылдар бойы сарыла күткен бүл қуанышты мерекенің ғұмырын ұзақ қылып, бола­шақта осы әліпбиді әлемдік деңгейге көтеру біздің қолы­мызда. Осы жолда тек ұран­датып қана қоймай, әрі қарай осы әліпбидің дамуына үлес қосу баршаның міндеті.

Хайрулла Жанбеков,

     Абай атындағы ҚазҰПУ

     Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры.

 

Мәңгілік Ел – бабалар аманаты, келешек кепілі

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев халыққа Жолдауында: «Мәңгілік Қазақстан» жобасы — ел тарихындағы біз аяқ басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті» деген болатын. Бұл орайда елді елең еткізген жаңалық – тұңғыш мемлекеттік ресми идеология – «Мәңгілік Ел» идеясының жариялануы біз үшін болашағымызға бағдар болатын,  ұлтты ұйыстыратын, ұлы мақсаттарға жетелейтін бағдар болып отыр.

Мәңгілік Ел отандастарымыздың бас біріктіретін ұраны. Онда қазақ елінің ғасырлар бойы тәуелсіздік жолындағы күрес тарихы жатыр. Осының арқасында біз қазіргі ғасырлар тоғысында, ірі державалар арасында өзіндік үні бар, асқаралы арманы бар елге айналдық.

Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі, оны ұстап  тұру әлдеқайда қиын. Бұл – әлем кеңістігіндегі ғұмыр кешкен талай халықтың басынан өткен тарихи шындық. Өзара алауыздық пен жан-жаққа тартқан берекесіздік талай елдің тағдырын құр­дым­ға жіберген. Тіршілік тезіне төтеп бере алмай жер бетінен ұлт ретінде жойылып кеткен елдер қаншама. Біз өзгенің қателі­гінен, өткеннің тағылымынан сабақ ала білуге тиіспіз. Ол сабақтың түйіні біреу ғана – Мәңгілік Ел болу біздің өз қолымызда.

Мәңгілік елдің мәңгілік сөзі болады. Бабалардан мирас болып келе жатқан мәңгі өлмейтін асыл қазынамыздың бірі – ана тіліміз.  Өз ана тілінде тіл қатпау – бақытсыздық екенін орыс тілді ағайын­дарымыз біле берер ме екен. Халқымыздың өзімен бірге жасап келе жатқан тілі – мем­лекеттік тіл – қазақ тілі.  Келешекте қазақ­стандықтар тек мемлекеттік тілде сөйлейтін күн де алыс емес. Ол үшін  мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыру барысын құзырлы өкілетті органдар мен әкімшіліктер қадағалауда.

Атап айтқанда, «Мәңгілік Елдің» жеті қағидасы біздің дамуымыздың құндылық­тарын, Қазақстан халқының ортақ мүддесі мен тарихи тағдырын айшықтайды. Олар: Қазақстан мен Астананың тәуелсіздігі; ұлттық бірлік, біздің қоғамымыздағы бітім мен келісім; зайырлы қоғам және жоғары руханилық; индустрияландыру мен инновациялар негізіндегі экономикалық өсім, Жалпыға ортақ Еңбек Қоғамы, тарихтың, мәдениет пен тілдің ортақтығы, ұлттық қауіпсіздік пен біздің еліміздің жалпы әлемдік және өңірлік мәселелерді шешуге жаһандық атсалысуы.

«Мәңгілік Ел» мұратына жету ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығының көрінісі арқылы жүзеге асатындықтан да Ұлт көшбасшысының халықтың үш буынына үн қатуы – кешегі тарих қойнауындағы бабалар үнін тағы да жаңғыртқандай әсер қалдырды. Осы құндылықтар арқасында біз әрдайым жеңіске жеттік, елімізді нығайттық, ұлы жетістіктерімізді еселедік. Жаңа қазақстандық патриотизмнің идея­лық негізі – осы мемлекет құрушы, жалпы ұлттық құндылықтарда жатыр.

Ықылым заманнан бері Ұлы Дала елін­де мекен еткен көшпелі ата-бабалары­мыздан  өшпестей тасқа жазылып қалған петроглифтер соның заңды айғағы. Алысқа бармай-ақ,  Жетісу жеріндегі Таңбалы тас осының дәлелі. «Таңбалы» мәдени-тарихи қорық мұражайында түркі дәуірінің ту ұстаған атты адам бейнесі кездеседі. Ол ұзақ жылдар «Қазақстан» телеарнасының логотипі болып келді. «Таңбалы» қола дәуірінен түркі дәуіріне дейінгі бабалардың «Мәңгі Ел» орнату жолы бейнеленген рәміздер жүйесі деуге болады.

Жартастағы бөрілі байрақ көтерген, ту желбіреткен салт атты бір топ жауынгерлер елдіктің, ерліктің, Отан үшін күресін жас ұрпаққа паш етіп тұрғандай.

Ана тілімізді латын қарпіне көшіруді ұлт көшбасшысы, Елбасы өзінің бағдар­ламалық мақаласында бүгінгі күннің қажеттілігінен туындап отырғанын баса айтты. Өйткені, латын әліпбиі әлемдегі ең танымал, ең көп қолданылатын жазулар­дың бірі болып саналады. Мәселен, әлемнің 100-ден аса мемлекеті латын әліпбиін қолданса, жаһандағы өзекті ақпараттар­дың 70 пайызы осы әліпбимен беріледі екен. Соған орай, қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуге байланысты кітапхана ұжымы дайындық жүргізуде. Осы орайда жуырда ғана «Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана» мемлекеттік мекемесінде А.Бай­тұрсынов  атындағы тіл-білімі институты, ҚР Ұлттық Кітап палатасы, ҚР Ұлттық кітапханасы, Алматы қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі, ғалымдар мен БАҚ өкілдерінің қатысуы­мен «Л.Брайль нүктелі-бедерлі шрифтімен қазақ тілінің латын әліпбиіне біртіндеп өтуі» тақырыбында «Дөңгелек үстел» өткіздік. Қазіргі кезде «Қазақ соқыр­лар қоғамы» және облыстардағы зағип жандарға арналған арнайы кітапханалар­мен бірлесіп жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобы болашақта А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтымен және Ш.Шаях­метов атындағы тілдерді оқыту орталы­ғымен бірлесіп жұмыс істемек.

Біздің оқырмандар Л.Брайль нүктелі-бедерлі қарпіндегі басылымдарды пайдала­натын ерекше жандар. Әрине, тарихи-мәдени, әдеби құндылықтарды сақтайтын, оны оқырманына жеткізетін, өздеріңіз білесіздер,  ол – кітапхана.  Кітапхана қоғам­да болып жатқан өзгерістерге бей-жай қарай алмайды.  Солардың бәріне атсалысып, бел ортасында жүріп, рухани құндылықтарды көзінің қарашығындай сақтап, насихаттап, өз пайдаланушыла­рына жеткізеді.

ХХІ ғасыр – қарыштап даму дәуірі. Біз өмір сүріп жатқан қоғам өзгерістерге толы кезең. Елбасының:  «Эпицентр мира», «Қа­зақстан жолы», «Стратегия-2050», «100 нақ­ты қадам», М.Қасымбековтің «Первый. Очерки о президенте РК»; қазақ және орыс тілінде жылдағы Жолдаулар мен ҚР Конс­титуциясы, қазақ тілінде Ш.Күміс­баевтың «Қайсар бала» атты басылымдары Л.Брайль нүктелі-бедерлі қарпінде басылып, оқырмандарымызға дер кезінде жетіп отыр. Сонымен қатар, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы, жылдағы Жолдаулары, «Мәң­гілік Ел» идеяларын пайдаланушы­лары­мызға түсіндіріп, насихаттап, өз жұмы­сымызға қолданып, әр түрлі көп­шілік-мәдени  іс-шаралар өткіземіз.

Атап айтсақ, биылғы жылы «Мұқағали оқулары», Алаштың 100 жылдығына арналған «Азаттық таңын аңсаған Алаш арыстары» атты әдеби-сазды кеш, «Абай оқулары» фестивалі, түрлі тақырыптарда дауыстап оқу сағаттары, «Ақ таяқ» байқауын, «Ашық есік» күндерін, облыстан талантты зағип ақындарды шақырып, олардың шығармашылық кештерін өткізіп, оқырмандарға насихаттау барысында Алматы төріндегі біздің кітапханада өткізуді дәстүрге  айналдырдық. Қазіргі кезде бізде зағип жандарды кітапханаға тарту мақсатында түрлі әдеби-сазды кештер, кездесулер ұйымдастыру жақсы жолға қойылған. Олармен  шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ ойындарының жарысын, «Спортта шекара жоқ» атты зағип вело­марафоншылар командасымен кездесу кештерін өткіздік.

Үстіміздегі жылы  сәуір айында «Қазақ­стан – ашық мүмкіндіктер елі» атты халық­аралық семинар өткіздік. Оған Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Өзбекстан және т.б. мемлекеттердің зағип жандарға арналған кітапхана қызметкерлері қаты­сып, іс-тәжірибе алмастық. «Жігер» мүмкіндігі шектеулі жастар ұйымы семинарды жүргізуге атсалысты. Ал «Көмектес» көз мүгедектігі қоғамдық қайырымдылық қорымен бірлесіп жыл сайын түрлі ұлт өкілдерінің зағип жандар арасында «Менің елім» атты қазақ әндерін орындаудан байқау өткізу дәстүрге айналған. Биылғы дәстүрлі байқауға 9-дан аса ұлт өкілдері қатысты. Сонымен қатар, «Қазақ соқырлар қоғамымен» жыл сайын «Ақ таяқ» бай­қауын ұйымдастырамыз. Ол Л.Брайль жүйесі бойынша оқу, Қазақстан Республи­касының монеталарын, түрлі бедерлі-графикалық құралдарды сипап-сезу арқылы анықтау номинациялары бойынша өткізіледі. Демек, кітапхана зағип жандардың шығармашылық орталығына айналған десек, қателеспейміз. Себебі, бұл жерде инфрақұрылым дамыған, көбісі осы аумақта тұрады. Мәдени-көпшілік демалыс орындарына баруға оларға транспорт қажет. Сондықтан барлық мәдени-көпшілік шаралар кітап­ханада өтеді.

Алдыға қойған мақсат айқын. Ертеңіне сеніммен қарайтын, жастары алғыр, жаңалыққа жаны құштар, рухы биік ел ғана – Мәңгілік Ел көшін жалғас­тыра алады.  Мәңгілік Ел аманат болып бізге жетсе, оны келешекке арнау үшін біз бүгін қолда бар мүмкіндіктерді пайдаланып жатырмыз.

 

Ерлік ӘЛІМҚҰЛОВ,

Республикалық Зағип және нашар көретін жандарға арналған кітапхана

директоры, ҚР мәдениет қайраткері, өнертанушы.