АРЫСТАР АЗАПТАЛҒАН «ҮЙ»

мемлекет иелігіне қайтарылуы тиіс

%d0%bd%d0%ba%d0%b2%d0%b4

КОКП-ның ХХ съезі қарсаңында 1924—1954 жылдар аралығында қуғын-сүргінге ұшырағандардың саны жария етілген екен. Олардың жалпы саны 3 миллион 777 мың адамға жеткен деген дерек бар. Солардың ішінде 649 мың адам атылған. Ал осы кезең аралығында Қазақстанда 100 мыңнан астам адам саяси қуғынға ұшырап, сотталған. Олардың 25 мыңы өлім жазасына кесілген.

Сол зұлмат жылдары Алматы Қазақ­станның астанасы болды. Атылып кеткен Алаш арыстарының көбі осы бас шаһарда жұмыс істеген. Осы жерде қуғындалған, өмірі қиылған. Демек, Алматыда сол оққа байланған оғландарды еске түсіретін үлкен бір тарихи орынның болмауы – ұлтты­ғымызға сын.

Нұржамал ӘЛІШЕВА

Сонау 1992 жылы Наурызбай батыр мен Қарасай батыр көшелерінің қиылысындағы бұрынғы НКВД-КГБ үйінің қарсысындағы «Қарағайлы» саябағында «Ашаршылық құр­­бандарына ескерткіш орнатылады» деп қаратас қойылған еді. Сол қаратас зілбат­пан болып бақандай 25 жыл жатыпты. Был­тыр шаһар басшысы Бауыржан Бай­бек бұл мәселенің міндетті түрде оң шеші­летінін айтып, уәде берген болатын. Биыл мамырда «ақ түйенің қарны жарылып», «1931—1933 жылдардағы аштық құрбан­дарының ескерткіші» ашылды. «Қарағай­лы» саябағындағы Қабанбай батыр мен Наурызбай батыр көшелерінің қиылы­сына орналасқан бұл тарихи жәдігер қола мен граниттен жасалған, биіктігі 3 метр. Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Б.Байбек:

– Баласын  кеудесіне қысқан Ана бейнесі. Ана –  барша тіршіліктің қайнар көзі, ұлт­тың ұйытқысы, келешектің кепілі. Ана қасіреті – ел қасіреті. Аштықтан бұратыл­ған болашағын – өз сәбиін құшақтаған ананың қайғылы хәлі сол кезеңде өмір мен өлімнің арасындағы қазақ халқының басынан кешкен талайлы тағдырын шынайы бейнелейтіндей. Бұл ескерткіштің мәні – өткендер рухына тағзым, ал болашақ үшін – тағылым, – деген болатын.

Бұл – ашаршылық құрбандарына ар­нал­ған ескерткіш, ал жоғарыда сөз болған саяси репрессия құрбандарының ескерт­кіші қайда? Көптің көкейіндегі ендігі бір сауал осы.

1938 жылдың 25 ақпаны мен 16 наурыз арасында НКВД-КГБ-ның үйінде 641 адам атылған екен. Сол қаһарлы да азалы үйдің ауласында атақты «ішкі түрме» болған. Сол жерде исі қазақтың талай азаматы қорлық көрген, азапталған, ақыр соңында атылған.

– Елбасының 2000 жылдың 19 сәуірінде қол қойған, бекітіп берген жобасы болатын. Сол жоба бойынша осы НКВД-КГБ үйі, ауласындағы аты шулы «ішкі түрме», жанындағы «Қарағайлы» саябағы және Чайковский мен Наурызбай батыр көшелері аралығындағы аллея бар­лығы бірігіп Қазақстандағы саяси репрес­сияға ұшыраған құрбандардың аруағына арналған мұражай кешені болуы тиіс еді. Содан қаражат бөлініп, 2003 жылдың қыркүйегінде екі қабатты қамтитын мұра­жай ашылып, жұмысын бастап та кеткен болатын. Өкінішке қарай, 2005 жылы Наурызбай көшесі, 108-үйдегі НКВД-КГБ ғимараты жекенің қолына өтіп кетті. Міне, осыдан-ақ өз тарихымызға өзіміз тас атып, қадір-қасиетін түсінбейтініміз көрініп тұр. Өркениетті мемлекеттер өткеннен сыр шерткен әрбір ғимараты тұрмақ, әрбір тал-терегіне дейін қорғауға алып, тарихи жәдігер ретінде дәріптеп жатады. Ал біз мыңдаған арысы­мыздың Тәуелсіздік үшін күресіп, жанын саудаға салып, азап шегіп, қамалған алақандай жеріне ие бола алмай отырмыз, – деп күйінеді ҚР Саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар қауымдастығының төрағасы Жұмабек Ашуұлы.

Сәл шегініс. Бұл қауымдастық сонау 1991 жылы құрылған. Басы-қасында 2 рет ату жазасына кесіліп, 18 жыл айдауда болып келген марқұм Бекболат Мұстафин атамыз жүрген. Иә, жоғарыда айтылып кеткен «саяси репрессия құрбандарының ескерткіші» осы сұр үй – НКВД-КГБ ғимараты.

Жұмабек Ашуұлының сол бір нәубет пен зұлмат жылдардың куәсі ретінде қал­қайып тұрған НКВД-КГБ ғимаратының тарихи жәдігер ретінде тарихта қалуы, сондай-ақ, Наурызбай батыр көшесі бойындағы бөлікте ашылған бұрынғы мұражайды қайта қалпына келтіру үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей, шырыл­дап жүргеніне биыл он үшінші жылға аяқ басыпты. Елбасының рухани жаңғыру идеясы аясында осы мәселеге бір нүкте қойылар деген үмітпен әлі де шаршамай, талмай жүгіріп жүрген жайы бар.

– Отбасым Астанада. Ал менің солар­дан жырақта күйсіз жүргендегі мақсатым – осы тарихи орынды мемлекет меншігіне қайтарып беруге атсалыссақ, ертеңгі ұрпаққа маңызды жәдігер қалдырып кетсек дейміз. Жүйке де тозуға айналды, жас та келе жатыр, бірақ шегінгім жоқ. Өйткені, мен елімді сүйемін, туған жерімнің әрбір қара тасы да мен үшін қасиетті, – деді Жұмабек Ашуұлы.

Айтпақшы, сол мұражайға кезінде жи­нал­ған, қатталған құнды дерек-жәдігерлер бүгінгі таңда Алматы тарихи мұражайының қоймасында, тас қараңғы жерде шаң басып буып-түюлі күйінде жатқан көрінеді.

Сіз не дейсіз?

Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ,

академик, алаштанушы:

– Қабырғалы қазақтың жартысынан астамы опат бол­ған өткен ғасырдың 1921—32 жылдары аралығында болған аштық, одан кейін иісі қазақтың қаймағын сыпырып кеткен 37 жылғы қуғын-сүргін кезеңі әрқайсысы­мызға таныс. Қуғын-сүргін дегенде біз көбіне саяси көзқарасы қызыл империяға қайшы келген зиялы­ларымыздың жапа шеккенін еске аламыз. Ол кезде қызылдардың қырына тек билік тұтқасын ұстағандар ғана емес, ағар­тушылық жолда жүрген ғалымдар да ұшы­рады. Ұлт зиялылары жазған оқулықтары ар­қылы ұлтты оятуға, көкейіне ой салуға, түрткі жасауға ұмтылды. Сөйтіп, саяси қудалауға ұшыраған ұлттың бетке ұстар азаматтары түгелге жуық атылып кетті. Сондықтан бұл тарихи ғимарат құнды жәдігер ретінде сақталуы тиіс.

 

Асылы ОСМАНОВА,

қоғам қайраткері, ғалым:

– Тәуелсіздік алғанға дейін біздің халқымыздың тартқан тауқыметі аз емес. Соның ең қасіретті тұстары­ның бірі — арыс­тарымыз жаппай қуғын-сүргінге ұшыраған кез болатын. Жиырмасыншы-отызыншы жылдар­дағы алапат жұт пен ұжымдастыру саясаты кезінде қырылған халқымыз еңсе­сін көтермей жатып «қызыл империяның» қуғын-сүргініне ұшырады. Талай бозда­ғымыз шейіт болды. Қа­зақ­станды мекен­деген көп этностың барлығы да дәл сондай сұрапыл жағдайға душар болды. Саяси қуғын-сүргін мыңдаған жазықсыз адамның қаны мен көз жасына суарылған тарихы­мыздың шерлі беттерінің бірі екендігі анық. Ол тұстағы әкімшілік-жазалаушы жүйе қорғансыз баланы да, кәріні де, нәзік әйел-ананы да аяған жоқ. Сол бір қасіретті жыл­дарды есте сақтау үшін бүгінгі және келер ұрпақ игілігі үшін бұл мұражайды қайта қалпына келтіру ауадай қажет деп санаймын.

 

Ғарифолла ӘНЕС,

филология ғылымының докторы, профессор:

–  Әрине, сонау саяси қуғын-сүргін жылдарындағы Үлкен террор кезінде Алаш идеясын жүректе ұстап, ел мүддесі үшін шегінуді біл­меген, жазықсыз жазаланған қайраткерлер ұмытылмауы керек, есте қалуы тиіс. Ол болашақ үшін керек! Елбасының тұтас бір дәуірді қамтитын елдік деңгейдегі рухани жаңғыру бағдарламасы шеңберінде осы бір өзекті мәселе өз шешімін тапса екен деген тілек біздің көкейде де жүр. Бүгінде алып ша­һарда не көп, түрлі ойын-сауық ғимараттары, сауда нүктелері көп. Олардың жанында бұл дегеніңіз елдік дәрежеде салмағы, орны бар, сұр қабырғаларына қан сіңген, күңіренген үндер қалған тарихи ғимарат қой. Сондықтан бұл нысан мемлекет қарауындағы тарихи жәдігерлер тізімінен сөзсіз табылуы тиіс деп ойлаймын.