АДАСҚАН ҚАРАКӨЗДЕРДІҢ БАҒДАРШАМЫ

%d1%84%d0%be%d1%82%d0%be

Әсел ДАҒЖАН

«Біреудің екінші әйелі болып тұрмысқа шығып едім, басым тасқа тиіп, қай­тып кеттім» деген сияқты түрлі мәселесімен бізге келіп, діни ілім алып жатқан 30 шақты қаракөз қызымыз бар. Көбіне ғаламтор арқы­лы өз бетінше намаз оқуды үйреніп, сондағы уағыз ай­татын ғалымдардың ішінен кімді тыңдау, кімді тың­дамау керектігін ажырата алмай, жастар адасып жатады.

Қалалық Дін істері жөнін­дегі басқармаға қарасты «Шаңырақ» діни кеңес беру, алдын алу және оңалту орталығы жанынан ашылған «Имани гүл» филиалының жетекшісі Жұмагүл Әбдірах­манова айтқан көп мәселенің бұл бір парасы ғана. «Қазір үкіметтік емес ұйымдарды жаңғырту бағдарламасы жүріп жатыр. Соған байланысты біз өзге ағымда жүрген қыз-келіншектермен жұмыс істей бастағанымызға бір жыл болды» деген Жұмагүл Халиуллақызы жат ағымға еріп кетіп, жәбір көріп, қайта дұрыс жолға түскен тағдырлар туралы айтып берген еді.

–       Бұл орталыққа күнделікті 60-қа жуық шәкірт келеді. Олар шариғат заңдарын, ақида, фикх, Құран тәпсірін, психологияны оқиды, тіпті, шағын ғана асхана­мызда қонақ күту әдебі мен шәй құюға дейін үйретеміз. Білікті де білімді 15 ұстазымыз сабақ береді. Қазақта «жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» дейді. Адасып кеткен қаракөз қыздары­мыз рухани әңгіме, жылы сөз іздеп, осында келіп жатады. Құс­тың қос қанатымен ұшатыны секілді, бізге дүниеауи біліммен қоса ислами білім өте қажет. Орталыққа келген қыздарымызға исламның қағида­ларын, шариғат шарттарын үйрете отырып, жүре­гін жібіту арқылы өз үйірімізге қосамыз, – деді Жұмагүл Халиуллақызы.

Айтуынша, осы орталықтан рухани білім алып, оқуды жақсы нәтижемен аяқтап, қайта өз жолына түсіп, бақытын тауып, тұрмысқа шығып жатқан қыздар да бар екен.

–       Маған көбіне қыздар «Ілім алып, оқыдым. Жігітім басында мазхаб ұстап, намаз оқитын. Тұрмысқа шыққан соң екі айдан кейін өзгеріп, қара киім кигізіп қойды. Ата-анаммен, бауырым­мен араластырмайды, сәлем салуыма қарсы, бәріне шек қойып тастады», – деп жылап, шырыл­датып баласын алып келеді. Біз қолымыздан келгенше алғашқы көмегімізді көрсетеміз. Бір ата-ана қыздарының орамал таққа­нына қарсы болса, енді бір ата-ана орамал тартқыза алмай жүр. Мұндай тағдырлар өте көп.  Мұн­дай кезде ата-аналармен де сөй­лесеміз. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің». Біз алдымен ұяны тәрбиелеуіміз керек. Қазір көпшілік жастарды кінәлайды. Жастар емес, ата-аналар, әжелер де кінәлі. Өйткені, біз бала­ларымызға білім бере алмадық. Содан кетіп жатқан қатенің салдарынан қыздарымыз адасуда. Жасы 70-ке келген әжелеріміз де келеді, етектері жасқа толып: «Үш балам бар еді, біреуі христиан ағымына кіріп кетсе, енді бірі будда деп жүр». Ал енді бұған кім кінәлі? Әрине, тағы өзіміз, ата-аналар. Бір шәкіртіміз 12 жыл бар байлығын кришна деген ағымға құйып келген. Ақыр аяғында барар жері, басар тауы қалмаған соң осы жерге келіп, тәубасына түсіп, тұрмысын түзеп, отбасылы болды, – дейді Жұмагүл Халиул­лақызы.

Қыздарымыз адасып, қара орамал тағып жүрсе де, ол сіз бен біздің бауырымыз, ол да бір қазақтың баласы екенін ұмытпа­ғанымыз жөн. Орамал таққаннан елдің бәрінің тақуа болып кетпе­гені тегі белгілі. «Тіл мұсылман­нан не пайда, дін мұсылман болмаса» дейді атам қазақ.

Бұл орталықтың мақсаты – сол адасып жүрген қыздары­мыздың қатесін бетіне басып, күндеу емес, оларды тәрбиелеу. Сабырға шақыра отырып, рухани білім беру. Мұндағы келген әрбір қыз-келіншекке  олар орамалды жүрекке тағу керектігін түсін­діреді. Орталыққа келіп-кетіп сабақ алатын шәкірттер саны бір жылда үш мыңнан асып жы­ғылады.

–       Ер адам, әйел адам бол­сын, ақыл-есі түзу болса, барша­мызға да исламдық білім алу – парыз. Бірақ оқудың жөні осы екен деп Құран үйрететін кез-кел­ген жерден білім алуға болмайды. Біз ата-аналарға «балаларыңыз діни сауат ашамын» десе мешіттегі имамдарға, ұстаздарға жіберіңіз­дер деп айтамыз. Шәкірттерге Дін істері комитетінін сараптама­сы­нан өткен кітаптарды ғана оқуға береміз, – деді орталық жетекшісі.

«Аманқұл ата» мешітіне қарасты Қарилар орталығының ұстазы, осы орталықта аптасына екі рет дәріс оқитын Бақытнұр Шәменов жастардың өзге ағымға кіріп кетуінің бір себебі – олардағы діни ілімнің төмендігі дейді.

–       Құранды түпнұсқадан оқи алмағандықтан, олар дұрыс емес тәпсірді оқып алып, адасады. Біздің мақсатымыз – халықтың рухани білімін жетілдіру, жамағаттар арасындағы бірлікті, ауызбіршілікті нығайту, – деді.

Қандай да бір сұрақтары бар немесе ілім аламын деуші қаракөз қыздарға сөз соңында айтарымыз «Шаңырақтың» есігі әрдайым ашық.

 

Дінің тұрсын дін аман

«Біз жастарға бұл әлем­нің ұлт­тық тұрғыда, мә­дени, діни тұрғы­да алуан түрлі екендігін, пікір­лердің плюрализмі болатындығын, діннің өзінде бұл Жарату­шының хикметі екендігін түсіндіре білуіміз керек».

Философия, саясаттану және дінтану институтында профессор А.Г.Косиченконың 70 жыл­ды­ғына арналған «Қазіргі заманғы зайырлы мемлекеттегі дін» атты ғылыми-теориялық конферен­цияда аталған институттың дін­тану бөлімінің жетекшісі Бақытжан Сатершинов осындай пікір білдірді.

– Қазіргі діни санада және діни практикада төзімсіздіктің кейбір үлгілері көрініп қалады. «Тек менікі ғана дұрыс, қалғандары дұрыс емес. Оның бізге не қажеті бар?» деген плюрализмге теріс көзқарасты байқаймыз. Бұл қарапайым діндар­лық санада көрініс беруде. Ради­кализм ауруын жұқтырған діни ағымдарды айтпағанның өзінде, жастардың арасында осындай ой кездеседі. Бұл жерде мемлекет қамқор әкенің рөлінде тұрғанын айтуымыз керек. Ол жастардың беталысын дұрыс бағытқа салуға жол көрсетіп  отыр, – деді ол.

Дін мен зайырлылық арақа­тынасының проблемалары, діни және дінтанулық білімнің радика­лизм идеяларын еңсерудегі рөлі мен маңызын талқылаған ғылы­ми-теориялық конфе­ренцияда осы саланың белгілі ғалымдары жиналып, өзара пікір алмасып, ұсыныстар айтты.

Айта кетсек, «Қазақстан–2050» Стратегиясында «біздегі діни сана зайырлы елдің нор­ма­ларына сәйкес келетіндей болуы керек» деп көрсетілген. Осы бағдарламаның негізінде өткен жылдың қыркүйек айынан бері елімізде «Дін істері және аза­маттық қоғам» министрлігі жұ­мыс істей бастады. Дін саласын­дағы мемлекеттік саясаттың концепциясы қабылданып, оған Президент қол қойған болатын. Онда мемлекеттің 2017–2020 жыл­дарға арналған саясаты қандай болу керектігі  көрсетілген. Одан туындайтын бірқатар мәселе бар. Дін саласына қатысты кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілмекші. Конференцияда осылардың бәрі­нің ғылыми алғышарты қандай болу керектігі талқыланды.

Ғылыми-теориялық жиынға Алматы қаласы Дін істері жөнін­дегі басқарма басшысы А.Есен­беков те қатысты.