АДАМЗАТ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫН ҚОРҒАУШЫ ТҰЛҒА

%d0%b5%d0%bb%d0%b1%d0%b0%d1%81%d1%8b

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

Халық  бірлігі мен  келісім күні

Қазақстан Парламенті  2011 жылы ел тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесі қар­саңында 1 желтоқсанды Қазақстан Рес­пуб­ли­касының Тұңғыш  Президенті күні – мемлекеттік мереке етіп жариялады. Бұл заңның қабылдануымен тәуелсіздіктің  іргетасын қалап, дербес мемлекетімізді құру және дамытудағы, әлемдік қоғамдас­тықтағы Қазақстанның беделін нығайту­дағы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи рөлі атап өтіліп, ол  та­рих парағына  мәңгілікке жазылды. Тұң­ғыш Президент күні –  бұл  тарихи таңдау, халық бірлігі  мен келісім күні.  Президент­тік институт – елдің конститу­циялық құрылымы, мемлекеттігіміздің  қалыптасуы мен алдағы дамуының негізі.

Конституцияға сәйкес, Президент біз­дің мемлекетіміздегі ең жоғары лауазымды тұлға болып табылады. Ол өз  лауазымына  сәйкес, мемлекеттік  құрылымның  барлық саласына  басшылық жасайды.  Президент билік тармақтарына толық көлемде  өкілеттігін іске асыруға мүмкіндік беріп, қажеттілікке қарай төрелік  жасап, биліктің үш тармағынан да жоғары тұрады.

Жалпы, Президент билігінің  мәні  неде?  Оның  практикалық  қолданыс аясы  алғаш рет әлемде қандай  мемлекеттерде  қолда­ныс тапқан? Әлемде алуан түрлі  басқару­шылар, реформаторлар, төңкерісшілер мен консерваторлар және прагматиктер болған.  Бірақ президенттік  билік бәрінен де зайырлы болып басқару билігінде тұрақтап қалды.  Алғаш рет Президент лауазымы  Америка  Құрама Штаттарында белгіленіп, өмірге келген болатын. Бертін келе оның тәжірибесі өзге  елдерге тарай  бастады. Бас­қарудың  бұл түрі кейін аралас, бөліп билеу  тәжірибелерімен де араласты.  Ал прези­дент­тік-жартылай президенттік басқару­дағы Францияның көптеген ере­желері Қазақстанның саяси ұстанымымен сәйкес келеді. Енді президенттік басқа­рудың бүгінгі айырмашылығына тоқта­лайық.

 

Әлемде  президенттік  институтқа бағынған

140-тан  астам ел бар

 

Жалпы, әлемде мемлекеттік құрылымы  президенттік институтқа бағынған  140-тан астам ел бар. Олар  географиялық  тұрғы­дан  Солтүстік- Америкалық, Латынамери­калық, Еуропалық, Афро-Азиялық және Шығыс-Еуропалық болып бөлінген.  Және олардың өзіндік модельдері қалыптасқан. Британ монархиясынан бас тартқан АҚШ-та бір мезетте мемлекет және үкімет басшысы болып саналатын президент лауазымы пайда болды. Бұл әлемдегі тұңғыш президенттік басқару институты болды.  XІX ғасырдың бірінші жартысында АҚШ-тың үлгісімен Латын Америкасында да президенттік басқару формасы өмірге келе бастады. Ол кезде Еуропа құрлығында британдық парламентаралық немесе кабинеттік (монарх және парламентке есеп беретін премьер-министр) басқару жүйесі  орнығып алған болатын. 1848 жылдан бас­тап кәрі құрлықта тек Франция мен Швей­царияда президенттік лауазым енгізілген еді. Қалған Еуропа елдері XІX ғасырдың аяғына дейін монархиялық жүйеден бас тарта қоймады. І дүниежүзілік соғыстан кейін Австрия, Веймар Республикасы, Чехословакия, Польша, Эстония, Литва, Латвия, Түркия елдерінде жоғары лауа­зымды тұлғалар президент болып саналды. Соғыстан  кейінгі ауыр жылдары халықты ынтымақтастыруда және дағдарыстан тез оңалту тұсындағы Президент маңына топ­та­судағы бірлік әлем елдеріне  басқару­дың осы жолының  тиімділігін көрсетіп берді.

 

Өткен XX ғасырдың 30—40 жылдарында Азиядағы Филиппин, Сирия, Ливанда президенттік институт орнықты. ІІ дүние­жүзілік соғыстан соң Италия, Грекия, Пор­тугалия, Исландия  президенттік респуб­ликаға айналды. Осыдан  соң Азияның Оңтүстік Корея, Оңтүстік Вьетнам, Тай­вань, Үндістан, Пәкістан, Бангладеш, Ирак  елдерін президент басқаратын болды.

50—60 жылдары тәуелсіздік алған Африка­ның барлық  мемлекеттерінде президенттік институт берік орнықты. Өткен  ғасырдың  90-шы  жылдары Кеңестік  биліктен шы­ғып, өз  Тәуелсіздіктерін жариялаған бар­лық Республикалар да  президенттік  билік  формасын  таңдады.

 

Тарихта президенттік институттың конституциялық өкілеттігі әр елде әр қалай қалыптасқан. Мәселен, АҚШ пен Мекси­када президент мемлекет басшысы әрі үкімет басшысы деген дуалистік қызметті қатар атқарады.

Әлемде Президенттік  институттың  географиясы да әр түрлі. Мәселен, Азияда – 30, Америкада – 24,  Африкада – 50, Еуропада – 32, Океанияда – 7 мемлекет Президенттік  басқару құзырында.

Әлемнің президенттік жүйедегі елде­рі­нің мемлекет басшыларының қызмет  ат­қару мерзімі де әртекті. Олардың ең кемі бір жылдан басталса, ең ұзағы жеті жылға дейін созылады. Жыл сайын жаңа прези­дент сайлайтын елдер де бар. Солардың бірі – Швейцария. Еуропадағы ең тұрақты ел атанып кеткен Швейцария тұрғындары жыл сайын демократиялық жолмен дауыс беру үшін сайлауға барады. АҚШ, Чили, Бразилия, Аргентина сияқты елдерде төрт жыл сайын президенттік сайлау болып  тұрады. Ал Венесуэла мемлекеті алты жыл сайын президент  ауыстырады. Дегенмен, бұл елде президент болған адам өз канди­датурасын келесі сайлауларға да шектеусіз ұсына алады. ТМД мемлекеттерінің көп­шілігінде бес жыл салып, мемлекет бас­шыларын анықтайды. 2007 жылдан бастап Қазақстанда да президент билігі жеті жыл­дан бес жылға дейін қысқартылды. Бүгінгі таңда   Орта  Азия мемлекеттері арасында  Қыр­ғызстанда ғана президент 6 жылға және бір мерзімге ғана сайланады.  Парла­менттік елдердің бірі Италияда ел прези­денті жеті жылға сайланады. Біріккен Араб Әмірлігінде Президенттер елді кезектесіп  басқарып келеді. Оның  өзіндік тәртібі бар.

 

Италия, Израильде және Германияда президенттік лауазым халықаралық-құ­қық­тық  қатынастарда  өкілеттік етумен шек­теліп, атқарушы билік премьер-ми­нистр мен канцлерге жүктелген. Сол сияқты, Финляндия, Үндістанда формаль­ды түрде президентке өкілеттіктер берілгенімен, билікте  премьер-министрдің құзыры жоғары болып есептеледі. Сайып келгенде, Еуропа елдерінде салыстырмалы түрде әлсіз өкілеттіктерге ие президенттік институт тән болса, Латын Америкасы, Азия және Африка мемлекеттерінде  күшті президенттік институт орныққан. Сондай-ақ, жекелеген Латын Америкасы елдерінде  сайлауға  түскен қайраткер  президент лауазымына бір мәрте ғана  сайлана алады.

 

Қазақстанда  президенттік  институт зор  мәнге ие

 

Қазақстандағы  президенттік институт тәжірибесі демократиялық дамуға жасал­ған  алғашқы  қадам және  саяси жүйе құ­рудың локомотиві.                Өз Тәуелсіз­дігін жа­рия­­­­ла­ған 26 жыл  болған  Қазақ­станда президенттік институт  зор мәнге ие.

Қазақстан Республикасы – прези­денттік басқару  нысанындағы біртұтас, зайырлы мемлекет. Елімізде  Президенттік билік  институты 1990 жылы құрылған. 1990 жылғы 24 сәуірде  алғашқы прези­денттік сайлау өтті.

Қазақстандағы президенттік институт пен Тұңғыш Президенттің орасан зор саяси-тарихи рөлін өзара сабақтастырмай қарау мүмкін емес. Елбасы Нұрсұлтан На­зар­баевтың ғаламдық деңгейдегі көшбас­шылық қасиеттерге ие, жаһандық ауқым­дағы парасат-пайым мен  жаңа тұрпатты  ойлауға бейім екенін, прагматизмі ұшқыр, ұлтжандылығы басым, тынымсыз ізденістегі  саяси қайраткер екендігін әлемдік  қауымдастық мойындаған.

Еліміз егемендік алғаннан бергі аз ғана уақыт ішінде Елбасының басшылығымен еліміз ғасырлар бойы арман болған жетіс­тіктерге қол жеткізгенін, ұлттық мүдделерді және әлемдік даму үрдістерін ескеретін сая­си құрылыстың өзіндік үлгісін жасағанын ескерсек, Тұңғыш Президенттің тарихи рөлін белгілейтін мемлекеттік мерекенің болуы заңдылық.

 

Өткен кезеңдерге көз жіберсек, ел егемендігін алғаннан бергі уақыт ішінде Елбасының басшылығымен конституция­лық және құқықтық жүйені эволюциялық тұрғыда сатылап реформалау нәтижесінде мемлекеттік биліктің теңгерімді  жүйесі қалыптасты. Ол шын мәнінде  күйреген империяның  шөгіндісінің орнына  жаңа мемлекетті құрды.

 

Тәуелсіздік жылдарында қол жеткі­зілген ел тарихындағы баға жетпес жетіс­тіктердің бірегейі – шекарамыздың айқын­далуы. Бұл – Қазақстанның Тұңғыш Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей  беделі мен күш-жігерінің және мемлеке­тіміздің халықаралық саясатын дұрыс бағытта жолға қоюының арқасында мүмкін болды. Қазақстан  Президенті – Батыстың  жаңашылдығы  мен Шығысқа ғана тән  ға­сыр­лардан  жалғасқан  құндылықтарды,  дәс­түр мен қоғамның  негіздерін  құрмет­теуге деген шексіз  ұмтылыс  пен дина­мизмді қабыстыра білді.

Қазақстан – әлемдік қоғамдастықтың  бір бөлшегі. Сондықтан ол оқшауланып, бөлектеніп жеке дара  даму жолына түсе алмайды.

Жас мемлекетіміздің  тездетіп  аймақ­тық көшбастаушылар  қатарына  қосылу  феноменін  дәстүрлі  саяси  талдаулар арқылы түсіндіру мүмкін емес.  Бұл орайда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бүкіләлемдік  қауымдастыққа бағытталған сыртқы саясаттағы  көреген  бастамалары мен геостратегиялық  идеяларын ерекше атап өткен орынды. Мұның  өзі елімізге көп векторлы саясат ұстануға жол ашып берді. Ол Қазақстанның  шетелдермен,  халық­ара­лық ұйымдармен,  мемлекетаралық,  экономикалық  және әскери  одақтармен  қарым-қатынастар  орнатуына  мүмкін­діктер  туғызды. Қазақстан  Президентінің   әлемдік экономика тепе-теңдігінде  қалып­тасқан  геоэкономикалық  ахуалды  өзгерту жөніндегі  іс-қимылдары  да дағдылы  қа­лыпқа сыймайтын. Әлемдік  рынокта біздің  елімізді құшақ жая қарсы алған ешкім болған жоқ.  Осындай  жағдайда инвести­ция үшін  күрес жүргізуге тура келді.  Кез келген  капиталист ақшасын құрметтей бі­леді және күмәнді  іске қаржысын жұм­самай­ды. Ал елімізге  алғашқы шетел инвестициялары  Қазақстан Президентінің  тікелей  кепілдігімен берілгені аян.  Сезімге  илікпейтін батыстағы  ірі  банкирлер,  қаржыгерлер, өндіріс алпауыттары өздеріне беймәлім мемлекеттің басшысына сеніп, алдарына қойған  неоклассикалық эконо­мика доктринасына  тәуекел  жасады. Уақыт көрсеткендей,  олар қателескен жоқ.

Жас тәуелсіз  мемлекет үшін  ең басты  ұстаным  оның  халықаралық  тұрғыда  мойын­далуы  болып табылады.  Ол өз  кезегінде  әлемдік рынокқа  шығуға, біздің дүниежүзілік шаруашылық  жүйесімен  ықпалдасуымызға  мүмкіндік  берді.

Тәуелсіз мемлекетіміздің  алғашқы жыл­дарына көз жүгіртер болсақ, Одақ тарап, бұрынғы одақтас республикалар өзара байланыстардың бәрін шорт үзіп, тас бүр­кеніп жатқан кезде Тәуелсіз Мемле­кеттер Достастығын  құру туралы бастама көтер­ген Қазақстан  Президенті Нұрсұлтан  Әбіш­ұлының бастамасымен Алматыда қа­былданған декларация посткеңестік ке­ңіс­тіктегі ынтымақ пен қарым-қаты­настардың негізін қалады. ТМД-ға енген елдердің ара­сында әр пішінде және әр деңгейде интег­рациялық үрдістер жалғасты.  Нәтижесінде ТМД әлемдегі халықаралық ұйымдарға мүше болды.

2011 жылы ТМД шеңберінде еркін сауда аймағын құру туралы шартқа қол қойылды, Кеден одағы құрылды, Біртұтас эконо­микалық кеңістік дүниеге келді. БЭК-тің  қалыптасуы тауарлардың жұмыс күші мен капиталдың еркін қозғалысына мүмкіндік­тер туғызды.

Ұлттық банкінде қордаланған алтыны,  шетел валютасы болмаған кедей ел мей­лінше қысқа мерзім ішінде әлемнің қар­қынды дамушы және әлеуетті мемле­кеттерінің біріне айналды. Кеше КСРО-ның шек­пенінен шыққан елге сын  көзбен  қараған капи­талистік лагерь  бүгіндері Қазақ­стан­мен тең отырып, санасатын күйге түсті. Шикізат, қаражат, инвестиция­лық сенім­ділік – қай жағынан алып қарас­тырсаңыз да, біздің еліміз ТМД кеңістігінде оқ бойы озық тұр. Тіпті, инвестициялық тартым­дылық жағынан байырдан нарық­тық қоғамда өмір сүріп келе жатқан мемле­кеттерді бүгіндері біз шаң  қаптырып отыр­мыз. Оған Орталық Азия елдеріне тар­тыл­ған инвестицияның 70—80 пайызының Қазақстанның еншісіне тиесілі болуы дәлел.

Қазақстан Президенті Н.Назарбаев 1994 жылы көтерген  Еуразиялық Одақ құру идеясы  түбегейлі іске асты.

 

Президент   бастамасының саяси  мәні

 

Мемлекет басшысының  ақыл-пара­саты  оған  елде  батыл да  табанды тәжірибе  жүргізуді  талап  етті. Ол үшін  сындарлы жолды таңдап  алып, оны өз елімізде  сынау керектігі сұралды. Егер ол күткендегідей  нәтиже  бермесе,  басқа  жолды таңдау  қа­жет­тігі  талап  етілді.  Қол  қусырып  қарап  отыруға  болмайтын  еді.  Ел  экономи­касын тұрақтандыруға  қабілетті  шынайы әдіс аурудың  сыртқы  белгілерін   емдемей,  өмір  сүріп  отырған  жүйенің  айналасын­дағы  бактерияларды жоюға  итермеледі. Сондықтан  Мемлекет  басшысының   ұста­нымы – сырқат  денені  емдеп,  құтқару  болды. Ол  Президенттік қызметке  аса  ауыр  уақытта  келіп, өз  картасын  алдын-ала  ашпастан  бұрын  келешектегі сал­мақ­ты  реформаторлыққа  дайындалып,  өте  күрделі  әрі  қиын  мемлекеттік  мәселелерді  шешуге  тиіс  болды. Өйткені,  ұзақ  күтуге уақыт көтермейтін. Сол  себепті, ел ішін  меңдеп  алған   үргедек  көңіл-күйді  оның  шұғыл, әрі батыл түрде  сөндіруіне  тура  келді. Әйтсе де, сол  тұстағы  оның  ре­фор­маторлығы  көптеген  мәселелерді  шешусіз  қалдырып, шешілгендері жаңа  проблема­ларды  тудырып  жатты.  Оның  есесіне ел  президенті  ретінде  оның  ұстанымдары  мен қолданған  тәсілдері анағұрлым же­місін беріп жатты.  Сондық­тан Президент ел  халқын  әкімшілік белгілеген рефор­маларға  бейімделудің  аса  қажетті элементі  болып  табылатын  көзқарасты  жаңартуға шақырды. Жүргізілген  реформа   белгілі  бір  деңгейде жұмысшылардың  сана-сезі­мінің  өсіп,  талантты  жас  мемлекет­шілер  мен жалпы  бұқара  халықтың   қар­қынды  іс-әрекеті  негізінде  олардың эко­номи­калық  талаптары саяси  сипаттағы  тілек­термен астасқан жаңа форматты идея­лардың  пайда болуына  ықпал  етті.  Осы  кезеңде  ұжымдық  келісім  шартта  көр­сетілген  шараларды  іске  асыруға ерекше  мүдделі болып, сол  үшін  елдегі  басқа прог­рессивті  күштермен тізе  қосып  әрекет етті.  Соның  нәтижесінде   елде түрлі  партиялар   пайда  болып,  олар  либерали­за­циялаудың қозғаушы күші болып саналатын  жұмыс­шы­лардың  өзіндік  рөлін  көтеріп,  елдегі  көптеген  демократиялық  өзгерістердің  іс­ке асуына мүмкіндік тудырды.  Нұр­сұлтан  Назарбаев  таланты­ның мәні оның   күрделі  экономикалық және әлеуметтік  мәселелер­ді шешуге қабілеттігінен гөрі  саяси  жағы­нан  жүзеге  асыруға  болатын  шешімдерді   қа­­былдау­ға деген айрықша сезімталды­ғында  бо­латын. Осы сезімталдылық оған  мемле­кетті  басқару  ісінде  жол  сілтеді.   Ол  өз­ге­ріске ықпал етуден бұрын оның  като­­ли­заторы  болды. Президенттің  бой­ындағы  ерекше адамгершілік қасиеттері – күшті  темпера­мент, күш-қуат, стратег­тік  көре­гендік,  иіл­гіштік, қалыптасқан жағдайды дәл  түсіну­шілік,  дер кезінде ескі  мұрадан  бас  тар­тып,  өзгеріс  жасау  керек екендігін  мой­ындау іспетті қабі­леттер еді. Ең  бас­тысы –  ол кері  ше­гінуді шабуылға айнал­ды­руға қажетті күш-қуатты  тежеудің  жал­ғыз-ақ  нәрседен – ессіз, келбетсіз, ақ­тауға  келмей­тін    сұмдық  әрекеттен  сақ  болуға   шақы­ра  білді.

 

Елбасының сындарлы саясатының  нәтижесінде Қазақстан бүгінгі заманның аса ықпалды халықаралық ұйымдары – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақ­тастық ұйымы (ЕҚЫҰ) мен Ислам Ынты­мақтастығы Ұйымына (ИЫҰ) төрағалық етті. Әсіресе, әлем саясатшы­лары ЕҚЫҰ Саммитінің ұзақ үзілістен кейін өткізілуін Қазақстанның осы ұйымға төрағалығының айтулы нәтижесі деп таныды. Бүгінгі  таңда  Қазақстан Біріккен  Ұлттар Ұйымы  жа­нын­дағы Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып та­былады. Мұның  өзі  елімізге  әлемдік  сая­саттағы орнын  ай­қын­дап беріп отыр. Қазақстанның  Сирия  мәселесін  бейбіт  мақс­атқа  шешудегі  мәмілегерлік  ұстаны­мы­­ның  өзі оның ға­ламдық саясаттағы үлкен  ойыншы  екенін айқындайды.  Елі­міздің ТМД елдері  ара­сында  алғашқы  болып ЭКСПО көрмесін  өткізуінің  өзі Қазақ  елін оның  Көшбас­шысының ғалам­дық  саяси  қайраткер екендігін   білдіреді. 

 

 

Планетарлық масштабтағы ойлы  сая­саткер Н.Назарбаев 1991 жылы 29 тамызда Семей ядролық сынақ полигоны жабылғаннан кейін өзге мемлекеттерді ядролық қарудан бас тартуға шақыруы әлем саясаткерлерін бірнеше рет бас қосуға мәжбүр етті. 1992 жылы 22 мамырда Қа­зақстан әлемдегі  төртінші ядролық әлеуетті ел бола тұра ерікті түрде жаппай қырып-жою қаруынан бас тартатынын бүкіл әлем алдында мәлімдеді. Лиссабон Хаттамасына қол қойып, бұл шешім АҚШ, Еуропаның беделді елдері мен БҰҰ тарапынан қолдау тапты. Қазақстан әлем тарихында ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан бірінші ел ретінде мұндай бастама көтеруге моральдық құқы бар болатын.

 

 

1994 жылдың 5 желтоқсанында Ресей, АҚШ және Ұлыбритания Қазақстанның Ядролық қаруды таратпау жөніндегі шартқа қол қоюына және осы қарудан өз еркімен бас тартуына байланысты ел қауіпсіздігіне кепілдік беретіні туралы меморандумға қол қойды. Елбасы сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымына 29 тамызды, яғни Семей ядролық полигоны жабылған күнді «Ядролық сынақтарға қарсы халық­аралық іс-қимыл күні» деп жариялау бас­тамасын да ұсынып, ол ұсыныс қабылданды.

 

 

Парижде өткен ЕХРО Халықаралық көрмелер бюросы Бас  Ассамблеясының 152-сессиясында ЕХРО-2017 халықара­лық  көрмесі Астана қаласында өтетін бо­лып шешіліп, әлем назарына Қазақстан­ның осы шараны өткізу құзырын жеңіп алуы елі­міздің  әлем  алдындағы абыройын тағы бір аспандатты.  Кейбір елдерде тұңғыш прези­дент лауазымын атқарған тұлғалар ұлттың саяси көшбасшысы мәртебесіне ие болып  жатады. Оның  жарқын мысалы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш  Президенті – Көшбасшысы Нұрсұлтан   Назарбаевтың  өмірлік жолы, жасампаздық  пен  ерліктің өмірбаяны.

 

Нұрсұлтан  Назарбаев  бүгінде   әлемдік аренадағы ең ірі саяси тұлғалардың бірі. Оның соңғы ширек ғасыр ішінде көтерген  жаһандық  саясатты қамтитын бастама­лары әлемдік саясатқа ірі бетбұрыстар әкелді.

Алысты болжайтын кемеңгер саясаткер Нұрсұлтан Назарбаев ел тәуелсіздігінің  ал­ғашқы күнінен бастап, Қазақстан аб­страк­­тілі геосаяси идеялар мен құрғақ  ұран­дардың емес, экономикалық  мүдделер мен интеграциялық үдерістердің басты қозғау­шысы болуы керек деген  мақсат қойды.  

 

Ол  өте күрделі кезеңде билік  тізгінін  ұстап, сол   жауапты міндет үдесінен елінің  алғысын арқалап, абыроймен шыға білген Нұрсұлтан Әбішұлы  Назарбаевты саясат­тану­шылар қазақ елінің ғана емес, тұтас­тай түркі әлемінің бірден-бір көшбасшысы деп бағалайтыны анық. Бұл және негізсіз де емес. Өйткені, ел тарихы­ның соңғы ши­рек ғасырына ой жүгіртер болсақ, көреген басшының тікелей араласуымен әлемдік саясатқа елеулі ықпал еткен теңдессіз шаруалардың атқарылғанын  көреміз.

XVІІІ  ғасырда өмір сүрген  француз жазу­шысы, философ, тарихшы ғалым Вольтер «Бүкіләлемдік ақыл» идеясын  ұста­нып, оны өмір сүру  қағидасына  айналдырыпты. Ал өзінің қайрат-жігері­мен, даналығымен Ұлы Далаға ие болған біздің  данагөй бабаларымыз  «қазақ  елін  басқару үшін» тылсым сырды ұға алатын, аяқтан шалса жыға алатын, жауына найза сұға алатын, елді кездескен қиыншы­лықтардан алып шыға алатын білікті де қабілетті азамат керек, – деген екен. Бүгінгі  қазақ  қоғамы  дәл сондай  қайраткер көшбасшымыз барына мақтана алады.