ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗДІ ТҰҒЫРЛЫ ЕТЕТІН МАҢЫЗДЫ ҚАДАМ

img_7913

Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ

Ғылым ордасында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мен А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты бірлесіп қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіруге байланысты «Рухани жаңғыру және жаңа қазақ ұлттық әліпбиі» атты кеңейтілген мәжіліс өткізді.

Іс-шараға Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Төралқа мүшелері, тіл жанашырлары, зиялы қауым, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері қатысты. Мәжілісті Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы­ның президенті, академик Өмірзақ Айтбайұлы жүргізді.

Басқосуда қазақ әліпбиін ки­риллицадан латын графикасына көшіруге байланысты мәселелер әңгіме арқауына айналды. Алқалы жиын барысында Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының президенті, академик Мұрат Жұрынов, Қазақ­стан Жазушылар одағы басқарма­сының төрағасы Нұрлан Оразалин, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ди­ректоры Ерден Қажыбек, М.Әуез­ов атындағы Әдебиет пен өнер институтының директоры Уәлихан Қалижан, Халықаралық «Қазақ тілі» қоға­мының төралқа мүшелері, облыстық ұйымның басшылары сөз сөйлеп, латын графикасына негіз­делген жаңа ұлттық әліпбиге көшу үрдісі елді­гімізді тұғырлы, мемле­кеттілігімізді ғұмырлы ететін тарихи маңызды қадам екендігін негіздеді.

Жиынға қатысушылар латын графикалы жаңа қазақ ұлттық әліпбиі – елдің санасын жаңғыр­татын, әлемдік кеңістіктегі ауқымды ақыл-ой қазынасына жол ашатын, ойлау жүйеміз бен төлтума рухани қасиеттерімізді айшықтайтын, қазақ тіліне реформа жасауға мүмкіндік беретін, тілдік төл заңдылықтарымыз бен емле-ережелерімізді толыққанды қамтамасыз ететін, рухани-ақпараттық кеңістігіміздің тұтастығын сақтайтын, ұлттық бірегейлену мен бірлігімізді нығайтатын символдық та, құралдық та, әлеуметтік те, экономикалық та пайдасы зор ұлттық жоба деген тұжырымға келді.

Қазақ елі тарихи маңызды кезеңді басынан кешіріп отыр. Еліміздің латын әліпбиіне көшуі – шын мәнінде рухани жаңғырудың бастамасы іспеттес. Бұл халықаралық маңызы бар шара еліміздің барлық жерінде талқыланып жатыр.

Басқосу соңында жиынға қатысу­шылар арнайы үндеу қабылдады.

Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіруге қатысты

ҮНДЕУ

Латын графикасы негізіндегі қазақтың ұлттық әліпбиін түзу, қалыптастыру және қолданысқа енгізу – өскелең өмір мен өзгермелі уақыттың талабы.

Ел Тәуелсіздігін жариялаған сәттен бастап ауық-ауық көтеріліп келе жатқан бұл мәселе, міне, бүгінде жан-жақты талқылану арқылы қалың жұртшылықтың қолдауына ие болып, ең жоғары ресми деңгейде шешім қабылданды.

Бұл қабылданған тарихи әрі прагматикалық шешімді – Елбасының 2017 жылғы 26 қазандағы № 569 Жарлығын қазақ тілінің барша жанашырлары – Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының мүшелері толық қолдайды.

Латын графикалы жаңа қазақ ұлттық әліпбиі – елдің санасын жаңғыртатын, әлемдік кеңістіктегі ауқымды ақыл-ой қазынасына жол ашатын, ойлау жүйеміз бен төлтума рухани қасиеттерімізді айшықтайтын, қазақ тіліне реформа жасауға мүмкіндік беретін, тілдік төл заңдылықтарымыз бен емле-ережелерімізді толыққанды қамтамасыз ететін, рухани-ақпараттық кеңістігіміздің тұтастығын сақтайтын, ұлттық бірегейлену мен бірлігімізді нығайтатын символдық та, құралдық та, әлеуметтік те, экономикалық та пайдасы зор ұлттық жоба деп танимыз.

Ендеше, тілдік реформаға жол ашып отырған жаңа ұлттық әліпбиге көшу үрдісі елдігімізді тұғырлы, мемлекеттілігімізді ғұмырлы ететін тарихи маңызды қадам деп санаймыз және барша жұртшылықты бұл істі қолдауға шақырамыз.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы.

 ҚР Ұлттық Ғылым академиясы.

Қазақстан Жазушылар одағы.

 

%d0%bc%d0%b5%d0%ba%d0%b5

Латынға көшудің келешегі кемел

Рая ЕСКЕНДІР

Жақында Елбасымыз Н.Назар­баевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Медеу ауданы әкімі Е.Жылқыбаев­тың «Ұрпақтар сабақтастығы» бас­тамасымен Б.Момышұлы атын­дағы №131 мектеп-лицейінде «Тілге құрмет – елге құрмет» деп аталатын кездесу кеші өткен еді. Мектеп-лицейінің 8–11-сыныбында оқитын оқушылар сөз зергері, ҚР Ұлттық Ғылым акаде­мия­сының академигі, фило­логия ғылымының докторы, про­фессор Өмірзақ Айт­байұлы­мен кездесті.

Келелі кездесу жаңаша тұрпатта өтіп, оқушылардың еркін сырлас­уына мүмкіндік туды. Оқушылар өздерінің көкейлеріндегі сансыз сауалға жауап алды. Дәл қазіргідей жаһандану заманындағы тілдің жәй-күйіне алаңдаушылық білдіре­тіндіктерін жасырып қала алмады. Бала біткен ең әділ, әрі өз ойларын бүкпесіз жеткізе алады. Сондық­тан олар емін-еркін сауал жолдай отырып, қоғамдағы болып жатқан оқиғаларға да өз ой-пікірлерін білдіріп отырды. Оқушылар Өмірзақ Айтбайұлының «Қазақ тілі мен тәуелсіздік – егіз ұғым» деп келетін тұжы­рымдамасының мағынасын сұрады. «Бірнеше тілді білу – байлық, өз тіліңді білмеу қорлық» деген екенсіз. Жалпы, өзіңіздің үш тұғырлы тілге көзқарасыңыз қалай? – деген оқушылар тілге қатысты сауал қоя отырып, өздерінің де ой-пікірлерін ортаға салды. Әсіресе, латын әліпбиіне көшу туралы бастаманы қызу қолдайтындықтарын білдірген оқушылар бұл істе де өздерінің белсенді екендіктерін көрсетті. Аталмыш шараның өтуіне қазақ тілі пәні бірлестігі қызу атсалысып, оқушылардың қызығушылығын ғана оятып қоймай, олардың өзіндік пікірлерін білдірулеріне де ұйытқы бола білді. Осынау кештің барын­ша қызықты әрі оқушылар ой түйе­тіндей болып өтуіне ұлағатты ұстаз ҚР Білім беру ісінің үздігі, Ы.Ал­тынсарин медалінің иегері Гаухар Келденованың еңбегі өте зор болды.

Кешке ұйытқы болған қазақ тілі пәні бірлестігінің жетекшісі Г.Ах­мадиеваға, барлық қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне кеш қонағы Өмірзақ Айтбайұлы өзінің жүрекжарды лебізін білдіріп, ең құнды дүние бірнеше кітап әкеліп, мектеп кітапханасына табыс етті. Мектеп-лицей басшысы Роза Достанова кештің құрметті қонағына алғысын жеткізіп, 11-сынып оқушысы Жамбыл Дүйсенов өз өлеңін оқыды. Мектеп мұражайын аралаған Өмірзақ Айтбайұлы өзінің  ізгі тілегін қолтаңбалар журналына жазып қалдырды.

%d0%b0%d1%8f%d0%b3%d2%af%d0%bb-%d0%bc

Тілде бірлік болмаса, ұлттық бірегейлік болмайды

Бұл – Қазақстан халқы үшін ерекше белес деп санаймын. Себебі, Елбасымыз көптен бері талқыға түсіп келе жатқан қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіруге байланысты шешімге қол қойды. Дүние жүзіндегі халықтардың  70 пайызы латын қарпіне көш­кені белгілі. Сол себептен бұл бізге қажет дүние. Елбасымыз­дың өзі бүкіл қазақ халқының тіл бірлігін сақтауымыз керек деп айтып жүр. Қазақтардың үштен бір бөлігі шет елдерде дейтін болсақ, бәріміздің басымызды тек тіл ғана біріктіре алады. Тілде бірлік болмаса, ұлттық бірегейлік болмайды. Осы тұрғыда түрлі ғалымдарымыздың, тіл мамандарының, қоғам қайраткерлерінің, тағы да басқа көптеген тұлғалардың пікір білдіріп, қолдауы еліміздің келешегіне бей-берекет қарамағандығы деп қуанамын. Қазірдің өзінде еліміз әлем көшімен қатар даму үстінде. Халықаралық деңгейде ЭКСПО көрмесін өткізуіміздің өзі мемлекетіміздің қуаттылығын көрсетсе, латын қарпіне көшуіміз соны нығайта түседі деп ойлаймын.

Аягүл МИРАЗОВА,

Қазақстанның Еңбек Ері.

 

%d0%b4%d0%be%d1%81%d1%85%d0%b0%d0%bd-%d0%b6

Бірлігімізді көрсетуіміз керек

Елбасымыздың соңғы ұсы­нылған латын әліпбиіне өту туралы Жарлығын оқып, қуан­дым. Себебі, 32 әріппен таңба­ланатын, артық ештеңесі жоқ бұл нұсқа бірден көңілімнен шықты. Компью­тер тіліне ың­ғай­ланып, тек қазақ тіліне тиесілі ә, қ, ғ, ұ, ү, ө, і, ң  сияқты әріптердің таңбалануы ұнады.

Ендігі кезекте біздің тіл мамандарымыз үлкен жұмыс атқаруы тиіс. Себебі, әрбір әріптің үні мен өзіне тән қасиеттерін жоғалтып алмай қолдану үшін түсіндіру жұмыстарын жауапкершілікпен жүргізу қажет. Өзгелеріміз де барынша қолдап, бірлігімізді көрсетуіміз керек. Ол – біздің азаматтық парызымыз.

Досхан ЖОЛЖАҚСЫНОВ,

ҚР Халық әртісі.

 

%d0%b6%d0%b0%d0%b4%d1%8b%d1%80%d0%b0-%d0%b4

Жақсылық болмаса, жамандық көрмейміз

Латын қарпіне көшудің уақыты келді. Ел болып, халық болып тал­қылауға қатыстық. Сондықтан қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру дер кезінде қабылданған шешім. Біздің қарқынды дамып келе жатқан мемлекетіміз үшін заман ағымымен қатар жүру басты міндеттердің бірі. Қазақ тілі өте бай тіл, ал латын әліпбиіне көшу арқылы біз соны көрсете аламыз деп ойлаймын.

Сонымен қатар, өзге халықтармен, соның ішінде туыстас түркі халықтармен етене араласуымызға жол ашылған секілді. Осы жасаған қадамнан біз жақсылық болмаса, жамандық көрмейміз.

Жадыра ДӘРІБАЕВА,

ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері.

 

%d0%b1%d0%b0%d0%b9%d1%80%d0%b0%d0%bc%d1%83%d0%ba%d0%be%d0%b2-%d0%b8

Өзімізге де, өзгелерге де араласу жеңіл болады

Елбасының латын қарпіндегі жаңа әліпбиді бекіту туралы Жарлығымен, ондағы үкіметке берілген тапсыр­мамен танысып, қуанып қалдым. Жалпы, бұл өзгерісті толығымен қолдаймын. Елімізге керек нәрсе деп санаймын және бұл бастама келешек ұрпақ үшін өте маңызды. Тарихты зерттеу,  ғылым мен көркем өнерді дамыту мақсатында көп көмек болатыны анық. Сонымен қатар, білім алуда да жеңілдіктер болады деп ойлаймын. Мысалы, Әзірбайжан, Түркия елдері еш қиындықсыз осыған өтті. Шет елден келген қонақтарға да латын әліпбиінде жазылған көшелерді, мекен-жайларды оқу, олармен пікір алмасу өте оңай болады.

Ислам БАЙРАМУКОВ,

Олимпиада ойындарының жүлдегері.