«РЕКОРДТАР ФАБРИКАСЫ» ЕСКІРМЕЙДІ

«Медеу» мұз айдынында конькимен сырғанауды тегін үйренесіз

img_5774

Әлемдегі ең биік орналасқан мұз айдыны – «Медеу» кезінде Кеңестер Одағының мақтанышы болып, «Ре­кордтар фабрикасы» атанған. Салын­ғанына жарты ғасырдан асқан «Алатау маржаны» бүгінгі күні де алматылықтар мен қала қонақтарына қызмет етуде.

«Медеу» мұз айдынында «Спорттық Алматы» бағдарламасы аясында конькимен сырғанауды тегін үйрету сабақтары жалғасуда.

Жиырмаға жуық тәжірибелі жаттық­тыру­шылар «Медеу» қонақтарының кез-келгенін аптаның әр сенбі,  жексенбісінде тегін үй­ретуде. Соңғы демалыс күндері де «Медеуде» қонақтарға жобаны ұйымдас­тырушылар көптеген сыйлықтар табыстап, концерттік бағдарламалар өткізді. «Медеу» бапкерлерінің айтуынша, осы бағдарлама арқасында келушілер саны көбейді, өйткені, барлығы коньки тебуді тегін үйренгісі келеді.

– Біз барлық келушілерді коньки тебуге үйретеміз. Ал коньки тебе алатын қонақ­тардың түрлі әдістерді меңгеруге мүмкіндіктері бар. Жалпы, біз қонақтарға конькиде сенімді тұруына көмектесеміз, – деп атап өтті «Медеу» жаттықтырушысы Наталья Улитина.

Айта кетер жайт, билеттер мен конь­киді жалға алу Медеудегі прейскурантқа сәйкес беріледі. Конькимен сырғанауды ақысыз түрде үйрету сабақтары желтоқ­санның 24-іне – дейін жалғасып, келесі жылдың қаңтар  айында қайта іске қосылады.

– Бүгін мен коньки  жаттықтырушымен жүріп  үйрендім, маған өте ұнады. Бұл менің бірінші тәжірибем, бірінші рет конькиге тұрдым. Жаттықтырушы Наталья барлығын түсіндіріп, тежеуді де үйретті. Осындай мүмкіндік үшін ұйымдастыру­шыларға шексіз алғысымды білдіремін, – дейді  Диана Мүсірепова.

Спорттық шараның басты мақсаты – қаладағы бұқаралық спорт түрлерін дамытып, қала тұрғындары мен қонақ­тарын салауатты өмір салтын ұстануға шақыру. Акция  «Спорттық Алматы» бағдарламасына биылғы жылдың 25 ақпанында қосылған болатын.

«Спорттық Алматы» бағдарламасы қала­дағы бұқаралық спортты дамыту мақсатында жүзеге асырылуда.

 

Айдана ӘДІЛБЕКОВА,

Алматы қаласы ДШжС  басқармасы баспасөз қызметінің жетекшісі.