БАТЫР БАЛА – БАСҚАҒА ҮЛГІ

img_0083

2015 жылы қараша айында үш бауырын өрттен құтқарып қалған алматылық оқушы Данияр Саты­бал­дының есімі елге таныс. №152 мектеп-гим­назияның 5 сынып оқушысы Данияр Сатыбалды жанып жат­қан үйден бауырларын құтқару жолында нағыз ерлік жасап, батыл іс-әрекетінің арқа­сында кәме­летке толма­ған үш баланың өмірін аман алып қалған. Жасөспірім өрт салдары­нан түтінге толған үйдің терезесін сындырып, бауырларын сыртқа алып шығып, тілсіз жаудан құтқарған.  Осылай­ша он бір жастағы бала ересек­тердің қолынан келе бермейтін өнегелі ісімен танылды, адамгер­ші­лік қасиетін көрсетті. Адам өмірін құтқаруда ерлік және жан­қиярлық танытқаны үшін Данияр Айдынұлы Сатыбалды ҚР Ішкі істер  министрлігінің  2016  жылғы 8 қаң­тардағы бұйрығымен «Төтен­ше жағ­дайдағы ерлігі үшін» төс­белгі­сімен марапатталды. Ерлігі­мен елге танылған Батыр баланың есімі Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақала­сындағы «100 жаңа есім» жобасына ұсынылды.  

Балнұр АХМЕТ

img_0029

Өртеніп жатқан үйге қайта кірген

«Ерлік білекте емес, жүректе» деген дала данышпандарына айнал­ған бабаларымыз. Төтенше жағдайда батылдықтың үлкен үлгісін көрсеткен Данияр Сатыбалды адам өмірін тілсіз жаудан құтқарудағы ерлік ешқашан жас талғамайтындығын дәлелдеді. Алатау ауданын­дағы №152 мектептің мәжіліс залында өткен салтанатты шара­да екі қарындасы мен інісін құт­қарған батыр баланың ерлігі ескері­ліп, марапатталды. Қиындықта қалған бауырларын құтқару жолында жанкешті әрекетке барған баланың бұл ізгі ісі баршаның таңданысын тудыр­ды. Күндіз ата-анасы жұмыста болған кезде отқа оранған үйде ба­уыр­ларымен жалғыз қалған жасөспі­рім іштей үрейленсе де, қауіп-қатерге қарсы тұра біліп, қиындықтан қорық­паған нағыз ер жігіттік мінез таныт­ты. Сол бір жанталас сәтте бауыр­ларының қауіпсіз жерде екендігіне көз жеткізгеннен кейін Даниярдың жанып жатқан үйге қайта оралып, қажетті құжаттарды алып шығуы баланың ақылдылы­ғын, зердесі зеректігін көрсетеді. Өз өміріне қауіп төнгеніне қарамастан, кішкентай батыр өрт сөндірушілер мен құтқа­рушылардың келуін күтпей, өрттің ауыр зардабын болдырмауға бар күшін салған. Тағдырдың сынағынан сүрінбей, қиындықпен күресе білуді үйреткен бұл жағдай баланы өмірде ерте есейткені анық. Осыдан екі жыл бұрын отбасы өміріндегі орын алған бұл оқиғаға ойша оралудың өзі Сатыбалдылар әулетіне оңай емес. Батыр баланың ата-анасы Айдын Бүргебаев пен Жанна Оразбаева өзде­рінің тұңғыш перзентіне ерекше сенім артады. 2004 жылы Алматы облысы, Еңбекші­қазақ ауданы, Таусү­гір ауылында дүниеге келген Данияр Сатыбалды бүгінгі таңда №152 мектеп-гимназияның 7 «б» сыны­бында оқиды. Бұл мек­тепте оның қарындастары – Гүлмира (5-сынып) мен Динара (3-сынып) да білім алады.

Данияр демалыс күндері бес жас­тағы інісі Дамирге әр түрлі қызықты ертегілер айтып бергенді ұнатады. Ата-анасының үкілі үміті мен үлкен сенімін арқалаған ол тұңғыш пер­зенттің мойнына жүктелген жауап­кер­шілікті барынша сезінеді. Жанын­дай жақсы көретін өзінің бауыр­ларын қамқорлық қанатына алып, өмірде оларды әрқашан қорғап жүруді ағалық асыл парызы санайды. Жан-дүниесіндегі мейірімімен бауырлары­ның жүрегін жылытатын ол асқар таудай ата-анасына үнемі үй шаруа­шылығына көмек көрсетеді. Айта кетерлігі, батыр бала 2016 жылы Көк­шетау қаласында «Балдәурен» респуб­ликалық оқу-сауықтыру орталы­ғында өткен үздік оқушылар слетінде «Нұр Отан» партиясының медалімен марапатталды.

img_0077

Өртсөндіруші болғысы келеді

Күнделікті өмірде көрген-білгенін көңілге түйіп жүретін салмақты міне­зімен ерекшеленетін Данияр әдебиет, бейнелеу өнері мен биология пәндерін сүйіп оқиды. Адамзат ойының асқар шыңына баланатын асқақ тұлғалар­дың бірі, ұлт ұстазы – Абай Құнан­байұлының өнегелі өлеңдері мен қара­сөздерін оқыған сайын рухани нәр алады. Қазақ кемеңгерінің өмірдің заңдылығын насихат­тайтын тағылым­ды туындылары баланы баға жетпес даналықтың тереңіне үңілдіреді. Ұлт­жанды ұлан өмірі өнегеге айналған тарихтағы батыр бабалары­мыздың ерен ерлігін ерекше мақтан тұтады. Шәкірттерін балалықтан даналыққа жетелеп, бала жүрегіне  адамгерші­ліктің асыл қасиеттерін ұялатып жүр­ген ұлағатты ұстазы, өзінің сынып жетек­шісі Маржан Тоқбайдан тәлім алады. Жадыраған жазда ақ батасы­мен айналасын арайландыратын атасы мен әжесі тұратын ауылға асы­ғады. Сабақтан бос уақытында жақын достары – Дінмұхамедпен, Олжаспен футбол, баскетбол ойнағанды ұната­ды. Туған жерінің табиғаты мен жан-жануарларын бейнелеген суреттері баланың бойындағы таудай талабына тамсандырмай қоймайды.

Кіршіксіз көңілінде терең із қал­дырған бұл оқиға баланы өмірге өзгеше үңілдірді. Бауырларын өрттен аман алып қалған батыр бала бола­шақта адам өмірін тілсіз жаудан құт­қаратын өрт сөндіруші болуды арман­дайды.

– Үйде өрт болған жағдайда іштей қорық­қаныма қарамастан, қалай да бауырларымды құтқарып қалу керек болды. Сол бір жанталас сәтте бауыр­ла­рыма деген сүйіспеншілік сезімім қауіп-қатерден қаймықпауға қуат берді. «Өмірде айналадағы адамдарға жасаған жақсылығың – өзіңе жасаған игілігің» деп әкем бізге үнемі үйде ақы­лын айтып отырады. «Адамдық борышың – халқыңа еңбек қыл» деп Шәкәрім бабамыз айтқандай, ер жет­кенде еңбегіммен еліме қызмет еткім келеді. Қиындықта жәрдемге мұқтаж жан­дарға көмек көрсету әрбір адам­ның азаматтық борышы. Өмірімде ешқашан есімнен кетпейтін осы оқи­ға­дан кейін адамдарды тілсіз жаудан құтқаратын өрт сөндіруші болғым ке­летінін түсіндім. Болашақта ата-анам­ның үмітін ақтап, перзенттік пары­зымды өтегім келеді, – дейді Данияр.

 

Батырдың отбасы баcпанасыз жүр

Батыр бала Республикалық фи­зика-матема­тика мектебінде бірі ағаш ұстасы, бірі техни­калық қызметкер болып жұмыс істейтін ата-анасын ерек­ше құрметтейді. Қарапайым отба­сынан шыққан әкесі Айдын Бүрге­баев перзент­терінің тәлім-тәрбиесіне ерекше көңіл бөледі. Төрт перзентті тәрбиелеп отырған отағасы балаларын барынша білімге баулып, рухани тазалыққа тәрбиелеуде.

– Ұрпақ тәрбиесі келешек ұлт тағдыры бол­ғандықтан, әрбір отба­сында бұл маңызды мәселеге ерекше мән беру керек. Жақсылық жасаған адам өмірді гүлдендіреді, өзінің де, өзгенің де жан-дүниесін нұрланды­рады. Сон­дықтан ержеткенде тек қана жақсылық жасауға ұмтылыңдар, адам­гершіліктің ақ жолынан адаспаң­дар, ешқашан жамандыққа жоламаң­дар деп балаларыма әкелік ақылымды айтамын. Білімді адам биік шыңдарды бағындырады, сон­дықтан адам өзінің жан-дүниесін, рухани әлемін біліммен байытқаны абзал. Балаларым­ның күнделіктерін жиі тексеріп, оқу үлге­рімін мұқият қадағалап отырамын. «Адам ұрпағымен бақыт­ты» деп бір данышпан айтқандай, бала-шағам өмірдегі ең үлкен бақытым, басты бай­лығым әрі таудай тірегім. Қазірден бауырларына қамқор болып жүрген баламды мақтан тұтамын, – дейді Даниярдың әкесі.

Мектебінің мақтанышына айнал­ған батыр баланың сынып жетекшісі Маржан Тоқбай ержүрек шәкірті үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін тәрбиесімен  ерекшеленетіндігін атап өтті.

– Даниярдың ерен ерлігін оқу­шы­ларға да, ата-аналарға да мақтаныш­пен үнемі айтып отырамыз. Оның мінезі өте салмақты, жауап­кершілігі мол. Ол ешқашан сабақтан себепсіз қалмайтын, үй тапсырмасын үнемі орындайтын сыныбымыздағы үлгілі оқушылардың бірі. Ол сыныптағы барлық баламен  тату. Шәкір­тім­нің бойында адамдармен тіл табыса алатын қабілеті бар. Баланың сурет салуға деген ықыласы ерекше. Табиғи тума талантының арқасында суретті өте жақсы салады. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін тәртібімен ерек­шеленеді. Білім ордамыздағы қоғам­дық іс-шараларға, шығарма жазу бойынша байқауларға үнемі белсене атсалысады. Бұйырса, болашақта ол елімізге қалтқысыз қызмет ететін нағыз ер-азамат болады деп үмітте­немін, – деді сүйікті мұғалімі.

Сынып жетекшісі қа­ла­да тіркеуге тұра алмай қойған шә­кіртінің отбасындағы баспана мәселесі көңіліне қаяу түсіретінін тілге тиек етті.

– Мектебімізде көпбалалы отбасынан шық­қан Даниярға барын­ша қамқорлық көрсетіліп келеді. Олар бірнеше жылдан бері өзінің жанұя­сымен пәтер жалдап тұрады. Өкінішке қарай, қазір заңды түрде отбасымен Алматыда тіркеуде болма­ғандықтан, баспана кезегіне де тұра алмай жатыр. Олар отбасымен түгел ауылда тір­келген. Осы бір өзекті мәселе әрқашан ойымда жүреді. Батыл­дығымен елге танылған ержүрек баланың ерлігі еленіп-ескеріліп, баспаналы болуына көмек көрсетілсе, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді Даниярдың ұстазы Мар­жан Тоқбай.

Иә, бұл да бір күрмеуі қиын жәйтке айналып тұр. Десек те, кім біл­сін, сәтін салып жанашыр жандардың көзі түсіп жатса, шешілмес мәселе болушы ма еді…