«АЛАШТЫҢ» ШЫНДЫҒЫН АЯЛАҒАН

%d0%b0%d0%bb%d0%b0%d1%88

«Алаш» мәселесі туралы ХХ ғасырдың соңғы ширегінде, яғни сонау қайта құру әкелген жариялылық кезеңінде-ақ алғаш қызу қолға алынып, баспасөзде талқыланып жатқан сәттің бірінде «Қазақстан коммунисі» журналының ұйымдастырумен «Алаштың» ақиқатын кім айтады?» (1990, №5) деген топтама  жарық көрген болатын. Сол топтамада В.Григорьев, К.Нұрпейісов сынды тарихшы ғалымдармен бірге әдебиетші ғалым Т.Кәкішевтің «Шындықты бұрмаламай, жұлмаламай айтайықшы» мақаласы басылды.

Алаш мәселесіне қатысты еңбектерді оқып, сол тұстардағы айтыс-тартыстарды ой елегінен өткізген ғалым шын зерттеудің әлі алда екенін ескертіп қана қоймай, толық ашылмай келе жатқан  басты мәселелерге назар аудартады. Олардың ең негізгілері деп алдымен «Алаш идеологиясы қашан оянып, ел-жұртқа қашан тарай бастады; Алаш қозғалысы қай кезде өрістеп, қай кезде ұйымдық сипат ала бастады, яғни «Алаш» партиясы қашан құрылды; оның қауым­дасу негіздері қандай, Жарғысы болды ма, бағдарламасының мән-мағынасы ше; «Алашорда» өкіметі қалай құрылған, аумалы-төкпелі заманда қандай іс-әре­кеттер жасаған; халық тағдыры таразыға тартылғанда Алаш интеллиген­циясы не тындырған, оның рөлі қандай болған?» деген сауалдарды алға тартады. Қандай да пікір  айтылсын,  оның шындыққа жана­с­уын қалаған Т.Кәкішұлы осы сауалдарға жауап іздеп, өз ойын ортаға салады.

Ғалымның «Алаш идеологиясы қазақ даласында XІX ғасырдың екінші жарты­сынан бастап еміс-еміс сезіле бастаған-ды. Орыс самодержавиесінің отарлау саяса­тының «дәмін» тата бастаған ақын-жыраулар ортасына Нысанбай сепкен пікір Шортанбай, Дулат, Мұраттарға жетіп «зар заманды» туғызуы әншейіндегі әдеби ғана құбылыс емес» дегені ойлан­дырады. Расында да орыс отаршылдығына наразылық танытқан зар заман ақында­рының мұң-шерін азаттықты аңсаған Алаш идеологиясының бастаушы көші ретінде де қабылдауға болатын тәрізді.

ХХ ғасырдың басындағы Алаш қоз­ғалысының қай кезден бастау алғандығы туралы пікірі де тұшымды. Қазақтың қоғамдық ой-пікіріне ықпал еткен 1905 жылғы орыс революциясынан кейін «Сын отечества» газетінде (1905 ж., 4 қазан, №173) жарияланған «Қарқаралы петиция­сының» маңызы жайында сөз еткенде зерттеуші оның «белгілі қозғалысқа айнала бастағанын» қадап айтады. Растайтын құжаттардың бірі ретінде осы қозғалысты бағалаған («Форма нацио­нального движения в современных госу­дарства», Петербург-Петроград. 1910. 538-б.) еңбектерді тілге тиек етуі де ғалымның тарихи шындыққа көз жеткізіп барып, өз тұжырымын жасайтынын аңғартса керек. Осы тұстағы айтыс-тартыста кейбір тарихшыларымыз Алаш қозғалысын 1917 жылғы «Алаш» партиясының құрылуымен сәйкес­тендіреді. Және бұл пікірдің бүгінгі күнге дейін де жалғасын тауып жатқаны тағы мәлім. Негізінен Алаш қозғалысы тарихшы ғалымдардың айтуынша, «ұлт интеллектуалдарының қозғалысы» болып табылатын болса, Қарқаралы петициясын ұйымдастыру да ХХ ғасырдың басындағы ұлт қозғалысының алғашқы сатысы екенін айқындап тұрған жоқ па?!

Сонымен қатар, Тұрсынбек Кәкіш­ұлының «Ағартушылық шапанына оранып жатқан азаттық идеясы, бостандық алу ұрандары сол кездегі ақын-жазушы­лардың, мұғалім, молдалардың, қажы-ахундардың айтқандары мен жазған­дарында кең орын алды» дегені 1905–1907 жылдардағы саяси ахуалдарды тек тарихи деректерден ғана емес, әдеби шығар­малардан да көруге болатынын  ескертіп өткендей. Шынында да ұлт қозғалысының осы кезеңіндегі белгілері Нарманбет, Мәшһүр Жүсіп, Ахмет, Міржақып, тағы басқалардың туындыларында көрініс тапқан еді. Ал бұған бүгінгі күнге дейін мән бермей келгеніміз рас.

Алаш қозғалысының одан әрі «Ай­қап», әсіресе, 1913 жылы шыққан «Қазақ» газеті арқылы идеологиялық өрісінің кеңейгенін,  «әрі-беріден соң ұйымдық бастауын тапқанын» айтып, осы кездердегі қазақтар арасында съезд шақыру идеясы­ның таралғаны туралы мәселелерге де шолу жасағанда ұстазымыз нақты дәлел, дәйектемелерге сүйенеді. Тіпті, Т.Кәкіш­ұлының «Айқап» пен «Қазақ» арасындағы айтыс-тартыстардың мән-жайын тереңнен зерделегенін кейінгі шыққан еңбектері арқылы да жақсы білеміз.

Ғалымды толғандырған негізгі мәселе – «Алаш» партиясының   қашан құрыл­ғандығы туралы шындыққа көз жеткізу болатын. Бұл тарапта зерттеуші «Алаш» партиясы бағдарламасының жобасы «Қазақ» газетінде 1917 жылдың 21 қара­шасында жарияланғанын алға тарта отырып, «Ал біз болсақ, партия 1917 жылдың маусым айында құрылды деуден танбай келеміз. Жер-жерде қазақтардың басы құралса болды, оны «Алаш» партия­сының съезіне сая саламыз. Ал шынды­ғында, әрбір партияның құрылуының белгілі бір заңдылығы, шарттары болмай ма? Яғни оның Уставы мен Программасы болмай ма? Сол Устав пен Программаны жүзеге асыратын комитеттері мен жергілікті ұйымдары болмай ма? Оларды басқаратын Орталық Комитеті, секретарь­лары болмай ма? Архив материалдарын қарап жүріп, осының біріне де кезіккен, тарихи деректерді көрген жоқпын. Көрдім-білдім дегендерді кездестірген де емен» деп өзін ойландырған мәселені ортаға салып, «Алаш» тарихына қатысты шындықты бұрмаламай жазуды қалайды. «Алаш» партиясының қашан, қалай ұйым­дасқанын қапысыз зерттеуіміз керек…» дей отырып, ақиқатқа қалай қол жеткізудің жолдарын да көрсетіп береді.

Сонымен  қатар ғалым «Алаш» атауы І съезге дейін де, съезд үстінде де ресми этноним ретінде бірде-бір рет ауызға алынбаған. Съезд шешімінде: «қазақ халқының өз алдына саяси партиясы болуға тиіс. Бұл партияның жобасын жасау Шура-и-исламға сайланған қазақ уәкілдеріне тапсырылсын. Жобаны кейін Құрылтай жиналысына жиналған қазақ депутаттары қарап, бекітеді» делінген. Міне, осы кезді, яғни І съезді біздің бүкіл тарихымызда «Алаш» партиясы құрылған күн деп есептеп, жалғандыққа ұрындық…» деп «Алаш» партиясының Бірінші жалпықазақ съезінде де ресми құрыл­мағанын  осылайша зерделейді.

Тарихи деректерге сүйенсек, 1917 жылы Ақпан төңкерісінен кейін патша өкіметі құлаған соң, Мемлекеттік думаның Уақытша комитеті мен Санкт-Петербург кеңесі атқару комитетінің келісімі нәтижесінде Бүкілресейлік құрылтай жиналысы (Учредительное собрание) өткізілетіні мәлім болып, осы құрылтайға тек саяси партиялардың өкілдерінен сайланған делегаттар қаты­сатындықтан қазақ оқығандары шұғыл түрде партия құруды қолға алған болатын. Осыған орай Бірінші жалпықазақ съезіне дейін де қазақ жерінде түрлі съездің орын алғаны белгілі. Т.Кәкішұлы осы мақала­сында 1917 жылдың 19–22 сәуір аралы­ғындағы Орал облыстық қазақ съезі, 28 сә­уірдегі Орынборда болған Торғай облысы қазақтарының  съезіне, ондағы жалпы­қазақ съезіне шақыру мәселесінің қозғал­ғанына тоқтала отырып, тек 1917 жылдың 21–26 шілдесінде Орынборда болған Бірінші жалпықазақ съезінде ғана партия құру туралы қаулы қабылданғанын ес­кертіп өтеді. Ал жалпықазақ съезінің ше­шімімен құрылуға тиіс партияның атауы да кейінірек берілгеніне Шура-и-ислам­ның атқару комитетіне сайланған Ж.Дос­мұхамедовтың 1917 жылдың 15 қыр­күйегінде жазған хатындағы деректер арқылы көз жеткізеді. Сондай-ақ, «Қазақ» газетіндегі (1917, №244, 5 қазан) «Партия ұраны десек, бабамыздың «Алаш» ұранынан артық ұранды іздесек те таба алмаймыз. Сөйтіп, қазақ саяси партия­сының атын «Алаш» қою ойлап әуре болмастан ауызға түсіп тұр» деген мәлі­меттер де осы шындықты анықтай түсетіні белгілі. Мінеки, ғалым сонау қайта құру кезеңінде бұрмаланып айтылып жатқан осындай кейбір деректерге көз жұма қарамай, оның ұлт тарихы үшін де әділ таразылап, дұрыс бағамдалуын қалаған еді.

Жалпы, партия туралы түпнұсқаны пайдалана пікір айтқан қазақ зерттеу­шілердің аздығына өкініш білдіріп қана қоймай, Алаш туралы орыс зерттеуші­лерінің еңбектерін де ой талқысынан өткізген Т.Кәкішұлы олардың да қан­шалықты шындыққа жанасатыны жайында өз пікірін білдіріп, «Алашорда» туралы бірсыпыра тарихи деректерден де хабардар етеді.

Ал бүгінде біз осы «Алашқа» қатысты қазіргі тарихи еңбектерде жазылған, яғни «Қазақ» газеті жанынан құрылған ұйымдастыру бюросы партияның атын «Алаш» қойып, Бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидаттар тізімін осы партияның атынан жасауды ұсынғаны, уақыттың тығыздығына байланысты партия бағдар­ламасының жобасы ғана жарияланып үлгергені, партияның негізгі мақсаты «Қазақта» түсіндірілгені, партияның облыстық және уездік бөлімдері құрылғанмен алты облыстың бәрінде бірдей сайлау өтіп үлгермегені, алайда, сайлау соңында «Алаш» партиясының ең көп дауыс жинағаны туралы деректерге  місе тұтамыз. Бәлкім, сол кездегі құбыл­малы саясаттың салқыны, шақырылған Ресейдегі Құрылтай Мәжілісінің созылып, өз уақытында өтпеуінің ықпалы да алаш қайраткерлерінің бар назарын Алашорда үкіметіне аударғаны, бізге беймәлім тағы басқа себептер партияны толыққанды заңдастыруға мүмкіндік бермеген шығар.

Қалай болғанда да өз көзқарасын түйіндеуде ғалым «осы Алаш қозғалысына араласқан адамдардың өз қолымен жазып, өз түсінігімен айтқан зерттеудің жоқтығы да көп мәселенің байыбына барғызбай келеді. Зиялылардың келешекті ойламауы мүмкін емес. Тегінде қуғын-сүргінге салған кезде жойылған, не біз тап болмай, не мән бермей келе жатуымыз да ғажап емес» деп, «Алашқа» байланысты өзін толғандырған мәселелердің әлі де болса толық ашылмай жатқан тұстары барына  кәміл сенеді. Және де «Алаш» жайында пікірлерін Т.Кәкішұлы кейіннен де, мәселен, «Алашорданың» 90 жылдығына орай «Ана тілі» газетінде (2007 ж. 20 қыр­күйек, 8-9 б.б.) берген сұхбатында да жалғастырған еді.

Қорыта айтқанда, ғалымның «Алаш» туралы болжамнан гөрі ақиқатқа жүгіну қажеттігін насихаттауының бір сыры архив материалдарын, яғни есімдерін атауға болмайтын уақытта алашшыл ақын-жазушылар туындыларын  өз қолы­на түсіріп, ертерек танысуында болса керек. Олай дейтініміз, «Оян, қазақ!» қалай қуғындалды?» деген еңбегінде (2005 ж., 7 қыркүйек) бұдан 60 жыл бұрын, 1957 жылғы ғылыми іссапарында Уфаның Республикалық кітапханасынан өзінің табандылығымен «700-ден аса кітапты, ондаған газет-журнал түптемелерін Партия тарихы институтының кітапхана­сына жеткізгендігі», соның ішінде 100 шақ­ты кітапты, яғни «коммунистер шошитын Алаш қайраткерлерінің шығармаларын» өзіне алып қалғандығы жайлы мәлімет айтылған еді. Жалпы, Гүлнар Міржақыпқызының «…Айналайын Тұрсеке! Сонау қиын-қыстау кезеңде батырлық жасап, Міржақып әкемнің «Оян, қазақ!», «Бақытсыз Жамалын» табыс етіп қуантқаның есімнен кетпейді. Сол заманда мұндай сыйлық тарту қайсар мінезіңнен, мейірімді жүрегіңнен, ар тазалығыңнан туған ерлік! Оны ұмытпай бағалайтын апаң Гүлнар Міржақып­қызынан естелік. 10.05.1997» деп жазған жүрекжарды қолтаңбасы да ұстазы­мыздың алаш рухты азаматтығын даралай түседі. Тұрсынбек Кәкішұлын қазақ халқы әдебиетші ғалым ретінде ғана емес, қазіргі қоғамдағы тұмшаланған ойлардың ақиқатын айта алатын қайраткер  ретінде де жақсы танитын еді.

 

Күнімжан Әбдіқалық,

ҚазМемҚызПУ-дің  доценті.