САРТАЕВ АЙТҚАН СЫР ЕДІ

a67cf68afd814a2d7bca71e2457e5544_xl

Ауданымызда өткен «Тарихта қалған Сыға­нақ» атты халықаралық конференцияға акаде­мик Сұлтан Сартаев келді дегенді естіп, сәлем беріп, сұхбат алып қайтуды ойладық. Сұлтан Сартайұлы Алматыға жолға шығуға әзірленіп отыр екен. Бізді көргеннен-ақ кең құшағын жай­ды. Академиктің қарапайым­дылығына таң­қала, төс қағыстырып аман­да­сып, мерейлі ме­рей­тойымен құттықтадық.

 

Темір балқытқан тарлан

Тоқсанның табалдырығынан атта­ған ғалым жоғары мектепте студент­терге тәлімді тәрбие, саналы білім бе­ріп жүргендіктен, жастарды өзіне жа­қын тартып, емін-еркін тілдесіп, ақыл-кеңесін беріп жүреді екен. Бізді де тез арада үйіріп алып, ұзақ жылдар бойғы танысындай ашық-жарқын әңгімелесті.

– Жаңақорған қонысында 1927 жыл­дың 15 қазанында дүниеге келіп­пін. Әкем Сартай арбакеш, наубайхана меңгерушісі болып түрлі жұмыстар ат­қарды. Анам Әсел алты құрсақ көте­ріп, ұл-қыздарына тәлімді тәрбие бе­руге мән берді, – деп бастады әңгіме­сін.

Балалық шағы есіне түсті ме, жүзі­не күлкі үйіріліп, сөзін ары қарай жал­ғады:

– Қазіргі балалар «лакашты» ойнай ма, ол жағын білмедім. Біз лакашты жиі ойнайтынбыз. Қалай десеңіз, ұзы­нырақ ағашты алып, екі жағын жіңіш­кертіп жонып, соны екінші ағашпен ұрып алыс­қа жіберуің тиіс. Кім алысқа жібереді, сол жеңген болып шығады. Ауыл балалары күн ұзақ осыны ойнау­шы едік. Одан жалыққан кезде, бөш­кенің сыр­тындағы сахинасын алып, ұзын сымте­мірдің басын қайы­рып, сол сақинаны дөңгелетіп жарысушы едік. Ол дәурен келмеске кетті ғой! – деп естен кетпес балалық шағына саяхат жасады.

Бізді заң саласына қалай келгендігі қызықтырды. Сұрақты осы бағытқа ойыстырдық.

– Кеңес Одағы прокуратурасының маңызды істер жөніндегі тергеушісі Лев Шейниннің «Записки следователя» деген кітабы жарыққа шығатын. «Пио­нерская газета» осы туындыдан үзінді­лер беріп тұратын. Соны оқыған сайын заң саласына қызығушылық артып, қыр-сырын білуге құмарттым. Заңгер бола­мын деген арман сол кезден бас­талды.

Бірақ мақсатыма жету оңай бол­мады. Ресейдің Выкса қаласында кешкі мектепті бітірдім. Сосын Теміртаудағы металлургия зауытына жолдады. Ме­тал­­­лургия зауытына қанша барғым кел­мегенімен, амал қанша, темірдей тәр­тіпке бағынып, темір өңдеуге аттан­дық. Темірді жоғары темпуратурада қайната­тын зауытта жұмыс істеу оңай емес.

Зауыт басшысына жоғары білім алғым келетінін түсіндірдім. Ол кісі әкем­дей қамқорлық танытып, «Қатты оқығың келсе, кезектен тыс еңбек де­ма­лысын берейін, жолыңды да төлейік, оқуға тапсырып, бағыңды сынап көр. Тек «оқуға түсті» деген қағаз алып кел­сең, сені ұстамаймыз» деді.

Директордың қолдауынан күш алып, Алматы мемлекеттік заң инсти­тутына құжаттарымды тапсырдым. Бағыма қарай, оқуға түстім. Талмай ізденіп, ілім жинаудың арқасында үздік бітірдім, – деп терең ойға батты.

Орнаған үнсіздікті бұзып: «Ғылым жолына қалай түстіңіз?» дедім.

– Институтты бітірерде Мәскеуден Жоғары білім министрлігінің өкілі келді. Менің зеректігімді байқады ма, әлде оқуға, білуге деген құштарлы­ғым­ды көрді ме: – Сіз Мәскеуде аспи­ран­турада оқығыңыз келмей ме? – деді.

Қуанғанымнан: – Әрине, оқығым келеді, оқығым келеді, – дедім.

– Онда Мәскеудегі Заң инсти­ту­тына барып, аспирантураға тапсыры­ңыз, – деді.

Айтқанындай, Мәскеуге бардым. Жоғары мектептің заң кафедрасының меңгерушісі Степан Крабчукке аспи­рантураға түскім келетінін айттым.

– Мен екі шәкіртімнен үміт күтіп отырмын. Олар институтты қызыл дипломмен бітірген. Түскің келсе, қолың­ды байламаймыз, бағыңды сынап көр, – деді.

Не керек, менің балым төмен болып, өтпей қалдым. Елге қайтуға ниет­­­теніп жүргенімде, кездейсоқ аспи­рантураға түсуге кеңес берген кісіні жолықтырып қалдым. Оған елге қай­татынымды жеткіздім.

Әлгі кісі: – Асықпа. Бір-екі күн кідіре тұр, – деді.

Министрліктің өкілі Крабчукке қо­ңы­­­рау шалып, оған қосымша орын бөле­тінін айтып, аспирантурада білім алуыма мүмкіндік жасады. Осылайша аспиран­тураға түсіп, кандидаттық дис­сер­тациямды ойдағыдай қорғап, елге келдім.

Докторлық диссертацияны қорғау­дың машақаты да аз болмады. Ол кезде талап күшті болатын. Менің алдым­дағы 12 адам құлапты. Мәскеу мемле­кеттік уни­верситетіне жиылған мүйізі қара­ғайдай оқымыстылар мені де құла­тады деп ойладым. Нар тәуекелге мініп, дайын­­­даған қағаздарыма қарамай 20 ми­нутта диссертациямның мазмұнын ай­тып шықтым. Не керек, менің араға 19 жыл салып қорғаған еңбегімді дұрыс баға­лап, ғылыми докторлық дәрежесін берді, – деп машақаты көп ғылыми жолын сөз етті.

 

Сұлтан ағаның қыз алып қашуы

Сұлтан Сартайұлының қарапайым­ды­лығы мен кішіпейілділігі өзіне елітіп, сұрақ қоюға ынтықтыра түсті. Балалық шағы мен ғылыми жолын салмақтап болғаннан кейін, отбасы жайлы білгі­міз келді. Бұл сұраққа көп ойланып, терең толғанып сөз саптады. Жанары­нан домалап, бір тамшы жас төмен қарай сырғыды.

– Қазақта «Қосағымен қоса ағар» деген жақсы сөз бар. Жас кезімізде мұның мәнін түсінбеппіз. Қазір менде ұлым мен қызым бар, сырлас достарым бар, ағайын-туысым бар. Бірақ тағ­дырлас, мұңдас, сырлас болған серігім жоқ. Оның орны бөлек екен ғой, – деп көзіндегі жасын сүртті.

Тұлғаның жүректі тебірентер сөз­дері ойды сан-саққа жүгіртіп, әйелін сыйлай алмай жүрген азаматтардың ісі есіме түсті. Сосын ғалым жүрегінің нәзік­­тігін, серігіне адалдығын пайым­дап, шынайы махаббаттың үлгісін түсінгендей болдым.

Ұнжырғасы түсе бастаған ақсақал­дың көңілін басқа жаққа бұру мақса­тымен: – Апамызбен қалай танысты­ңыз? – дедік.

Аз-кем ойланып отырып, жастық шағын есіне түсіре бастады.

– Мәскеуде аспирантурада оқып жүргенімде досымның әйелі Ира Нұр­мақова: – Әй, Сұлтан, жаман жігіт емес­сің. Бірақ әлі басың бос. Менің сіңі­лім бар, соны саған беремін-ау, – деді.

– Ол қайда, қай институтта оқиды? – дедім сасқанымнан.

– Ауылда тұрады. Әлі оқушы. 7-сыныпта оқиды.

– Т-ү-у-у-у-у, сенің мұрынбоғың кімге керек? – дедім.

Енді ше, мен – аспирантпын, ол – мектепте оқиды. Осылай деуімнің реті бар ғой. Арада тағы біраз жылдар өтті. Алма­тыда тұратын досымның үйіне келсем, өзі аппақ, қызылшырайлы, қос бұрымы диваннан түсіп бір қыз ұйықтап жатты.

– Ойбай-ау, Ира, мынауың кім? – дедім.

– Баяғы сен «мұрынбоқ қыз» дегенің осы, – деді.

– Мынауың мұрынбоқ емес, дайын қалыңдық болыпты ғой, – деп таңқалы­сымды білдірдім (Апамызға бір көрген­нен ғашық болып қалады – авт.).

Біз хат жазысқан жоқпыз, бірақ ол менің қарындасыммен хат жазысып тұратын. Хаттың аяғына «Сұлтан ағайға сәлем айтарсың» деп аяқтайды екен. Басқа әңгіме жоқ.

Ғылым жолында ізденісте жүрге­німде отбасы мәселесін ойлай қоймап­пын. Әне-міне дегенше, жасым 28-ге келіпті. Анам «Балам-ау, қашанғы жүресің? Жасың отызға келіп қалыпты. Енді саған үйленіп, шаңырақ көтеру қажет» деп ұрыса бастады. Бір уақытта: «Осы Ираның Ташкентте оқитын Азат деген сіңілісі бар екен. Әпкесіне тартса жаман болмайды (Ирамен Мәскеуге баласының артынан барғанда танысқан. – авт.). Соны алсаң қайтеді?» деп қыс­тай бас­тады. Мен қарсылық білдірген жоқ­пын. Бір күні мен Ташкентте оқып жүрген Азатқа қоңырау шалып:

– Азат, сен маған күйеуге шыққың келсе, анам, ағам, інім төртеуміз барып, сені «алып қашамыз», – дедім.

– Оқуымды қайтем? – деп жылап жіберді.

– Саған Алматыдан қазіргі оқуың­нан кем емес оқу тауып беремін, – дедім.

Келісім бойынша төртеуміз Таш­кент­ке барып, қызды «алып қаштық». Шымкентке келіп бір түнеп, Жаңақор­ғанға жолға шықтық. Азаттың ағасы қарындасын өзінің досының баласына берем деп жүргендіктен, қарындасының қашып кеткенін біліп, артымыздан қуып келді. Үлкендер қыздың өз қалауы бойынша болғанын түсіндіріп еді, ағасы қарындасына ренжіген кейіп танытып, кетіп қалды…

Азат екеуміз 60 жылға жуық бірге өмір сүрдік. Бір рет болсын сөзге келген жоқпыз. Екеуміз бір-бірімізді жанары­мыздан түсінісіп, тату-тәтті тұрдық. Ұл-қыздарымызға тәлімді тәрбие, сана­лы білім беруге тырыстық.

Қазір Рүстемім – саясаттанушы. Ал Раушаным менің жолымды қуып келеді. Ол бірер жыл бұрын еліміздің фило­софтарының атынан Грекияға барып, үлкен конференцияға қатысып қайтты. Раушанның баяндамасын шетелдік әріп­тестері жоғары бағалап, ұйып тың­дапты. Осылайша мықты ғалым екенін танытып, абыроймен келді…

 

Конституция – тұрақты дамудың кепілі

Ата Заңды жасаушының бірімен кездескенде, Конституция жайында сұрамау жазушылығымызға сын болмай ма? Оның үстіне Сұлтан Сартаевқа Жоғарғы Кеңестің мінбесінен Қазақ­стан­ның Тәуелсіздігін жариялау сәті бұйырған ғой!

– Әрине, мұндай мүмкіндік әрбір адамның басына келе бермейтін бақ қой! Сондықтан мінбеге көтеріліп келе жатқанда толқу сезімі болды. Бірақ Мем­лекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев маған үлкен сенім жүктеп: «Сіз осын­дай баяндамамен мінберге көтері­ліп, Қа­зақ­станның тәуелсіздігін жария­лайсыз», – деді. Оған дейін Прези­дент­тің тапсыр­масы бойынша Мемле­кеттік тәуелсіздік туралы Заң жобасын дайын­дауға кіріс­кен едік.

Содан 16 желтоқсан күні, 18 сағат 08 минутта Парламенттің мінбесінде Қа­зақстан Республикасының тәуелсіз­ді­гін жариялау құрметі маған бұйырды. Мін­беге көтеріліп жатқандағы менің кө­ңіл- күйімді сөзбен жеткізу қиын. Елім­нің кешегісі мен бүгіні көз алдымда кино лентасындай зырылдап өтіп, қа­зақтың атой салатын заманы туғанын түсіндім.

Сонымен, ғасырларға созылған мем­лекеттік арманымыз орындалды. Рес­публика Президентінің Жарлығымен 16 жел­тоқсан ресми Тәуелсіздік күні және жалпы халықтық салтанатты мейрам болып жарияланды. Қазақстан Респуб­ликасы бүгінде тәуелсіз демо­кра­тия­лық, құқықтық мемлекет ретінде қа­лып­тасты. Оның қазіргі кездегі аумағы біртұтас және оған ешкімнің қол сұғуға қақысы жоқ.

– Сіз Ата заңды жасаушылардың бірісіз.

– Алаш қоғамын ортақ тәртіпке бағындырған заңдар жүйесі болды. Мәселен, «Қасым ханның қасқа жолы», «Есімханның ескі жолы», «Жеті жар­ғыны» айтуға болады. Ал Кеңес зама­нында үш конституция – 1924 жылғы Қазақ Автономиялы Кеңестік Респуб­ли­касының, 1937 және 1978 жылдарғы Қазақ Кеңестік Социалистік Республи­касының конституциялары қабылдан­ды. Алғашқы үш заңда қазақтың ата-баба дәстүріне сай құрылған заңдар жиын­тығы болса, соңғы үшеуінде тәу­елсіздік ұғымы ауызға алынбағандығы белгілі.

Сондықтан жаһандық бәсекеге сай дами алатын заңның қажеттілігі туын­дады. Зиялылар мен ғалымдардың тал­қы­лауынан, пікір алысуынан өтіп, 1993 жылғы және 1995 жылғы халық­аралық аренада өз жолымен өркендеуге бағыт ұстанған мемлекеттің Конститу­циясы қабылданды.

– Араға үш жыл салып қайтадан Ата Заңды өзгертуге не түрткі болды?

– Уақытқа сай бейімделіп, жаһан­дық бәсекеге қабілетті болуды 1993 жыл­ғы Конституция шеше алмайтын жағдайлар болды. Мәселен, 1993 жылғы Ата Заң бойынша жерге жеке меншікке жол берілмейтін. Алайда, тәжірибе көр­сеткеніндей, жерді жеке меншікке бер­мейінше, толыққанды нарықтық қаты­настарды дамыту мүмкін болмады. Шын мәніне келгенде, өздерінің меншігіне кепіл­дік берілмейінше, отандық өндіріс­шілер де, шетелдік инвесторлар да капи­талдық тәуекелдікке бара алмайды. Бас себептің бірі – жоғары мемлекеттік билік органдарын ұйымдастыру проб­ле­масы болғаны белгілі. Анығырақ айтсақ, билікті бөлісу принципін жүзе­ге асыру моделінің өтпелі кезең жағ­дайларына сай келмеуі, билік тармақ­тарының кон­ституциялық-құқықтық мәртебелерін анықтаудағы қарама-қай­шылықтар, мемлекеттік билік орган­дары арасын­дағы тартыстарды шешу­дің тетігін жете анықтамау қызмет үйлесімін тежей бастады. Оның үстіне жергілікті билік органдарының конституциялық негіз­дерінде де айтарлықтай кемшіліктер мен қарама-қайшылықтар орын алды.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Мәңгілік Ел» идеясын ұсынды. Бұған қол жеткізудің жолы қандай?

– Конституциямызда айшықталған қағидатқа сәйкес, Президент елдегі жағ­дай мен республиканың ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағытта­ры­на байланысты жыл сайын Қазақ­стан халқына Жолдауын арнауға құқылы.

Ұмытпасам, «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында елдің еңсесін көтеріп, ертеңгі күнге сеніммен қарайтын «Мәңгілік Ел» идеясын ұсын­ды және оған қол жеткізудің жол­дарын көрсетті. «Нұрлы жол», «100 нақты қадам — Ұлт Жоспары» және т.б. стратегиялық бағдарламасы мен «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы міндеттерді шешу арқы­лы елдің тұрақты дамуын қамта­ма­сыз етіп, бәсекеге қабілетті елге айна­луға болады. Яғни халқы еңбек­қор, білімді де білікті, заманауи техно­логияны жетік меңгерген ұлттың мерейі қашан да биік болады.

 

Туған жерге қызмет – перзенттік парыз

Сұлтан Сартаев кіндік қаны тамған жерден ұзақ жүрсе де, елмен етене жақын адам. Әрине, мұның бәрі туған жерге деген махаббаттан туындай­тыны болар. Сондықтан сұрақты осы бағыт­та қойдық.

– Туған жерін сағынбайтын адам бол­майтын шығар. Әсіресе, балдәурен балалық шақты сағынбай тұра алмай­сың. Ол кездегі ел ағаларының қам­қор­­лығын қалайша ұмытасың?! Жалпы, жыл сайын ауылға келіп-кетіп тұрамын.

Жиған-тергенімді қу бастың қамы үшін ғана пайдаланған жоқпын. Шама келгенінше ауылымның аты шықсын деген оймен жұмсадым. Мәселен, бірнеше мемлекеттің саяси орталығы болған Сығанақ шаһарының іргесіне Хисамиддин Сығанақи мешітін салғыз­дым. Ислам дінін таратуда еңбегі сіңген ғұлама ғалым. Үміт ана деген халық емшісіне ескерткіш жасатып, оны ау­дан­ға қойдырдым. Соғыста қайтыс болған ерлердің тегі жазылған тақта­ның алдына қойылды. Сазгер Бексұл­тан Байкенжеевке де ескерткіш орна­туға ұйытқы болдық. Хисамиддин Сы­ғанақидің ескерткіші де Жаңақорған кентіне қойылды. Яғни шама-шарқым жеткенше туған ауылыма перзенттік парызымды өтеуге тырыстым.

Жалпы, Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» бағдарламасын ұсынғаны қуантты. Адам кіндік қаны тамған жер­ден күш алып, қалыптасады. Ендеше өзінің жаралған топырағына нәр бе­руге әркім үлес қосқаны абзал. Сонда ел даму жолынан жаңылмайды. Екінші жағынан, қазақтың ертеден келе жат­қан қайырымдылық қасиеті жаңғыра түспей ме?

P.S.: Ол Ұлттық Ғылым акаде­миясының «Алтын» медалімен мара­пат­талған жалғыз ғалым ретінде ар­дақты. Ол Қазақстанның жоғарғы мем­лекеттік марапаты «Парасат» ордені­мен марапатталған қайраткер ретінде құрметті. Ол Жаңақорған ауданының «ХХ ғасыр адамы» ретінде сыйлы. Бәрінен бұрын, Сұлтан Сартайұлы өзінің азаматтық болмыс-бітімі, қай­раткерлік тұлғасымен, адамдық қара­пайымдылығымен қадірлі екен. Міне, біз бірнеше сағатқа созылған әңгіме-дүкен барысында осыны ұқтық…

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.