РУҒА ЕМЕС – РУХҚА, АҒАҒА ЕМЕС, АЛАШҚА ҚЫЗМЕТ ЕТЕТІН КЕЗДЕРІҢ

Мейрамбек Беспаевқа хат 

немесе Ақаңның аманаты, алаңдауы туралы

%d0%bc%d0%b5%d0%b9%d1%80%d0%b0%d0%bc%d0%b1%d0%b5%d0%ba

Мейрамбек!

Бұл хатты Кенжеғалиға, Бекжанға, Жанға­лиға да арнап жазуға болар еді. Олар әр кезде айтарын айтып, жазарын жазып, ой-пікірін, көзқа­расын түрлі кеңістікте батыл білдіріп жүретін жігіт­тер. Оның үстіне бұл оң мен солын танып-білген, қалыптасқан буын. Ал сен Мейрамбек бұл кеңістікте өзің айтқандай, саяқтау жүресің. Түнеукүнгі «Сенбі­лік серуенге» берген сұхбатың мені осындай ойға табан тіретті. Оның үстіне сенің ойыңды өлшеп-пішіп, талғам-танымға, парасат-пайымға иек артып сөйлейтін бейімділігіңді байқадым. Адамды тану, бардың бағасын білу қат болып тұрған мына күндерде ой кемелдігі, пікір салмақтығы ауадай қажет. Бұл қасиеттің сенің қатарыңның бойынан көрініс беруі маңызды. Бұл мінез тереңдігі сенің буы­ныңда өзің дұрыс аңғарған­дай, жетіңкірей бермейді. Ендігі әңгіме осы тұстан тар­қайды.

Әредіктегі жазғаныңнан бір аңғар­ғаным, сен кітап оқығанды жақсы көреді екенсің. Әсіресе, әдеби кітап­тарды. Бұл жазбаңнан үкілі үзіндіні «Алматы ақша­мында» жариялап та жібергенбіз. Мен осыған қуандым. Қадыр ағамыз «мен жақсы ақын болмаған күнде жақсы оқырман болар едім» деуші еді. Сен, сірә, жақсы музыкант қана емес, жақсы оқыр­ман да боларсың. Бұл ойымды тәптіштеп отырғанымның бір себебі бар.

Бұрынырақта кішкентай даусы бар, бір танымал өнерпазға бір белгілі қаламгер кітабын беріп жібереді. Кітапта ол туралы бір эссе бар. Әлгі неме беріп жібер­ген кісіден «қай бетінде?» деп сұрапты. Ал енді осын­дай бір кітапты тауысып оқымаған адамдар (мен оған кәміл сенімдімін) хабар жүргізеді, жұртқа ақыл айта­ды. Жалпы, осы кезге дейін байқағаным, қазіргі руха­ният адамда­рының басым көпшілігі оқымайды (Бүгінгі А.Әшімұлы, С.Ораз­байды айт­пағанда, кешегі Н.Жан­төрин, Қ.Жәкібаев көп оқитын, интеллектуал бола­тын. Жалпы, бұл осы буынға, одан кейінгілерге тән, ең керек қасиет еді). Оның ішін­дегі таланттыларының тез тоқырауының басты себебі осы. Содан соң «толыс­паған толстойлар, шала шекспир­лер» (М.Әуезов) болып қалу оп-оңай, аз-кем талантына сеніп, ұмыт қалады (ұлып қалады десек те болғандай ма қалай?).

Мейрамбек!

Алла тағала саған қуаты күшті әншілік дарын, орасан зор музыкалық қабілет берді. Оның үстіне сен көп оқитын болып шықтың. Әдебиетті көп оқыған адамнан әдепсіздік шықпайды, алысқа барады. Осы тұрғыдан келгенде сен өз буыныңның алды болуың керек деп болжаймын. Кей­біреулерде дауыс бар, дарын бар, бірақ мынадай даралықтар жоқ.

Ойды ой түртеді. Мынадай да жағдай болады. Таяуда бір концертке барып отырып, әлгінің сцена­рийінде тағы да бір танымал қаламгердің сөзінің өріп жүрге­ніне аса таңырқай қоймадым. Бұл сауат­сыздық пен жауапсыздық қайдан бастау алып жатыр деп ойлай­сың? Қазір телеарна­ның көбі Мұхтар Әуезов айтқан­дай, қаптаған сәл пысық­тар, сәл шенеу­ніктер (Жайдар­маншылар, шоу­мендер, т.б.), демек, тиіп қашып оқыған­дар, дилетанттар десе болады. Бұлардан терең­дік, зиялылық, бекзаттық күту қиын. Олар­да елдік, ұлт­тық мүддеден гөрі, тобырлық мүддеге, санаға қыз­мет ету басым. Орта, бағыт, деңгей басқа. Сондық­тан бұлардан есті сөз, тірі сөз шыға бермейді. Демек, теле­арнаң қандай болса, халқың да сондай болады деген сөз ғой. Телеарна – миллиондар ауди­ториясы емес пе? Бұған жол беріп отырған кейбір телеарна бас­шы­лары­ның да деңгейі сол шамалас деп түйін жасауға болады. Кешегі Илья Жақанов, Ақселеу Сейдімбек, Жәнібек Кәрме­нов, Әшірбек Сығай, Сағат Әшімбай, Жарқын Шәкәрім хабар жүргізгенде бұның бірі де болған жоқ. Кілең іргелі, іңкәр ізденістер ғана есімізде қалды.

Мейрамбек!

Бұдан шығатын қорытынды – ендігі жерде әнші болу аз, қайраткер, күрескер болуға тура келеді. Ұлт үшін. Жұтылып кетпес үшін. Жүсіпбек Аймауытовта «Мәдениет дегеніміз – өз ұлтыңды өліп-өшіп сүю» деген сөз бар. Өнердегі әлгіндей әлекедей жаланған­дарды жалғанның жарығына шығару керек.

Сен «Жұлдызды жекпе-жекте» осы қадамды бастап кеткендей көріндің. Бірақ бұдан да тереңдеу керек. Ке­шегі алтын сағаларға, тұнық бастауларға оралып отыру керек. Атаусыз қалған аяулы дарындардың атын жаң­ғыр­ту керек. Өз жолын, даусын таба алмай жүрген әнші­лердің бағын ашатын да қазіргі гүжілдеген «гөй-гөйлер» мен безілдеген «беу-беулер» емес, солардың әндері.

Сен оқуыңмен қоса «әнді ерттеп, күйді мінген» (Жарылғапберді) жігітсің. Бір сұхбатыңда тұлпар мен есек жайында айтыпсың. Тура, тұрпайылау айтылға­нымен, ойың дұрыс. Дұрысы, тұлпар мен мәстек дейік­ші. Тіпті тұз­дықтай түссек, ғалым мен залымның, қай­мақ пен маймақ­тың, мақау мен сақаудың да заманы бұл.

Қазіргі қоғамда не әрі емес, не бері емес, орташа «талант­­тар» үстемдік құрып тұр. Олар билікке де, басқаға да қай жағынан тиімді. Өйткені, бұлар ешқашан жел жағыңнан жүрмейді. Бәріне келіскіш, иілгіш. Демек, басқасын былай қойғанда, өнердегі ең қауіпті топ осы. Олар өнерді күнкөріс құралына айналдырып алған. Неге олай? Себебіне үңіліп көрейін. Қазір қап­таған топ-топ әншілер көбейді. Қарап отырсаң келіс­кен, сымбатты жастар. Қайда барсаң да бұлғаң-бұлғаң билеп, бақырып-шақырып ән айтады, әсіресе тойларда жол бермейді. Бірде Сәбит Оразбай ағам: «Шіркін, осылардың ішінде елге керек қаншама құрылысшы, философ, матема­тиктер жүр-ау», — деп еді. Расында солай ғой. Әркімнің өз ісімен айналысуы деген біздің елде көптен бері тоқтады. Себебі ақша табу керек. Ал қазір жеңіл жолмен, жан қинамай, мұрын қанамай ақша табатын жер – той-томалақ.

Сымбатты, салтанатты, текті, бек­зат, ақсүйек өнер осылайша өз болмы­сынан алыстап бара жатыр. Бұл бізді өз-өзімізден алыстату деген сөз. Теледи­дар тойханаға айналып кетті. Тойда жүрген әншісы­мақтар теледидарда да өріп жүр.

Мейрамбек!

Шақырған жерге бара беретініңді дұрыс айтыпсың. Бәйге атын көкпарға салмайды есті қазақ. Кешегі өзіміз бала күннен өнері мен өресіне сүйсініп өскен талай талант­тарды осы той-томалақ, көңілжықпастық, мақтау-мадақ жұтып жіберген. Олардың тағдырын той шеш­кен. Мақтау таудан құлаған тасқын тәріз­ді, оған сеніп қалу оңай, ал одан шығу қиын. Сондықтан өзің сұхбатыңда аңғартқа­ныңдай, орташа таланттармен, әбден шегіне жеткен дәлдүріштікпен күресті күшейт­пей, ұлттың рухани кеңістігін «Авгийдің ат қорасынан» (Ғ.Мүсірепов) тазартуға қазірден кіріс­песеңдер, ертең өздерің соның «жемі­сін» көресіңдер. Бүгін­де экономикалық қыл­мыспен күрес жолға қойылған. Ал рухани қылмыспен күресу неге ойы­мызға кіріп шықпайды. Өнері өспеген елдің өзі де өспей қалады. Өзің рухтас жігіттердің басын қосып, дербес, тәуел­сіз қуатты көркемдік кеңес құру керек. Көркемдік кеңес түрлі сала өкілде­рінің (музыка, әдебиет, бейнелеу, балет, сәу­лет, журна­листика, т.б.) басын бірік­тіруі қажет. Оған «қабасақалдар» мен «көкса­қал­дарды» жолатпаған жөн. Ұлттың руха­ни-мәдени тегін, төлтума болмысын терең бағамдай­тын бағдар­лама дайындап, оны тиісті министрлікке балама ретінде ұсыну керек. Елбасы айтқан «қазақстандық мәдениет» негізін осыдан алу керек.

Бүгінде өзің құралпы жігіттер өнер­дің белгілі бір биігіне шықтыңдар. Оны деңгей дейді. Сендердің дейгейлерің қазіргі эстра­даға азды-көпті өлшем болып тұр. Ендігі жерде сол деңгейді ұлтқа қызмет етуге, рухани күреске толайым арнау қажет. Біз жұртты адас­тырмайтын жолға бастайтын пайғамбар, әулие емеспіз. Олардың заманы өткен. Бірақ тұлғалылық, танымалдылық­тың (жұрттың шын ықыласына бөленген танымалдылықты айтып отырмын) өзі сол жолда едәуір шаруа атқаруға ықпа­лы болады. Ендігі жерде танымал­дылық ұшақ­та, ауруханада тиген жәрдемімен шектел­мей, ұлттық мүддеге қызмет жасауы керек.

Шерағаңның «ең алдымен халқыңа тигізер пайдаңды ойла, өз пайдаң соның ішінде» дейтіні бар еді. Бірен-сараны болмаса, қазіргі баспасөздің өзі бөспе­сөзге айналып барады. Сондықтан жеке тұлға­лар­дың сөзі өтімді. Бір кісінікі – мақұл, екі кісінікі – ақыл. Қазіргі жас­тардың кейбірі «аға» деген аурумен ауы­рып, «бәтіңке бауға» айналған. Ағаның айтқанының бәрі ақыл бола бермейді. Өзгенің қателігінен үй­рене отырып, өзіңе сену керек. Өзгенің пікі­рімен өмір сүру өте қауіпті құбылыс. Руға емес – рухқа, ағаға емес, Алашқа қыз­мет ететін кездерің. Мағжан сенген жастар – сендер.

Қазіргі телеарнадағы жаңалық­тардың тақырыбы – өртенген үй, жыла­ған бала-шаға, асылып, атылып өлген, қаңғы­бас адамдар, нашақорлық, жезөк­шелік, жемқорлық, т.б. Ал көрермен болса соның арасынан жылт еткен сәуле іздеп шаршады. Одан қала­­  берді қаптаған шоу, сериалдар. Құ­дай­ақы осылардың ілуде біреуіне бол­ма­са ешқайсысына көңіл толмайды. Сериал­дарда өнер болмайды. Телеарна­лардағы әнші­лерге, әнге арналған хабар­лар бір-біріне сыпыра мақтан айтып, тамсанумен тарқасады. Ғажап, керемет деуге қымсын­байтын болдық. Ілуде бір айтылатын аяулы сөздердің қадірі қашты. Одан қала берді, бір жәй әнші жоқ. Бәрі жұлдыз және олар­дың байлығы, ғажайып ертегідей тұрмысы, көпқабатты үйлері, иті, мысығы, жыр­тық джинсиінің санына дейін сөз бола­ды. Ха­лыққа осы керек пе?! Отыздан енді асқан азғантай даусы бар, әлі оңы мен солын танып білмеген, аузынан сөзі, қойнынан бөзі түскен ботатірсек біреу­лер үлкен арна­лардан, радиодан «халқым» деп сөйлейді. Міне, біздің деңгей осы. Мұны айтып отырған себе­бім, сен өзіңді тек өнерпазбын, жақсы музыкантпын деп есептейді екенсің. Сонша танымал бола тұра осындай қанағатпен шектелесің. Кішілік, кісілік деген осы. Ал сендегі талантты әлгілерге берсінші, төбемізді ояр еді. Демек, сендер (С.Майғазиев, Ж.Жексенұлы, Т.Серіков, Р.Әлқожа, Е.Нұржан, «Қо­ңыр» тобы, т.б.) бардың бағасын, руха­ни қанағатты білесің­дер. Демек, саған, сендерге енді өнер­паздық­пен қоса, рухани күрескерлікті де құстың қос қанатындай алып жүру керек болады.

Кең талант, кем талант деген бола­ды. Кең талант өзінің келешегіне алаң­дамайды. Ал кем талантта танымалды­лығымды жоғал­тып аламын ба деген қауіп күшті болады. Сол себепті, әр жерден жылтың-жылтың етіп жантала­сады. Жанталастың соңы жағымпаздық­қа, жарамсақтыққа ұласады. Бұл – өнердің ата жауы. Міне, талантты адам­дардың кейбірі де қазір осындай жолды таңдаған. Ал сендердің танымалдылық­тарыңа енді қауіп жоқ, қайта ол қайрат­керлікке, ағартушылыққа ұласып, елге қызмет етуі керек. Елбасының өзі бағдар­ламалық мақаласында айтқан­дай, «егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алмаса ол адасуға бас­тай­ды». Сондықтан сендердің қасиетті жұмыс­тарың сол адасумен алысу.

Есіме бір жағдай түсіп отыр. 1995 жылы Жапонияда болдым. Он төрт шаһарын араладым. Бір күні Токиода келе жатыр едік, пошымы өзгеше үйге көзім түсті. Бастаушыдан «бұл не үй?» деп сұрап едім, «кіріп шығайық, сосын түсінесіз» деді. Әр тұста жамырап жастар отыр. Қызу пікір­талас. Шамасы 25—35 арасындағы жастар. «Бұлар не деп қызылкеңірдек болып жатыр» деймін ғой. Сондағы әлгілердің ойы «Жапо­нияны қайтсек алға сүйрейміз, мына дәстүр тозды, мына жаңалық ескірді, жаңа­сын ойлап табу керек» дегенге саяды. Ал біздегі клубтарда не болып жат­қанын сендер жақсы білесіңдер. Көрдіңіз бе, өрім­дей жастар елдің келешегін ойлап шырыл­дап жатыр. Ал біздің осы жастағы адамдар «халқым» деп сөйлеп, сандалып жүр. Мем­ле­кет басшысы жиі айтатын қазақстандық патриотизм, интеллектуалды ұлт тәр­бие­леу үлгісі осы емес пе? Әрине, сен­дер ол жастан асып кеткен шығар­сың­дар, бірақ дер шақ­тарың екенін түсіну керек. Ол үшін біреу­ден, құзырлы орын­­дардан көмек сұраудың қажеті жоқ, өз ойыңды, пікіріңді іркіп қал­май, қоғамдық орта қалыптастыру қажет. Ой терең болсын. Интеллектуалдық биік­тік басты нысана, өлшем болуы керек. Қадыр айтқандай, «рухани биік кісі – ұлтының ұйытқысы». Өйткені, біз отба­сы, ошақ қасы­ның әңгімесіне әбден тойғанбыз. Елбасы­ның атақты бағдарла­малық мақаласының негізгі мұраты да халқымыздың биік мәде­ниетіне, рухани кемелдікке қол жеткізуді көздеу емес пе?!

Журналист үшін әлдеқандай болма­са, жабық тақырып деген бола бермейді. Соның ішінде өнер менің негізгі стихияма айнал­ған. Демек, мұрныма исі барады. Қазақта «Қойшы көп болса, қой арам өледі» деген белгілі сөз бар. Ал енді осы сөзге «Әнші көп болса, ән арам өледі» деп жиендік жасауға тура келіп тұр. Ән салған жақсы-ау, бірақ қазір солардың бәрі эфирге шығып кетті ғой. Тіпті одан-бұдан әуен құрап, ұрлықы тірлік­термен айналыса­тын біреулерді Шәмшінің қасына апарып қойғанда бетің­нен отың шығады. Әрине, халтура ешқашан өлмейді, бірақ оның бетін қайтаруға, ығыстыруға болады. Ол үшін өздерің сынды биік деңгейдегі жастар бірігуі керек. Бұл бір мансап, атақ, қызмет қуып саясатпен, не болмаса түсініксіз тірліктермен емес, өз ісің­мен, нақты іспен айналысу деген сөз. Мақ­сат тек қана ұлт руханиятының жағдайы болуы қажет. Рухани өрісті кеңейтетін, барақаттанды­ратын арнайы клубтар құрылып, ән театры, басылым­дар, т.б. ашылып ой-пікірдің қан база­рына айналғаны жөн. Белгілі-белгілі, өзекті деген тақырыптарды алып, үлкен сөз, үлкен ой айтылып, тиісті орындар­дың назарын аударып, ұсыныс-пікір­лер­ді екшеп, іріктеп сонда жіберген абзал. Егер оған жауап болмай жатса, түрлі әлеуметтік желілерді іске қосу керек. Сонда одан халық та хабардар болып отырады. Қоғамдық ойдың өрісі кеңейеді.

Кеңес тұсында Алматыда рухани қаже­тіңді өтейтін бірлі-жарым орта бола­тын. Соның бірі – М.Әуезов мұра­жа­йындағы Халық университеті еді. Университетті профессор Р.Бердібаев ағамыз басқарды. Онда талай марқасқа­лармен кездесулер, керемет қоңыр кеш­тер өтетін. Бізді өсірген сол орта, сол әңгіме еді. Ал енді осы рухта­ғы ғажайып кештердің бүгінде өрісін кеңей­ту қолға алынса, қаптаған арам шөптермен күресудің бірден-бір жолы осы ғой. Рухани жаңғыру деген осы емес пе?!

Ұлт құндылықтары, ұлттық өнер жаңа форматта жаңғыруы тиіс. Ол өмір­­­дің талабы, рухани сұранысқа орай өзінің алтын бастауына жаңарып, жаң­ғырып қайта оралып отырады. Бұл – заң­дылық. Біздің ұлттық өнер қазақ­стан­дық мәде­ниет­тің бастауында тұруы керек.

«Тірі даусымды сағындым» деп жылаған әжептәуір әншіні де көргенбіз. Аз күндік атақ пен даңққа малданып кеткен әлгінің жылағаны маған буыр­қанған бураның көз жасын көргендей әсер етіп еді. Сондықтан сенде Құдай берген талант пен танымал­дылық бар, енді соны жанкешті еңбекпен жалғас­тыру керек. Демек, тек әншілік қана емес, түрлі аспектідегі салмақты ой, пікір­дің өнерді одан сайын өрістетіп, елді рухтандыратынын бір сәтке естен шығармау қажет.

Ұстазымыз аяулы Ақаң – Ақселеу Сейдімбек өзінен керемет музыкант шыға­тынына көзі жете тұра, ұлт руха­нияты үшін оның әр саласына олжа салып, ғылымға, ұлт рухын биіктететін сан-салалы тірлік­терге араласуға тура келгенін жиі айтушы еді. Демек, саған Алла тағала берген өнерін қайтып алмайды, сенің рухани күрескер болуың да міндеттеледі. Бұл – Ақаңның бізге қалдырған аманаты да еді. Біз осы төңіректе талай күндер кеңес құрған­быз. Есесіне Ақаң қазақ руханиятына бағыт-бағдар болар қаншама бекзат дүниелер беріп кетті.

Бұл хат («Өнер – адамдармен сыр­ласу» – Мусоргский) ақылым асып-тас­қаннан емес, ұлтты ұлы ететін, әкең мен шешеңдей дана дәстүрлі өнердің биігі аласарып бара жатқанына алаңдап, көңіл кеңістігін бұлт шалғанда жазы­лып қалды.

Бәрі де өтеді, хан да өтеді, қара да өтеді. Халықты адастырмайтын, алға апаратын Темірқазық ол сенің атаның күшімен, ананың сүтімен сіңген саф өнерің, төлтума болмысың.

Ойланайық, шырақ!

Құрметпен, Қали СӘРСЕНБАЙ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

(«Егемен Қазақстан»)

1 қараша, 2017 жыл.