Ақындар ауылындағы аққулар

img_1571

Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ

Өткен қазан айында Атырау облысының Исатай ауылындағы Хамит Ерғалиев ауылына жолымыз түскен еді. Қазақтың атақты ақыны Хамит Ерғалиевтің кіндік қаны тамған ауылда 4,5 мыңға жуық халық тұратын үлкен елді-мекен екен. Новобогат орта мектебінің алдында ақынға еңселі ескерткіш орнатылыпты. Осы елді-мекеннің екі-үш шақырымдай жерде ақынның кіндік қаны тамған өңірге ескерткіш белгі де қойылған. Оның төңірегінде жатаған үйлердің төмпешік-төмпешік болып қалған орны бір кезде бұл төңіректе қайнаған тіршілік болғанынан хабар береді.

Осы ауылдан шыққан Хамит Ерға­лиевтің атасы, қазақ ауыз әдебиетінің көрнекті өкілі Досжан Қожбанұлының «Шүрегей» деген жердегі зиратына барып, дұға жасадық. Ақын атамыздың басы­на ертеректе ұрпақтары атынан ұлы Сәлім орнатқан балбал таста Досжан Қожбан­ұлының 1837—1909 жылдары өмір сүргені жазыл­ған. Кейіннен өмірден өткен Сәлім бастаған ақынның ұрпақ­тары да осы қорымға жерленген екен. Кезінде туған өңірі ғана емес, жалпы қазаққа белгілі болған Досжан Қожбанұлының зираты тегістеліп, тек көне балбал тас белгі ғана қалған ақынның жатқан жері жергілікті билік орындары тарапынан ескерусіз-елеусіз қалып қойғаны бізді ойға қалдырды. Досжан Қожбанұлы — төкпе ақын, қазақ ауыз әдебие­тінің көрнекті өкілі болғанын білеміз. Арабша сауатты, өлең, толғауларын көне жыраулар дәстүрімен ауызша шығарып, кейін хатқа түсіріп отырған. Досжанның «Ей, жақсылар, жақ­сылар», «Даңғалға», «Мұқаш­қа ұлы Жәмілжанның қазасын естіртуі» атты  өлең, толғаулары ел арасына кең тараған. «Ал, ием, ақ сұңкар құс қолыңда» деп басталатын толғауы Қазан қаласындағы университет кітапха­на­сының сирек кездесетін қолжазбалар қорында сақталған. Бірқатар өлең, толғаулары «ХІХ ғасырдың қазақ поэзиясы» (Алматы, 1985 жыл) жинағында, Ө.Әлімгереевтің «Мақаш әкім» (1992 жыл) кітабында жарық көрді. Досжан ақынның өлең, толғауларында заман мен өмір мәні, тіршілік сәні, өтпелі дәурен, кісілік қасиет туралы келелі ойлар қозғалады. Бейнелі де әсерлі сөз­дермен, ақындық арынмен тебі­ріне толғайды. Досжан ақын­ның елге мәлім екі айтысы бар: оның бірі Жайықтағы Беріш Қабдеш Жұматовпен хат арқылы айтысы болса, екіншісі Бала Оразбен айтысы. Қартайған кезінде көзі­нен айырылған Досжан Қожбан­ұлы 1908 жылы қайтыс болды.

Қазақтың атақты ақыны Хамит Ерға­лиев бала жастан атасы Досжан ақынның шығар­ма­ларын оқып, болашақтағы соқпағын әдебиеттен тапқаны белгілі. Ақын естеліктерінде бұл туралы жазылған да. Хамит Ерғалиев  Қазақстанның халық жазушысы, Ұлы Отан соғысына қатысқан. «Социалистік Қазақ­стан» («Егемен Қазақстан») газе­тінде, Жазушылар одағы қазақ поэзия редакциясында, Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасында («Жазушы») поэзия редакциясында жауапты қызмет­тер атқарған. Алғашқы өлеңдері Гурьев облыстық газетінде жарық көрді. Хамит Ерғалиев отызға жуық жыр жинақтарының ав­торы. Ақын шығарма­шылығының тақырыбы сан алуан: қазақ хал­қы­ның өткен өмірі, Қазан төң­керісінен кейінгі бейбіт кезеңі, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы майдан мен тылдың бірлігі, соғыс­тан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру кезеңдерін, жаңа өмірді ақын өлеңдеріне арқау етті. «Құрманғазы» поэмасында ұлы сазгер Құрманғазының, «Күй-дастан» поэмасында академик-саз­гер Ахмет Жұбановтың жар­қын бейнесін жасады. «Жылдар, жылдар» дастанында бүгінгі дәуір жетістіктерін жырлады. Көркем очерк, публицистикалық мақала­лары арқылы көкейтесті мәселе­лерге үн қосып отырды. Хамит Ерғалиевтің негізгі шығармалары орыс тіліне, басқа да туысқан халықтар мен шет  ел тілдеріне (чех, венгр, украин, карақалпақ, қыр­ғыз, өзбек, тәжік, поляк) ауда­рылды. Хамит Ерғалиев Қазақ­стан Республикасы Мемле­кеттік сыйлығының иегері, Атырау қаласы мен Исатай ауданының Құрметті азаматы. Бірінші және Екінші дәрежелі Отан соғы­сы, Халықтар достығы, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет» орден­дерімен марапат­талған. Атырау облысы мен Алматы қаласындағы көшелерге аты берілген.

Атырауға барған осы сапары­мызда Хамит Ерғалиев атындағы ауыл іргесіндегі «Бақсай өзегі» аталатын  көлде жүзіп жүрген аққуларды көріп, жеңіл көліктен түсіп, сыртынан тамашалап қарап тұрдық. Жұптарын жазбаған аққулар соңынан көгілдірлерін ертіп, айдын көлді емін-еркін жайлап алған. Көл жағасындағы қамыс-құрақ ішінен мамырлап шыққан аққулар көл бетінде сыланып, жайбарақат жүзіп жүр. Іргедегі ауылдан көліктердің мотор даусы мен ит үріп, сиыр мөңіреген беймаза шуын да елер емес. Ауыл тұрғындары «Бақсай өзегін» аққу құстың ерте кезден мекендеп келе жатқанын, көктем­де көлге ұшып келіп  жұмырт­қалап, балапан ашып, қара күзге дейін сайран салатынын айтты. Ауыл тұрғындары қолы бос кезде көл жағасына келіп, аққуларды қызықтап, өздерімен бірге алып келген азығын беріп, тынығып қайтады екен. Қара күзде жылы жаққа ұшып кеткен аққулар келесі көктемде қайтадан ұшып келіп, көлді құс базарына айнал­дырып жатады екен. Ауыл адамдарына бауыр басқан аққу құстардың бірнеше ұрпағы осы көлде өсіп-өніп, құтты мекеніне айналдырып алған.

«Ауыл иттерінен қауіп-қатер төнбейді ме?» деп бізбен бірге жүрген, осы жерде туып-өскен жандардан сұрағанымызда: «Бұл жердің иттерінің де аққуларға көзі үйренгендіктен, ауылдың үйрек-қазындай көретін болса керек, олардан еш қорқыныш жоқ. Аққудың көгілдірлері ауыл­дың қаз-үйрегімен араласып, кешкілікте үйді-үйге қайтқанда аулада бірге түнеп, ертеңгісін үйі­рімен қайтып табысып жататын кезі де болады. Көктемде аққу құстар көктен қиқулап оралғанда ауылдың үлкен-кішісі көлге келіп қызықтап, қанатты достарымен қуана қауышады. Ұзақ жолдан арып-ашып жеткен аққуларға жем береді» деген сөзін естідік.

Иә, аққу құс ерте бастан адамдарға жақын тіршілік етеді. Қазіргідей аң-құсқа деген көз­қарас өзгеріп, жыртқыштық пиғыл­дың бой көтерген кезінде қанатты жануарлардың ауыл іргесіндегі айдын көлден ажыра­май келе жатқаны бізді еріксіз таңырқатты. Табиғаттың осы та­мылжыған көрінісін ұялы телефон мен фотоаппаратқа түсіріп алдық.

 

Алматы—Атырау— Алматы.