АМАНАТ АРҚАЛАҒАН АСАҒАҢ

img_7182

Елбасы Н.Назарбаевтың «Бола­шаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» бағдарламасы дәл қазіргі таңда ұлттың болашағы үшін жарқын істерге бастау болып, ұлт­тық құндылық­тарымызды жаңғыр­татын іс-шаралар легі көптеп өтіп жатыр. Осынау бағдарламалық мақала аясында Медеу ауданының әкімі Ержан Жылқыбаевтың «Ұрпақтар сабақтас­тығы» баста­ма­сымен, Медеу аудандық «Нұр Отан» партиясының қолдауымен №17 мектеп-интернатта КСРО Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері атақты Асанәлі Әшімұлымен кездесу кеші өтті.

Рая  ЕСКЕНДІР

Еліміздің түкпір-түкпірінен келіп қалада оқып, ілім мен білім, мәдениет іздеп келген қарадомалақтардың көкейіндегі көп арманның бірі – танымал тұлға Асанәлі Әшімұлын бір көріп, дидарласу еді. Міне, ел ағаларының бастамасының арқасында өздері тек кинодан көретін, аңыз болған ағалары­мен кездесудің де сәті түсті.

«Ей, тәкаппар дүние,

Маған да бір қарашы.

Танисың ба сен мені,

Мен қазақтың баласы», – деп, зор үнімен кешті бастаған ұлы актер алдымен өзінің қалың көрерменімен аманда­сып алды.

– Мен өзімнің кездесуле­рімді әркез Қасым ақынның осы бір ауыз өлеңімен бас­таймын. Сонда ғана өз көңілім жәй тауып, кездесу ойдағыдай өтеді. Бір шумақ өлең менің жүрегімнің бір бөлшегі іспетті, – деп, қазақ өлеңіндегі орны ерекше Қасымға деген құрметін де білдіріп өтті.

Сыр-сұхбат түрінде өрбіген кездесу негізінен оқушылар тарапынан қойылған сауалдар­дың желісімен өрбіп отырды. Балалардың көз алдына төрт жасында қырманда өгізге мінген кіп-кішкентай Асанәлі  бейнесі келгендей болды. Бала­лық шағының кермек дәмін еске алған Асан­әлі Әшімұлы қиындық арқылы өзінің шың­далғанын айтып, балаларға еңбекті сүю керек екендігін айтып, өзінің тез есе­йіп, азамат болғанын жеткізді.

– Біздің балалығымызды ұрлаған соғыстың зардабы зор болды. Аналарымызды жесір, балаларды жетім еткен соғыс­ты енді мына отырған балалар көрмесе екен дейміз, – деді.

Оқушы біткен көкейле­ріндегі сауалды жолдауға асы­ғып жатты. Міне, мына бір оқушы Асанәлі атасына жақын келіп «Сіздің күнделік жазаты­ныңызды білеміз. Қазір де жа­зып жүрсіз бе?», – деп сұрады.

– «Менің жанрым – күн­делік» деп аталатын 7 томдығым шықты. Сегізінші том орыс тілінде. Күнделік жазыңдар. Ол ертеңгі бір кітапқа арқау болар, мүмкін, бір дүниенің өмірге келуіне себеп болар. Ең бастысы, күнделік жазу деген өзіңе өзіңнің есеп беріп оты­руың. Мен барлығыңа күнде­лік жазып отырыңдар деп кеңес берген болар ем, – деді.

Күнде кездесе бермейтін Асанәлі Әшімұлына деген сауал да өте көп болды. Тіпті, бір оқушының мына бір сауа­лына Асекеңнің өзі де рахат­тана күліп алды. «Кинода көр­гендей шахмат тасы шынымен көзге кіріп кетті ме екен» деп ойланып жүрген сауалына жауап алған оқушының да көңі­лі жәйланды. «Кино – өнер. Оның мықтылығы да сонда. Кезінде Бекежан рөлінен кейін балаларына ұрысқан да кемпірлер болған. Кинодағы Төле­генді өлтіріп кеткен Беке­жан образы жұртшылықтың жүрегінде ұзақ сақталып қала­тыны да киноның құдіреті болса керек деді. «Актер бол­сам-ау» деген балалар да өзде­рінің асқақ армандарына қол жеткізудің сырын сұрап жатты.

– Актер болу үшін, ең алды­мен, білімді болуың ке­рек. Әдебиетті, кітапты жақсы көруің керек. Сөзді дұрыс сөйлеп, көрермен сенің не айтып тұрғаныңды ұғып оты­руы керек. Ұлы актер ғана кейіпкер жасайды, – деді актер.

«Өмірдегі арманыңыз жәйлі айтыңызшы. Ойнағыңыз келген рөлдер болды ма?» деген оқушы сауалы да актерге ұнап, ағынан жарылды.

– Арман көп қой. Бірақ оның бәріне қол жете бермейді. Абайды ойнағым келіп еді. Гамлет те болғым келген. Оның біріне жас кедергі кел­тірсе, енді біріне қол жетпей жатты. Жал­пы, кез-келген актер арман­сыз болмайды, – деді.

Оқушылар актерге басқа да сауалдар жолдады. Кеш өте көңілді әрі мәнді болып өтті. Ақындардың Асағаңа арнаған әр жылдардағы өлеңдеріне де кезек берілді. Кішкентай Асанәлі Әшімұлы да қонаққа келіп, Фариза апасының «Ме­нің әкем» өлеңіне жазылған әнді шырқап берді. Ақын Маралтай Райымбекұлы өзінің «Бағдат» атты поэмасынан үзінді оқыды. Медеу аудандық «Нұр Отан» партиясы филиа­лынан арнайы келіп қатысқан Меруерт Серікқызы керемет кештің иесіне алғысын білдірді.

Мектеп-интернаттың бас­шысы Серік Қалиев аңыз болған Асанәлі Әшімұлына бар­лық ұжымның, балалар мен олардың ата-аналарының алғы­сын жеткізді. Осы балалардың арасынан да талай актердің шығатынын айтып, бүгінде әр кеудеде бір-бір оттың жанға­нын айтты. Атақты актердің қолтаңбасы қойылған бір-бір кітапқа ие болған балалар енді сол кітапты оқуға асығып бара жатты.