ШЕНЕУНІКТІ ШЕНЕГЕНІ ҮШІН ТОҚТАТЫП ТАСТАДЫ

%d0%b0%d0%b4%d1%8b%d0%bd-%d0%b0%d1%80%d0%b3%d1%8b-%d0%b1%d0%b5%d1%82%d0%b8

Өткен жылы Бірінші арнаның эфи­рінен режиссер А.Коттаның «Айдың арғы беті» атты сериалын алдырып тастады. Тележобадағы басты рөлді Павел Деревянко ойнады. Таяуда актер телесериалды кім үшін, не үшін жапқа­ны туралы ойын бүкпесіз айтты.

Ресми дерек бойынша айтсақ, теле­сериал рейтингісі төмен деген сылтау­мен жабыл­ған. Ал шын мәнін­де солай ма? Ал актер бұл мәсе­леге өзінің былай­ша жауа­бын айтады. «Бақсақ, бақа екен» демек­ші, сериалдың кезекті бір көрсе­тілімінде аса ірі лауазымды шенеу­нік туралы әзіл ке­тіп қалып, бұл көрініс ол кісіге ұнамай, сериалды жабуға пәрмен беріпті» дейді актер.

 

Аспан мен жердің арасындағы Магомаев

Ресейдегі «Аэрофлот-Ресей авиаже­лі­лері» ірі авикомпа­нияны толықтырған су жаңа «Боинг-737»-ге атақты әнші, КСРО Халық артисі Муслим Маго­маевтың есімі берілді. Енді ұшақ бор­тында жолаушыларға «Сіздер аса көр­некті әнші, КСРО Халық артисі Мус­лим Магомаев ұшағына қош келді­ңіз­дер!» деп хабарлайтын болады. Әрине, бұл хабарлан­дыруды әншінің жары, КСРО Халық артисі, белгілі әнші Тамара Синявская да жүрегі жарыла қабылдары сөзсіз.

– Бұл сыйлықтың мен үшін жөні бөлек. Тіпті, өзімнің қуаны­шымды айтып жеткізе алмаймын. Аспан мен жер, бұл – Муслимнің жан-дүниесінде, шығармашылығында ерекше орын алған ғажайып стихиялар. Таяуда Каспийде кемеге «Мус­лим Магомаев» есімі берілді. Муслимнің осы екі тақырыпта да ән шырқағанын жақсы білесіздер, – дейді Т.Синявская.

 

Әмияны ортаймайтындар

Американдық «Форбс» журналы еуропалық 2017 жылғы ең танымал байлардың рейтингін жариялады.

Британ жазушысы, Поттер тақырыбының шебері Джоан Роулинг көш бастап тұр.

Басылымның айтуынша, өткен соңғы 12 айда жазушы салықты қоса есеп­тегенде 95 млн. доллар табыс тапқан.

Екінші орында португал футбол­шысы атақты Криштиану Роналду. Оның әмиянында 93 млн. доллар бар. Бұл тізімді атақты Coldptay рок тобы қорытындылайды. Олар әлем сахнасындағы концерттерінен 88 млн. доллар олжалап отыр. Сондай-ақ, бұл тізімді одан әрі қарай ағылшын әншісі Адель (69 млн.), Швейцария теннис­шісі Р.Федерер (64 млн.), британ орын­даушысы Э.Джон (60 млн.), британ бас аспазы Г.Рамзи (60 млн.), музыкант П.Маккартни (54 млн.) жалғастырады.

 

30 жылдан кейін есін жиды

Өмірде кездейсоқ кереметтер де болып жатады. Соның ішінде арғы бетке өтіп кетіп, қайта оралғандар, яғни тірі қалғандар туралы адам сенгісіз жағдай­лар да кездесіп тұрады.

Соның ішінде жиырма жылға дейін комада жатып, одан кейін де едәуір жыл өмір сүріп кеткендер аз емес. Мәселен, 65 жастағы польшалық теміржолшы Ян Гржебски 1988 жылы комаға түсіп, 19 жыл жатқан. Себебі, мидағы ісік. Дәрігерлердің айтуынша, оның 2-3 жылдық өмірі қалған. 2007 жылы 19 жылдан кейін ол өмірге қайта келіп, бір ғажабы миы сап-сау күйінде жұмыс істей бастаған.

Бұл-бұл ма, 30 жылдан кейін де тұрып кеткендер бар. Осындай адам сенгісіз жағдай канадалық Энни Шаги­роның да басынан өтті. Ол 1992 жылдың 14 қазанында 30 жылдан кейін өзіне-өзі келеді. Ол бұл кезде 50 жаста болатын. Ол 1962 жылы 22 қарашада инсульт алған. Күйеуі оны осы жылдар бойы күтіп, бақты. Кенеттен Энни өзіне-өзі келгенде күйеуі қасында болған екен.

«Ол кенет төсек үстіне отырып былай деді. «Теледидарды қосыңдаршы, көргім келеді. Мен Люсиді жақсы көремін ғой» деді деп еске алады күйеуі.

Өз өзінің кәрі денесіне, ғарыштық серіктерге, сымсыз телефондарға қарап қайран қалған.

 

Даяшының арқасында аман қалды

Соңғы уақытта американдық про­дюсер Харви Вайнштейннің сексуал­дық құрбандықтары туралы баспасөзде жиі айтыла бастады. Осынау атақты алаяқ­тың құрығынан кезінде «Роски­ноның» басшысы, киносыншысы әрі тележүр­гізуші Екатерина Мцитуридзге ғайып­тан аман қалыпты.

Олар 2003 жылы Берлин кинофес­тивалінде танысады. Тегі ресейлік ол Ресейдің мәдениетімен тереңірек танысу­ды желеу етіп (әсіресе, Чеховқа деген қызығушылығын да жасырмайды) оны өзінің қонақүйіндегі бөлмесіне бірге тамақтануға шақырады. Бірақ ол Вайнштейннің шақыруын қабыл алмайды. 2004 жылы Венеция кино­фестивалі кезінде Вайнштейн оған тағы да өтініш жасайды. Бұл жолы ол қазіргі Ресей авторларымен шығармашылық ынтымақтастық орнатуды желеу етеді. Алайда, Мцитуридзге кездесудің кафеде өтуін талап етеді. Вайнштейн кафеге келмейді, есесіне, науқастанып қалға­нын айтып көмекшісін жібереді. Мүм­кін болса қонақүйге соғып кетсе деп өтінеді. Вайнштейн оны халатпен қарсы алады. «Мен уқалаушыны күтіп отыр едім. Ол кешігіп жатыр. Бірақ бізге онсыз да көңілді болатынына сенімді­мін» деп қутыңдайды Вайнштейн. Мұны­мен қоймай, «Саған ұнайды, қара да тұр. Мендей еркекпен бұрын-соңды кездес­пегеніңді мойындайсың» дейді ол.

Осы сәтте бөлмеге есікті қақпастан шелекке салған аққайнары бар даяшы келе қалады. Бұл уақытта актриса да қашып үлгереді.

Он жылдан соң бұлар кездейсоқ кездесіп қалады. Вайнштейн еш саспас­тан әйелдің құлағына «Ол жөнінде бірдеңе қоңырсытып жүрме, ақылды бол» дейді.

 

Қ.ИМАН.