ПУТИН «ВАЛДАЙ» КЛУБЫНДА НЕ ТУРАЛЫ АЙТТЫ?

w37ngfbtq

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының» саяси шолушысы

«Бүгінгі  әлемдік геосаясаттағы  Ресей­дің орны қандай?» дегенде  ең алдымен  ауызға  оның Сириядағы соғыс­қа белсене араласып, өзінің қуатты Әскери ғарыштық қаруларын қолдану арқылы айтарлықтай нәтижеге қол жеткізгені, сөйтіп бүкіл Таяу Шы­ғыстағы  ықпалы мен рөлін күшейткені ілігеді. Осыдан кейін-ақ  Сауд Араб Республикасы бастаған Парсы шыға­нағының елдері Мәскеуге  бет бұрып, онымен  жақындасуға ықылас-пейіл таныта бастады. Бұған қоса, Амери­камен жұлдызы жараспай жүрген Иран  және одан үміт үзген Түркия  да  Ресей­мен қатынасын жандандыра түсті.

Алайда,  Кремльдің Украинамен ара­дағы қайшы­лыққа, Қырым оқи­ғасына  байланысты АҚШ пен Еуро­одақ­тың  түрлі санкциялық қысымына ұшырап, елеулі саяси-экономи­калық, ғылыми-технологиялық және әлеумет­тік-гуманитарлық  қиындықтарға тап болып  отырғанын да жасыра алмаймыз.

Бәлкім, «аңдысын аңдып, әліптің артын бағып» отырған шығар, Ресей әзірге Корей түбегіндегі дағдарысқа араласпай, керісінше БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің  Солтүстік Кореяға қатысты жариялаған санкцияларын мүлтіксіз орындау үстінде.

Ақиқатын айту керек, осындай қарама-қайшылықтарға қарамастан өздерін әлемнің билеушісі санайтын АҚШ пен Батыс елдері  халықаралық қатынаста Ресеймен санасуға мәжбүр.

Біз үшін Ресей Федерациясы  көрші­лес ел ғана емес, байланысымыз тарих­тың терең қойнауында жатқан достас мемлекет, стратегиялық әріптес.

Егеменді мемлекеттер ретінде Қазақ­стан Рес­публикасы мен Ресей Федера­циясы арасында 1992 жылдың 25 мамы­рында Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісім жасалып, сол жылдың 21 қазанында диплома­тиялық қатынас орнатылды. Жаңа кезеңдегі стратегиялық әріптестігіміз 2013 жыл­ғы 11 қарашада қол қойылған XXІ ғасыр­дағы тату көршілік және одақтастық туралы келісімде көрініс тауып,  айқындалды.

Қазақстан мен Ресейдің қазіргі кезең­дегі ынтымақтастығы ТДМ (Тәуел­сіз мемлекеттер достастығы), ЕурАЭО (Еуроазиялық экономи­калық одақ),  ҰҚКШҰ (Ұжымдық қауіпсіздік келісім-шарт ұйымы) және ШЫҰ (Шанхай ынтымақтастығы ұйымы) сияқты альянстар аясында ұштасып, тығыз байланысып  жатыр.

Жуырда екі ел басшылары Владимир Путин мен Нұрсұлтан Назарбаев дипло­матия­лық қатынас орнатқаны­мыздың жиырма бес жылдығына орай бір-біріне құттықтау жолдап, халық­тарымызға жылы лебіз, ізгі тілектерін арнады, достық пен ынтымақтас­тығы­мыздың бұдан әрі де баянды болып, өркендей береті­ніне сенім  білдірді.

Сондықтан да «Кремльдің бүгінгі таңдағы  саясаты, ұстанымы, бағыт-бағдары» – біз үшін аса маңызды және басқаларды да бей-жай қалдырмайды деген ойдамыз.

Осынау өзекті тақырып  туралы  Ресей президенті Владимир Путин таяуда Сочи қала­сында өткен Халық­аралық «Валдай» пікірталас клубының жиынында бүкпесіз әңгімелеп, қаты­­сушылар тарапынан  қойылған көптеген сұрақтарға жауап берді. («Валдай» – 2004 жылы Новогородта тұсауы кесіліп, құрылған сараптамалық-талдау орталы­ғы. Бейнелі түрде қала маңындағы Валдай көлінің атымен  аталған).

Бұл басқосуды БАҚ құралдары, әр түрлі сайттар мен әлеуметтік желілер кеңінен жазды. Көгілдір экранда көрсе­тілгендей, пікірталас жиынына қатысу­шылардың қарасы едәуір болды. Залда  журналистермен қатар, ғалым­дар, саясаттанушылар, сарапшылар мен тал­даушы мамандар қатысып отырды.  Бас­қа­ларын қайдам, Путиннің оң жағында Ауған­станның бұрынғы президенті Хамид Карзай және сол жағында қытайлық миллиардер, атақ­ты Alіbaba Group  компаниясының қожайыны  Джек Маның жайғасқаны байқалды.

Ресей басшысы В.Путиннің сөйлеген сөзін­де және оған қойылған сауалдарда негізінен: халықаралық қатынас, санк­циялық шектеулер, ядролық қарусыз­дандыру, экономика және Ресейдегі пре­­зи­денттік сайлау мәселелері қамтылды.

Алдымен халықаралық қатынас мәселесін сөз еткенде Владимир Путин   «Сирияда, Ли­вия­да, Корей түбегінде немесе Украинада орын алып отырған шиеленісті түйіндерді шорт кесу­ден гөрі қалайда тарқатып, шешуге ұмтыл­ған жөн. Алайда, бұған осы күнге дейін қолда­ны­лып келген әдістер жарамай отыр.  Жаңа әдіс-амалдар әлі жасалма­ған. Сондықтан да бұ­рын­ғыны күн тәртібіне қайта-қайта қойып, езбе­леп, артқа қарай бермей алға қараған абзал. Сәт сайын құбылып, өзгеріп отырған әлем біз­ден икемді, ілкімді және ашық болуды, шап­шаң әрекет етуді  талап етеді», – деп бастады.

Кейінгі кезде «БҰҰ-ның жұмысын жандан­дыру  және жетілдіру қажет» деген ұсынысты  әркімдер де айтып жүр. Ал Ресей басшысының ойынша  әзірге БҰҰ-мын ауыстыра алатындай балама ұйым болмай тұр. Жетілдіру керек-ақ. Бірақ оның әлеуетін барынша пайдалана отырып, реформалауды біртіндеп жүр­гізген ұтымды болмақ. Бірқатар мемле­кеттер Қауіп­сіздік кеңесіндегі вето қою құқық алып тас­тауды жақтайды. Бірақ бұл   кезінде өктемдік пен авантюраға жол бермеу  үшін енгізілген емес пе еді.

Демек, әлемдік саясаттың барлық мұң-мүддесін шеше алатындай халық­аралық ұйым әлі жоқ болғандықтан БҰҰ-ның базалық қағидаттарының сақталғаны дұрыс.

Путиннің пайымдауынша, АҚШ-тың Конгресі жақында қабылдаған  санкциялық  шектеулер шындығында Ресейді еуропалық энергетикалық рынок­тан ығыстырып шығаруға бағыт­талған. Өзімшілдікке, эгоизмге  және өзін жоғары санауға негізделген саясат  ешқандай пайда мен артықшылық бермейді.

Осы сияқты, Батыста ресейлік БАҚ құралдарына қандай шектеу қойылатын болса, оған қарсы сондай  шаралар қолданылады.

Сөз жоқ, Ресей Федерациясы мен АҚШ қарым-қатынасын жөндеуге болады, ол үшін бірлесе жұмыс істеу  қажет.  Американ прези­денті Дональд Трамп­тың  саясаты мен ұстанымының құбылмалы болып тұрғаны өз ішіндегі қарама-қайшылықтан туындап отыр.

Сондай-ақ ол: «НАТО-ның  Шығыс Еуро­па мен Балтық жағалауы елдерінде кең өріс алуынан қорқудың қажеті жоқ. Өздеріне тиімді болса солай сайланып, жаттыға берсін», – деді.

Президенттің мәлімдеуінше,  Ресей ылғи да ядролық қарусыздануға ұмты­лыс жасаумен келеді. Ядролық сынақ­тарға тыйым салу жөнін­дегі келісім  осыдан он жеті жылдан астам уақыт бұрын ратификацияланды. Бұған  АҚШ тарапынан  лайықты жауап болмады. Американдықтардың  Ресейдегі барлық құпия нысандарды аралап көруіне рұқ­сат етіліп, мүмкіндік берілді. Өкінішке қарай,  бұл қадам да  біржақты болып қалды.

Ресей әлі де Құрама Штаттармен плу­тоний қаруы туралы келіссөздер жүргіземіз деген үмітте. Соған орай, Мәскеу  келісімнен шық­пай, уақытша тоқтатып,  қарсы тараптан тиісті ұсы­ныс-әрекеттерді күтуде.

Оның айтуына қарағанда,  Вашинг­тон  химиялық қаруларды жою мерзімін 2007 жылдан 2023 жылға  ұзартқан. Осының өзі  «біз қаруларды бақылау мен таратпау жөнінен дүние жүзінде алдыңғы саптамыз» деп кеуде қағатын елге абырой әпермесі кәдік.

Сонан соң АҚШ 2014 жылдан бері  Ресей­мен  ядролық энергияны бейбіт мақсатта қолда­ну жайындағы келісім аясында жұмыстар жүргізуді тоқтатып қойды. Ал РСМД (Орта және қысқа қашықтықтағы зымырандар) бойын­ша  келісімнен  Вашингтон шығатын болса,  Ресей тарапынан да  соған сәйкес әрекет жасалады.

Осының  бәріне қарамастан Ресей  жап­пай қырып-жоятын қаруларды таратпау  ісіне   ден қойып,  күш сала беретін болады.

Владимир Путин сыни көзқарас-пікірінен Еуропа да тыс қалдырмай: «Кезінде Еуропаны бірқатар мемлекет­тердің  ыдырап, тарағанына қуанып еді. Олардың түсінігінше, тәуелсіздік жо­лында шынайы күрескерлер бар және сепа­ратистер бар. Сепаратистер демо­кратиялық күрес­тің қандай амал-әре­кет­терін қолданса да жеңіске жете алмайды, – деді. – Халықаралық сот Косово мәселесін қарағанда батыс  оған қысым жасаған болатын. Сөйтіп,  олар  «Пан­дора жәшігінің» қақпағын ашып жіберді. Енді, міне, Каталонияның  бас көтеріп, референдум  өткізуімен тәуел­сіздік  жолындағы қозғалысы басталып кетті».

Таяу Шығыстағы  дағдарыс, оның ішінде әсіресе алты жылдан астам уақытқа созылып бара жатқан Сирия жанжалы –  бүгінгі геосая­саттағы ең бір көкейтесті мәселе. Бұған қатыс­ты  Путин: «Кейбір мемлекеттер терро­ристік топтармен нақты күресіп, оларға тікелей соққы берудің  орнына сондай қимыл жасағансып, көзбояушылыққа жол берді.  Сол себепті,  Ресейдің Сирия қақтығысын  басқаша шешуіне тура келді. Террористер  жуық арада  талқан­далып, Сирия жері олардан тазартылар-ау, бірақ мұнымен мәселе түбегейлі шешілмейді» деген өкінішін жасырмады. Өйткені, бейбіт мақсатта құрылған деэскалациялық аймақтар  елдің жік-жік болып бөлінуіне ықпал етуі ықти­мал. Десе де, Ресей  Сирияның тұтасты­ғына мүдделі күштер оған жол бермейді деп үміттенеді.

Ақиқатында Мәскеу  Сауд Арабиясы мен  басқа  Таяу Шығыс елдерімен олардың АҚШ-пен тығыз байланыс­тарына қарамастан  пайдалы да тиімді қарым-қатынастар жасауға  ықыласты екенін жасырмайды.

Кремль жетекшісінің түсінігінше  КХДР (Корей Халық демократиялық Республикасы) төңірегінде  қалыптасып отырған жағдай өте қауіпті. Себебі,  Солтүстік Кореяда қандай қуат­ты  қару­лардың тығулы тұрғанын, оны қолдан­ғанда қандай қауіп-қатерлер төнетінін ешкім дөп басып айта алмайды.  Пхеньян­ды қарудың күшімен тізе бүктіру бос әурешілік. Ең дұрысы – онымен санасып, диалог, келіс­сөздер  жүргізу.

Ресей  КХДР-дың қайта-қайта ядролық сынақтар өткізуін қолдамай­ды, керісінше айыптайды. Өз тарапынан  БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің  Солтүстік Кореяға қатысты қолда­нылып отырған шешімдердің бәрін мүлтіксіз орындап отырғанын мәлімдейді.

Ресейдің  Украинамен текетіресі  халық­аралық деңгейде оның абыройы мен  беделіне нұқсан келтіріп отырғаны айдан анық. Қарама-қайшылық жөнінде әр тараптың өзіндік уәж-дәлел­­дері бар.  Владимир Путин  Украинаны жақсы көретінін, украин халқы  орысқа туыс­тас халық еке­нін үнемі айта­ды. Қарым-қаты­насты қал­пына келтіру екі жақ­қа да қажет. Украин жұр­тының  ішкі бірлігі мен ынты­мақ­тастығына Ресей барын­ша күш салады. Әйтсе де Украинаның шығыс пен Ресей ара­сын­дағы шека­раны жабуға әсте бол­майды. Өйткен жағдайда  қақтығысы одан әрі өрши түседі.  Екі елдің қайшы­лығын  реттеу жөнін­дегі  Минск келісімі талап­тары­ның орындал­мауына бір­жақты Мәс­кеуді айыптау орынсыз. Мұны бұзып  орындамай отырған – Украина билігі. Қазіргі бас­шылық тұр­ған­да ол талап­тар­дың орындалуы екіталай.

Ресей президенті: «Біз Украинаның достас және демократиялық ел болу­ын қалаймыз. Сол үшін  Батыс елдері Украина дағдарысын  шешуге  ықпал етулері тиіс. Онда орын алып отырған жағдай билікті консти­туцияға қайшы – қарулы жолмен басып алу­дың нәти­жесі. Оған төңкерісті тікелей қолдаған Еуропа да кінәлі. Қалай дегенмен де, біз әлі де нормандық форматты  сақтауға, Минск келісімдерін орын­дауға тыры­самыз», – дегенді айтты.

Ресейге қатысты жұртшылықты қы­зықты­ратын ендігі бір мәселе – келесі 2018 жылы бола­тын президенттік сайлау. Путиннің  пікірін­ше  «Алдағы сайлауда кім жеңсе де, Ресейді әлемде болып жатқан құбылыстарға икемді  және барынша бәсекеге  қабілетті  ел етуге күш салуы»  керек. Осы орайда  қойыл­ған: «Келесі  президент әйел адам болуы мүм­кін бе?» деген сұраққа ол: «Бізде бәрі мүмкін» деген жауап берді.

Келесі «Мәскеу Батыс елдерімен қарым-қатынаста қандай да бір қате­лікке жол берді ме?» деген сауалға: «Ресейдің сыртқы саясаттағы соңғы он бес жылдағы ең басты қателігі – Еуропаға қатты сеніп қалғандығы. Ал олар мұны біздің осалдығымыз деп қабыл­дап, өз мақсат-мүдделері үшін асыра пайда­ланды», – деді.

Әңгіменің ретіне қарай Ресей экономика­сының жайы сөз болғанда кейінгі тоқсанда оның біршама ілгері­легені және құнсызда­нудың небәрі 3 пайыз болғаны айтылды. Бұл  батыстың санкциялық қысымы  мен  әлемдік рынокта энергия көздеріне бағаның төмендеуі жағдайында тәп-тәуір көр­сеткіш. Президенттің ойынша  халық­аралық рынокта  мұнай бағасы­ның барреліне 50 доллар болғаны әділетті болмақ. Ол  қазіргідей қиындықтарды жеңе білген Ресей алдағы ауыртпа­лықтарды да еңсереді деп үміттенеді.

Президент Путин сөзінің соңында  биыл Қазан төңкерісінің болғанына 100 жыл толға­нын еске сала отырып, оның Еуропа елдеріне де көптеген мүмкіндік­тер тудырғанын, мұндай төңкерістердің  билікте жауапкершілік жоғал­ғанда және  жұрттың бұрынғысынша өмір сүргісі келмейтін жағдайға жеткенде жасалаты­нын атап көрсетті. Оның айтуынша,  Қазан төң­керісінен кейінгі большевиктердің орнат­қысы келген  қоғамдық моделі мен идеоло­гиясы  талайларға  ықпал етіп, түрткі болған.

Әрине, бұл айтылғанның бәрі Владимир Владимирович Путин мыр­заның басшылы­ғын­дағы  Ресей  билі­гінің ұстанымынан  туында­ған көзқа­рас-пікірлер. Оны қабылдау-қабыл­дамау әркімнің өз еркі мен ықтиярындағы нәрсе.

Әдетте мұндай саяси тақырыптағы баян­дамаға әр алуан пікірлер айтылады. Жоғары бағалап қолдайтындар да, тұқыртып теріске шығаратындар да табылады. Сол айтқандай, форум өтісімен шетелдік бірқатар басылым­дар, саясаткерлер мен сарапшылар Ресей президенті Владимир Путиннің «Валдай» клубын­да  сөйлеген сөзі төңірегінде өздерінің көзқарас-пікірлерін  білді­рісті. Кейбіреулердің бағалауынша,  Путиннің АҚШ пен Еуропаға қатысты  айтқан сөздері  сот процесіндегі айып­тау үкімін оқып жатқан секілді әсер қалдырған. «Ондай  сыни сипаттағы қатқыл пікірлерді ол 2007 жылы Мюн­хеньде өткен қауіпсіздік тақырыбына арналған халықаралық конференцияда да айтып еді» деседі. Тіпті, керек десеңіз, «Кремль қожайыны Еуропа елдеріне бүкіл өкпе-ренішін ақтарып салып, олармен психотерапиялық  сеанс өткізді» деп жатқандар  да  кезікті.

Ал Англиядағы Кент универси­тетінің  Ресей және Еуропа саясаты тақырыбымен айналысатын профес­соры Ричард Саква URA.RU сайтының тілшісімен болған сұхба­тында: «Қазіргі халықаралық жағдай күрделі де қауіпті. Қандай да бір оптимизмге үміт арту орынсыз.  Мұндағы нөмірі бірінші мәсе­ле  – шиеленісті сипаттағы Батыс пен  Ресейдің қаты­насы. Бұл ретте Путин өз елінің ұстанымын айқын жеткізді», – деген пікір білдірген.  Әрі  «Путиннің Сочидегі сөзі  баяғы Мюнхеньде айтқан­дарының логикалық жалғасы» деп бағалаған.

Дегенмен,  Ресей басшысының сөз­де­рінен жұртшылық  әлемдік геосаясат жайында, АҚШ пен Еуропа елдерінің  ұстанымы, Мәс­кеудің  сыртқы саясаты туралы талай мағлұмат алып,  көңілге біршама ой түйді.

Жалпы, Путиннің  «Валдайдағы» сөзіне пікір білдірушілер көп-ақ. Олар­дың бәрін келтіріп жату қисынсыз. Бәрінен  Франция­ның 2005—2007 ж.ж. премьер-министрі Доми­ник Де Виль­пеннің: «Бізге және бүкіл әлемге Ресей керек. Біз Украинадағы дағдарысты Ре­сей­сіз шеше алмаймыз. Сондай-ақ, Сириядағы жағдай­дың, Иранмен ара­дағы қайшылықтың  және халық­аралық терроризммен күрестің  Ресейдің қаты­суынсыз шешілуі екіталай. Екінші жағы­нан Ресейге де барлық елдермен қалыпты қатынас орнатуға мүдделі. Біз бір-бірімізге қажетпіз» дегені көпші­ліктің көңілі­нен шыққандай болды.

Өйткені, адамзат қоғамында текеті­рестен гөрі ымыра мен келісім, түсініс­тік орын алғанда ғана даму мен ілгерілеу белең алады.