РЕКТОР СПОРТТЫ ҚАЛАЙДЫ

%d1%80%d0%b5%d0%ba%d1%82%d0%be%d1%80-10-%d0%ba%d0%be%d0%bf%d0%b8%d1%8f

Рая ЕСКЕНДІР

Тоқсан жылдық тарихы бар «кәрі ҚазПИ-дің» әр күні іс-шараға толы. Қоңыр күзде Абай атындағы Қазақ Ұлттық педаго­гикалық университеті ұжымы «Денсаулық күнін» өткізді. Уни­верситет ректоры Такир  Балық­баев­тың өзі бастап, бүкіл ұжым жарыс­ты жүгірумен бастады. «Дені саудың — жаны сау» деген емес пе? Дәл қазіргі қимыл аз қоғамда жүгіріп-тұрудың өзі өмі­ріңізді ұзартуға жасалып отырған қадамның бірі. Осыдан соң  уни­верситет ректоры Такир Балық­баев  шараны салтанатты түрде ашып, салауатты өмір салтын насихаттауға, көпшілікке арнал­ған спорт түрлерін дамытуға үлкен мән берілетіндігін атап өтті. Бүгінде кәсіби спортшыларды даярлау үшін универ­ситет  жа­нында дене мәдениеті және спорт педагогтарын даярлаудың теория­сы мен әдістемесі және  сауық­тыру дене мәдениеті кафедралары,  сонымен қатар жастарды жаппай спорт түрлеріне тарту бағытында 21 спорттық клуб жұмыс жасай­тындығын  тілге тиек етті.

Медеу ауданының әкімі Ер­жан Жылқыбаев барша Спарта­киада қатысу­шыларын құттық­тап, алдағы уақытта осындай  ауқымды спорттық шаралар өз жалғасын табатындығына сенім білдірді.

Дүбірлі дода  600-ден астам студент­тен құралған  флешмоб­пен ашылып,  одан әрі Сауықтыру дене мәдениеті кафедрасы жанын­дағы спорттық секциялардың көрінісіне ұласты.

Шараның арнайы қонақтары  Қа­зақстан Республикасы Қорға­ныс ми­нистрлігінің жанындағы Радиоэлек­троника және байла­ныс әскери-инженерлік институ­ты­ның курсанттары және Қазақ­стан Республикасы Қарулы Күш­тері Десанттық-шабуылдау әскер­лері әскери қойылым арқылы   көрер­мен­дердің  патриоттық сезімдерін оятып, рухын көтерді.

Ресми бөлім спорттық  жарыс­тарға жалғасып,  институт жаны­нан құралған командалар футбол, волейбол, қазақ күресі,  жеңіл атлетика, үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ, қол күресі ойындар түрінен бақ сынасты. Додаға университет бойынша  35  команда,  750 спортшы  қатысты.

Командалық есеп бойынша профес­сор-оқытушылар құрамы мен  қызмет­керлер арасында ұйым­­дасты­рылған спорттық жарыс­­тар нәтижесінде  3 орынды  Математика, физика және инфор­­­матика институты иеленсе,  Жаратылыстану және география инсти­туты 2 орынның жеңімпазы атанды, ал  жүлделі 1 орын Өнер, мәдениет және спорт институты­ның еншісіне бұйырды.

Командалық есеп бойынша студент­тер арасында ұйымдасты­рылған спорт­тық жарыстар нәти­жесінде  Өнер, мәдениет және спорт институты 3 орын жүлдегері,  Математика, физика және инфор­­матика институты 2 орын жүлде­гері, ал Филология және көптілді білім беру институты  1 жүлделі орынның жеңімпазы атан­ды. Барлық  жеңімпаз­дар уни­верситет ректорының грамо­тасы және арнайы кубогымен марапатталды.

Спартакиада барысында жоға­ры белсенділік танытқан бірқатар қызмет­керлер мен про­фессор-оқытушылар құрамы рек­тордың Алғыс хатымен марапат­талды.

Сергектік сыйлаған спарта­киада бұдан былай да жалғасын табатын болады.