АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТТЫҒЫНА ҮМІТКЕР ТӨЛЕГЕНОВА ЖАННА ВИКТОРОВНАНЫҢ САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ

Мен, Жанна Төлегенова 1977 жылы дүниеге келдім, төрт баланы тәрбиелеудеміз. Экономика магистрі­мін, екі жоғары білімім бар, сапа аудиторымын, бизнес-жаттықтыру­шымын, коуч.

7 жыл университетте жұмыс істедім – оқытушыдан деканның орынбасарына дейін жоғарыладым. Қоғамдық өмірге белсене қатыстым. Мүгедектердің жастар қоғамында кәсіпкерлік жөніндегі консультант, жас ғалымдар бірлестігінің төрайымы болдым.  «Ғылым туралы» Заңның жобасын әзірлеуге қатыстым.

2005 жылы «Болашақ» халықаралық стипендиясын алдым. Содан соң мемлекеттік қызметті атқаруға кірістім. Бас маман болып бастадым, 3 жылдан соң Білім және ғылым министрлігі басқармасының басшысы болып тағайындалдым. Ғылыми қызметті жалғастырдым, заңдарды, мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеуге қатыстым.

2009 жылы «Болашақ» Қауымдастығының атқарушы дирек­торы болдым. Бірқатар білім беру жобалары бойынша бастама­шылық жасадым. Талдау және болжау қорын, Бизнес коучинг академиясын құрдым. 2008 жылы «Нұр Отан» партиясына өттім. Екі рет ҚР Президенттігіне үміткердің сенімді өкілі, ҚР Президентінің жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшесі болдым.       2014 жылы партия Төрағасы Бірінші орынбасарының кеңесшісі болып тағайындалдым.

2015 жылдан бері «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ Басқармасының төрайымы болып жұмыс істеймін. Сарапшылардың және қалалықтардың қатысуымен «Алматы-2020» бағдарламасы әзірленді, орталық оны іске асырудың мониторингін қамтамасыз етеді. Бюджеттік инвестицияларға және МЖӘ жобаларына сараптама жүргізеді, қаланы жоспарлау және Панфилов, Жібек Жолы, Ескі алаң қоғамдық кеңістіктерін жасауға авторлық қадағалау бойынша жұмысты ұйымдастырады. «Smart Almaty» тұжырымдамасын іске асырамыз, жобалық кеңсесін құрдық, мемлекеттік қызметтерді автоматтандырамыз.  «Open Almaty» қоғамдық қабылдау бөлмесін аштық – азаматтардың өтініштері бойынша басқармалардың жұмысына талдау жүргіземіз.

Халықаралық бизнес университетінде тәжірибелік менеджмент бойынша сабақ беремін. Партия филиалының Саяси кеңе­сінің, Іскери және Қалалық кеңестің, Денсаулық сақтау министрлігінің Акушерлік, гинекология және перинатология ҒЗИ Қадағалау кеңесінің құрамындамын. Бос уақытта отбасымызбен бірге тауға, театрға, киноға баруды және сурет салуды ұнатамыз.

Құрметті алматылықтар! Құрметті сайлаушылар!

Менің өмірлік құндылықтарым – адам және бостандық, заңның үстемдігі, бірлік және келісім «Нұр Отан» партиясы Доктринасының құндылықтарымен терең үйлесім табады. Жаңа білім алуға талпыну, отбасы мен дәстүрлерді нығайту – қала мен мемлекеттің дамуының негізгі факторлары деп есептеймін.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның қағидаларына сүйене отырып, біз қыркүйек айында әріптестерімізбен бірге «Open Almaty» әкімдігінің қоғамдық қабылдау бөлмесін аштық. Қалалықтар мен қала қонақтарының өмірлік жағдайларының мәселелерін артық әкімшілік кедергілерсіз шешуге әкімдіктің басқармалары, құқық қорғау органдары және кәсіби медиаторлар көмектеседі. Сайтта Жолдарды, инженерлік желілерді, саябақтар мен аулаларды жөндеудің жоспарлары ашық орналастырылған. Әркім өтінімін қалдыра алады – ол қалалық бюджетті қалыптастырудың негізіне айналады.

Қаланың табысты дамуы үшін қолайлы қалалық орта, күшті бизнес және белсенді қалалықтардың болуы қажет  екеніне сенімдімін. Сіздер сенім артқан жағдайда мен өз жұмысымды келесі бағыттарға жұмылдырамын:

ҚОЛАЙЛЫ ҚАЛАЛЫҚ ОРТА

  • Таза ауа – экологиялық таза қалалық көлік, тұрғын үйлерді газбен жылыту, ЖЭО-2-ні газға көшіру;
  • Жаяу жүргіншілерге арналған қала – тротуарларды, округтың аудандарын көріктендіру, велосипед дәліздерін жасауды жалғастыру, жаяу жүргіншілер мен жасыл аймақтарды көбейту;
  • Өмір сүрудің жоғары стандарттары – көшелерді тазалау сапасын, қоқыстардың уақтылы шығарылуын, жасыл желектерге күтім жасалуын бақылау;
  • Инфрақұрылымның кідіріссіз жұмысы – суды, жылуды, жарықты «7 күнде 24 сағат бойы» беру, авариялық жағдайларды еңсерудің мерзімдерін бақылау;
  • ПИК-тің сапалы жұмысы – онлайн-өтінімдер, қаржылық есептерді жариялау, тұрғындармен бірге жалпыүйлік шығындарды бекіту;
  • Тарифтерге арналған баға белгілеудің ашықтығы және инфрақұрылымдық желілерді жаңғырту;
  • Жарық және қауіпсіз тротуарлар, аулалар, кіреберістер, гүлзарлар, жаяу жүргіншілер өткелдері, бейне бақылау камераларын орнату.

КҮШТІ БИЗНЕС

  • Бизнеске рұқсат беру құжаттарын беру кезіндегі әкімшілік кедергілерді және әуре-сарсаңға салу фактілерін анықтау;
  • Бизнесті қолдаудың қалалық бағдарламалары бойынша ШОБ үшін заемдық ресурстарды беру кезінде банктердің бас тартуының негізділігін талдау;
  • Шағын кәсіпкерлік және отбасылық бизнес үшін шағын несиелеудің қалалық бағдарламалары;
  • Ынтымақтаса отырып төлеген жарна бойынша қалалық Кәсіпкерлер палатасының ашық және сапалы қызметтері;
  • Қалалық бағдарламаларды, оның ішінде «Ескі тұрғын үй» бағдарламасын, МЖӘ-нің сервистік келісімшарттарын іске асыруға бизнестің қатысуының ашықтығы;
  • Құрылыс материалдарын, ілеспе тауарларды өндіру көлемдерін және қызметтер көрсетуді жоспарлау үшін инфрақұрылымдық жобаларды іске асырудың мерзімдері туралы әкімдіктің жоспарларын жариялау.

БЕЛСЕНДІ ҚАЛАЛЫҚТАР

  • Автоматтандыру жолымен балабақшаларға, тұрғын үйге, басқа да көрсетілетін өзекті мемлекеттік қызметтерге арналған кезекті бөлудің ашықтығы;
  • Әлеуметтік желілер және тұрақты кездесулер арқылы округ тұрғындарының түйткілді мәселелері бойынша тұрақты кері байланыс жасау;
  • Белсенді тұрғындардың ХҚКО, емханалардың, мұражай­лардың, бюджеттің есебінен қызметтер көрсететін басқа да орындардың қызметтеріне мониторинг жасауға қатысуы;
  • Округте үйлер салу жоспарлары бойынша – ЖТК, ТРЦ құрылысының эскиздік жобаларын қарауға, көшелерді, гүлзарларды, аулаларды қайта жаңғыртуға және ескі тұрғын үйлерді жаңғыртуға арналған шешімдер қабылдауға тұрғындардың қатысуы;
  • Округ тұрғындарының қатысуымен бұрынғы трамвай депосының орнындағы «Depo Evolutіon» паркін одан әрі қайта жаңғырту;
  • Қала кәсіпорындарында округтың ЖОО және колледждері студенттерінің тиімді тәжірибеден өтуі және оларды еңбекке орналастырудың бағдарламасын әзірлеу;

Алматы – белсенді азаматтар қаласы. Біз күшті экономикасы бар, қуанышты және бақытты адамдармен көршілес болып әсем және қауіпсіз қалада тұруды қалаймыз. Тұрақты және қызықты жұмысымыздың болуын немесе өз кәсібіміздің болуын қалаймыз, кешкі уақыттарда және демалыс күндері балаларымызбен бірге көңілді қыдыруды қалаймыз. Өзіміздің балаларымыз үшін тәжірибелі және қайырымды мұғалімдердің болуын, ата-аналар үшін – дәрігерлердің сапалы және қолжетімді жәрдемінің болуын қалаймыз. Таза ауамен демалуды, қолайлы көлікте жүруді қалаймыз.

Біздің қаламыздың түйткілді мәселелерін бірлесе отырып шеше алатынымызға сенемін. Сайлауға келіңіздер. Дауыс беріңіздер! Мен әркімнің сенім артқанын жоғары бағалаймын. Қалалық мәслихатта округтің мүдделерін білдіруге уәде беремін.

 

Сіздерге және Сіздердің таңдауларыңызға деген зор құрметпен,

Жанна ТӨлегенова.