ҚАНДАСЫМЫЗ МОҢҒОЛИЯНЫҢ ҚҰРЫЛЫС МИНИСТРІ

Баянөлгейлік Бәделхан Қабдыислам жаңа үкімет құрамына енді

content_index

Әшірбек АМАНГЕЛДІ

Биылғы жылдың шілдесінде Моңғо­лияда кезекті президенттік сайлау өтіп, билік басына кәсіпкерліктің сатылары­нан өткен, 54 жастағы жаңа көзқарастағы саясаткер Баттулга Халтмаагийн келген болатын. Көпшіліктің көңілінен шыққан Баттулга «ақсап тұрған ел экономикасын қалпына келтіремін,  халық пен мемле­кетті  қарыздан құтқарамын» деген уәде берді.

Осынау маңызды да жауапкершілікті уәдесін орындау жолындағы амал-әрекеті шығар Баттулга Халтмаагийн  елдегі жағдайды жан-жақты зерделеу мен салмақтай отырып, «үкіметті ауыстыру керек» деген шешімге келді.

Алайда, 1992 жылғы ақпанда қабыл­данған  жаңа Конституцияға сәйкес Моңғолия парламенттік республика. Сол себепті, президент  өзі премьерлікке лайық көретін үміткерді  моңғол парла­менті ҰМХ (Ұлы Мемлекеттік хуралдың) қарауына ұсынады. 76 депутаттан тұратын  ҰМХ  көпшілік дауыспен мақұлдағанда ғана ұсынылған үміткер үкімет басшы­лығына бекітіледі.

Осы орайда 23 тамызда  Моңғолия парла­менті  атқарушы билік қызметін орындап  келген премьер-министр Жар­галтулгын Эрдэнэбат үкіметін доғарысқа жіберу жайын қарау үшін  кезектен тыс сессияны шақыру жөнінде қаулы қабыл­дады. Соның алдында ғана  МХП (Моңғол халық партиясынан) сайланған  30 де­пу­тат Жаргалтулгын Эрдэнэбатты ма­ңызды экономикалық мәселелер бойын­ша атап айтқанда: «концессиялық келісімдер, балалар  жәрдемақысы, тау-кен өндірісі компанияларындағы акция­лық үлестерге қатысты заңдарды бұзды» деп айыптап, оны қызметінен босату жөнінде мәселе көтерген.

Сөйтіп, 7 қыркүйекте  ҰМХ  Жаргал­тулгын Эрдэнэбат үкіметін  отставкаға жіберді.  Кейбір саясаткерлер әзілдеп болса да: «Моңғолияға  премьер құтаймай қойды, бұл елде үкімет басшысын қолғапша ауыстырады» дегенді жәйдан жәй айтып жүрген жоқ. Өйткені, 1992 жыл­дан бері қарай  санап қарасақ,12 премьер-министр доғарысқа кетіп, он үшіншісі билікке келіп отыр екен. Қызық болғанда, көпшілігі  қызметте бір-екі жылдан артық отырмаған. Тіпті, Ням Осорын  дейтін әйел адам  небәрі   сегіз күн ғана  (1999 жылдың  22-30 шілдесі аралығында)   премьерлік тізгінді ұстаған.

Сонымен, қазан айының орта белінен асқанда  Моңғолия президенті Баттулга Халтмаагийн  49 жастағы  бұрынғы әскери маман Ухнаагийн Хурэлсухты  премьер­лік­ке ұсынып,  Ұлы Мемлекеттік Хурал  басым дауыспен үкімет басшысы етіп бекітті. Ол 2000–2014 ж.ж. үш рет парла­ментке депутат болып сайланған, төтенше жағдайлар, инспекция  министр, премьер-министрдің  орынбасары қызметтерін атқарған. 2008–2012 ж.ж. Моңғол Халық партиясының Бас хатшысы болған.

19 қазанда Ухнаагийн Хурэлсухтың  басшылығындағы 16 адамнан тұратын жаңа үкімет толығымен жасақталып бітті. Вице-премьерлік Улзийсайханы Энхтув­шиннің еншісіне тиді. Мұнда бір айта кететіні, баянөлгейлік қандасымыз  Бәдел­хан Қабдыислам – Құрылыс және қала салу министрі болып тағайындалды. Оның кандидатурасын  депутаттардың 87,5 пайызы қолдап дауыс берген.

Естуімізше, Қабдыисламның Бәделха­ны 1954 жылы туған. Мамандығы  жөнінен автокөлік инженері, Улан-Батордағы политехникалық институтты Мәскеудегі басқару академиясын бітірген. Қатардағы инженерден — бас инженер, автобаза  директорына дейін өскен. 2000–2005 ж.ж. Баян-Өлгей аймағының әкімі қызметін атқарған. Екі рет Ұлы Мемлекеттік хуралға  депутат болып  сайланған.

 

Моңғолия парламентінің төрағасы Миеэгомбын Энхболд жаңадан тағайын­далған үкімет құрамын жариялай отырып,  бұлардың алдында сыртқы және ішкі қарыздарды  өтеу жолында  ауыртпалығы үлкен міндеттердің  тұрғанын айтып, қарыздар көлемінің  елдің ЖІӨ  73,8 пайызына жеткенін жасырмады.

 

Демек, Ухнаагийн Хурэлсухтың  жетек­шілігіндегі моңғол үкіметіне ұлт­тық экономиканы жандандыру, тау-кен өнеркәсібін дамыту, жаңғыртпалы энер­гия көздерін  көбірек пайдалану, білім мен денсаулық саласын  өркендету, шет елдерден тікелей инвестиция тарту жолын­да жан аямай, тер төге жұмыс істеу­леріне тура келеді. Сондай-ақ, қалың бұқара жаңа үкіметтің жалақыны  көбей­туін, бюрократиядан арылып, барынша  әділдік орнатуын, мемлекеттік органдар­дың құзыреттілігін асырмауын қалайды және  соны талап етеді.