Жасотандықтар ауыспалы Кубок дебат турнирін өткізді

bef898ab-83f0-4e53-ae8a-4472aec9d130

«Жас Отан»жастар қанатының Алматы қалалық филиалы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының қолдауымен, «Тұран» университетінде «Нұр Отан» партиясының қалалық деңгейдегі ауыспалы Кубок дебат турнирін өткізді.

Іс-шараға ұлттық жоғары оқу орындарының студенттері, Алматы бойынша «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы Мәди Ахметов және белсенді жастар қатысты.

«Нұр Отан» партиясының ауыспалы кубогының бірінші кезеңі бойынша дебат ойындары өткізіліп, іріктеу кезеңінен кейін әр ауданнан мықты, озық командалар іріктеліп, оларға финалға жолдама берілді. Қазіргі таңда ел арасында қызу талқыланып жүрген ең маңызды тақырыптың бірі, латын қарпіне көшу мәселесі бүгінгі жастардың бас қосуына себеп болды. Іс-шара барысында сондай-ақ, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының маңыздылығы, қазіргі таңдағы жемқорлықпен күрес секілді өзекті мәселелер ортаға салынды. Әр қатысушы өз ойымен бөлісіп, түрлі пікірлер айтылды.

37205f31-4bd6-478a-86c6-8a04350f2147

«Жас Отан» жастар қанаты Алматы қалалық филиалының төрағасы Мәди Ахметовтың мәлімдеуінше, ендігі кезекте қараша айының 4-5-ші жұлдыздарында «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалының XV ауыспалы кубогының турнирін өткізу жоспарланып отыр. Сайыста жүзден жүйрік, мыңнан тұлпардың жеңімпаз болары анық. Осыған орай, филиал төрағасы барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Жарыс болған соң, біздің мақсат ең үздік жастарды анықтау. Ал дебаттар өткізудегі ең басты мақсаты – жастардың ізденістерін, танымдық қабілеті мен көпшілік алдында өз ойын жеткізе білу қасиеттерін дамыту, – деді «Жас Отан» жастар қанатының мүшесі Жазира Әзімхан.

Іс-шара соңында үздік ойын көрсеткен белсенді қатысушыларға «Жас Отан» жастар қанатының атынан Алғыс хат, ал мықты сайыскерлерге «Үздік дебатер» номинациялары табыстады. Дебатқа шамамен алғанда 60 студент қатысты.