АМЕРИКА ЮНЕСКО ҰЙЫМЫНАН ШЫҚПАҚ

Бұдан ұйым қандай зиян-залал шегеді?

OLYMPUS DIGITAL CAMERA

Кейбіреу болмаса, көпшілік біледі. ЮНЕСКО – (Unіted Natіons Educatіonal, Scіentіfіc and Cultural Organіzatіon) БҰҰ жанындағы білім, ғылым және мәдениет мәселелерімен айналысатын  құрылым. Ол сонау 1945 жылы 16 қарашада құрыл­ған. Алға қойған мақсаты: дүние жүзі мемле­кеттері мен халықтарының білім, ғылым және мәдениет саласындағы ынтымақтастығын дамыту мен өріс­тету арқылы бейбітшілік пен қауіпсіз­дікті нығайтуға ықпал жасау және де БҰҰ Жарғысында жарияла­ғанындай нәсіліне, жынысына, тіліне, сенім немесе дініне қара­май барлық халықтар үшін әділдік­тің, заңдардың бұзыл­мауын, құқық пен адамның бос­танды­ғының  сақталуын қамтамасыз ету.

Бұл ұйым құрылғалы бергі жетпіс жыл­дан астам уақытта гуманитарлық бағытта шама-шарқынша қызмет етіп келеді. Оның жетістіктерімен қатар кем­шіліктері де жоқ емес.

Өткен 12 қазанда  күтпеген жерден АҚШ  өзінің  ЮНЕСКО  ұйымына мүше­ліктен шығатынын  жария етті. Ондай шешімін  Құрама Штаттардың Мемлекет­тік Сыртқы істер департа­менті  аталған ұйымның  Бас дирек­торы Ирина Бокова ханымға хабарлап, арнайы хат тапсырған. Алайда, қаты­нас хатта  өзінің ЮНЕСКО-дан біржо­лата қол үзбей,  бақылаушы мемлекет ретінде қалу  ниетін білдірген.

Осындай шешім қабылдаған күннің өзінде  АҚШ-тың мүшелігі 2018 жыл­дың 31 желтоқсанында  тоқтатылады.

Әлемдік геосаясатта, экономикада  жағдай күрделеніп тұрған шақта жетек­ші держава саналатын Америка­ның гумани­тарлық салада мұндай қадамға баруы талайларды қайран қалдырып отыр.

Дегенмен, Вашингтон  мұның себебін 2011 жылдан бері қордаланып қалған жарналық қарыздың көбеюі­мен, ұйым­ның жұмысын жетілдіру керек деген ұста­нымымен және ЮНЕСКО-да қалып­тасқан Израильге қарсы саясатқа  келіс­пеушілігімен түсіндіруде.

Нақты деректерге сүйенсек, расын­да да 2011 жылы АҚШ  БҰҰ-ның қата­рында жоқ Палестинаның ЮНЕС­КО-ға қабылдануына қарсы­лық білдіріп, жарна төлеуді тоқтатқан. Іле оған Израиль қосыл­ды. Сөйтіп, ұйым 22 пайыздық жар­на­дан қағылған.

Вашингтонның шешіміне орай, ЮНЕСКО Бас  директоры  Ирина Бокова: «Біз АҚШ-тың ұйым қатары­нан шығаты­нына қатты өкініш білді­реміз. 2011 жылы олар жарна төлеуді тоқтатқанда, Америка үшін ЮНЕС­КО маңызды бол­май тұр. Демек, ЮНЕСКО үшін де Аме­рика маңызды емес. Қазіргідей экстре­мизм мен терроризм  өршіп тұрған шақта бейбіт­шілік пен қауіпсіздікті сақтау үшін ұзақ мерзімдік  шаралар қажет болып тұрған тұста бұл  дұрыс қадам болма­ды», — деген мәлімдеме жасады.

Осының артынша БҰҰ-ның Бас хат­шысы Антониу Гутерриш те елеулі рөлі мен айтарлықтай салмағы бар Құрама Штаттардың ұйым қатарынан шығуына өкініш білдірді.

Дей тұрғанмен  АҚШ-тың бұл ЮНЕСКО құрамынан бірінші рет шығуы емес. Ол 1985 жылы Рональд Рейганның президенттігі тұсында «ұйым антиамери­кандық бағыт ұста­нады және бөлінген қар­жы-қаражатты бей-берекетсіз жұм­сайды» деген сылтаумен шыққан болатын. Кейіннен 2003 жылы кіші Джордж Буш бас­қарған  кезінде  ЮНЕСКО-ға мүше­лікке қайта кірген.

«АҚШ-тың  аталған халықаралық ұйым қатарынан шығуынан қандай зиян-залал келеді?» деген сұраққа сарапшы мамандар «ең бастысы ұйым­ның бюд­же­тіне салмақ түседі», — дейді. Олай дейтіні, 2011 жылдан бері  жылына 70—80 млн. доллар төлеп тұратын Құрама Штаттар­дың  ЮНЕС­КО-ға қарызы  500 млн. дол­лардан асып кетті. Мұның артынан Из­раиль де мүшелігін тоқтатпақшы.  Оның қарызы да 8,5 млн. долларға жетті.

Жалпы,  ЮНЕСКО тарихында оның құрамынан шығып, қайта кіру оқи­ғасы талай болған. Мәселен, нәсілдік кемсі­тушілік саясатын сынағаны үшін Оңтүс­тік Африка Республикасы 1957 жылы  мүшелігін доғарып, тек беріде, 1994 жылы, билік басына Нельсон  Ман­дела келген­нен  кейін қайтадан кірді.

Осы сияқты  Ұлыбритания да 1985 жылы ЮНЕСКО-ны «бюджетін оңды-солды шашады  және  ұйымының жұмысы саясиланып кеткен» деп айыптап, құра­мынан шығып, 1997 жылы қайта енді.

«Жаман әдет жұққыш келеді» демек­ші, кейінгі бірер күнде Жапония да ЮНЕСКО-ға жарна төлеуді доғаратынын жариялады. Мұнысын  «ЮНЕСКО-ның  1937 жылы Қытай­дың  Нанкин қаласын­дағы жергілікті тұрғындарды бауыздау оқиғасы туралы құжаттарды әлемдік мұра тізіміне енгізуге қарсылық»  деп түсін­дірді.

 

Ә.Маханбет.