САЯСАТТА ТҰРАҚТЫЛЫҚ БОЛМАЙДЫ

Сауд Арабиясы  неліктен кенет 

Мәскеуге  бет бұрды?

АҚШ-тың Таяу Шығыстағы ықпалы  әлсіреді  ме?

Құрама Штаттарды қуып жету екіталай.

 

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының» саяси шолушысы

Кеңес Одағы  құлағалы  АҚШ-тың  әлемді билеп-төстегеніне үйреніп,   мойынсұнып қалғандай едік.  Әрі оған жуық арада терезесі тең келетіндей, қауқарлы да қуатты мемлекет көкжиектен көрінбеген. Осы күнге дейін Құрама Штаттардың  дүниені қарумен де, қаражат ақшамен де өзіне қаратып, «ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында» ұстап келгені бұлтарт­пас шындық. Ал әлемдік қаржы жүйе­сінде доллардың басымдығы, халықаралық сауданың сексен пайызы американдық валюта арқылы жүретіні өз алдына бөлек әңгіме.

Арғысын айтпағанда,  Американың 2003 жыл сәуірде ширек ғасыр Иракта билік құрған  Саддам Хусейн  (1937–2006) режимін «халық­аралық терроризмді қолдаушы» және «жаппай қырып-жоятын қаруды жасаушы» деген сылтаумен құлатып, өзін дарға астырғаны және 2011 жылы қазанда  Ливияны 42 жыл басқарып келген төңкерісшіл полковник Муаммар Каддафиді тақтан тайдырып, көзін жойғаны елдің  есінен әлі шыға қойған жоқ. «Берсең – қолыңнан, бермесең – жолыңнан» деген ұстанымдағы Вашингтонның мұндай зорлық­шыл әскери қадамдары Африка құрылығы мен Таяу Шығысты ғана емес, бүкіл  әлемді  шошытып,  талай мемлекетті секем алдырды.

%d0%b0%d0%ba%d1%88

Бұған қоса,  жұртшылық 2001 жылдың күзінен бері АҚШ әскерлерінің «тыныштық пен бейбітшілік орнатамыз» деп  Ауғанстанда жүргенінен де жақсы хабардар.  Алайда, 2001–2014 ж.ж. аралығында 140 мың  Пентагон мен НАТО солдаттары  Ауған жерінде қаншама ұрыс қимылдарын жүргізсе де, діттеген мақсат­тарына жете алмай  көпшілігі кері қайтарылып,  8,4 мың  американдық  және 4,5  НАТО  сарбаз­дары сонда  қалдырылды. Ақ үйдің соңғы кез­дегі Ауғанстанға қатысты саясатының өзгеруіне байланысты  Дональд Трамп  әкім­шілігі  ауған жеріне тағы да қосымша төрт мың  жауынгер әкелу жөнінде шешім қабылдады.

Бұл айтылғандар аз десеңіз,  АҚШ өзінің одақтасы  Оңтүстік Кореямен  бірлесе Солтүстік Кореяға жақын маңдағы теңіз суларында әскери жаттығулар өткізіп,  қос Кореяның қайшылығына араласып,  Пхеньянға  қоқан-лоқы көрсетуде. Тым ушығып тұрған текетірес­тің қалай шешілетіні әзірге белгісіз. Белгілісі – саясаткерлігінен бизнесмендігі басым, бас­шылық біліктілігі төмен Ақ үйдің жаңа қожайыны Дональд Трамптың: «Солтүстік Кореямен  қайшылықты шешудің бір-ақ жолы – ол қару қолдану!» деп айтқаны   жұртты  үрейлендіріп қойды.

Міне, осындай әскери әлеуетіне, «интервен­циялық» бай тәжірибесіне қарай жұртшылық  «АҚШ  Сириядағы жанжалды тоқтатады, Башар Асад режимін ығыстырып, оның  орнына демократиялық билік орнатады» деп үміттен­ген. Бірақ та ол оппозициялық  топтарды қолдап, Сирия күрдтеріне дем беріп, ырғалып-жырғалып жүргенде 2015 жылдың күзінде Ресей Асад үкіметіне көмек қолын созып, қуатты ВКС (Әскери-ғарыштық  күштерін)  іске қосып, ұрыс алаңындағы жағдайды өзгертіп жіберді. Мұнымен  Мәскеу бір есептен әлемге өзінің әскери күш-қуатын паш етті.  Тіпті, орыстың Каспий теңізіндегі әскери кемелерінен  атылған  зымырандардың сонау Сирия жерін­дегі  көзделген нысандарға дөп  тигені талай­ларды таң қалдырды. 

Сондай-ақ,  Ресей бастап,  Түркия мен  Иран қостап, үшеуінің кепілдігімен Астанада  Сирия үкіметі мен оппозициялық қарулы топтар арасында келіссөздер бастау алды. Биылғы 2017 жылдың басынан бері сондай келіс­сөздердің  алтауы: (23-24 қаңтар, 15-16 ақпан, 14-15 наурыз, 3-4 мамыр, 4-5 шілде және 14-15 қыркүйек) өткізіліп, нәтижесінде бейбітшілікке бастайтын төрт деэскалациялық  аймақ құрылды. Осының өзі  қантөгістен запы болған сириялықтар мен басқа да тілектестердің үмітін оятты. Қазіргі кезде ол қауіпсіздік аймақ­тарында гуманитарлық көмектер көрсетілуде.

Осының бәрі, дәлірек айтқанда, Сирия жанжалын реттеудегі Ресейдің  белсенділігі мен рөлі, оның саяси-әскери саладағы нақты іс-әрекеттері Таяу Шығыстағы Сауд Арабиясы бастаған бірқатар елдерге ой салып, олардың  Кремльмен жақындасуына жөн сілтегендей.

Мұндай бетбұрысты айқын аңғарған, (кезінде  үлкен Джордж Буштың, Билл Клинтон­ның және Барак Обаманың Таяу Шығыс мәселелері бойынша кеңесшісі болған) аме­рикандық  білікті саясаткер Дэннис Росстың: «Ресейдің әскери операциясы  жағдайды және күштерді ара салмағын өзгертті. Путин Ресейдің Таяу Шығыстағы рөлін күшейтті. Сондықтан да біз Мәскеуге  жол тартқан мемелекет басшыларының тізбегін көріп отырмыз» деген пікірді айтуы жәйдан-жәй емес.

Осы ойымыздың айғағындай  қазан айының басында  Сауд Арабиясының королі Салман Әбдел Әзиз әл-Сауд бастаған кең құрамдағы үкіметтік  делегациясы Мәскеуге үш күндік сапар шегіп, Ресей Федерациясымен әскери-техникалық, экономикалық саладан – мәдени-гуманитарлық салаға дейін  бірнеше келісім-шарттар жасасып қайтты.

Аса мәртебелі Саудия монархының  Ресейге жасаған ресми сапарын  Владимир Путин: «Бұл біздің  екі жақты қатынасымыздың тарихында Сауд Арабиясы королінің Ресейге тұңғыш рет келуі. Осының өзі маңызды оқиға. Қарым-қатынасымыздың тарихы тереңде жатыр» деп бағалады. Сауд королі  Әбдел  Әзиз әл-Сауд та жолынан жаңылмай асқан сыпайылықпен: «Біздің сапарымыз  екі елдің игілігіне қызмет етеді, әлемдегі бейбітшілікке үлес қосады деп сенемін» дегенді айтты.

Ақиқатын айту керек, бұдан  бірер жыл бұрын  Сау­дия королінің  Ресейге келуі ақылға сыймайтын нәрсе көрінетін. Рас,  сонау  2007 жылы  Владимир Путин  коро­­ль­­дікке барып,  сол кездегі тақ иесі  марқұм Абдул­ламен кездесіп, бірқатар мәселелер бойынша пікір алмасып,  бірталай келісімдерге қол қойылған.  Сондағы уағдаластыққа сай  Сауд Арабиясы королінің  де Ресейге қарымта сапары жоспарланған. Әйтсе де, ол сапар екі елдің суыққанды қарым-қатынасына  қарай кейінге шегеріле берген.  Өйткені,  Ресей мен Саудияның  әлемдік саясат пен аймақтық қайшылықтар жөніндегі (Ауғанстаннан – «Мұсылман-бауырлар» ұйымына дейінгі)  көзқарас-ұстанымдары бір-біріне кереғар. Оған қоса,  Эр-Рияд  Вашингтонның Таяу Шығыстағы және күллі араб әлеміндегі ең жақын одақтасы. Олардың саяси және іскерлік қарым-қатынастарының тарихы тереңде жатыр. Сондықтан да АҚШ  Саудияның   Ресеймен  жақын қарым-қатынаста болғанын қаламайды.

Осындайда еске түседі. 1928–1936 ж.ж.  КСРО-ның Сауд Арабиясында  өкілетті елшісі болған қандасымыз Нәзір Төреқұлов  екі елді барынша жақындастырып, өзара достық және сенімді қатынас орнатуға барынша күш салған. 1932 жылдың жазында  тақ мұрагері 29 жастағы Фейсалдың  Кеңес Одағына он күндік сапарын  ұйымдастырып, Саудияға 50 мың бөшке керосин мен 50 мың бөшке бензин сату жөнінде келісім-шарт жасат­тырған. Келешекте Сауд  корольдігінің Таяу Шығыстағы сенімді  тірек болатынына басшылықтың көзін жеткізуге тырысып,  оларға 1 миллион фунт стерлинг қарыз беруге көндіруге әрекет жасаған. Алайда, атеистік, большевиктік Мәскеу сыртқы саясатта Еуропаны басым бағыт санап, ислам дінінің  діңгегі  саналатын  Сауд Арабиясымен тығыз ынтымақтастық жасауға аса құлық  таныта қой­маған. Сол себепті де, Кеңес өкіметі  мен Сауд король­дігінің арасында ұзақ жылдар бойы қалыпты диплома­тиялық қатынас болмады.  Тіпті, КСРО өз азаматтарының  Мекке барып, қажылық парызын өтеп қайтуына тыйым салды. Тек беріде қайта құру кезеңінде, яғни 1990 жылы ғана тұңғыш рет 750 кеңес  адамы  мұсылман әлемінің қасиетті мекені Қағбаға тәу етіп қайтты.

Бір айта кететіні, Сауд Арабиясының негізін салған король Әбдел Әзиз бен Әбдірахман әл-Фейсал әл-Сауд (1876–1953)  шығыс адамына тән  сыпайылығы мен дипломат ретінде әдептілігі, биік адамгершілік қасиет пен парасаттылығы үшін Нәзір Төреқұловты өзіне жақын тартып, «інім» деп  атаған.  Оның еліне қайтқаннан кейін жазықсыз жапа  шегіп, қанқұйлы «отыз жетінші жылдың»  құрбаны болғанын естігенде қатты қапаланып, 1938 жылы КСРО-ның елшілігін жаптырып, екі арадағы диплома­тиялық қатынасты үзген. Содан 1991 жылы ғана Корольдіктің Кеңес Одағының  мұрагері  Ресеймен байланысы  орнатылды.

Десе де,  Саудия королінің кешегі  Мәскеуге жасаған алғашқы сапарын жалау­лата жазған, бір ауық өткен 30-жылдардың бай­ланыс тарихына ден қойған  ресейлік басылым­дардың  сауд-кеңес қарым-қатынасына елеулі еңбек сіңірген Нәзір Төреқұлов­қа қатысты бір ауыз жылы пікір айтпауы көңілге  қаяу түсіріп, кірбің ұяла­тады.

Шынын айтқанда, кейінгі жиырма бес жыл ішінде де  Мәскеу мен Эр-Риядтың арасында сая­сатты айтпағанда, эконо­микалық-гуманитарлық, ғылыми-техникалық сала­ларда да  анау айт­қандай емен-жарқын қарым-қатынас бола қой­ған жоқ. Бұған әр түрлі фактор­лардың, оның ішінде әсі­ресе Сауд Ара­биясы Ко­рольдігінің се­німді се­ріктесі  сан­алатын АҚШ-тың  ықпалы бол­ғаны  даусыз.

Алты жылдан астам уақытқа созылып бара жатқан  Сирия  жанжалы  Саудия­ның сыртқы саясатындағы  маңызды мәселенің бірі. Күні бүгінге дейін Корольдік  бірлескен каолиция­лық оппозициялық күштерді жақтап, «Башар Асад режимі биліктен кетуі керек»  деген  ұстанымда болып келді.

Кейбір деректерге сүйенсек, 2013 жылдың 31 мау­сымында  Сауд Арабиясы Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы, жалпы барлау қызметінің басшысы,  ханзада Бандар бен Сұлтан  Мәскеуде  Ресей президенті Влади­мир Путинмен кездесіп, оған  егерде Кремль Сирияға қатысты саясатын өзгертетін болса, «Саудия сіздермен қару-жарақ сатып алу жөнінде ірі келісім-шарт жасасып  және энергетика саласында тиімді ынтымақтастық орнатады, әрі 2014 жылы Сочидегі Қысқы Олимпиадалық ойындардың ың-шыңсыз тыныш өтетініне кепілдік береді» деген ұсыныс айтқан көрінеді. Ханзада Бандар бен Сұлтанның ұсынысына Ресей басшысының қандай жауап қайтарғаны  беймәлім.

Ресейлік және шетелдік БАҚ құралдарының жазу­ларына қарағанда  осы жолғы жоғары дәрежедегі Саудия-Ресей  келіссөзінде  қару-жарақ  саудасы, басқа да эко­номикалық-гуманитарлық, инвестициялық  ынтымақтас­тық­қа қоса, Таяу Шығыстағы қауіпсіздік, Сирия жайы және Иранмен арадағы қатынас мәселесі т.б. талқы­ланған.  Және де Эр-Рияд  бұған дейінгі  «Сирияда Башар Асад режимі биліктен кетуі тиіс» деген райынан қайтқанын аңғартқан.

Ең бастысы, екі ел арасында  қазіргі таңда әскери қорғаныс саласында үлкен сұранысқа ие болып отырған  Ресейдің  «Триумф»  С-400 зениттік-зымырандық кешенін  3 млрд. доллар сомаға сатып алу жөнінде алдын ала уағдаластыққа қол қойылған. Сөз жоқ, мұның  Кремльдің басты бақталасы  Ақ үйдің шамына тиіп, қызғанышын тудыратыны  анық. Осындай хабар шығысымен Вашигтон  Сауд Арабиясына  қару-жарақ саудасына байланысты екі арадағы кедергілердің бәрі жойылатынын жан ұшыра хабарлаған.  Себебі, бұған дейін  АҚШ  пен Саудия арасында 15 млрд. долларға  THAAD зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін сатып алу туралы келісім жасалынған болатын. Пентагонның мәліметінше аталған қорғаныстық жүйеге: жылжымалы 44 ату қондырғысы, 360 зымыран, 16 басқару пункті және 7 радар кіреді.

Дегенмен, қазіргі кезде   ресейлік С-400 зениттік зымырандық кешенінің саудасы жүріп тұр. Оған деген сұраныс жоғары. Саудияның алдында  Түркия  елі,  одан  ертеректе  Қытай  мен  Үндістан да сондай келі­сімдер жасасқан.

Ресей президентінің  қару-жарақ саудасы бойынша кеңесшісі Владимир Кожиннің айтуынша  С-400 кешенін  сатып алу жөнінде Шығыс Азия мен Таяу Шығыстағы бірқатар мемлекеттер кезекте тұрған сыңайлы. Сәл ертеректе   НАТО  ұйымының мүшесі бола тұра Греция  Ресейден  С-300  ЗЗК  қорғаныс кешенін сатып алған еді.

Әскери мамандардың бағалауларынша «Триумф»  С-400 кешені  осы заманғы истребительдер мен жоғары биіктікте ұшатын  Awacs  сияқты барлаушы ұшақтарға, баллистикалық және  қанатты зымырандарға, дрон­дарға, тіпті  көрінбейтін  бомбалаушы ұшақтарға мықты тойтарыс бере алатын аса жетілген тиімді де ұтқыр қорғаныстық қару жүйесі болып саналады.

Әлімсақтан айтылып келе жатқан қағида: «Саясатта тұрақты дос және тұрақты дұшпан деген жоқ. Тек мүдде бар!».  Сол айтқандай,  АҚШ-тың  Таяу Шығыстағы қолжаулығы болып келген  Сауд Арабиясының  кенет Ресейге бет бұруына таң қалуға болмайды. Бәрі де құбылмалы саясат пен өзгермелі уақыттың құзырын­дағы нәрсе. Оның үстіне Сауд корольдігі Ресейдің өзінің айналасындағы Египет, Иордания, Катар, Иран, Түркия, Израиль елдерімен қандай прагмативті қарым-қатынаста екенін көріп, бағамдап  отыр. Демек, Саудияға да басты керегі тек қана Американың қас-қабағына қарап күн кешу емес, өз елінің амандығы мен жан-жақты қауіпсіздігі.

Қай кезде де әрбір іске  күмәнмен қарайтындар табылған. Сол айтпақшы, Саудия-Ресей  ынтымақтас­тығының жемісті болатынына күдік келтірушілер баршылық. Олардың  айтуларынша  2007 жылы да Ресей президентінің  Саудияға жасаған сапары кезінде  екі тараптың ынтымақтастығы туралы бірнеше келісімдерге қол қойылған. Сауд королі Абдулла ибн Абдул-Әзиз  Владимир Путинді  құшақ жая қарсы алып, оны  елінің ең жоғарғы сыяпаты Әбдел-Әзиз әл-Сауд  орденімен марапаттаған. Өкінішке қарай, сол жолы қол қойылған келісім-шарттардың бәрі іске аспай, қағаз жүзінде қалған. «Осы жолғы құжаттар  да соның кебін кимесіне кім кепіл?» дейді.

Әрине,  осы жолғы сауд-орыс келісімдеріне үкілі үміт  артып, «Корольдіктің армиясын  бұдан былай Ресей қаруландырып, Қызыл теңіз бен Парсы шығана­ғына өзінің әскери базаларын орналастырады. Ресейге миллиардтаған  саудиялық инвестиция құйылады. Саудиямен  одақтасып, әлемдік мұнай  рыногын басқаруға қатынасатын боламыз» деп  тәтті қиялға ерік беріп жатқандар да жоқ емес.

Дей тұрғанмен,  Сауд Арабиясы  Құрама Штаттар­дың  ықпалынан шығып, біржолта  Ресейге бет бұрып, осының  ыңғайына жығылады деп болжауға болмас. Олай дейтініміз, Эр-Риядты Вашингтонмен  жалғап жатқан, үзілуі  екіталай  әскери-экономикалық, қаржы-қаражаттық  байланыстар жетерлік. Бүкіл қару-жарағы және қорғаныс жүйесі американдық бағдарламамен жұмыс істейді. Керек десеңіз, Саудияның  мұнай сатудан жинаған қисапсыз байлық алтындары мен долларлары да  американдық  банкілерде сақтаулы. Олар оны оңайлықпен бере қоймайтыны  белгілі.

Ендеше,  әккі де мың айлалы «АҚШ-тың Таяу Шығыстағы  ықпалы әлсіреді, Саудиямен байланысы бәсеңдеді» деп айтуға әлі ертерек.  Бәрі де саясаттың  ойыны мен амал-айласы.

Қозғап отырған тақырыпқа қосымша мынаны айтуға болады.

Осыдан біраз бұрын  әлемнің сарапшы ғалымдары бірте-бірте АҚШ-тың үстемдігі әлсіреп, дүние біржақтылықтан – көп жақтылы қатынасқа көшеді. Бәсекелестік сахнасына Қытай, Үндістан және Ресей шығады деп болжаған. Оған көпшілік кәдімгідей иланып, үміт артқан-тын.

Бірақ мәселені басқа қырынан зерттеп жүрген мамандар да бар. Мәселен, әлем елдерінің рейтингісін егжей-тегежейлі бағамдап жүрген  Джеймс Роджерстің пайымдауынша мемлекеттің өркендеуін: географиялық интеграция, демография, экономикалық даму, технологиялық деңгей, дипломатиялық ықпал, әскери күш-қуат және мәдени бедел сияқты өлшемдермен бағалау қажет екен. «Осы тұрғыдан алғанда Құрама Штаттар басқалардан әлдеқайда озық деңгейде. Мысалы, 100 балдық өлшеммен бағалағанда  АҚШ тізімнің басында, онан кейін Ұлыбритания (40,85), Франция (33,90), Қытай (33,84), Германия (25,87), Үндістан (23,34), Жапония (21,55)  және Ресей (16,16)  тұр», –  дейді.

Әрине, кез келген бағалауды шартты және салыстырмалы деп қабылдаған абзал.

Сөзден сөз шығады-ау. Бұдан он шақты жыл алдын Ресейдің Сыртқы істер министрлігін де, барлау қызметін де, үкіметін де басқарған әйгілі саясаткер Евгений Примаков (1929-2015): «Американы әлен-пәлен дейміз ғой. Алайда, даму жөнінен ол тым алысқа кетіп, көз талатындай биікке көтерілген. Алдағы жарты ғасырда басқалардың оған жетуі неғайбыл» деп еді.

Кеңес Одағын 1953–1964 ж.ж. басқарған  Никита Хрущев:  «Таяу он жылда Американы қуып жетіп, басып озайық!» деген ұран тастап, мазаққа айналып, күлкіге ұшыраған.