Университет ұжымы латынға көшуді қолдайды

Әсел ДАҒЖАН

Алматы технологиялық университетінің ұжымы мен студенттері еліміздің латын әліпбиіне көшуін әрі әліпби нұсқаларының көпшілік назарына ұсынылып, талқыға салынғанын қолдады.

Кеше аталған университет қабырғасында өткен «Латын әліпбиі жаңа көшке бастар керуенбасы» тақырыбындағы іс-шарада университеттің тіл мамандары мен оқытушылары латын әліпбиінің екінші нұс­қасына байланысты өз пікірлерін ортаға салды.

– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы көпшілік назарына ұсынылғаннан кейін біздің университет мамандары бірден өз пікірлерін білдірген болатын. Бұл қадам бізге әлемдік, жаһандық кеңістікте өз орнымызды табуға көмектеседі деп сенеміз. Бүгін «Латын әліпбиі жаңа көшке бастар керуенбасы» деген тақы­рыпта университет ғалымдары, тіл мамандары және профес­сорлық құраммен үлкен тал­қылау ұйымдастырып жатырмыз. Біз әліпбидің бірінші нұсқасын да талқыға салған едік, бүгін міне, әліпбидің екінші нұсқасына қатысты университеттегі тіл мамандары өз пікірлерін айтуда. Жалпы алғанда, латын әліпбиіне көшуді біздің университет ұжы­мы, студенттер қауымы түгелдей қолдайды, – деді Алматы техно­логия универси­тетінің тәрбие ісі жөніндегі проректоры Қалтай Батхолдин.

Ал осы университеттің оқыту­шысы, «ҚР білім беру ісінің үздігі»,  «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Қарлығаш Әбдір­ах­манова «теріні неғұрлым көбірек илесең, оның сапасы соғұрлым жақсы болады» дейді.

– Үйде Бекболат Әшкеевтің 1916 жылғы Жетісу көтерілісіне қатысты латын әліпбиімен шыққан кітабы болатын. Ішіндегі суреттерге қарап, кітапты оқуға қатты қызықтым. Бірақ оқи алмаймын. Әкемнен сұрап алып, сол кітапты оқып шыққаным есімде. Ол кезде 10 жастағы баламын. Кейін Тәуелсіздік алған жылдары көрші мемлекеттер латын әліпбиіне көше бастағанда «Біз қашан көшеді екенбіз» деген арман 20 жылдай ішімде жүрген еді. Қазақ тілі маманы ретінде латынға көшуді қолдаймын. Кеше ұсынылған екінші нұс­қаның әлемдік стандарт үшін жетілдіруге тиіс тұстары болу керек деп ойлаймын. Өйткені, әлемдік стандартта екі таңбамен берілетін әріптер бар. Мысалы, қазақтың төл дыбыстарын «aе» емес «ah», яғни «h» әрпін қоса әлемдік стандарттағы қос әріп арқылы таңбаласа, оқуға да жеңіл, клавиатурадан да шық­паймыз, қолайлы болар еді, – деді.

Айта кетейік, аптаның басын­да жұмысшы тобы Елбасына қазақ тілінің латын қарпіне негізделген екінші жобасын ұсынған болатын. Қазір екінші нұсқа да қоғам арасында қызу талқылануда.