ТАУБАЙДЫҢ ТАУДАЙ ҚЫЗЫ

%d1%84%d0%be%d1%82%d0%be-%d1%82%d0%b0%d1%83%d0%b1%d0%b0%d0%b5%d0%b2%d0%be%d0%b9-%d0%bd%d0%b0-%d1%8e%d0%b1%d0%b8%d0%bb%d0%b5%d0%b90002

Бұл күндері еліміздің педагогикалық қауымдастығы, ғалымдар мен ұстаздар педагогика ғылымында өзіндік сара жолы бар, жүздеген, мыңдаған шәкірт тәрбиелеген талантты ұстаз, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық уни­вер­ситетінің Педагогика және білім беру менедж­менті кафедрасының профессоры, педагогика ғылымдарының докторы, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Акаде­миясының академигі  Шәркүл Таубайқызының 70 жасқа толу мерейтойын атап өтуде.

Профессор Ш.Таубаева жас­тайы­нан ұстаз мамандығын таңда­ған, осы жолда қадірлі ұстаз, талғам­паз әдіскер, танымал ғалым деңгейіне көтеріле білген жан. Өмір жолын еңбек жолымен етене байланыстыра отырып, педаго­гикалық ортада биік мәртебеге ие болған, асқақ армандарын мол нәтиже­лермен орындай алған, халықтың шынайы құрметіне бөленген замандасымыз.

1965 жылы М.Мәметова атындағы Қызылорда қыздар педагогикалық учили­щесін үздік аяқтап, одан кейін Абай атын­дағы Қазақ педагогикалық институтына түсіп, оны 1969 жылы үздік бітірді.

Кейінгі жылдары Орталық мұғалімдер білімін жетілдіру институтында Гумани­тарлық пәндердің мазмұны мен әдістемесін жетілдіру үдерісін үйлестіруші республи­калық деңгейдегі әдіскер ретінде, өзінің ғылыми бағытын тәжірибе жүзінде пайым­дап, сынақтан өткізді.

1971—1974 жылдары Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетінде аспирантурада, 1998-2001 жылдары докто­рантурада білім алды. 1985-1988 жылдары Кеңестер Одағының Педагогика ғылым­дары академиясында еңбек етіп, танымал ғалым Я.С.Турбовскойдың жетекшілігімен кандидаттық диссертация, 2001 жылы докторлық диссертация қорғады.

Профессор Ш.Таубаева өз қағидасына берік, пікірлесуге ашық, өзгені тыңдай алатын, бәсекеден тартынбайтын, көмекке қашанда дайын, адами қасиеті мол, жомарт әрі үнемі ізденісте жүретін ғалым.

Мен Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясында президент болып қызмет істеген кезімде Шәркүл Таубай­қызы Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетінің докторантурасын бітіріп, өзінің бұрынғы жұмыс орнына қайта оралды. Мен оның ғылыми әлеуетін бағалап, академик-хатшы, Жоғары білім беру институтының директоры лауазым­дарын ұсындым. Бірақ Шәкең зертхана меңгерушісі жұмысын қалады. «Тәрбие институты директорлығына қалай қарай­сыз?» дегенімде, маған «мен тәрбие мәсе­лесін терең зерттеген емеспін, сондықтан ол орынға педагогика ғылымдарының док­торы, профессор Клара Жантөреқызын шақы­рыңыз, ол тәрбие проблемасын терең зерттеп жүрген ғалым», — деді. Бұдан мен Шәркүл Таубайқызының ғылым саласын­да лауазымды қызметке бару үшін ол сала­ның ғылымын жақсы білу қажет деп, ғы­лымды қашан да жоғары қоятынын байқадым.

Ш.Таубайқызы Академияда абыройлы еңбек етті. Сол уақытта мен, Шәкең және Ысқақ Нәби үшеуміз ақылдаса отырып, елімізде жазылған барлық ғылыми еңбектерді жинастырып, ғалымдар және келешек ұрпақ үшін соларға тиянақты сараптама жасап, ғылыми ізденістің алдағы бағыт-бағдарын көрсетсек деген ойға келдік. Осы мақсатта «Педагогика мен психология салаларындағы диссертация­лар» деген кітап жаздық. Ол үш басылымда жарық көрді. Біз осы еңбегімізде 1985–2009 жылдар аралығында педагогика ғылымдары бойынша 231 докторлық, 1659 кандидат­тық, психология ғылымы бойынша 15 докторлық, 21 кандидаттық диссертация­лар­­дың қорғалғанын анықтап, оларға анық­тамалық-талдамалық шолу жасадық. Бұл осы мақсатта жазылған алғашқы сүбелі еңбек болды. Осы еңбектің жазылуы бары­сында Шәкең өзін педагогика ғылымының бар саласын терең түсінетін ғалым ретінде көрсете білді.

Шәркүл Таубайқызы Қазақ мемле­кеттік қыздар педагогикалық университе­тінде 2006-2010 жылдары Педагогика және психология факультетінің деканы, оқу-әдістемелік бірлестік жөніндегі проректор қызметтерін атқарған кезде мен осы университетте диссертациялық кеңестің төрағасы болдым. Біз бірге етене жұмыс жасадық. Шәкең кафедрада ізденушілердің диссертациялары талқыланып, қорғауға ұсынылатын әдіснамалық семинарды басқарды. Диссертациялық кеңес мүшесі ретінде аспиранттар мен докторанттардың ізденіс тақырыптарын, диссертациялары­ның ғылыми жаңалығын, нәтижелерін, теория мен практикаға қосқан үлесін, ғылыми аппараттарын мұқият қарап, өз ойын ештеңеден тайсалмай ашық айтатын еді. Осы мінезі үшін кейбір ғылыми жетекшілер оған реніш те білдіріп жататын.

Мен соңғы шешімді Шәкеңмен ақыл­дасып барып қабылдайтын едім. Себебі, Шәкең ғылым жолына адал берілген, риясыз еңбек ететін, шынайы таза ғалым. Ал ғылымда шындық пен әділдік қашан да алда тұруы қажет. Осындай жұмыстардың нәтижесінде сол жылдары қорғалған жұмыстар түгелдей бекіп отырды.

Шәркүл Таубайқызы проректорлық қызметтен Мәскеуге, Ресей білім академия­сының өзі білім алған ғылыми-зерттеу институтына «Болашақ» бағдарламасымен ғылыми тағылымдамаға кеткенде, біз ойланып қалдық. «Онсыз да білімі бір өзіне жетеді емес пе?» деген сұрақтар да қойы­лып жатты. Кейінірек пайымдасам, ол өзінің ғылыми еңбектерін заман талабына сай жоғары деңгейде жазып, оларды кейінгі ұрпаққа оқулық, оқу құралдары, моногра­фия ретінде ұсыну үшін барған екен.

Профессор Ш.Таубаева өзіне ғылыми жетекшілік еткен Исабай Нұрмамбетұлын, Райхан Жұмағазықызын, Яков Турбов­скойды, Григорий Абрамович Умановты ерекше құрметтейді. Өзі еңбек еткен, тәлім алған ұжым басшыларын: мектеп дирек­торы – Әшірбеков Әбіласанды, ОМБЖИ директоры – Гусев Леонид Ивановичті, Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ Педаго­гика ғылымдары ҒЗИ (кейін Қазақ білім академиясы) басшылары – Никара Абае­ваны, Немеребай Нұрахметовты, Ақселеу Сейдімбекті асқан ілтипатпен айтып жүреді.

«Ізденіспен еңбек еткен қызметкерлерге қамқорлық көрсете білген Кенжеәлі Айманов, Қожахмет Балахметов, Шайсұл­тан Шаяхметов, Шәмша Беркімбаева сынды еліміздің Білім министрлерін айрық­ша атап айтқым келеді», — дейді профессор Ш.Таубаева.

Мен Шәкеңнің еңбектерін ертеден қарап, оқып жүремін. Шәкең өз еңбектерін­де педагогика әдіснамасын терең зерттеп, жақсы ғылыми тұжырымдамалар жасап жүреді. Мен Шәкеңе осы ойларымды айтып, «Елімізде педагог кадрларды дайын­дау сапасын көтеру үшін жақсы әдісна­малық оқулық керек, сондай оқулықты сіз ғана жаза аласыз, ойланып көріңізші» дедім. Шәкең өзінің де осындай бір ойының бар екенін айтты. «Онда ойланбай кірісіңіз, халқыңыз сізге алғыс айтатын болады», – дедім.

Шәкең «Педагогиканың философиясы және әдіснамасы» атты оқулығының қол­жазбасын көрсетіп, менің рецензия беруімді өтінгенде, қатты қуандым. Үлкен ең­бектің дүниеге келгеніне дән риза болдым.

Онда педагогика ғылымының әдіснама­сының мәні және мәртебесі нақтыланған. Педагогика әдіснамасы ғылымның фило­софиясымен, әдіснамасымен, парадигма­сымен тығыз байланыста жүйеленген. Педагогика әдіснамасы саласындағы ізденістер ғылым әдіснамасы жетістіктеріне негізделіп жүргізілетіні айтылған.

Қазір осы оқулық негізінде жоғары оқу орындарында Педагогиканың философия­сы және әдіснамасы деген пән енгізіліп, дәріс беріле бастады. Біз мұны ғалымның білім беру ісіндегі үлкен жеңісі деп бағалауымыз қажет.

«Педагогиканың философиясы дегені­міз – педагогиканы зерттеуге қажет фило­софиялық заңдардың, тұғырлардың, прин­циптердің, категориялардың, әдістердің, философиялық білімдердің (логика, этика, эстетика және т.б.) инновациялық (қайта құрушылық) әлеуетін қолдану жүйесін құрайтын педагогикалық ғылымтану саласы. Ғылымның әдіснамасының теория­лық қағидалары –  педагогика әдісна­масы­ның ұғымдық аппаратын құруға, әдіснамалық тұғырлардың әлеуетін кеңейтуге, пара­дигманы ойластыруға, гуманитарлық әдіснаманы түсінуге, инновациялық үдеріс әдіснамасын тікелей білім беру үдерісін дамытуға пайдалануға негіз бола алады». «Ғылыми жұмыс әдіс­намасы керек десеңіз – халықтың генети­калық қорын байытатын технология», –дейді профессор Ш.Тау­баева.

Шәркеңнің жолдасы Әлжа­нов Жай­шылық – инженер,   «Казэлектро­сетьстрой» жүйесінде ұзақ жылдар еңбек етіп, қатар­дағы инженерден мекеменің президенті деңгейіне дейін көтерілді. Зейнетке шыққанымен, өз бизнесімен айналысып жүрген жан.

Ұлы – Ержан Лондонда білім алған, қазір Қазақстандағы шетелдік компанияда жұмыс жасайды, жолдасы бар. Қызы – Жанар «Болашақ» бағдарламасымен АҚШ-та білім алған, қазір жолдасы Шәуе­нов Жанатбекпен бірге Швейцарияда «Халықаралық Филипп Моррис компа­ния­сында» қызмет атқаруда. Екі немересі бар.

Профессор Ш.Таубаева 200-ден аса ғылыми еңбектің авторы, оның ғылыми жетекші­лігімен 8 ғылым докторы, 14 ғылым кан­дидаты, көптеген магистранттар диссерта­циялар қорғаған, еліміздің білім беру және ғылым салаларын дамытуға қосқан үлесі үшін мемлекеттік атақтармен марапат­талған.

«Ұстазы мықтының – ұстанымы мықты»  дейді дана халқымыз. Олай болса, ХХІ ғасырда бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу үшін алдымен бәсекеге қабілетті ұстаз дайындау қажет. Осындай ұстаздар дайындау Шәркүл Таубайқызының күнделікті ісі, әрі асқақ арманы.

 

Асқарбек  Құсайынов,

академик, ҚР Мемлекттік

сыйлығының лауреаты.