ОРМАНТАЕВ БОЛАШАҚ ІЗБАСАРЛАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Н.НАЗАРБАЕВ:

«Біз жаныңда жүр жақсы адам деген сөздің байыбына бара бер­мейміз Шын мәнінде, Тәуелсіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімі­мен, өнерімен озып шыққан қаншама замандастарымыз бар. Олардың жүріп өткен жолдары – кез-келген статистикадан артық көрсеткіш».

(«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан).

img_6828

Он жылдан астам уақыттан бері педиатрия факультетін жабу  болашақ ұрпақтың денсаулығына төнген қауіп екенін айтып, барма­ған жері, баспаған босағасы  қал­ма­ған еліміздегі балалар дәріге­рінің, оның ішінде балалар хирур­гиясының атасы атанған,  Қазақ­стан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ғылымға еңбегі сіңген қайраткер, «Парасат» орденінің, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері, есімі «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына енген, Алматы қаласының Құрметті азаматы, медицина ғылымының докторы, академик Камал Сә­руар­ұлы Ормантаевтың   биыл сол арманы  орындалып,  С.Ж.Ас­фен­дияров атындағы  Қазақ Ұлттық медицина универси­тетін­де педиатрия факультеті қайта ашылды. Бұл үшін тек Ормантаев қана емес,  бауыр еті баласының денсаулығына алаңдаған ата-аналар, бала дәрігері болсам деген арманы бар  түлектер де қуанған еді.  Факультеттің ашылуына пәр­мен берген Елбасына,  осы баста­маны қолдаған Денсаулық сақтау  және Білім беру министр­лігіне,  университеттің басшылығына олардың  ризашылықтары шексіз. Жақында университеттің жалпы медицина факультеті деканының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айнұр Әбдіхалықова мен студент­тік   үкіметінің ұйымдастыруымен педиатрия факультетіне биыл қабылданған бірінші курс сту­денттерінің Камал  Ормантаевпен кездесуі өтті. Кездесуде  академик студенттерге өзінің өмір, еңбек жолы туралы, ғылымдағы жалпы балалар медицинасының дамуы мен жаңалықтары туралы айтып берді.    Дәрігерлік  оқуды бітірген 1953 жылдан бері медицинадан қол үзбей, бала денсаулығын жақсарту мен оның өмірін сақтау жолында  жан аямай қызмет атқарып келе жатқан профессор өзінің алпыс жылдан астам уақыттан бергі еңбек жолында  20 мыңға жуық күрделі ота жасап, 16 ғылым докторына, 126 медицина ғылымының  кандидаттарына ғылы­ми жетекшілік жасап, олар­дың медицина ғылымына жаңа­лық әкелулеріне қамқор болған. Ғалым, дәрігер-хирургттің бала хирургиясына ендірген 22 өнер­табысы  мен 320-ға жуық ғылы­ми еңбегінің, дәрігерлер мен сту­денттерге арналған 4 оқулығының балалар денсаулығын жақсарту ісінде атқарған қызметі аз болма­са керек. Бүгінде  балалар хирур­гиясының атасы атанған Камал Сәруарұлы  өзінің білікті де білгір ізбасарларымен де мақтана алады. Дегенмен,  педиатрия факультеті жабылған оншақты жыл бұл сала­ны құлдыратып жібергенін  Ор­мантаев жасырмады. Кездесу барысында профессор студенттер­дің сұрақтарына жауап беріп, бала дәрігері болсам деген үлкен арман арқалап келген болашақ ізба­сарларына өзінің ұстаздық, әкелік, аталық ақылын айтып,   қайта ашылған педиатрия фа­куль­­тетін таңдап келген  бірінші курс студенттеріне ақ батасын берді. Бала дәрігері болу оңай емес, тілі жоқ, ауырған жерін тек шырқырап жылаумен ғана жеткі­зетін нәрестенің бойындағы ауру­ды дәл анықтап, дер кезінде дәрі­герлік көмек беру үшін дәрігерлік мамандықты игеру жеткіліксіз, ол үшін бала дәрігерінің бойында балаға деген шексіз махаббатпен қатар,  байқампаздық, баланың жан-дүниесін сезіне білетін сезім­талдық қасиет  те болуы шарт, – дейді қара орман  қазақ­тың  талай баласының денсаулы­ғының қор­ғаушысы болған Ка­мал Орман­таев.  Кездесу соңында К.Сәруар­ұлы бірінші курс сту­денттеріне өзінің қолтаңбасы жа­зылған кітап­тарын сыйға тартып, бола­шақ балалар дәрігерлерімен есте­лікке суретке түсіп, өнерлі сту­дент­тердің орындауында шыр­қалған әсем ән мен күйлерге құлақ түрді.

– Елбасының  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «жастарды отансүй­гіштік қасиеттерге тәрбиелеуде елімізге, туған жеріне сіңірген еңбегі зор тұлғаларды үлгі ете оты­рып  тәрбиелеу» керек  делінген. Міне, осы мақсатта университе­тіміздің оқу-тәрбие жұмысында ру­хани жаңғыру бойынша ар­найы іс-жоспар жасалып, сол бағытта жұмыстар атқарылуда.  Бүгінгі   университетіміздің өз тү­легі, қазіргі кезде әлемге танымал академик К.Ормантаевпен кезде­су сол атқарылып жатқан тәр­биелік жұмыстарымыздың бір парасы ғана.  Бұл кездесу Елба­сы­ның «Туған жерге туыңды тік», «Қазақстандағы 100 жаңа есім» атты жобасымен сәйкес келетін­дігімен де жастарға үлкен тәрбие­лік  сабақ болды, – дейді болашақ дәрігерлердің рухани өресін арттыруда зор қызмет атқаратын жалпы медицина факультеті деканының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айнұр Имашқызы.

Өзінің еңбегімен, білімімен, өнерімен озық шыққан  Орман­таев­тай тұлғалардың жүріп өткен жолдары жастарға  үлкен үлгі болары анық.

 

Тоғжан НҰРЛАНҚЫЗЫ,

 С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық

медицина университетінің

ІІ курс студенті.